Абай Мауқараұлы. Азат сөздің алдаспаны

Бөлісу:

02.10.2023 2114

Естелік-эссе

«Марат Қабанбай!» 

Иә, осы есім тоқсаныншы жылдардағы қазақ ақпарат кеңістігінің жалтылдаған жалауы іспетті еді. Себеп, ұзақ жыл тұншығып жатқан қазақ рухын жарқ еткізіп көтерген, ұлттық апталық «Ана тілі» газетінің әр нөмірінде Марат Қабанбайдың айтары ерек, айбыны бөлек мақалалары жариялантын-ды. 

Ауылдық өңірдің адамдары сол үшін «Ана тілін» қолдан қолға өткізіп оқитын, газетті тапсыратындар қарасы да молая түскен-ді. Өйткені, баяғы советтік жалғаны басым жылымшы мақаладан іші кепкен халайық ұлттық нәрі мол, рухы көтеріңкі жазбаға расында шөлдеген кезең еді. «Марат Қабанбай не жазыпты?» дейтін сөз, сол кездегі қазақ тілді оқырман қауымның саяси ахуалды осы журналистің сөзімен өлшейтін болғанын паш еткендей.

Одан кейін, тоқсаныншы жылдардың орта тұсында нарықтың шарықтап, саяси билікке тай-талас асқынған тұста «Дат» деген газет шықты. Бүкіл елдің көзі енді соған түсті. Постсоветтік өкіметті иеленіп алған неокоммунистер «Датты» тұншықтыруға кірісті. «Дат» ақпарат аренасында қанша қудаланса да, затын өзгертпей атын әлсін-әлсін құбылтып «СолДат» болып алып, буырқанған сөзді тіпті, бұрқыратты. Өйткені, бірден-бір республикалық оппозициялық басылымның Бас редакторнына Марат Қабанбайдың келгені дәл осы тұс. Назарбаев пен Қажыгелдиннің арасындағы саяси конфилкт шарықтаған кез еді. Марат Қабанбайдың «Араша, араша, ағайын!» дейтін атақты мақаласы да сол кездің туындысы. Бірақ, басым билік өз қарсыластарын қуғындап тынды... Марат Қабанбай ағамыз да осы кезде жүректің қатты сырқатына ұшырады, қызметтен кетті...

Ақыры, Марат Қабанбай да рухының азаттығын бәрінен артық санап, азат сөзін алдаспан қылып сермеген қалпы ақырғы демі таусылды, азаттық күрес жолында өткен азғана қазақ азаматтың қатарына  барып қосылды... Осы қилы жағдайларды еске түсірейін дегенмін, өйткені, осы уақыттарда жақын маңайында жүрдім, бәріне куә болдым. 

Осы жазда, Марат Қабанбай ағамыздың асыл жары Сәуле жеңешеміз Алматыдағы  ең жақын адамдарын жиып, даталы жасына орай ас беріп, еске алу рәсімін өткізді. Шығыс өлкелік жерлестері, курстастары, ет жақын туыстары жүрек жарды естеліктерін айтты... 

Әнтек, «Ана тілі» ұлттық апталығында бірге қызмет еткен бір топ қызметтестеріне сөз алуға уақыт жетпей қалды.  Бұл жиында «Ана тілі» жаңа шыққан жылдары газетті «алғаш құрысқан редакция алқасы» (Жарылқап Бейсенбай, Бақыт Сарбалаұлы, Марат Қабанбай), мүшесінің бірі белгілі қаламгер Ертай Айғалиұлы қатысты. Және Сағатбек Медеубек, сол кездегі жас журналист Сәкен Сыбанбай, осы жазбаның авторы отырдық. Ал, мұнда қатыса алмаған Байбота Қошым-Ноғай, Қалбай Әділ, Тұрсынбай Жандәулет, Бағдагүл... әрбірі өз-өз көзқарасымен Марат аға жөнінде селт еткізер талай сөздер айтуы сөзсіз еді. 

Сонда айтсам деген, көкейімдегі ойларымды жазбасам мойынымдағы қарыз құсап қалды, мұнда барынша жинақы етіп. Ал, ондағы сөз алған қаламдас әріптестері, марқұм Марат ағамыздың қазақ балалар әдебиетіндегі ерекше орнын, жазушылық қырын, әсіресе, көсемсөздегі дара қаламгерлігін түгендеп сөйледі. 

Ал, өз басым, ол кісінің басқа ешкім мұнда айтпаған, журналистикадағы ерекше «ұстаздық ұстанымы» яки «кәсіби қаламгерлікке» баулу бөлекше тәсілінен қадау-қадау мысал келтірмекпін:

Бірде алдына өзім редакциялаған автордың мақаласын апардым. Тез-тез шолып, қарап шықты да: «Қызыл сөздерінен түгел тазарт, қызыл сөз оқырман ойын тұмандандырады», - деді. «Қызыл сөз, деген?..» - деп, күмілжіп едім, «Айтпақ болған мәселеге қатысы жоқ сөздің бәрі қызыл сөз!» - деп, шегелеп айтты да, «ісстә» деді. 

Кеттім, содан осы қызыл сөз-ау дегеннің түгел «желкесін қиып» бұрынғы екі бет мақаланы жарты бетке түсіріп және әкелдім. Көзі жалт етіп: «Міне, енді мұны оқырман қағып түседі!» - деп, қуанды.

Өз мақаламды апардым, «Қалдырып кет!» - деді, аздан кейін шақырды қайта бардым. Бір беттік мақаламның орта тұсын ғана қызылмен қоршап қалдырыпты. «Нысананы шұрық тесік қылып атпа, ондықтан ғана тигіз!» - деді. «Ондық деген не?» - дегендей бетіне қарап едім: «Ана қызылмен қоршалған, ондық деген сол, басқасы босқа шығын болған оқтар!» - деп, жымия қарады. 

«Суға түскелі тұрсың ба, шешінбей, тіке секір! Оқырман сенің ыбылжып шешінуіңді күтпейді!» 

Бұл не сөз, десем, екі беттік мақаланың, бір бетін түгел айқыш сызықпен бірақ, осып өтіпті. Сонда, түсіндім, мәселені жеткізу үшінгі ұзын-сонар кіріспе сөзді «киім» деп, нақты мәселені «суға секір» деп, меңзегені екен. 

«Төбеңмен тік тұрып цирк жасайсың ба, ойқастап ойнақтайсың ба, өзің білесің, алдымен оқырманды өзіңе қаратып ал!» Бұл не десек: «Жазып отырған қандай бір жағдайдың ең қызықтысын алымен айтып, оқырманды қызықтыр, сөйтіп жазғаныңды оқыта біл», - деуі екен. 

«Көк түтіннің түк те керегі жоқ, жалыны ғана болсын!» Бұл танымдық мақала жазған кезде, шұбалаңқы авторлық түсініктеменің көбеюін «түтінге» теңегені, ал «жалын» дегені, дерек, дәйектерді ғана жүйелі жеткіз, деп отырғаны. 

Міне, тағы да осындай ондаған бәлки, жүздеген мысалдарды есіме түсіре алар едім, айтқанымдай оқырманды шаршатпай тоқтайын. Түйіндеп, айтсақ, Марат ағамыз, журналистикалық тәсілдерді, осылай өзіндік ерекше образбен, афоризм арқылы есте қалардай, санаға жетердей етіп жетелей отырып талай кәсіби журналистерді қанаттандырған еді. 

Мұны «Журналисткадағы Марат Қабанбай мектебі» десе дұрыс дер едім, өйткені, ол кісінің алдынан өткен көптеген жас журналистер осы пікірімді мақұлдайтыны сөзсіз. 

Өз басым «Марат ағаның шәкіртімін», өйткені, мені журналистік қызметке шақырған кісі Марат ағаның өзі еді. Бірде, «Ана тіліне» жазған мақаламды апарған кезімде, «Абай, бізге бөлім меңгерушісіне жұмысқа кел, мен Бақыттың орнына орынбасар редактор болатын болдым», - деді. Қысылып әрі ұялып қалдым: «Аға, мен хирургпін ғой... журналист болу...», - деп, сөзімді жұттым. 

Марат ағам бетіме үңіле қарап: «Істә» деп, алды да: «Маған диплом керек емес, жақсы жазатындар керек!» - деп, шегелей сөйлеп: «Анау есік алдында кезек күтіп тұрған қыз-жігіттерді көрдің бе, өңкей қызыл дипломдылар тұр! Ойлан, тез!» - деді. 

«Рахмет, аға, ертең жауабымды айтамын», - дедім. Үй-ішіме және кейбір достарыма айтып едім, бәрі бір ауыздан шу ете түсті: «Ой, жындысың ба, дайын айлықтан қашатын!» - деп, мен болсам, айлықты емес, «Ана тілі» деген асқақ аты бар, апталыққа қызметкер болуға жүрегім дауаламай тұрды. 

Бірақ, Марат ағамның да көз жұмып жұмысқа алғалы отырмағанын, осыған дейін «Шетел қазақтары деген кімдер?», «Тілін қорғай алмаса, тәуелсіздіктен не пайда?», «Тілдің өз заңы мен өгей заңы» және бұған дейін де еларалық «Шалқар» апталығында Моңғолиялық қазақтар туралы «Жүз жылдық көші-қон» атты тарихи тізбекті туындыларымды жазып қойған, әуесқой қаламгер екенім белгілі еді. 

Сөйтіп, жоғарғы сыныпты, тәжірибелі дәргер-хирург болу үшін, сегіз жыл оқып, одан кейін де он қанша жыл уақытымды сарп етсем, мынау кәсіби журналистікке Марат ағамның ұстаздығының арқасында азғана айлар ғана жұмсалды.

Содан да, соңғы отыз жыл өмірімді осы салаға арнадым, әрі Марат ағамның ерекше ұстаздық методын өзім де жас жазармандарға қолдандым, бәрі сәтті болды. Алды талай кітап жазған кәнігі қаламгерлерге айналды, Мұхитдин Иса, Қайрат Жолдыбай, Құдайберді Бағашарлар т.т. сол методтың түлектері дер едім (Бұл жігіттерден өз басым діни сауатымды аштым, оларға өзім де шәкіртпін).

Марат аға қаламгерлікте биік жетістікке оңай жете салмаған, әрине осы методтарды өз тәжірибесінде қолданғаны, эксперимент жасағаны сөзсіз. Өйткені, ол кісі әрбір мақаласын жазғанда вагон-вагон көмірді қызыл қолмен түсіргеннен бетер, көзі шүңірейіп қатты шаршап қалатынын үнемі көріп жүрдік, жан қиналысымен жазғандары содан да көпшіліктің жүрегіне жол табатын. 

Жазудағы үрдіс-ұстанымы да бөлекше көрінетін, жазу үстелінің үстінде «Соверен» сигаретінің қорабы мен оттықтан басқа ештеңе болмайтын. Әдеттегі адамдардай үстел үсінде қатталған кітаптар, дәптер-қалам, ана-мына атымен жоқ, «жылан жалғандай» тұратын. Бірде, себебін сұрадым, жауабы: «Ондайлар ойлауға кедері, көңілді бұзады!» - деген. 

Жоғарыда айтқанымдай жүрегі қатты ауырды, диагнозы «жедел эндокардит» еді, жүректің ішкі қақпақшалары, кілегей қабаттардың қабынуы. Мұндайда Кардиологияда жатып ұзақ емделуге тиіс еді, бірақ, белгісіз себептермен өте аз емделіп үйіне шығып келді. 

Біздің үйіміз Момышұлы мен Төле би қиылысында, Марат ағаныкі Момышұлы мен Шаляпинге таяу бұрылыста болғандықтан, кез-келген уақытта жаяу болса да баруға қолайлы болатын. 

Осы науқаспен Марат аға екі айға жуық ауырғанда, о кісінің үйіне жиі барып, екпелерін егіп, дәргери қолғабысымды үнемі көрсетіп, аға-інілік туыстық қатынас та арта түскен еді. 

Түнгі тоғыз-он шамаларында телефон шылдырлайды, алғанымда арғы жақтан Марат ағаның пәс дауысы естілетін: «Абай, кеудедегі жүрек деген жігіт маған бағынбай жатыр...», - деп, мен де: «Қазір жетем аға!» - дей сала, уақыт оздырмай жедел барып, жүректі жақсартатын дәрілерін жасайтынмын. 

Сонда, таңғалғаным, Марат аға осыншалық қатты науқасқа қабақ шытпай төзуі... штанг көтерердей шымыр денесі мен қайсар мінезі ұзақ ұйқысыз түндерде қайыспады. Ал, Сәуле жеңешем де дәл солайша, қанша ұйқысыз түндерді бірге өткізгенде сәл қабақ шытпағаны, тіпті ғажап еді! Ішімнен: «Марат ағам осындай жанкешті жарды қапысыз таңдаған екен ғой!» - деп, ойлағаным есімде. 

Сондай күндердің бірінде, түс әлеті болу керек, Марат ағаның үйіне көңіл сұрауға жазушы Ғаббас аға келді, бірге еріп келген кісіні есіме түсіре алмадым. 

Ол кісілер кете сала Марат аға, Сәуле жеңешеме жалтақтай қарап алып: «Сәуле, әлгі ағаларыммен құшақтасып қоштассам, дұрыс еді, ә!?» - деді, өкініштілеу үнмен. Сәуле жеңешем, селк ете түскендей: «Неге өйтесің Марат, ағаларың әлі талай кезігеді ғой...», - деді, көзі жасауырап. 

Содан, бірнеше күн өткенде Марат аға «жедел жәрдеммен» «жансақтау» бөліміне түсті. Екі күн өткенде, бөлімнің кезекші дәргерінің телефонынан: «Өте өкінішті, ол кісінің жүрегі тоқтап қалды!» - деген сөзді есту, төбеден ұрғандай әсер еткені санада сол қалпы сақталып келеді.

Кешінде марқұм Марат ағаның үйіне ең ет жақын ағайындар жиналды, есімде қалғаны – Тұрысбек Сәукетай ағамыз. Сәуле жеңешемнің әлде-неше сағат бойы тоқтамай жылаған зарлы дауысы әлі құлақта... Әрине, ол жылауда Мараттай асылын өлімге қимау, оның қысқалау ғұмырындағы бақытты да аянышты сәттері, әсіресе, осы жылдарғы халықтың қалтасында артық ақша жоқ, жетіспей қиналған кездер, дұрыс емделе алмауы... тағы талай зар-мұң толы еді-ау!

Ағамыздың қырық күндік ас беруін «Пен клуб» және басқа қаламдастардың ұйымдастыруымен кең залда өткізіп, қазақтың көрінекті зиялы қауымы түгел жиналып, зор құрмет көрсетті. 

Сонда, Әбдіжәміл Нұрпейіс көкеміз қатарлы сыйлы ақсақалдардың жанында отырған Сәуле жеңешемнің ашылған қабағын көріп шын қуандым. Сол ашық қабақтан: «Қайран Маратым, өз басыңның қамын ұмытып жоғын жоқтаған мына қазағыңның асыл азаматы екенсің ғой...сені бәрі жоқтауда...», - деген сөзін ұққандай болдым. 

Иә, Марат ағаны ел азаматтары ұмытпапты. Одан бері де аққан өзендей арқырап жиырма үш жыл өте шықса да...

Қарағанды қаласындағы белгілі кәсіпкер Ерлан Әшімнің қаржылық қолдауымен кітап шығаратын «Қасым баспа үйі» Марат ағаның балаларға арналған «Жиһангез Тити», «Туған жердің төрт мезгілі» атты хикаяттар жинағын шығарып, Сәуле жеңешемізге қолғабыс ретінде арнайы қаламақысын да төледі. Бұл қызметте менің әріптес інім, кәсіби әдебиеттанушы Ұлан Еркінбайдың арашылық  көмегін де атау керек (Сәуле жеңешемізге, бұл жігітті сенімді азамат деп арнайы таныстырған едім).

Расында, марқұм Марат Қабанбай ағамыз, сеңі бұзылмаған советтік идеологиялық баспасөзді омбы қарды қақ жарып тыңнан жол салған қасқа айғырдай Қазақ ұлттық азат сөзінің  жаңа өрісін ашқан көсемі деуге тұрарлық тұлға. 

Сол жылдарғы «Ана тілі» мен «СолДатта» қызмет еткен уақыттағы бүкіл туындылары бұған дәлел. Кезінде аздау данамен жарыққа шыққан «Қазақ қайда барасың?» жинағында солардың біразы қамтылғанын қазіргі жас журналистерге қайталап, көп данамен тарату баспагер бауырларымызға аманат дейміз.

Ал, Марат ағаның таланты жазушылығының  нақты куәсі ретінде Х.Андерсен атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері болуын, қазақтан тіпті, түркі тілді халықтар ішінен оған алғаш қол жеткізген қаламгер ретінде атасақ та жетіп жатыр. Бұл шағын жазбам, марқұм ағама көрсеткен ізгі құрметім ғана. 

28-09-2023

Бөлісу:

Көп оқылғандар