«Өлілерге арналған әңгіме»: Тарихи трагедияға сілтеме

Бөлісу:

30.09.2023 1362

Жазушы, драматург Ықылас Шалғымбайдың қаламгер ретіндегі ерекшелігін пандемия кезеңінде «Қамал» және «Бекет» деп аталатын драмалық шығармаларын оқығанда байқаған болатынбыз. Қаламгердің туындыларындағы нақтылық пен қарапайым баяндау формасы шығармаларының басты ерекшелігі ретінде көрінген еді. Бұл ерекшелікті қазіргі қазақ әдебиетінде қалыптасқан классикалық баяндау құрылымын жаңартуға ұмтылыс деп бағалауға болатын шығар. Қаламгердің тілді нақты және өлшеммен қолдану әдісін есеп шығару үшін алгебра мен геометриядағы формулаға салу әдісіне ұқсатуға да болатындай. Қалай дегенмен де автордың «Қамал», «Бекет», «Иллюзия» деп аталатын драмалық шығармалары мен «Өлілерге арналған әңгіме» атты әңгімесін оқу арқылы қазіргі қазақ әдебиетінде әлемге басқа қырынан үңілетін қаламгердің келгеніне сенімдіміз.

«Қамал» және «Бекет» пьесалары туралы ақын, аудармашы Ардақ Нұрғазы мен ақын Ұмтыл Зарыққанның тереңірек зерделеген материалдары жарық көрген екен. Біз сондағы пікірлердің көп бөлігіне қосыламыз және болашақта сәті түссе әртүрлі тарихи және саяси ауысулар мен басқарулардың біздің ұлттық ерекшелігімізге қаншалықты әсер еткенін осы туындылар негізінде жазғымыз келеді. Осы қырынан алғанда айтылуға тиіс «әлденелер» бардай көрінді. 

Бұл жазбамызда Ы. Шалғынбайдың «Өлілерге арналған әңгіме» атты әңгімесі туралы қысқаша ой қозғауға ұмтыламыз. Интернет кеңістігінде бұл әңгімеге қатысты кейбір жазбалардың бар екені байқалды. Бірақ бұл әңгімедегі авторлық интенция мен астарлы мазмұн басқаша берілгендей көрінді. Ы. Шалғымбайдың шығармаларына тән ерекшелік: белгілі бір құбылысты барынша қарапайым баяндай отыра, бірнеше рет қайталау арқылы күшейте түсу, құбылыс белгілерін барынша айқын көрсету. Мысалы, «Иллюзия» пьесасында кейіпкер қыз бірде қасапханаға, бірде сауда орталығына, бірде мал қораға айналатын кітапхананың есігі ашылған сайын «оқырман келді ме?» деп елеңдей түседі. Кітапханашы қыз ет сатып алуға, сауда жасауға адам келген сайын «оқырман келді ме?» деген сауал қоюдан жалықпайды. Бұл баяндау арқылы бүгінгі уақыт – халықтың көбі кітап оқуды ұмытып, асқазан азығын ғана ойлайтын заман екенін жете ұғына түсеміз. Пьесаның соңғы жағында кітапханашы қыз күткен оқырман ақыры келіп, авторлық интенция әлі де кітапхана мен оқырман өмір сүретінін немесе соған сенетінін көрсеткендей болады. Аталған пьесалар мәтіні мен төменде қарастырылатын әңгімедегі нақтылық пен қарапайым баяндау формасы – постотаршылдық эстетиканың бір түрі. Эссесі мен пьесасы арқылы авторды кітаптар тарихы тереңірек ойландыратыны да байқалды. Бұл – жеке тақырып ретінде қозғайтын мәселе. 

«Өлілерге арналған әңгіме» атты туындысында да иіс құбылысын баяндауға ерекше екпін түсіріп, барынша баяндау жиілігін арттырады. Кейіпкердің үстінен кетпей қойған иістің астарлы мәнін сан саққа жорыта, әр қырынан пайымдауға тырысқанымызды да айтқанымыз жөн. Көркем туындыға осындай динамикалық сипат беретін де оқырман емес пе?.. Оқырманды осыған бағыттайтын автор шеберлігі екені даусыз. Оқып отырғандағы алдын ала жасаған болжамымыздың бірі кейіпкердің үстінен шыққан иістің себебін білуге ұмтылған әрекеті посткеңестік кеңістікте өзінің түптегін, ұлттық бірегейлігін іздеген ұрпақтың өкілі ме деген ойға тірелді. 

Бұл әңгімедегі бір ерекшелік, үстінен шығатын күлімсі иіс кейіпкердің өзіне ғана сезіледі, өзіне ғана білінеді. Яғни, өзінен басқа дәрігер де, ауылдасы да оның үстінен шығатын иісті сезбейді. Кейіпкер бірнеше рет жуынса да, әтір сепсе де үстінен шығатын иістен құтыла алмайды. Иістен құтылу үшін дәрігерге қаралуға да барады. Одан да ештеңе өзгермейді. Біздің ойымызша, мұндағы иіс – кейіпкер ұлттық ерекшелігін – ұлттық бірегейлігін, халықтың бұрынғы тарихына ишара жасайтын поэтикалық-символикалық белгі іспетті. Дәрігердің: «Алдында да сен секілді ауылдан бірнеше адам келді. Олар да сенің айтқаныңды айтады. «Сасып кеттік, шіри бастадық», – деп. Түгел жынданайын дегенсіңдер ме?» деген сөздері де иіс құбылысы туралы осылайша пайымдауымызға түрткі болды. Есейген, ақыл-есі бүтін, егер саясат ұмыттыруға ұмтылмаса, саналы адам өзінің ұлттық белгісінен ажырауы мүмкін емес. Ажырағысы келсе де, бейсаналы әрекеттері арқылы оның кім екені әрқашан белгілі болып тұрады. Кейіпкердің иісі «әтірдің күшіне де бағынбайтын мүлде жат иіс» болып шығады. Сонымен қатар, әңгіменің «Өлілерге арналған әңгіме» деп аталуы да үстінен күлімсі иіс шығатын кейіпкердің ата-бабалары бастан өткізген трагедияға толы тарихқа сілтеме жасаған. 

Иістен құтылу үшін тағы да моншаға түсіп-шыққан кейіпкер тұқымы құруға айналған аң-құстар туралы деректі фильм көріп жатып, ұйықтап кетеді. Тұқымы құруға айналған аң-құстар туралы фильм де көшпенділіктен отырықшы өмір сүру формасына мәжбүрлі түрде ауысқан және мұның соңы ашаршылық, репрессия, ұлттық мәдениеттен ажырау сынды трагедияға ұласқан қазақтың өткен тарихын астарлағандай көрінді. 

Деректі фильмнен кейін кейіпкер қорқынышты түс көреді. Түсіндегі өміріне қауіп төндірген әрі кейіпкерді қуып келе жатқан мақұлық әлдебір империя немесе соның ізін басқан Одақтың ассоциациясы іспетті. «Өмірімде көрмеген, атын да білмейтін, ешбір хайуанға ұқсамайтын мақұлық. Қалай суреттеп айтсам екен? Оны бейнелеп жеткізуге сөз таба алмай отырмын. Сонымен мақұлықтан қашып, терең шатқалды құздың басына келіп тіреліп тоқтаппын. Шатқалдың арғы бетіне қарасам, қалада тұратын туысқанымыз отбасымен бейғам өмір сүріп жатыр екен деймін. Соларға «құтқарыңдар!» деп айқайлап жатырмын, бірақ қанша қатты айқайласам да дауысым шықпайды. Олар бір нәрселерді айтып қарқылдап күліп жатыр. Әлгі мақұлық қуып жетіп ұстай берем дегенде, арғы жағаға қарай секірмек болып, дәрменім жетпей терең құзға қарай құлап бара жатып шошып оянып кеттім». Көшпенді өмірден кейінгі отырықшылыққа бейімделу, ұжымдастыру және мұның нәтижесіндегі ашаршылықтан аман қалу үшін Қытай сияқты көрші елдерге қашқан халықтың бейнесі түсінде қашып жүрген кейіпкер арқылы астарлы жолмен бедерленгендей көрінеді. 

Әңгіме композициясындағы мынадай бөлік тіпті жоғарыдағы пайымымыздың қисындылығына жақындата түседі: «Отырықшы халықтардың біздің ата-бабаларымызды сасық, жуынбайды деп жиіркенетін деген сөзді жақында бір кітаптан оқығаным бар еді. Олардың сасық иісі қалай болғаны туралы білмеймін. Мүмкін денелеріне сіңіп қалған малдың иісі шығар, не үйге жаққан қидың иісі шығар. Сонда менің денемнен шығып тұрғаны да солардың бойындағы отырықшылар жиіркенген сасық иіс болғаны ма? Бірақ одан кейін де талай заман өтті ғой. Біз де отырықшыланып, басқа өмірге үйрендік, қала жағалай бастадық емес пе?». Кейіпкердің ата-бабалары көшпенділіктен отырықшылыққа ауысып, әртүрлі тарихи және саяси оқиғаларды бастан өткізгеннен кейін олардың жалғасы – ұрпағы / кейіпкер үлкен қалалар пайда болып, сонда өмір сүріп жатыр. Тіпті, ауылдан қалаға келіп, жұмыс іздеп жүрген кейіпкер: «Бірақ одан кейін де талай заман өтті ғой. Біз де отырықшыланып, басқа өмірге үйрендік, қала жағалай бастадық емес пе?» деу арқылы әртүрлі саяси тәжірибелер мен өмір сүру формаларын бастан өткізген халықтың бүгінгі дүниетанымдық ерекшелігі қандай деген сауал қойып, әңгімені аяқтайды. Сұрқай жатақ, жаңбырлы ауа райы сынды әңгіменің уақыты мен кеңістік бірліктерін құрайтын бөліктер әрі үстін иіс жайлаған кейіпкердің жұмыс іздеу жағдайы – Кеңес одағының әртүрлі эксперименттік саясатында өмір сүрген ата-баба ұрпағының бүгінгі кейпін көрсетеді. 

Жалпы айтқанда, әңгімедегі иіс құбылысы тарихи сауалдарға жауап іздеу амалы ретінде қолданыс тапқан. Астарлы идеясы бірнеше қабаттық мағыналарды қамтитын мұндай туынды автор мен оқырман арасында сан түрлі диалог алаңын қалыптастыратын динамикалық сипатқа ие. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар