Қайта жорыған түс

Бөлісу:

28.09.2023 2797

Алтыншы сынып оқып жүрген кезім. Әкем қаладан тысы қатты, қызыл мұқабалы «Орамал» деген кітап әкеп берді. Қуанғанымды айтпа, сол күннен бастап «орамалды» жастанып жатып оқыдым. «Орамал» деген кітап атының астына «Қазақстан жазушыларының әңгіме-повестері» деп жазылған кітаптың аты айтып тұрғандай, «Орамал тон болмайды, жол болады» деген мақсатпен құрастырылыпты.

Бала күннен кітапқұмар едім. 4-5 жастағы кезімде біздің үйде сыртқы мұқабасы сары, түбі қызыл бір кітап болды. Әкем күнде кеште сол кітапты оқитын, үйге келген қонақтар да әлгі кітапты көрсе кенеше жабысып отыра қалатын. Хат танымайтын мен де кітаптың ішіндегі қыстырма суреттерін күніне бір көріп шығып, «шіркін осы кітапты әкем сияқты мен де оқысам ғой» деп армандаушы едім. Бірінші сыныпқа кіріп, «а» деген әріпті үйренген күні әлгі кітаптың ішіндегі бүкіл а-ны оқып шыққаным әлі күнге дейін есімде. Әкемнің неге маған 33 (төте жазуда 33 қарып) әріпті үйрете бермей, мектепке барғанша зарықтырып қойғаны да күні бүгінге дейін түсініксіз. Содан не керек, бірінші сынып біткенше мен де қарыптап жүріп әлгі кітапты оқып бітірдім. Мен алғаш оқыған сол кітап Қажықұмар Шабданұлының «Қылмыс» романының 1 кітабы еді. Ол кітаптың шектелген кітап екенін, 2 томы баспадан шыққаннан кейін жазушыны түрмеге қамап, баспадан шыққан кітабын жинап өртеп, қалған 2 томын шығаруға тыйым салғанын да кейін білдім. Бірақ сол алғаш оқыған кітабымды мен 40 жасқа келгенше, Қытайдан Қазақстанға кеткенше тығып сақтап жүрдім. Ата жұртқа аттанғанда бүкіл кітабым сонда қалды. Арасында «Орамал» да бар...

Иә, әңгіме «Орамал» туралы еді ғой, «Орамал» қолыма тигенге дейін Қазақстан деген ел бар екенін, қазақтың мемлекеті болғанын үлкендердің әңгімесінен естігенім болмаса, Қазақстан жазушыларының бірде бір кітабын оқып көрмеппін. Мұхтар Мағауинның «Шаңқа», Әбіш Кекілбайдың «Бәйге торы», Сайын Мұратбектің «Райгүл», Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түде», Шерхан Мұртазаның «Ақ сай мен Көк сай», Дулат Исабековтың «Есепшот, түйетауық және домино» шығармасын мен сол «Орамалдан» Оқыдым. Мүмкін жастық сезімімді қыдықтаған шығар, басқа шығармалардан көрі «Райгүл» мен «Қасқыр ұлыған түнде» маған ғажап әсер етіп еді. Әсіресе, «Қасқыр ұлыған түнде»-ні қанша қайтара оқығаным есімде жоқ, қазір де кезіге қалса, қайта оқып шығудан жалыққан емеспін. Міне, мен Оралхан, Әбіштермен осылай қауыштым. 

Біз университет табалдырығын аттаған жылы Оралханның «Атау кере» орманы төте жазумен баспадан шықты. Ол кезде Қазақстан жазушыларының кітабы сөреде көп тұрмайтын, екі-үш күнде сатылып кетеді. «Атау кере» сатылып жатыр деген хабарды ести салып «Шинхуа кітап» дүкеніне жеттік. Айдың аяғы, қалтамызда тиын-тебен қалмаған шақ. Сатып алуға ақшамыз жоқ болғандықтан, досым екеуіміз екі кітапты ұрлап алып шықтық. Қытай жазушысы Лу Шүннің «кітап ұрлау ұрлық емес» деген сөзін өз басым керемет пайдаландым, айт күндері кітап жинайтын, кітапқұмар кісілердің үйлеріне арнайы айтшылап барып, құдай өзі кешірсін, талай кітап ұрлаған баукеспе едім. Үрімжіге келген соң да, осы «өнерімді» дамытып, кітапханадан кітап ұрлаудың да әдісін таптым. Кітаптың арасында кішкентай темір тілше болатынын, соны жұлып алып тастаса, есіктен шыққанда сигнал апаратының белгі беріп, сайрамайтынын біліп алдым да, сол әдіспен қалаған кітабымды алып шығатын едім. «Атау керенің» де ішіндегі темірін жұлып тастап, ауымызға тығып алып жөнелдік.

Жатақханаға жете сап, «Атау кереге» бас қойдым. Бір жарым күнде-ақ оқып бітірдім, сабақ та жайында қалды. Кітапты оқып болған күні түс көрдім. Түсімде Оралхан маған бір сары конверт (қалта) берді. Қуанып жатып ояндым. Оянсам таң саз беріп келеді екен, «таңға жақын көрген түс сәуе деуші еді» деп ойладым.  Біз 5- жатақхананың 312 үйінде жататынбыз. Кілең ұйғырлар, екі-ақ қазақ бармыз, оның үстіне екеуіміз де бір жердің тумасымыз, 10 сыныптан бастап бірге оқыған достар едік. Тәңертең шай үстінде әлгі түсімді досыма айтып едім, ол «онда сен сары өлең (шару өлең) жазатын ақын болады екенсің» деп қарық-қарық күлді. Қазақ түсті мүмкіндігінше жақсыға жорыйды, құрдасқа түс айтпайды. Мен де іштей «бекер айтқаным-ай, қап» дем қалдым. Ол мөлшері 2000 жылдың басы еді. Бірақ содан бері 23 жыл өтсе де ол түсімді ұмытқан емеспін. Әсіресе, бас құрап 7-8 жыл бір шикі өкпеге зар болып жүрген кезімде, Оралханның тағдыры, «Астымда құлын ерткен құла бие, үстінде құйрық жалсыз мен келемін» деген сөздері ойыма жиі оралып, сол сары қалтаны маған неге берді екен деп ойлап жүрдім. Тіпті Оралханды оқуды азайттым, жақсы көрмеуге тырыстым да. Бірақ сонда да Оралхансыз дүние бос сияқты сезілетін, бәрібір оқитынмын. 

Бір күні интернеттен Айманның тағдыры туралы мақала оқыдым. Сол-ақ екен, неге екенін білмеймін, жүргім қағып, үйге кетуге асықтым. Ол кезде жұмыс орнымнан алыстау жерде үй жалдап тұратын едік. Бір жыл бұрын баспанамызды сатып, ерте ме, кеш пе, Қазақстанға кетеміз ғой деген жоспармен Астанадан үй сатып алғамыз. Істеп отырған жұмысымды тастадым да, бастыққа жөнімді де айтпай үйге кеттім. Үйге келсем, әйелім әлдеқашан жұмыстан келіп алыпты. Диванның үстінде бүк түсіп солқылдап жылап жатыр. Терезенің алдында орындық тұр. Терезе ашық... Жүргім зу ете қалды, «Не болды? неге жылап жатырсың?» деп иығынан сүйеп, тұрғызып едім, басын кеудеме қойып жарты саған жылады. Жұбатқам жоқ, жылап ішін босатып алсыншы деп шашынан сипап отыра бердім. Содан бір апта бұрын әйеліме эко жасаған, бірақ оның да нәтижесіз болуы оған қатты ауыр тиді. Аздан кейін басын көтеріп «бүгін жұмыста отыра алмадым, үйге келіп терезеден секіріп кетейін деп көп оқталдым, орындыққа шығып алғанда «мына жалға алған үйдің терезесінен секіріп өлсем, ертең Қалиға пәле болып жабыса ма» деген ой келіп өзімді әзер тоқтаттым» деді күрсініп... 

-Түскі асты Меруертпен (жақын досы еді) бірге ішіп едім, түнде көрген түсін айтты, - деді әйелім аздан кейін үнсіздікті қайта бұзып. - Түсімде сен ауыр аяқ екенсің, күнің де таяп қалған екен, дәл сол жеріне келгенде таңғы тауықтың шақырған дауысынан оянып кеттім,- деді. «Жақсы түс екен» деп іштей қуанып жақсыға жорғанға үлгерткен жоқ, «содан бұл мүмкін емес қой деп ойладым» деп сақ-сақ күлгенде жүрегім езіліп кеті ғой, езіліп, - деп егілді-ай келіп... 

Ата жұртқа келгеннен кейін көп ұзамай, Алтайға ат басын бұрып, Шыңғыстайға дейін барып шиырлап қайттық. Бірінші рет барып тұрсам да, бұл өлкенің тау мен тасы маған әбден таныс. Алтайдың кер бұғысын көргендей шабыттанып, Ықлас, Қуаныш үшеуіміз Оралханның отты ойларын кезек-кезек жатқа оқыдық. 

«Көкжиек жалғызынан айрылған Жер-ананың жылай-жылай қанталап кеткен жанары сықылданатын; анау қарабарқынданып жатқан жер жарықтық қисапсыз үміт-мақсатын, бақыты мен байлығын қапияда тонатып алғандай, соншалықты аянышты кейіпте сыңсып, жоқтау айтқандай қасіретті сезілуші еді» («Сайтан көпір») дейді Қуаныш. 

«Жұмыр жердің бетін төрт миллиардтан астам адамның аяғы таптап, дүниені өз айқайларымен күңірентіп жүр. Тек жердің астындағыларда үн жоқ. Егер Құдайдың құдіретімен сол өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан үн-түнсіз, жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді... Бір-біріне қатты сөз айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай, бейбіт те, берекелі өмір орнатар ма еді, қайтер еді, егер әруақтар зәуде қайтып оралса... (Шіркін-ай, қайтып оралса) дүниедегі сансыз сұмдықтың бет пердесі ашылып, біздер ұяттың отына өртеніп кетер едік-ау... («Сайтан көпір»)» дейді Ықылас. 

«Бір-бірімізді алыстан сағынайықшы...Адамдар неғұрлым жақындаған сайын ,соғұрлым бір-бірінің көңіліне қаяу түсіреді» деймін мен...

Катонқарағайдан қайтып келгеннен кейін Ғалия апаймен- Орағаңның қарындасы Ғалия Бөкейқызымен таныстым. Орағаң жайлы жылы естеліктер естідім. Қайсы күні Оралханның 80 жылдық мерейтойына орай Ғалия апайдан сұхбат алғалы бардым. Сол кездесуде мен Ғалия апайға 23 жылдың алдындағы түсімді айттым, досымның қалай жорығанын да жасырғам жоқ. 

- Ол түсті олай жорудың қажеті жоқ еді. Саған конверт беріп тұрғаны болашақта жолың ашық болсын деген ыстық ықласы ғой, - деп Ғалия апай түсімді қайта жорыды. 

-Әумин, - дедім. 

                                                              Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ 

2023 жылы 20 қыркүйек

Бөлісу:

Көп оқылғандар