Ғайсағали Сейтақ. Ақын қоғамнан тыс өмір сүре алмайды

Бөлісу:

13.11.2023 1770

Ақын Ғайсағали Сейтақтың:

Туған елге жұмсалмаса,

Күш һарам,

Тілім, Жерім, Отаным бар үштаған...

немесе:

Уын ішсем туған жердің түк емес,

Туым ғана жығылмаса болғаны! -

 деп келетін өлең жолдары бар.

Шынымен де ақынның тұғыры – туған жеріне деген құрметі мен махаббаты арқылы биік. Ақын Ғайсағали Сейтақ қалам ұстағалы қазақтың даласын, қасиетін, алыптардың мекені Бөкей Ордада туған тау тұлғаларды жырлаумен келеді. «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел», «Қасиет қонған қара жер», «Жығылмас жалғыз бар туым» деп келетін кітаптарының атынан да тұтас мазмұнның бірлігі көрінеді.

Өлкетану, тұлғатану деп жүрміз ғой, егер Оралдағы ЖОО-лардың филология, тарих факультеттерінде сондай бір арнайы курс жүріп,  онда Ғайсағали ағамыз сабақ берсе, жас ұрпақ  ақынның Қазақстанның жерлері, Бөкей Орда, Ноғайлының тарихы, Тақсай ханшайымы, Мәншүк, Тайыр, т.б. айтулы адамдары жайындағы өлеңдерін оқу арқылы да туған өлке тарихына бойлар еді. Шынында бұл өлкеде біреу біліп, біреу танып жатпайтын қаншама ерекше адамдар өткен!  Мысалы, ақынның «Қасиет қонған қара жер» кітабында  Исатай-Махамбет, Сырым, Әбілхайыр ханның тұлғасы жақыннан тіл қатып, ақын Сырым болып сөйлейді:

Түсіндім мына жалғанға,

Өтсем де сөзден тосылмай:

...Алып та жетпес арманға,

Халықтың басы қосылмай!!!

 Сондай-ақ, «Ұлы еді Бөкейліктің Камараддин,

Сүйегі Арқада оның қалғанменен», - 

 дейтін Камараддин хазірет, Жұмағазы хазірет, елді өнер мен ғылымға  шақырудан жалықпаған қайраткер-ағартушы, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун Ғұмар Қараш, Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетін бітірген, сегіз тіл білген Ғабдолғазиз Мұсағалиев, «пері ұстаған Жұбан ата» деп ел аузында аңызы қалған Жұбан молда, совет өкіметіне қарсы шығып, қуғын көрген Құныскерей туралы өлең өріп отырып, оларды бүгінгі оқырманға қайта таныстырады. 

Сабырлы да сырбаз мінез иесі өмір бойы өлеңді аялап келеді. Ақын қаламынан туған 

«Тәуелді күндеріңе тәубе дейсің, 

Тәуелсіз елдің жатып түрмесінде», -

 деп келетін сәтті жолдар да, 

Жаттың кетпес түгі де,

Жығуға әзір іргеден.

Жетер елдің түбіне,

Жер қадірін білмеген, - 

деп келетін жақсы өлеңдер де  жетерлік. «Туған жердің қонақтап төсінде күн, Мерейімді өсірсе, Өсірді елім» деп ақынның өзі айтпақшы, 1987 жылы республикалық «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың және спорт журналистері арасында 2015 жылғы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, биыл 65 жасқа шыққан ақын  Ғайсағали Сейтаққа оқырмандарының ықыласы бөлек. 

 

–  Ғайсағали аға, Оралда, туған жеріңізде шығармашылық кештеріңіз өтті, әрине, бұл сіз үшін жаңалық емес, дегенмен, 65-ке келгендегі әсер қандай болады екен?

 – Ия, биыл 65 жастың белесіне көтерілдім. Негізі, бұдан да кең көлемде атап өтуге болатын еді. Әсіресе, Оралда. Бірақ дөңгелек жас болмаған соң мұны өзім қош көрмедім. Одан да кітабым шықса болды деп ойладым. «Жығылмас жалғыз бар туым» атты жаңа жинағымды жергілікті баспадан өз қаржыма шығардым. Кітапты өткізуден түскен ақшаға таралымын көбейтпекшімін. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы қолқа жасап, сол ұжымның ұйымдастыруымен оқырмандармен қауышу кешім Оралда өтті. Зал шағын болған соң келген халық сыймай қалды. Ал енді Бөкей ордасы ауданы әкімдігі арнайы шақырып, шығармашылық кешім алғаш рет аудан орталығы Сайқын ауылында (бұрын Хан ордасында өтетін) ұйымдастырылды. Кейін кіндік қаным тамған жер – Хан ордасы ауылына барып, өзім он жыл білім алған Жәңгір хан атындағы орта мектепте ұстаздармен, оқушылармен кездестім. Туған жеріме барған сайын ерекше әсерге бөленемін. Әке-шешемнің, басқа да ағайындардың басына барып, тәу етемін. 

  Сіздің алғашқы өлеңдеріңіз қай кезде жазылды? Біз оқуға түскен жылы «Аман бол, атамекенім» деген кітабыңыз шығып, сізбен кездесу жасағанымыз есте. Сондай-ақ, сіздің жас кезіңіздегі оқырман мен бүгінгі оқырманның айырмашылығы біліне ме?

 – Мектепте оқып жүргенде, 9-сыныпта болуы керек, А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының география факультетінен бір топ студент практикаға келді. Сол студенттер қабырға газетін шығарған кезде «Қыс» атты өлеңім басылды. Бірақ ол сақталған жоқ. Содан кейін осы институтқа 1976 жылы түскеннен кейін өлең жазумен дендеп айналыса бастадым. Көп жыл Орал қаласында тұрған, талай адамның әдебиетке келуіне жол сілтеген белгілі ақын Жанғали Набиуллин ағамыздың алдынан өттік. Сол кісінің ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесін алдық. «Орал өңірі» газетінің 1979 жылы 18 тамыз күнгі санында алғашқы екі өлеңім басылды. 

«Мен ұзаққа шабармын, қара да күт,

Жырдан басқа тілемен дара бақыт.

Көгершіндер ұшырам жүрегімнен,

Көкжиекке сіңіп те бара жатып...», - 

деп жазып едім. 

Кейін «Орал өңірінің» 1980 жылғы 12 сәуір күнгі нөмірінде Жәкеңнің «Жолыңа гүл бітсін, талапкер!» деген ақ тілегімен топтамам да басылды. Осы өлеңдерімді оқығаннан кейін Тайпақтың Мұқағалиы атанып, барша жұрт мойындаған Сағат Әбдуғалиев мен ауруханада жатқан кезде өзі іздеп келіп, танысып еді. «Мендей емес, мінезің жайлы екен. Бірақ басыңнан бақа-шаян секірмес үшін батылдық та көрсете білу керек» деген бағытта ақыл-кеңесін айтып еді марқұм. 

1985 жылы «Жалын» журналының №5 санында бір топ өлеңім шығып, оны атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков талдап, сәттілік тіледі. 1987 жылдың қорытындысы бойынша «Жалын» журналы тағайындаған Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты атандым. «Қарлығаш» ұжымдық жинағына өлеңдерім енді. Ал 1990 жылы «Маңдай» атты тұңғыш кітабым 4 мың данамен жарық көріп, республикаға таралды. Бұдан кейін шыққан жинақтарым мұндай таралымға жеткен емес. 1996 жылы облыс әкімінің сол кездегі орынбасары, елге танымал азамат, марқұм Бауыржан Тұмановтың қолдауымен «Аман бол, атамекенім» атты кітабым жергілікті «Дастан» баспасынан 2 мың данамен басылды.  Біз кеңес дәуірінің біраз кезеңін көріп қалдық. Оның бір айырмашылығы, әдебиетке барынша көңіл бөлініп, кітаптар көп таралыммен шығатын. Мысалы, проза кітаптарының алды 100 мың данамен басылатын. Соған байланысты оқырмандары да көп болушы еді. Ол кезде алыс қыстақта тұратын малшылардың да қойын-қонышында кітап жүретін. Үйлердің төрінде газет-журналдар тұратын. Осылайша, ақын-жазушылардың шығармалары кеңінен таралатын. Қазір мүлдем олай емес. Әуелі кітап шығару керек, содан кейін оны қалай таратамын деп басың қатады. Шүкіршілік, менің екі кітабым Мәдениет министрлігінің қолдауымен мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Әйтеуір республикадағы кітапханаларға жетті-ау деп дәтке қуат етемін. 

 – «Қан мен хан», «Жұртын кім қор санады», «Жылдың соңғы күні», «Отызыншы жылдар зары» деген өлеңдеріңізді оқыдық, қоғам үшін алаңы көрінген ақынның жүрегі бар,  оқырманмен кездесу кештерінде осы өлеңдеріңізді оқисыз ба?

 – Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Осы уақыт ішінде еліміз қилы кезеңнен өтті. Өкінішке қарай, қан да төгілді, жан да қиналды. Еліміз қайда бара жатыр, ханымыз қайда қарап отыр, тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз ба деген сауалдар бізді де аз мазалаған жоқ. 

«Әлі де білмен себебін, 

Ақындық шығар айыпты, 

Өмірдің айтпа дегенін 

Өлеңге айтып қойыппын», -

 деп, Қадыр ағамыздың айтқанындай, ащы жырлар біздің де қаламымыздан туды. Сондай өлеңдерді кезінде «Жас Алаш» қана басты. Осылайша, қоғамдағы өзгерістерге үн қостық. «Мәңгілік ел дегенше...» деп датымызды айтқан болдық. 

«Мәңгілік ел дегенше,

Кең жерінен айрылып,

Қос қанаты қайрылып,

Мәңгіріп қалма десеңші,

Қаңғырып қалма десеңші!

Мәңгілік ел дегенше,

Жат пиғылға жолды ашпай,

Көздеріңді шел баспай,

Өз халқыңды көрсеңші!», - 

дедік.

«Ельциннің ерлігі» деген өлеңім «Мәңгілік президент болмайтынын Әңгүдік пендеге де кетті ұқтырып» деп аяқталатын еді.

«Қан мен ханды» салыстырдық. Бірде «Егемен Қазақстанға» шыққан жырларымның ішінен «Қан мен ханды» танымай қалдым. Сөйтсем, тақырыбы мен бастапқы үш шумағы қиылып қалыпты. Желтоқсанды ұмытпадық, Жаңаөзенді жырладық. Қаңтар қырғыны алдында «Жаңаөзеннің халқына оқ атпаңдар!» деп сақтандырдық. Мұндай өлең өзінен-өзі туып кетеді, жазамын деп ойламайсың. Бірақ сондай бағыттағы жырлардың жарыққа шыққанына өкінбеймін. Ондай өлеңдердің кейбірін оқырманмен кездескенде оқимын, әрине. Біз тарихымызды ұмытуға тиісті емеспіз. Жақсы да, жамандық та болды. Жастармен жүздескенде, негізінен ұлттық рух, патриоттық тақырыптағы туындыларымды көпшілік назарына ұсынамын.

 –  «Нарынның нар ұлдары»  деген кітабыңызды оқыдық кезінде. Жайық топырағынан шыққан талантты адамдардың, Бөкей жерінен шыққан сиректердің тұтас галереясы бар. Былайша айтқанда Жайық өңірі жайында толық мағлұмат алу үшін сіздің кітабыңызды оқып шықса да болатындай. Өлеңдеріңіздің негізгі ойы –   туған жердің қасиетін тану, туған топырақтан шыққан дарын иелерінің есімін қадірлеу, елдікті, батырлықты ту ғылып көтеру. Осы уақыт аралығында негізгі идеяларыңыз өзгерді ме?

– «Нарынның нар ұлдары» атты кітабымның да шығу тарихы бар. 1998 жылы қырық жасқа толатын болдым да, жинағымды дайындадым. «Аман бол, атамекенім» Оралда шықты да, республикаға таралып үлгерген жоқ. Сол себепті кезекті жинағымды «Жазушы» баспасынан шығармаққа бел будым. Қаржы тапшы, қиын уақыт еді. Сол кезде Батыс Қазақстан облыстық су көздері жөніндегі комитеттің төрағасы, қазір марқұм Мәжит Есеновтей жанашыр ағамыздың демеушілігімен кітабымның жолы болды. Баспаның сол кездегі директоры, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов та қамқорлығын танытты. Кітаптың атауы басқаша болатын. Бір күні жинақтың редакторы, жазушы Арасанбай Естен хабарласып, сөйлескенде, бірнеше нұсқаны атадым. Солардың ішінен «Нарынның нар ұлдары» үйлесе кетті. Осы сөз тіркесі кейін жұрттың аузынан түспейтін болды. Нарын жерінде туған танымал тұлғаларды «Нарынның нар ұлдары» деп дәріптеу қалыпты дәстүрге айналды. Жалпы, өз басым тарихи тақырыпта қалам тартқанды жақсы көремін. Халқымыздың сан ғасырлық тағдыры, Исатай, Махамбет, Әбілқайыр хан, Сырым батыр сынды ұлы тұлғалар хақында қалам тербедім. Тарихи дастандар жазылды. Қазақтың әр жері қасиетті. Мұның бәрін кейінгі жастарға жеткізе білсек деген мақсатым бар. Сондықтан негізгі идеям өзгерген жоқ. 

  Жалпы 19 ғасырды поэзияның алтын ғасыры, 20 ғасырды күміс ғасыры деп жатады, 21 ғасырдағы поэзияның орнын не нәрсеге теңеуге болады? Қазір поэтикалық уақыт емес деген де пікір естідік, мүмкін, прагматиктер айтқан шығар. Дегенмен, жаңа заманның өлеңі мынадай болуы керек деп айта аласыз ба?

 – Әрине, қай ғасырдың да өзіндік орны бар. ХІХ ғасырда Абай мен Махамбет поэзияны бұрын болмаған деңгейге көтерсе, одан кейін де ұлы ақындарымыз аз болған жоқ. Ақындар қай уақытта да өз ойын ашық айта біледі деп ойлаймын. Түрлі ізденіске барып жүргендер аз емес. Шынында да қазір өлең жазу оңай емес. Өйткені кеңес заманындағыдай, қаламақымен отбасын асырай алмайсың. Амалсыз қызметтің қамытын киіп, бес күн бойы жұмыс жасауға тура келеді. Қалған уақытты өлеңге арнасаң, жақсы. Күйбең тіршілік тағы бар. Кейде түнде келген өлеңді жазып тастамасаң, оны өлтіріп аласың.

 Суретшілерде композицияны сезініп, талғам қалыптастыруда өзіңнің алдыңдағы сурет шеберлерінен үйрену керек дейді, ал поэзияда үйрену деген басқа мағына. Былтыр ма, әлеуметтік желіден сіздің Қадыр орталығында бір топ жас ақынның шығармашылығына тоқталып, баяндама жасағаныңыздан хабардар болған едік. Оралда жас буынның аға буын ақындармен байланысы қалай? Үміт етеріңіз бар ма?

 – Өз басым жас кезімде Мұқағалиды пір тұттым. 

«Алтыннан да, күмістен де қуатты, 

Жыр жолдарын жазғым келер шуақты. 

Әйтсе-дағы мен жазбақшы өлеңді 

Мұқағали жазып кеткен сияқты», -

 деп жазып едім. Кейін де талай ақынды оқыдым. Өзім де түр жағынан болсын, ұйқас жағынан болсын, біраз ізденіске бардым. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қаладағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат-кешенінде жоғары сынып оқушыларына Амангелді Шахин екеуміз жазу өнерінен дәріс бердік. Сол шәкірттердің арасынан Бауыржан Халиолла, Талант Арғынғали сынды республикаға танымал ақындар шықты. Алдымызға келген жастарға барынша ақылымызды айтуға тырысамыз. Кейінгі кезде жақсы көрініп келе жатқан Талғат Мықи, Асылан Тілеген, Шерхан Талап, Айбол Исламғали, Марлен Ғилымхан секілді жас ақындар баршылық.

– Поэзия – жастыққа тән деп жатады, десе де, ақындықты жасқа тіреп қою қисынсыз шығар, нешеге келсе де шығармашылық қуатын сақтап тұратын ақындар бар. Соңғы кездері жазған өлеңдеріңізден көңіл-күйіңіз көріне ме, өзіңіз не байқайсыз?

–   Жас кезімізде махаббат тақырыбында өлеңдер жаздық.

«Жүрегімде жандырған жыр-алаумен,

Сағынудан, күтуден тұрады әурем.

Бір төңкерген қалқаның жанарындай

Ағып өтіп барады бұла дәурен», -

 деп жырлағанымдай, жастық шақ та өте шықты. Кейінгі жылдары тарихи тақырыптан басқа қоғамдағы түрлі оқиғалар бей-жай қалдыра алмады. Халқыңмен бірге қайғырасың, жұртыңмен бірге мұңаясың. Адам есейе келе өзіне қоятын талапты қатаңдатады деп ойлаймын. Мен өзім көп жазатындардың қатарынан емеспін. Ақын «өлеңім болашаққа барады-ау» деген бағытта жазуы керек деп есептеймін.

 – Кейбір ақындар өлең жазып жүріп прозаға ауысады немесе пьесаға бұрылуы мүмкін, ал сіз эксперимент жасап көрдіңіз бе?

 – Мен ондай тәжірибе жасап көрген жоқпын. Поэзияда қалдым. 

  Өмір бойы облыстық «Орал өңірінде» жұмыс істеп келдіңіз, зейнетке шыққан бойда орнын босатты деп естідік (үлкендердің жайлы жерден жабысып алып айрылмай отыруы әдетке айналғаны сондай, бүгінде бұл да жаңалық болып қалды). Осы ұзақ жылдар ішінде қаншама аты белгілі адаммен дидарластыңыз, нешеме жағдайлар бастан өткен шығар, естеліктеріңіз көп екені анық. Өмірде тұйық адам екеніңізді білеміз, білгіміз келгені –  сіз күнделік жүргізесіз бе? Егер жүргізетін болсаңыз, оқырман үшін қызықты дүниелер табылуы мүмкін бе?

 – Облыстық «Орал өңірі» газеті, содан кейін «Жайық Пресс» ЖШС-да басшылық қызметтер атқарғаным рас. Зейнетке шыққаннан кейін бірден кеттім. Тек Kazinform тілшісі болып қалдым. «Орал өңірінде» мәдениет бөлімінің меңгерушісі болдым. Сол кезде талай өнер қайраткерлерінен сұхбат алдым. Басқа саланың адамдарымен де талай рет жүздестім, газет, сайт бетіне шығардым. Кезінде аз-мұз күнделік жүргізгенім рас. Бірақ кейін қойып кеттім.

   – Сұхбатыңызға рахмет

 

Ақын жайлы дерек

Ғайсағали Самиғоллаұлы СЕЙТАҚ 1958 жылы шілденің 1-інде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген. 1976 жылы қазіргі Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебін, 1980 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М.Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 

1980-1982 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері халықаралық «Kazinform» ақпарат агенттігінің (қазір «ҚР Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ-тың) ҚР-дағы меншікті тілшісі. 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. 1987 жылы бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енгізілген. Әр жылдары «Маңдай» ( «Жалын», 1990 ), «Аман бол, атамекенім» ( «Дастан», 1996 ), «Нарынның нар ұлдары» ( «Жазушы», 1998 ), «Ай-арудың алқасы» ( «Өлке», 2001 ), «Тек пен тамыр» ( «Арыс», 2005 ), «Жақыным менің – жалпақ ел» ( «Сөздік – Словарь», 2007 ), «Қасиет қонған қара жер» («Арыс», 2018), «Қасиет қонған қара жер» (жаңартылған басылым, «Қазақ кітабы», 2020), «Жығылмас жалғыз бар туым» («ШұғылаПринт» баспасы, 2023) атты жыр кітаптары жарық көрген. 

1987 жылдың қорытындысы бойынша үздік топтама өлеңдері үшін республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың және спорт журналистері арасында 2015 жылғы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Бөлісу:

Көп оқылғандар