Драйзердің дүниетанымы
Бөлісу:
Бала күнімде оқысам да, ара-тұра санамда жаңғырып тұратын шығармалар бар. Мен үшін сондай шығарманың бірі Теодор Драйзердің «Америкалық трагедиясы». Бала күнімізден сіңісті болған, «Америкада бәрі оңай, тек еңбек етсең болғаны» дейтін идеологияның күлін көкке ұшырған туынды деп танығанбыз. Мен үшін өте әсерлі шығарма болып еді. Өтпелі замандағы адам болмысындағы бейімделу мен өзгерісті анық сипаттаған. Біздің қазіргі таңда қоғамдағы толеранттылықтың тіреліп қап жатқан кейбір келеңсіздіктерін анық көрсетеді. Америка қазір біраз жетістікке жетті, дүниежүзіндегі дамыған елдердің көшбасында. Бірақ жүз жыл бұрынғы Америкадағы өзгерістер біздің елде енді болып жатқандай әсер қалдырады.
Драйзер бір ғана жалқы мысал арқылы тұтас қоғамдағы өзгерістерді суреттеген. Ер баланың есею жолындағы түрлі кедергілерді жеңуі, өзін іздей жүріп, жүрек түкпірінде жасаған қателіктерін екшеуі, кейде армандарына қол жеткізуі, ақырында сол ақ арманға ардан аттап, өзін лайықсыз етуі, күнәға батуы. Есейген сайын өмірі күрделеніп, бүкіл тыныс-тіршілігі табыс табуға тірелуі. Көңіл күйге қатты әсер ететін тұстары баршылық. Қарапайым діндардың баласы белгілі бір жетістікке жетіп, отбасы құратын кезде қатты қателеседі. Қателікті түзеудің жолын үй ішілік тәрбиеден іздемей, үнемі сырттан іздеуі – шала болмыстың қаншалықты діни сауаты бола тұра рухани биіктікке қол жеткізе алмауынан екенін ашып көрсеткен туынды. Құдай әр адамның жүрегіне өз қателігімен жол ашатынын сипаттайтындай. Зайырлы қоғам Құдайды ешқашан жоққа шығармайды, бірақ тәрбиені де тұтас дінге тіреп қоймайтыны осы тұста ашыла түседі. Жазушы бұл оқиғаны өмірден алған. Клайд Грифитстің прототипі өмірде болған адам. Сүйіктісін суға батырып өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Өмірінің соңында жасаған қателігі, күпірлігі, күнәсы үшін өкініп, опық жеген.
Кедейшіліктің зарын тартып, көпбалалы отбасында өскен кейіпкер еңбек майданына ерте араласады. Алайда қанша жерден діни тәрбиені көріп өссе де, заманның ағымына қарсы тұра алмай, ішіндегі тәкәппарлықты жеңе алмай, алдынан шыққан кедергінің бәрінен қашып құтылуға дағдыланған боркемік жанды көресіз. Бәлкім, діни тәрбиенің дені баланың бойынан жауапкершілікті тек Құдайға тапсыру әдетін қалыптастырып, инфантильді болмысты қалыптастырғанынан яки психологияға жүгінсек, көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен, қатал тәрбиеде өскендіктен балаға мейірім жетіспей қалған. Бала күнінде берілмей қалған мейірімнің орнын ештеңе толтыра алмайды деген гипотезаға сенсек, ол шешім қабылдайтын әр сәтте тек өзінің қарақан басын құтқарудан басқаны ойламайды. Ақыры содан опық жейді. Себебі, Драйзердің кейіпкері есейген сайын қателігі көбейіп, теріс шешімдері үдей түседі. Әйтпесе, өмірдің оңы мен солын тану кезінде туыстарының басынан талай қиындық өткенін електен өткізіп отырды, әр қиындықты жеңген сайын соңында бір жеңілдігі боларын теңгерер еді. Бірақ ол басына күн туған әпкесін көргенде, ақшамның бәрін соған жұмсайды деп үрейленіп, үйден қашып кетеді. Кейіпкердің өмір жолы үнемі осындай таңдаулардан тұрады. Жағдайы енді түзеле бастағанда алдынан жаңа жолайрық шығады.
Драйзердің романын оқып отырып қарапайым, діндар адамның отбасында тәрбиеленген баланың ақырында жауыздыққа бел буған залымға айналуы, кісі өлтіруге қалай барғанын сипаттайды. Адамгершіліктің алғышарты неде екенін, жақсы мен жаманды айыра алатын қабілеті бола тұра, ол үнемі санасын тұманытқан әзәзілге ереді. Бала күнінде көре алмаған шаттықты, қуаныштың орнын толтыруға тырысқанын ержете бастаған жігіт жұмыс істеп, өз ақшасын тек ойын-сауыққа жұмсағаннан түсіне қоюға болады. Тәрбиедегі олқылық ерте ме, кеш пе орны толмас қателікке ұрындырарын ешкім болжай алмады. Бірақ Драйзер сол нәрсені танымдық тұрғыда көрсеткісі келгендей. Жігіттің жүрексіздігі, өтірік айтуға бейімдігі, өзі жатқа білетін тәртіп пен тыйымды сәті түскен сайын бұзуы, өзге адамдардың өміріне қиянат жасауы, тәкәппарлығын игере алмаудың ақыры кейіпкерді өкінтіп кететін күнаға батырады. Елітіп, құмартқан қызды дегеніне көндіріп, ертесі айнып кетуі. Байдың қызына көзі түсіп, жарқын болашаққа табан тіреу үшін жүкті боп қалған алғашқы қыздан оңай құтылудың жолын іздеуі бала күнгі қаталдықтан сіңген жан жарадан туған қиянатшылдық па дерсің?! Өзінің меніне ерген ұждансыз кейіпкер әлгі бейбақ жүкті қызды өлтіріп тынады. Америкалықтардың өмір салтын мейлінше кеңінен суреттеген шығарма. Бұл шығармада автор өмірлік құндылықтарды кім қалай бағалайтынын көрсеткен. Соны оқып отырған оқырманына ой сала кетеді. Өмірдің мәні неде, адамгершілік қалай сіңеді, баланың тәрбиесінде не маңызды деген дүниелерді анықтап отырады. Клайдтың жасаған күнасына кім кінәлі деген мәселені туындатқан. Жақсылыққа бәрі ортақ, ал жаманатты әр адам өзі арқалайды, солай ма?
Бұдан бөлек Драйзердің «Стоик» пен «Оплот» атты шығармалары да әсерлі. Бір біріне мүлде ұсқамайтын шығармалар. Бір қызығы бұл шығармаларын автор отыз жыл бойына қатар жазған. Ақырында екі туындысы да автор дүниеден өткен соң барып бір-ақ жарияланған екен. «Оплот» Клайд Грифитстің әкесі туралы сияқтанады. Яғни, бас кейіпкер өте жағымды. Құдайшылығы басым әке. Балаларының болашағы үшін талмай еңбек еткен жан. Бірақ бұл шығармада әке мен бала заманындағы айырмашылық, өмірлік құндылықтар арасындағы терең құз байқалады. Баласына қанша жерден діни тәрбиені сіңіруге тырысса да, өскелең ұрпақ үйде көрмеген сырттағы жылтыраққа құмар келетінін көрсетеді. Баланы қатты тыя беру түбі опынтатынын суреттепті. Шығармада 20 ғасырдың басындағы Америкада болған өзгерістерді қамтып отырған. Туындыда қоғамдағы идеологияның қай бағытта өзгергенін, азаматтық қоғамның қалай бет алғанын, технологиялық прогресс тек діни тәрбиемен қоғамды шектей алмайтынын көрсеткен. «Оплотта» Драйзер адам дара болмыс ретінде қаншалықты бақытты өмір сүре алатынын зерттеген сияқты. Адами құндылықтардың қарапайым көрінісін іздейді. Белгілі бір діни ағымның тәрбиесін алған адамның жаңа институционалды өзгерістерге бейімделе алмай, нарықтық экономиканың алғышарттары дінді артқы планға көшіріп, заман талабына сай тәрбиедегі жаңа формулаларды ұсынғанын қабылдай алмайтын трагедияны көрсетеді. Кедейлікте өмір сүретін адамның сынағы аз, жаны таза болатынын ашып айтқан. Ал, байлық, баршылық, тоқшылықпен сынаққа екінің бірі шыдамайтынын нақтылауға көп мысал келтірген. Ұжымдық тәрбиедегі қоғам бірден меншікке байланған дара болмысқа айналып шыға келеді. Жаңа ғасырдағы жаңа урбанизацияның талаптарын жасауға көшкен қоғамның беталысына ілесуге мәжбүрлейді.
Заман талабына ілескен кейіпкер «Стоиктың» ішінде бар. «Стоик» романы «Титан», «Финансист» сияқты шығармаларына ұқсас. Заманның өзгерісіне тез бейімделіп, орасан байлыққа кенелген пысықай жайлы. Қаржылық операцияларды сипаттай отырып бір адамның басынан кешкен сан қилы хикаяларды ашып жазады. Махаббат, ақша, қулық. Жұмысбасты кейіпкер өлер шағында бүкіл байлығынан айырылады. Сонда ғана барып өмірдің мәні туралы толғанатынын көрсеткен. Әдебиеттанушы Юрий Ковалевтың айтуынша, «Драйзер ұлы реалист, көркем суретші, прогрессивті ойлайтын буржуазиялық демократ болған. Бірақ оны марксист, коммунист деуге келмейді. Соңғы екі шығармасында мұндай бағытты қолдамағанын анық көрсетіп кеткен» дейді. Расында да Драйзер өмірінің ақырында жазған соңғы хаттарының бірінде: «Мен шынымды айтсам, «Достар» (квакерлер) мен коммунистердің Ресейде жасап жатқандарының арасында еш айырмашылық көрмей тұрмын. Екі тарап та адамзатты анағұрлым бақытты әрі жоғары деңгейлі болашаққа жетелеуден бас тартып отыр» депті. Ол ұжымдық тәрбие бұдан былай заман талабына сай келмейтінін нақтылағысы келген сияқты. Содан бергі азаматтық қоғам эволюциясындағы технологиялық прогресті жеке тұлғалар жасайтынын дәлелдеп келеді. Бір ғасырдың ішінде талай мың өнертабыс жасалғанмен, адами құндылықтарды екшеу барысында айтарлықтай өзгешелік орын ала қоймады. Дін үстемдік еткен елдер артта, технологиялық прогресті алға шығарған елдер эколюциялық дамудың алдыңғы дөңгелегін сүйреп келеді.
Ертеректе аударған психолог Михайл Литвактың бір мақаласы бар еді. «Ерте заманнан бері қалыптасып келе жатқан бір қағида бар. Ер бала ержетіп, ес жиған күннен бастап саналы түрде Құдайды іздеу жолына түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды. Бірақ сол жолда Құдаймен дұрыс диалог орнатуды білсе, ол өзін тәрбиелеуді үйренеді. Дұрыс мақсатқа қызмет етеді. Өзіне жақсы жар таңдап, сол жарына Жаратқанның ақиқатын сіңіреді. Ал жары сол дағдыны оның ұрпағына сіңірмек. Сонда отбасы бүтін болмысты, санасы тұнық, ізденіске дайын тұлғаны тәрбиелеп шықпақ. Бұл отбасының құндылығын көрсетеді» делінген еді сол мақалада. Яғни, әйелдің бақыты дұрыс мақсаты бар азаматты тани білуінде. Құдайсыздықтан шыға алмаған шала болмысқа ұрынса, өзінің де тағдыры бүлінетін бүлдіргіге айналатынын сезіне алуы маңызды. Құдайшылық пен құдайсыздықтың арасында қандай жік бар? Бес парызын жасап жүріп құдайсыздыққа баратындар бар. Догмаларды, атрибутиканы тұтынбаса да, құдайшылықтан аттамайтындар ззайырлы адамдар бар. Ең бастысы балаға нені, қалай сіңірсе, ол құдайшылықты солай іздемек. Демек, жанның тыныштығы тәнге де сабыр береді. Мәселен, бес парыздың бірі намаз пендеге не береді? Рухани тыныштық. Жанның жиілігін өзгертетін жаттығу делік. Намаз адамға тәкәппарлығын жеңуге септеседі. Жаратқаннан кешірім сұрап, күніне бес рет пенделік жасау ықтималдылығын есіне түсіріп тұрады. Тәкәппарлығын жеңген адам адамгершілікті сіңіреді. Өзінің ешкімнен артық та емес, кем де емес екенін жүрекпен сезінеді, санамен түсінеді. Мәселен, Крийя йоганы насихаттайтын гуру Имрам Крийя «Йога рухани жол, бірақ оның пайдасы тәнге тиеді, йогамен шұғылданған адамдар тән саулығына қол жеткізеді» деп түсіндіреді. Деніңе саулық беретін жаттығу ақырында рухани саулықты іздетеді. Рухани саулықтың философиясымен таныстырады. Кез келген спортшы жаттығуды қайталау мидың жұмысын жақсартатынын, күйзелістен арылтатынын айтып береді. Яғни, тәннің саулығын арттыру түбі жанды рухани дамуға түсіретін жолға айналмақ. Діни тәрбие рухани ізденістің алғашқы белесі ғана. Кез келген тыйым мен шектеуді көрсетпей тұрып, балаға оның себебі мен салдарын екшететін мысалдарды таныстыру маңызды. Қаталдықта өскен бала мен мейірімге бөленіп өскен баланың бақыты әрқашан әркелкі. Яғни, дара болмыстың бақытына түптің түбіне қоғамның бәрі жауапты болатынын айқындау қажет. Абайдың «кетігін тап та, бар қалан» дегені осы болса керек. Бәлкім, Драйзердің кейіпкерлеріндегі психологиялық портрет бүгінгі таңда осындай себептермен сипатталар ма еді, кім білсін, бірақ бұл шығармалардағы көңіл күй мен заман ауанын сипаттау өте әсерлі берілген. Адамның «мені» эволюцияға түсіп, өзгеріп жатқанын, діни тәрбие аздық ететіні, әлемді тану үшін ғылыми прогреске ілесу қажеттілігі, сол жолда жүрегі бүтін дара болмыстардың жетістікке деген ізгілігі ғана маңызды екенін паш еткендей. Әр адам кетігін іздеген кірпіш болса, ол өз кетігін өзгенің айтуымен емес, жүрек қалауымен табуы ғана маңызды екенін сезіндіретін Драйзер дүниетанымымен танысу әр жеткіншекке пайдалы болар еді.
Бөлісу: