Айша Тұрмағамбетова. Ұстаз туралы сөз
Бөлісу:
Жақсы ұстаздар көп. Сондай ұстаздың бірі – Астанадағы 37-мектеп-лицейдің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ғайния Ахметова десем, оның алдын көрген көптеген шәкірттері қуана қоштары анық. Мереке қарсаңында осы лебіздің жазылуына да сол Ғайния ханымның шәкірттерінен ойда жоқта естіген пікірім себеп болып отыр. Ғайния – менің нағашымның келіншегі. Бірде онымен бірге түскен фотомызды көріп қалған менің қайын сіңлілерімнің бірі – Жұпар: «Ғайния апай, біздің апай! Ол кісі қайда қазір? Керемет мұғалім ғой. Сағынып жүрмін. Ол кісіні көрсем ғой», - деп қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, көзі ұшқын атып кеткенін көргенде қатты таңғалдым. «Ол кісінің ақылы қазір тіпті керек! Айтыңызшы, ол қайда жұмыс істейді, мен іздеп барайын!» - деп одан сайын алып-ұшқан сәтінде мұның – шәкірттің ұстазға деген махаббаты екенін ұға бастадым. Бұл Астанаға алғаш келген жылдар еді. Ғайния қайын сіңіліме олар көшіп кеткен Жезқазғандағы мектепте сабақ беріпті. Сол кезде байланыс үзіліп қалса керек.
Қазір Жұпардың өзі елордадағы бір жоғарғы оқу орнында ұстаз. Магистратураны ойдағыдай аяқтап, енді доктарантураға тапсырып, ғылым жолындағы ізденісін тереңдетіп, ұстаздық шеберлігін шыңдай түскісі келеді. Осы жолда өзінің өмірдегі жетістігін байланыстыратын ұстазы Ғайнияның көп қасиетін әлі күнге үлгі тұтады.
- Бастауыш сыныпта тынышсыз бала болдым. Мұғалімімізге менің білетін нәрсемді айтқым келіп тұратын қасиетім ұнамаушы еді. Сыртқа шығарып жіберетін. Не істерімді білмей қатты қиналушы едім. Осы қасиетімді байқап, бағалаған алғашқы мұғалім – Ғайния апай болды. Еш уақытта бетімнен қақпайтын. Қай кезде де мұқият тыңдап, қосымша тапсырма беріп, қабілетімді шыңдауыма бағыт беретін. Тек мен ғана емес, басқа балалардың деңгейіне сай жетілуін назарда ұстайтын. Ол кісі үшін кейбір мұғалімдер секілді нашар оқушы, үздік оқушы немесе бұзық бала, тәртіпті бала деген түсінік жоқ еді. Бәрімізді бірдей көріп, бәрімізге бірдей қарым-қатынас жасайтын. Сабақ берудегі әдістемесі ерекше болғанын қазір өзім де оқытушы болғандықтан айқын ұғып жүрмін. Қаншама балаға дербес қадам жасау, олардың жүрегіне бойлау үлкен жүректі,табандылықты, шәкіртке, өз кәсібіңе деген шексіз махаббатты қажет етеді екен ғой. Тілім жартылай монғолша шыққан өзіме Ғайния апайдың оқыту шеберлігінің пайдасы айрықша тиді. Ғайния апай сабақтан тыс уақытта да ақылшымыз болды. Сенбілік секілді көпшілік жұмыстар кезінде нақты мысалдармен ғибратты әңгіме айтып, біздің парасатты тұлға болып қалыптасуымызға ықпал етті, - деп еді ол кейін бір өзара әңгімеде.
Негізі ұстаз еңбегінің шынайы бағасын шәкірт қана бере алады. Өйткені оған ешкімнің атағы, дәрежесі қажет емес. Әсіресе бала жүрегі, оның жан дүниесі кез келген жайтты боямасыз өз шындығымен қабылдайды, сақтайды, қадір тұтады. Сол он-он екі кездеріндегі бала Жұпардың жүрегінде орныққан ұстаз Ғайнияның бейнесі, ұлағаты сол күйінде өмір сүріп келе жатқанын ұқтым.
Және оған сендім. Өйткені өзі жақсы адамның адамдарға, айналасына деген жанашырлығы шексіз, жүрегі ізгілікке толы жан қай жерде жүрсе де нұрын шашып жүреді, ұлағатын қалдырып жүреді. Мен Ғайнияны жар, ана, ене, келін, жеңге, абысын ретінде жақсы білемін. Ол осы миссияларының да ұлт үшін мән-маңызын терең түсінген жан. Сондықтан да жарға тірек, балаға бағбан, қайын сіңліге ақылшы, асты көбейтер, ағайын бірлігіне дәнекер абысын, келінге қамқор ене. Ол қай жағынан да үлгі. Алайда бүгінгі ұстаздар күнінде оған шәкірт көзімен қарағанды дұрыс көрдім.
…Қуаныштысы Жұпарлар көп. Олардың саны жылдан жылға өсуде. Өйткені Ғайния ұстаздың еңбек жолы жалғасуда. Осы қуантады. Ұстанымы жақсылардың көп болатына сендіреді.
Мерекеңізбен, жақсы ұстаз! Шәкірт жүрегіңде мәңгілік ізіңді қалдырып, жасай бер!
Бөлісу: