Оның қаталдығына кенже ұлындай өкпелеп, бұртиып жүретінім бар
Бөлісу:
10 қазан күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Қобданың қоңыр желі» атты қос бірдей антологиялық жинақтың тұсаукесері өтіп еді. Сол кеште тағы бір жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Авторы өскемендік жас ақын Оразай Жеңісұлы. Біз осы кеште орайлы сәтті пайдаланып, жас қаламгермен сұхбаттасқан едік. Ендеше сол сұхбатымызды оқи отырыңыз, қадірлі оқырман.
- Армысың, Оразай бауырым! Тырнақалды жыр жинағыңа құтты болсын айтамыз. Енді осы жарық көрген жаңа туындың жайлы аз-мұз әңгіме өрбітсек.…
- Ес білгелі мені сұлу бір жыр перінің қызындай арбап келеді.
«Тірі пенде естімеген, білмеген,
Сол аруға неге үнсіз гүл берем.
Неге бұлай еңірейді жүрегім,
Неге бұлай түс көремін түнде мен...», - деп жазған едім. Есімді алған жырды осылай кейіптегім келді. Айтайын дегенім, өзім бұрын соңды жүріп-көрмеген жолдамын. Сондықтан біреуге ақыл айтудан аулақпын. Тек осы бір ізденістен ләззат алғым келеді. Жаза бергім келеді. Дегенмен, оқырман дейтін қадірлі қауымға кітап ұсынып отырғандықтан, жауапкершілік жүгі жоқ емес арқада. Ешкімді адастырмасам екен деймін. Сондықтан көзім анық жеткенге ғана құрық тастаймын. Бірақ бұл «тәуекелге» бармаймын деген сөз емес. Тіпті көп барамын...
- Жинағыңыздың атын «Жел сүлей» деп қойыпсыз. Бұлай атауыңыздың сыры бар ма?
- Тұңғыш жыр жинағыма тырнақалды туындыларымды саралап енгізуге тырыстым. Ақын Сұраған Рахметұлы ниет сөзін жазып, батасын берді. «Жуық шамада Еуразия кеңістігін жаулаған Есенин һәки Эминеску (Mihai Eminescu) тектес «жынды-сүлей» ақындардың жарылысы осылай басталған...» дей келе, кітаптың атын «Жел сүлей» деп өзі қойды. Менің де ойымды дөп басты десем, сенесіздер ме? Жалпы, менің өлеңдерімде үнемі ілесіп жүретін бірнеше ұғым бар екен. Бірі – Алтай. Тек «кербұғының» қаһарлы Алтайы емес, сырлы Алтай... «Шабарман бұлтқа шағынбаушы еді тегінде, Тәкаппар Алтай тым көңілшектеу боп алды...». Немесе «Қара Ертісінде қайғының ғана қайығы, Ағатай айтшы, Алтайдың бар ма айыбы...». Екіншісі – көгершін. «Хат алып келеді әлі бір көгершін, Тек осыған сене гөр, мен де сенем...». Содан кейін бір уілге құлақ түріп, «Тереземнің түбінде жел үреді, Не біледі, нені айтып егіледі?..» деумен боламын.
- Кез келген шығармашылық иесі болмысының қалыптасуына туған жердің табиғаты мен топырағы әсер етері сөзсіз. Өзіңіз өскен Өр Алтай, қаһарлы Алтай, дана Алтайдың дүниетамыңызға ықпалы жайлы айтып өтсеңіз…
- «Айта-айта Алтайды...» дегендей болмасын, өзіңіз сұрап отырған соң айтайын. Мен Өскеменнің ар жағында Кіші Үбе деген ауылда өстім. Табиғаты бұйығы, томаға-тұйық, күміс бұлақ күлкісі, ақшулан-аяз ашуы бар. Арыстан күшігін тістеп сүйеді дегендей, Алтай да перзентін мұздай жаңбырымен, үскірік демімен сүйеді. Бірақ сол мінез маған біткен деп айта алмаймын. Менде ондай табиғат жоқ сияқты. Тіпті іштей оның қаталдығына кенже ұлындай өкпелеп, бұртиып жүретінім бар. Есейген сайын Алтай маған жұмсарғандай көрінеді. Бәлкім, мен жұмсартқым келетін шығар. Сондықтан менің өлеңдерімдегі Алтайды кейбір адамдар танымай қалуы да мүмкін. Мен оған ренжімеймін, әрине. Мен Алтайды солай көргім келеді.
- Әдебиеттегі бір буыныңыз кем түссе бекітіп, бір ұйқасыңыз босаса ширатып ақыл-кеңесін айтқан ұстазыңыз бар ма?
- Асылында, 5 қазанда мазасы кететін адамның бірі мен болуым керек. Өйткені менде ұстаз көп. Жоғары сыныптарда қазақ әдебиетін белгілі ақын Бақытжан Раисова оқытты. Өлеңнің ауылын айналсоқтап жүріп, адасып та кететін кездер болатынын естіп жүрміз ғой. Бақытжан Мұқтарханқызы менің адасуыма жол бермеді. Кейінірек, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Шабыт» деп аталатын жас ақындар мектебіне кез болдым. Сондағы шағын ұжым менің қалыптасуыма әбден ықпал етті. «Шабытта» жүргенде өзімді «ақындар академиясында» жүргендей сезінетінмін, балалық қой енді. «Қожа мақтаншақ» десеңіздер де, шыным – осы. Содан кейін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне оқуға түсе сала, облыстық «Дидар» газетіне қызметке тұрудың сәті түсті. Алаш арыстарының ізбасары Мақсұт Тайшыбаев негізін қалаған бұл басылым беріде Шерияздан Елеукенов, Ғаббас Қабышев, Мүслім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқай, Серік Ғабдуллин, Кәдірбек Сегізбаев, Ұлықбек Есдәулетов сынды қаламгерлерді шыңдаған сөз шеберханасы ғой.
- Қазақ әдебиетінде сіз су ішкен өзендер кімдер?
- Бала кезімде Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесін оқып, әдебиетке бірден қызығып кеттім. Сол кездерде Мұхтар Әуезовтың «Көксерегін», Қалихан Ысқақтың «Ақтоқымын», Сайын Мұратбектің «Күзгі бұралаң жолын», «Ескек желін», Жабайы алмасын» сүйіп оқыдым. Кейінірек Таласбек Әсемқұловтың әрбір шығармасы ерекше әсер қалдыратын болды. Әсіресе, «Бекторының қазынасы». Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романын жастанып оқыдым. Кейін «Үрейлі үш күнін» де тапжылай оқуға тура келді. Ал өлеңдерді мен 24/7 оқи берем. Қолыма түссе болды. Жалпы, қазіргі қазақ поэзиясында «биіктігі байқалмай жүрген таулар көп» деп ойлаймын. Мастер-класс деген күн сайын көз алдымызда болып жатыр. Неге үйренбеске?!
- Қазіргі қазақ поэзиясында өзіңіз құралпылас көптеген ақын ақ өлең жанрында қалам тербеп жүр. Алдағы уақытта жаңа эксперименттерге бару ойыңызда бар ма?
- Эксперимент дейсіз... Сөз басында айттым, тәуекелге көп барамын. Тек оның бәрін оқырман алдына үйіп-төгу жауапсыз адамның ісі болар еді. Уақыты келеді деп ойлаймын. Жалпы шырқау шегіне жетсе, ақ өлең де – өлең, қара өлең де – өлең. Ал экспериментке батыл қадам жасап, сәтті қорытынды алып жүрген замандастарға тек қана басымды ием.
- Әр ақынның қалыптасу кезеңі болады. Сіз өзіңізді қай кезеңдемін деп ойлайсыз?
- Шартты түрде алсақ, бірінші-екінші сатыда шығармын. Жалпы қалыптасудың шет-шегі бар ма екен өзі... Әйтеуір, мен жол басындамын. Өлең жаза аламын деген соң шықтым жолға. Ал оқу-тоқу ғұмырмен астасып жүре бере ме деймін. Сондықтан осы ой-пікірлерім плакатқа жазып, іліп қоятын цитата емес екені анық. Әлі талай өзгерерміз. Тек өлеңге деген іңкәрлік, адалдық осы қалпында қалсын.
- Шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.
Бөлісу: