Әркімнің өз Шерханы бар
Бөлісу:
Қазақтың қабырғалы қаламгері, қаламы қарымды журналисі, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына тоқсан жыл толды. Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ аулында дүниеге келген.
Алдыңғы шетінеген үш баладан кейін өмірге келген сәбиінің амандығын тілеген Мұртаза әке мен Айша ананың қайғысыз-қамсыз күндері ұзаққа созылмапты. «Халық жауы» деген жалған жаланың жазықсыз құрбаны болып Қиыр Шығысқа айдалып кеткен әкесіне қайта оралуды жазбаған екен. Анасының жанында қиыншылық күндерді бастан кеше жүріп сегіз жасында мектеп табалдырығын аттайды. Орта мектепте оқып жүргенде көрнекті «Алаш» қайраткері Жақып Ақбаевтың қызы Аргуния химия пәнінен, болашақ академик Мұхамеджан Қаратаев қазақ тілінен сабақ береді. Мектепті сәтті аяқтап, Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге аттанады. Осындағы Полиграфия институтына оқуға түседі. Осы тұста Полиграфия институының редакциялық-баспалық факультеті Мәскеу мемлекеттік университетіне қосылады. Осылайша қазақстандық студент Шерхан Мұртаза 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін саяси және көркем әдебиет редакторы мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1955-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, 1956-1960 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші-аудармашы болып жұмыс істейді. 1957 жылы «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі ретінде аудандарды аралап, ел өмірімен біте қайнасады. Публицистикалық туындыларын өндірте жазады. 1960-1963 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде редактор, 1970-1972 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясы мен «Жалын» альманағында бас редактор болып қызмет істеген. 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарды. 1975-1980-жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып қызмет істеді. 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы ретінде қызмет атқарды. 1992-1994 жылдары Мемлекеттік телерадио хабар тарату мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1990 жылдан ҚР Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы болып қызмет істеген.
Шерхан Мұртаза – халық қалаулысы ретінде әлденеше ел сенімін жүктеп, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің (1990-1993), ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 1995 жылдан жеке шығармашылықпен айналысты. 1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері болды.
Қажымас, қайраткер қаламгер Шерхан Мұртазаның еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен марапатталған. 1978 жылы «Қара Алқа» романы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Қазақ КСР ЛКЖО (Жастар одағы) және Бүкілодақтық ЛКЖО сыйлығының, тәуелсіз Қазақстанның «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері. Шерхан Мұртаза ҚазКСР мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының Халық ақыны, өзге де мәртебелі атақтар мен дәрежелердің иегері болды.
Қаршадайынан шығармашылыққа әуестене келе, жазушылыққа біржола бет бұрады. Алғашқы шығармалар жинағы 1958 жылы «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көреді. Жазушының шығармашылығында өзі көрген бастан өткерген өмір кезеңдері көрініс тапқан. Атап айтқанда «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан» туындыларында өз дәуірінің перзент тұлғаларының, қарапайым еңбек адамдарының еңселі тұлғасын, жасампаз еңбегін арқау ете отырып, оқырмандарына ұсынды. Әсіресе, соғыс пен одан кейінгі ел өмірінің боямасыз қалпы «Белгісіз солдаттың баласы», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны», «Ахметжанның анты» туындыларында алуан түрлі қиыншылықтарды бастан өткерсе де қажымай-талмай, адамгершіліктен айнымаған жандардың еселі еңбегі жазушы қаламына арқау болған.
Қат-қабат қарбалас шаруасы мол журналистиканың қазанында қайнап, басқарушылық қызметте жүріп қаламынан көркем әдеби шығармалар тудырған Шерхан Мұртазаның ұлттың руханият қазынасына қосқан үлесі де зор. Шерхан Мұртаза өз туындыларын проза және драматургия жанрларында жазды. Жазушының кесек туындыларының бірі – «Қызыл жебе». Мәскеудегі Коминтерн (коммунистік интернациональ) өкілі ретінде жолдамамен Монғолияға барып, сол мемлекеттің астанасына Ұланбатыр деп ат берген, қысқа ғұмырында ұлты үшін үлкен істер тындырған көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызмет жолы туралы роман-трилогия 1980-1984 жылдар арасында жазылды.
Драматургия саласында Шерхан Мұртаза 1987 жылы «Қызыл жебе» (Қалихан Ысқақовпен бірге), 1988 жылы «Сталинге хат», 1989 жылы «Бесеудің хаты» пьесалары сахналанды.
Сонымен қатар аударма саласына да атсалысқан жазушы Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», «Жан пида» романдарын, «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяттарын, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт», Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» туындыларын қазақ тілінде сөйлетті.
Шерхан Мұртазаның ес білген балалық шағы соғыстың ауыр кезеңіне тап келді. Сондықтан да осы бір кезеңнің жүдеу-жадау тұрмысы жазушы шығармаларынан кең орын алған. Жазушы өз шығармашылығындағы осы бір кезең туралы былай деген екен: «Өмір заңы: бала – бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешіру керек. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың… Сорымызға қарай, балалық шағымыз соғыс жылдарына тап болды», «Ай мен Айша» – жазушының басынан өткен сүреңсіз балалық шақты бейнелейтін автобиографиялық сипаттағы туындысы. Бұдан өзге «Сол бір күз», «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар», «Айырбас», «Жүз жылдық жара», «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы» – соғыс кезеңінің өмірін бейнелейтін тұтас бір жүлгелі цикьлді құрайды.
Шерхан Мұртаза – қазақ журналистикасын жаңа сатыға көтеріп, осы саладағы бірнеше тамаша талантты буынды шыңдап шынықтыруда үлкен әсер еткен, өзіндік мектеп қалыптастырған тұлға. Сондықтан да Шерағаңның журналистік ұстаханасында шынығып, тәрбиесін көрген журналистердің мақтанышты-сүйінішті лептегі «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін айтылым қалыптасқан.
Шерхан Мұртаза – қазақ халқының, тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінгісін сана таразысынан, жүрек сүзгісінен өткізе отырып, оқырмандармен ой бөлісті. Бұл ой бөлісу қазақтың тағы бір ақтаңгер азаматы Камал Смайылов екеуінің өзара жазысқан ойтолғақты хаттары арқылы көрініс тапты. Екі көсемсөзші бүгінгі қазақ қоғамында қордаланған проблемаларды кеңінен қопара толғай отырып, «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» тақырыбында желілі хаттар жазысты. Ондағы көтерілген мәселелер, айтылған жағдайлар – «Егемен Қазақстан» газеті бетінде кезегімен жарияланып, оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сондықтан да болар, сол кезеңнің оқырманы, тыңдарманы бүгіндері Шерағаң айтқан дейтін сөздерге орала беретіні.
Шерағаңның жазушылығы, драматургтігі, журналистігі бір төбе де, елордадағы еңселі ғимараттың төріндегі биік мінберде тұрып ел қамы үшін айтатын ойлары бір төбе еді. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің (1990-1993), ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), ҚР Парламент Мәжілісі 2-ші шақырылымының (1999-2004) депутаты болып сайланып, елдің жүгін арқалаған кезеңдерде қазақтың тілі, ділінің есе теңдігі үшін небір керауыздармен арыстандай арпалысқан Шерағаңның үні ақпарат құралдары арқылы халыққа жетіп жататын. Қазақстанның өз тәуелсіздік тарихын жаңадан жаза бастаған кезең үшін әрбір салада жылдар бойы жинаған мол тәжірибеге, ықпал мен беделге ие Шерағаң қатарластарының орны ерекше еді. Дәурені басында, мысы мығым тұрған шағында тәуелсіз елдің алғашқы президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесуіндегі Шерағаң айтқан: «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады. Осыған қатты мән берсеңіз!» - деген бейнесөзі бүгіндері әлеуметтік желілерді шарлап жүр. «Айтқан сөзіне қарасам, жолында өлгім келеді, істеген ісіне қарасам, қолында өлгім келеді!» - дегенді де айтқан Шерағаң болатын. Азамат ердің баласы жылдар өтіп, қарттыққа бет алғанда қайраты қайтып, қуаты кеміп шау тартатыны белгілі. Бұл қарттық Шерағаңды да айналып өткен жоқ. Өмірдің күзі, қарттық кезең жетсе де қаламын қолынан тастамаған қазақтың Шерағаңының жазбалары басылым беттерінде жарияланып жататын. Жұрт жапа-тармағай жарыса оқитын. Өзі айтатын, халықтың аузында мәтелге айналған, оқырманды ойға жетелейтін, өмірлік сабақ беретін «Әттең, бір кем дүние!» аясында өрелі ойлар, қаншама өзекті дүниелер халқының мәңгілік қазына айналды. Мұнда сексеннің сеңгірінен асып жасаған кесек те кемел ойлы қазақтың өмірден түйгені, арман-аңсары, ақыл-өсиеті, аманат-сенімі жатыр.
Туған халқының, тәуелсіз мемлекетінің өсіп-өркендеуі жолында қызмет еткен қайраткер қаламгер Шерхан Мұртаза 2018 жылы 8 қазан күні сексен алты жасында дүниеден өтті. Қазаға барша халқы қайғырды. «Өлді деуге болам ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп хакім Абай айтқанындай, соңына өлмейтұғын сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерхан Мұртазаұлының қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде сақталып, туындылары халқына мәңгілік рухани азық болып жасай берері сөзсіз.
Бөлісу: