Жақында жинақ жарық көреді

Бөлісу:

27.09.2023 715

Биылғы жылдың 7-9 маусым және 21-23 тамыз аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің  Ш.Шаяхметов атындағы  «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өңірлік Тілдерді оқыту орталықтарына арналған «Көпшілік алдында сөз сөйлеуді меңгерту әдістері» және  «Сөйлеу әрекетінің төрт дағдысын дамытудың тиімді әдістері» тақырыптарында  республикалық онлайн-семинарлар ұйымдастырды. 

Екі республикалық семинардың  қорытындысы бойынша жинақ әзірленді және жақын арада жинақ «Тіл әлемі» сайтының «Кітапхана» бөлімінде жарияланбақшы. Бұл жерде қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемесі мен көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті туралы теориялық тұжырымдамалар мен практикалық тапсырмалар жинақталған. 

Жинақ  мектепке дейінгі, орта, жоғары білім беру мекемелері, тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушыларына арналған. 

«Көпшілік алдында сөз сөйлеуді меңгерту әдістері» республикалық онлайн-семинарында филология ғылымдарының докторы, КИМЭП университетінің профессоры  Ерназарова Зәуреш Шаршабекқызы дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісті. 

Семинар барысында дәріскер: 

- Сөз тақырыбын анықтау және оны құрастырудың жолдарын меңгерту мәселесі;

- Сөз мақсаты мен концептісін айқындау стратегияларының түрлері;

- Сөз модельдері мен оларды меңгерту әдістері;

- Үгіт-насихат жүргізу, өз пікірін қорғау, қарсы пікірлерді жоққа шығару, уағыз айту; 

- Сөздік қорды дамытумен жүргізілетін жұмыс түрлері; 

- Сөз ықпалын, әсерін күшейтетін көркемдегіш құралдарды меңгерту әдістері туралы жан-жақты әңгімелеп берді. 

21-23 тамыз аралығындағы «Сөйлеу әрекетінің төрт дағдысын дамытудың тиімді әдістері» тақырыбында өткен онлайн-семинардың спикері Республикалық физика-математика мектебінің оқытушысы Əзімбаева Рахат Омашқызы болды. 

Республикалық онлайн-семинардың алғашқы күні тіл үйренушінің коммуникативтік дағдыларын дамыту ерекшеліктеріне арналды. Спикер тіл үйрену процесінің қызық әрі тиімді болуына көмектесетін грамматикалық-аударма тәсілі, аудиолингвалды тәсіл, тапсырмаға негіздеп оқыту тәсілі және коммуникативтік тәсіл тұрғысынан оқыту әдістері туралы ақпаратпен бөлісіп, көпшілікке жақсы таныс грамматикалық-аударма тәсілі мен коммуникативтік тәсілдің артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырмалы тұрғыда көрсетті. 

Сонымен қатар, келесі тақырыптар туралы да ақпарат берілді: 

- фильм, мультфильмдерді қолдану арқылы тіл үйренушінің тілдік қорын байыту; 

- мультфильмдерді таңдауға қойылатын талаптар;

- рөлдік ойындар арқылы тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру; 

- қазақ тілі сабақтарында коммуникативті дағдыларын дамыту процесін тиімді ұйымдастыру. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар