«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына туынды қабылдау басталды

Бөлісу:

31.10.2023 2948

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Алтын бесік ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, онда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жаңаша үрдістерді суреттеу, ұрпақ сабақтастығы ретінде ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ұлттық рухани құндылықтарды, осы заманғы ауыл еңбеккерінің жасампаз тұлғасын насихаттау және ақындар мен жазушылардың шығармашылығына қолдау жасау мақсатында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бірнеше жылдан бері «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсын өткізіп келе жатыр. 

Дәстүрлі бірнеше аталым (номинация) бойынша қомақты жүлде тағайындалған конкурсқа «Qazcontent» акционерлік қоғамының құрылымдық интернет-жобасы «Әдебиет порталы» ақпараттық платформа ретінде атсалысып келеді.

Арадағы бір реткі үзілістен кейін, 2023 жылы «Әдебиет порталы» платформасына дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына туындылар қабылдау басталды.

Әдебиетсүйер қауым арасында танымал болып үлгерген бұл дүбірлі әдеби доданы ұйымдастырушы «Ауыл» ХДПП әзірлеп ұсынған ереже қоса берілген. 

Поэзия мен проза жанрлары бойынша биыл да 45 жасқа дейінгі ақындар мен жазушылар өз туындыларын ұсына алады. Драмалық туынды жазып жүктеушілер үшін биыл да жас шектеуі жоқ. Конкурстың биылғы басты жаңалығы – «Ауыл еңбеккері» тақырыбына арналған үздік очерк» номинациясы енгізіліп отырғандығы. Бұл – ауыл тақырыбында жазатын журналистер қауымына беріліп отырған қосымша мүмкіндік деген сөз.

Авторлардың өз әдеби туындысын онлайн жүктеуді рәсімдеу бойынша төменде қысқаша түсіндірме ақпарат беріліп отыр.

Порталға өз туындыңызды онлайн жүктеу үшін ғаламтор желісінде «Әдебиет порталының» (adebiportal.kz) платформасына енесіз. 

Басты беттегі «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы-2023» баннеріне басыңыз. Ұялы телефон арқылы жүктеу үшін портал парағындағы «АУЫЛЫМ – АЛТЫН ТҰҒЫРЫМ» ӘДЕБИ-ОНЛАЙН КОНКУРСЫ-2023» шағын баннеріне басыңыз. Осындағы конкурс ережесін, номинациялар мен жүлде қоры туралы ақпаратты мұқият оқыңыз.

Баннердің астыңғы жағындағы «МАТЕРИАЛДЫ ҚОСУ» батырмасы бойынша еніп, аты-жөніңізді жазып, фотосуретіңіз бен әдеби туындыңызды жүктеп, тақырыбын қойыңыз. «ЖАНР» батырмасы арқылы әдеби туындыңыздың жанрын белгілеңіз. 

Конкустың ережесінде көрсетілгеніндей, туындының мазмұнына, идеясы мен көркемдік сапасына және әдеби тіл нормаларын барынша сақтай отырып, сауатты, қатесіз жазуға автордың өзі жауапты болады.

Барша қатысушы үміткерлерге сәттілік тілейміз! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар