Бестселлер жазу оңай ма?

Бөлісу:

28.10.2023 2146

Кітап оқитын адам баласының зияты ерекше дамитыны, көңіл көкжиегі кең болатыны бесенеден белгілі жайт. Кітап оқыған адамның сөйлеу мәнері нық, әңгіме ауанын анық түсініп, ойын төгіп-шашып алмай, бүтіндей жеткізе алатын қабілетімен ерекшеленетіні де құпия емес. Бүгінгінің философтары мен нейрофизиологтарының айтуынша, кітапты шын ынтамен оқудың өзі транстың бір түрі саналады екен. Кітап оқу ми сыңарларын шет тілін меңгергеннен бетер дамытады. Бұл механизм әсіресе жасөспірім жаста аса маңызды болатыны қызық. Себебі, тура сол жаста бала тұлға ретінде қалыптасып, өмірлік приоритеттерін анықтайды. Мұндай жаста баланың миы  бұқараға арналған кітап пен элитарлы әдебиет арасында айтарлықтай айырмашылықты сезбейді. Жастар өзіне ұнайтын кітаптарды талғамай оқи беруі мүмкін. Егер оқырман ағайынды Стругацких, Гюстав Флобер, Теодор Драйзер, Уильям Фолкнерді оқи бастаса, кедергі келтірмеңіз. Бұл авторларды оқыған адам бүгінгі өмірде белсенділігін арттырары сөзсіз. Яғни, ол өз зиятын мейлінше белсенді дамытып жатыр деген сөз. Әр кейіпкердің тағдырына эмоциясын көрсету эмпаттарды тәрбиелейді. Эмпатия механизмі күрделі әрі зиялы болмысты қалыптастырады. 

Кітап таңдауды басқа жүйеде қарастыруға да болады. Мәселен, әдеттегі әдебиет тек дидактикалық функцияны арқалайды делік. Әдебиеттің басты мақсаты – айналадағы өмірдің шынайы бет бейнесін сипаттауға тиіс. Қазіргі күрделі өмірді немесе болашақта не күтетінін болжауы ықтимал. Одан басқа тағы бір мақсаты бар – белгілі бір уақыт мезетінде маңызды болатын мәдениетті қалыптастыру. Мәдени формацияны өзгертудің ең танымал мысалы «Чижевский маятнигі» деп есептеуге болады. Дмитрий Чижевскийдің нақтылауынша, мәдениеттің түрі мазмұны мен пішінге қарай бірінен кейін бірі алмасып отырады. Ештеңе де мәңгілік емес. Чижевский дүниежүзілік прогрес түптің түбінде қайда апарып соқтырмақ дегенді меңзеген. Адамзаттың әлеуметтік эволюциясы табиғи, соның ішінде ғарыштық, мәдени және әлеуметтік құбылыстарға сай дамиды, соның ішінде нейрофизиологиялық және психикалық құбылыстардың конъюгациясына әкеледі. Коньюгация дегеннің өзі қызық құбылыс. 

Ал әдебиет тарихына қарасақ, ол бір орында тұрмапты. Әдебиеттегі дидактикалық сарынды стилистикалық қалып алмастырған. Кейіпкерін бүгінгі күнмен ғана өлшейтін шегеленіп қалған классиканы романтизм алмастырды. Романтизмді өкшелеп реализм жетті. Реализмді модерн жаңартса, одан кейін постмодернистер қаптады. Постмодернистер үшін сюжеттен стиль маңызды болып қалыптасты. Әдеби үдеріс бір орнында тұрмайтыны, заманға сай жаңғырып, жаңаланатыны хақ. Қазіргі таңды Чижевскийдің маятнигі бойынша есептесек, постмодернистерден кейін шынайы әлемге қатты ұқсайтын көркем әдебиетті жасаушылар келе бастады. Түрлі тылсым белгілерді және жаттанды символиканы астын-үстін ететін авторлар баршылық. Қазіргінің авторлары таңқалдыруға бейім. Бәлкім, оған терең ойлы оқырманның азайғаны себеп болып жатқан шығар. Сондықтан бүгінгі заманның классиктері мәтінді күрделендіріп, ешкім қайталамайтын туынды жазуға барын салады.

Айтқым келгені, бүгінгі заманда классикамен қатар дамып отырған бір сала бар, ол – бестселлер жанры. Классика — (от лат. classicus өнегелі, жоғары санатты), өнегелі, мақтаулы, жалпы жұрт мойындаған әдебиет пен өнер туындылары. Ал, бестселлер – көпшілікке арналған тауар, зор сұранысқа ие болғандықтан мол тиражбен шығатын туынды. Екі жанрдың айырмашылығы неде? Бірінші айырмашалық, бестселлерде айтылмауға тиісті құбылысты пәлсапа деп қарастыра салады. Мысалы, «Руми уағызын жалғастырған сайын оның дауысы еріген қар суына толған тау өзеніндей гүрілдеп, күшейе берді» дейді Элиф Шафак. Оқырман тау суына толған асау өзенді елестете отырып, Румидің қаншалықты сенімді сөйлеп жатқанын көз алдына елестетеді. Оқырман жазушының қиялына ризашылықпен қарайды. Екінші айырмашылық, қолданылатын метафора. Қазіргі зааманның оқырманы қызыл сөзге бейім. Алайда көркем сөйлегеннің бәрі философ емес. Сондықтан бестселлер жазатындар сөзін пәлсапа ғой деп жұтып қоя салмай, кейде сол тәсілді қасақана пайдаланады. Мысалы, «Шуақты көшені қара бұлт басып қалды. Алда келе жатқан қауіптің мұңды хабаршылары». Мұндай сөздер бір-екі қызыл жолдан кейін өлім-жітім, зорлық-зомбылықтан хабар береді. Үшінші айырмашалық, аудиторияның қажетін анық білу. Бестселлер жазатын автор бұл кітап кімге арналарын, оқырманның жас өлшемін алдын ала ескереді. Мәселен, жасөспірімге арналса, бас кейіпкер ерекше қабілетті, елден ерек туған боп шығады. Басына күн туғанда сол қиындықты өз бетінше шешіп,міндетті түрде асқақ арманына қол жеткізеді. Мысалы, Дж.Дэшнердің «Лабиринт ішінде жүгіру», В.Роттың «Дивергенті». 

Қазіргі күні ересек адамдар үшін көркем әдебиеттегі бестселлерден гөрі нон-фикшн жанрдағы бестселлер әлдеқайда маңызды бола бастаған. Мұны күнделікті өтімді кітаптар тізіміне қарап-ақ білуге болады. Психология, саясат, инновациялық даму, бизнес, мотивация және т.б. Мұндай кітаптардың кейіпкері саяси режимге қарсы шықса, ол бүкіл әлеге танымал боп шыға келеді. Дж.Белфорттың «Уолл-стрит бөрісі», Г.Д.Робертстің «Шантарамы» туралы айтса болады. Қазір қазақ аввторлары да бұл жанрды біршама қаузады. Психология, дін, мотивация саласын қамтитын қазақ тілінде шығып жатқан кітаптар баршылық. 

Бүгінде постмодернистік әдебиетке деген ықыластың кемуі мәтінге деген махаббаттың өшіп бара жатқанның белгісі сияқтанады. Себебі, соңғы онжылдықта нон-фикшн көш бастап келеді. Жаңа мыңжылдықтан бастап осы жанрдағы бестселлер көш басына шықты. «Аңыз адамдардың өмірі» деген сериямен кітаптар легі шықты. Зор сұранысқа ие болды. Пәлен тілге аударылды. Бұл тенденция орыс әдебиетінде де, ағылшынтілді әдебиетке де тән болып барады. Тіпті Нобельді алған Светлана Алексиевич вербатим жанрында жазады, ал көркем сұқбат аясында қиялға ерік берілмейтіні ақиқат қой. Қазақ жазушылар арасында өмірбаяндық бестселлер жазуға дендеп жүргендер қатарынан Сәуле Досжанды атауға болады. Бұл жазушының «Ауылдан шыққан миллионер», «Біртуар» кітаптары оқырман қолына тиді. Бұл қатарға «Бейсен және болмыс» кітабын да жатқызуға болар. Жалпы әдеби үдерісте семантикалық өзгеріс байқалады. Бүгін мен болашақтың қиял-ғажайып әлемі өткеннің тарихи шындығына жол беріп жатыр. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі», Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен – жындымын», Ерболат Әбікеннің «Министрі» сияқты шығармалары осындай тарихи шындықты, өзгермей қап кеткен режимнің салдарын ашып көрсетуге арналған туындылар. 

Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінде роман жанры ақсап жатыр. Оқырманның жоқтығынан деуге келмейді. Мәселен, Әлішер Рахаттың «Параллелі» шыққанда оқырман іздеп жүріп оқыды. Жастардың әдебиетке көзқарасы, стиль өзгешелігі, тіл ұстартуы бөлек екенін көрсеткен автор. Яғни, заман ауанын анық басса, оқылмайтын шығарма болмайды. Қызық шығарма жазылса, романның ұзақ-қысқалығы оқырман үшін рөл ойнамайды. Сондықтан прозаға келетін жастарға есік ашық, төр мінекей. Қазіргі таңда драма кенжелеп барады. Драма тек соны терең түсінетіндердің тіліне айналып кеткен бе дерсің. Драмалық шығармалар – оқшау топтың ғана мүддесіне айналып отыр. Драмаға лайық көңіл бөлудің мәні зор. Өйткені драма қай заманда да шындықты дер кезінде айтатын жанр. Бүгінгі қазақ қоғамының ергежейлі күйбеңін бүкпесіз ашып көрсететін пьеса әлі жазылмады.     

Бестселлер кітап жазу оңай ма? Ол нон-фикшн болса өтімді ме? Әлде прозалық шығарма болғаны абзал ма? Бестселлер көп автор үшін жеңіл жанрға айналды. Бестселлер авторына танымалдылық әкеледі. Ең бастысы тақырып өтімді болса болғаны. Бестселлер түсінікті тілмен жазылуы тиіс. Күрделеніп бара жатқан жерін майда тілмен бипаздап жібереді. Нақты аудиториясы алдын ала зерттелуі керек. Әрі ең маңыздысы – басқа бестселлерден өзгешелігін көрсететін соны соқпағы болуы қажет. Сонда оны оқырман іздеп жүріп оқиды. Мәселен, біреу дін туралы шындыққа басымдық берсе, біреу харассмент туралы хикаясын боямасыз ашық сипаттайды. Ал Гузель Яхинаның «Зүлейха көзін ашты» деген романы бестселлерге айналып, тіпті сол роман желісі бойынша телехикая түсірілді. Сәтті жазылған роман бестселлерге айналса, оның айтары болғаны. 

Қазіргі кезде дүниежүзінде ең көп сатылатын қай кітап екенін білесіз бе? Ол – Інжіл. 1815 жылдан бері 1999 жылға дейін 3,88 миллиард данамен сатылған. Бестселлер ме? Әрине. 

The Bookseller журналы даярлаған зерттеу бойынша, Еуропадағы көркем әдебиеттегі ең көп сатылатын кітаптар тізімін мына үш кітап бастап тұр:  

1. «Жүзіктер әміршісі» (Властелин колец), Дж.Р.Р.Толкиен, Ұлыбритания;

2. «Тәкәппарлық және жалған сенім» (Гордость и предубеждение), Д.Остин, Ұлыбритания;

3. «Бұлыңғыр бастаулар» (Тёмные начала), Филип Пулман, Ұлыбритания. 

Ал, бестселлерге келсек, онда Amazon-ның 2022 жылға жасаған рейтингі бойынша мына кітаптар алғашқы үштікте: 

  1.  «Химия сабақтары»,  Бонни Гармус; 
  2. «Күң», Нита Проуз; 
  3. «Кітапқұмарлар», Эмили Хенри.  

Әлбетте, классика мен тез сатылатын бестселлердің аражігін ажыратпайтын кітаптар легі бар. Оларды Марк Твен «Ұлы кітаптар» деп атаған. Дүниежүзі бойынша танымал, ең көп оқылатын кітаптар бар. Бұл енді бір сәттік бестселлер емес. Бұлар мәңгі бестселлер. Мейлі ол Гомердің «Илиадасы» болсын, мейлі Сервантестің «Дон Кихоты» болсын, олар мәнін жоймайтын мазмұнды туындылар. Қазір мұндай кітаптар қатарын Джоан Роулингтің «Хәри Поттері» бастап тұр. Неге дерсіз? Әлемдегі ең кітабы көп сатылатын автор Джоан Роулинг екен. Поттер туралы жетінші кітабын Amazon 4 миллион долларға сатып алған. Бір ертегі кітапқа 4 миллион деген айтары жоқ өте қомақты қаламақы. Бұдан бөлек OpenSpace тізімінде көп сатылатын авторлар қатарын шолып шықсақ:  

1. «Миллениум», Стиг Ларссон. (Stieg Larsson) — Швеция;

2. «Ымыртта», Стефани Майер (Stephenie Meyer) — АҚШ;

3. «Мәні жоғалған белгі», Дэн Браун (Dan Brown) — АҚШ. 

2023 жылғы бестселлер кітаптар көшін нендей шығармалар бастап тұр? Біріншіден, Бретт Истон Эллистің «Жарықшақтары». Жаңа триллердегі оқиға бойынша өткен ғасырдың сексенінші жылдары Лос-Анджелесте Траулер атты сериялық кісі өлтіргіш байдың балаларын қудалайды. Кітап Goodreads оқырмандарының рейтингінде жоғары балл алды – 5-тен 3,97. Биылғы жазылған су жаңа кітаптар арасында әдеби сенсация саналды. Тізімдегі екінші кітап Ханзада Гарридің «Кенже бала» деген естелігі. Гарри Меган Марклға үйленгенге дейінгі өмірі туралы небір хикаяларды ашық айтады. Кенже бала ретінде король отбасының тәртібін түсіндірген. Ол әрдайым резервтегі адам болғанын тілге тиек етеді. Естелік 15 тілге аударылды. Гиннестің рекордтар кітабына ең танымал және ең көп сатылған кітап ретінде тіркелді. Кітап 21 апта бойы The New York Times Best Sellers тізімінде алғашқы бестікте тұрды. Үшінші кітап Элеонора Кэттонның «Бирнам орманы». Жаңазеландиялық жазушының осымен үшінші романы. Әлемді өзгерткісі келетіндер мен қайырымдылық жасаушыларды сынаған роман. Ізгі ниеттің астарында не барын ашып көрсететін туынды. 

Бүгінгі бестселлер кітаптар ертеңгі классикаға айнала ма? Ол жағы тек кітаптың оқырман көңілінен қандай орын алатынына байланысты. Бұл кітаптар да «мәңгілік бестселлер» қатарынан табылуы әбден мүмкін.  

Кітап – таңғажайып әлемге есік ашады. Ал бестселлер ерек болмысты кейіпкерлермен таныстырады. Бір жағынан білім жинайсың, екінші жағынан эмоционалды зиятыңды жетілдіресің. Яғни, ішкі жан дүниеңді байыта түсесің. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар