Ділдәр Мамырбаева. Жанрдан жаңылғанда кейіпкерсіз шығарма жазылады

Бөлісу:

20.11.2023 3674

Жақсы жазушы өзі өмір сүріп отырған қоғамның «көңіл-күйін» танып, замандастарының немен тыныстайтынын өткір сезінеді. «Өмірдің ағы мен қарасы», «Өрнекті өрім», «Қош бол, балалық», «Махаббаттың ақ жауыны», «Жетім құлын», «Сезім бүршік жарған күн», «Сағыныш – сәуле ғұмыр-ай» деген прозалық жинақтардың авторы, 2007 жылы «Бөбек» қоры ұйымдастырған балаларға арналған шығармалар бәйгесiнің, 2009-2010 және 2013 жылдардағы балаларға арналған Халықаралық «Дарабоз» бәйгесiнің, 2013 жылы «Қазақмыс Корпорациясы» мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесіп ұйымдастырумен өткен балаларға арналған әдеби шығармалардың «Балауса» бәйгесінің жүлдегері, жазушы Ділдәр Мамырбаева бала жанына үңіле алатын, сонымен бірге өз буынының уайымы мен сана тереңіне жасырған үрейін қағаз бетіне қалқытып алып шығатын сезімтал жазушы.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлі жазушы шығармашылығына қатысты былай баға береді: «Ділдәр Мамырбаеваның кейіпкерлері қандай да бір қиын жағдайларға душар болса да өзінің табиғи болмысынан бөлектенбей, тазалығын сақтауға тырысады. Ділдәрдың кейіпкерлерінің тілі де, сөйлеу ерекшелігі де бүгінгі стилдік ізденісті танытады. Және бір ескеретін нәрсе – қазіргі қазақ прозасында сюжеттік желілердің күрделі қақтығыстарға құрылуы, кейіпкерлердің іс-әрекет, ой мен сөз қайшылықтары, мәтіндегі оқиғалардың көркемдік, психологиялық құбылыстары көбіне кейіпкерлеріне еркіндік беруінен гөрі  автордың  қысқа, бірыңғай баяндауыштардан тұратын сөйлемдермен баяндап берулері басым түсіп жатады». Әдебиетші-ғалымның пікіріне алып-қосарымыз жоқ. 

Бізге қызығы – қаламгер бүгінгі прозаның даму бағытын қалай көреді, қалай қабылдайды, не түсінгені бар, осы бағыттағы пікір-көзқарасы. Осы жайында білмек болып ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі,  жазушы Ділдәр Мамырбаеваға бірнеше сұрақ қойған едік.

– Ділдәр апай, сізді оқырман балалар әдебиетінің жазушысы ретінде жақсы таниды, соңғы кездері өмірдің әлеуметтік жағын қозғап, арасында детектив әңгіме жазуға ойыса бастаған сияқтысыз... Сондықтан сұрағымызды жалпы қазіргі заман прозасына қатысты қоя берейік. Сізге жазушы ретінде қай тақырып қызықты көрініп жүр? Бізде осы жағы жазылмай жатыр деп мысал келтіре аласыз ба?

– Әдебиет деген үлкен сарай, боз үй ғой.  Оның  ішіндегі сымбатты жігіт пен сұлу қыздың басынан маxаббат, торығу мен тарығу, қайғы мен қасірет, мейірім мен зұлымдық,  құсалық дегеннің бәрі өтеді. Осылар бір шығармадан біреуінің ғана бойы сорайып көрініп тұрмайды ғой, бір-бірін жетектеп жүреді. Тақырып  көп. Тақырып  дегеніміз идея. Оның  кілтін, кілтипатын тауып, меңгеру қиын-ау. Әр кезеңнің күйіп тұратын тақырыбы болады. Қарап  отырсаң ауыл, қала, өндіріс, одан тариxи дүниелер... «Абай жолы»,  «Қаһар», «Махамбет»,  «Аққан жұлдыз»... одан кейін азаматтық позицияға жол салған «Қош, Гүлсары»,  «Ақ кеме». Енді «Қазір қай тақырып қызықты  көрініп жүр?» деп сұрап отырсың, мойындасақ та, мойындамасақ та қоғам қазір азғындаудың басында тұр. Күнделікті  сіз бен бізге жаға ұстатып жатқан оқиғалар қаншама? Алаяқтықтың  методикасына басың жетпейді.  Ендігі мәселе адамдықты қалай сақтап қалуға болады деген түйінге келіп тіреледі. Менің сезінетінім, өзімнің сенетінім – Аллаға деген сенім. Ең алғаш әдебиет Құран Кәрімде қолданылған деген әңгіме бар. Рас  шығар. Әлемде  қандай әдебиет көп оқылады деген сұраққа «Библия» деп жауап береді екен. Таралымы 6  миллиард.  Менің  бұған сенетінім қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың  «Меккеге қарай ұзақ жолын»  оқырмандар өте жақсы қабылдады. "Ақырғы пайғамбар" деген  романының атын кейін «Жанжаза» деп өзгертті ғой. Бұл  шығарма да оқырмандарын таңғалдырып, таңдай қақтырды.  Өзім  оқуға мүмкіндігім болмай жүрген «Топан» романы туралы да керемет пікірлер жазылып жүр. Құдайсыздықпен күрес тақырыбын жазуда қырғыз ағайындар озып тұр-ау. Осыған  қызығып әрі сәл қызғанып қараймын.

– Әдеби тренд дегенді қалай түсінесіз, бұл оқырман сұранысынан, уақыт керексінуінен шығып отырған қажеттілік пе әлде коммерциялық әдебиет арқылы пайда көретін баспалар ойлап тапқан нәрсе ме?

– Әдеби тренд дегенді  жаңашылдық, өзгешелік, жаңа арна деп түсінемін. Өмір өзгеріп  жатқанда, әдебиеттің, мәдениеттің өзгеруі де заңды шығар. Осы жерде күлкілі бір мысал есіме түсіп отырғаны.  Көне  заманның ұлы ғалымы Аристотель шығармаларының бірінде шыбынның сегіз аяғы бар деп жазыпты. Екі  мың жылға таяу уақыт ғалымдар бұған күмәнсіз  сеніп келген. Бірде  жалғыз шыбын ызыңдап маза бермеген соң ғалымдардың бірі оны қағып түсіреді де, аяғын санайды. Сөйтсе шыбында алты аяқ бар екен. Осылайша көп уақыт өткенше мұны тексеру ешкімнің ойына келмеген. Оған кінәлі Аристотельдің беделі болса керек. Біз де кейде беделді біреу айтқан нәрсеге бұрылып кетеміз ғой (қазір енді Factcheck.kz бар ғой). Сондықтан жаңа дауыстардың,  жаңа лептердің келгені жақсы. Әдебиеттегі цифрландыру, онлайн кітапхана, аудиокітаптар, подкастар сұраныстан туып отыр.  «Все новое – хорошо забытое старое», – дей ме,  IX-XV ғасырдағы «Мың бір түн»  XIX ғасырдағы Батыс Европаның да, орыстың да шығармашыл адамдарын қатты қызықтырған. Орыс композиторы А. Алябьев 1825 жылы А. Верситовскиймен бірлесіп, «Мың бір түн» ертегілерінің  біріне «Халифтің ертегісі» деген опера – водевиль жазған. Итальян  композиторы Л. Керубин «Мың бір түн»  негізінде  «Әлибаба мен қырық қарақшы» дейтін опера жазып, ол Париж театрында қойылды. Римский – Корсаковтың атақты симфониялық шығармасы «Шахеризада»  да осы «Мың бір түн» ертектерінен туған. ХХ ғасырда Pixar Disney шығарған мультфильмдердің («Тайно Коко», «Луко», «Душа», «Рататуй») түпкі ойына қарасаңыз, әрленіп, өңделген «Мың бір түннің» сюжеттері. Араға ғасырдан ғасыр салып   бүгінгі күннің жаңа арна, жаңа бағытына, трендіне айналып отыр.

Әнші,  танымал адамдар ковид кезінде  классикалық әдебиеттерді оқыдық деп суретке түсіп, бір-біріне жолдап жатты. Ара-арасында көзбояушылық болған шығар, бірақ жақсы әсер қалдырды, классикалық шығармаларды оқылымға қосты. 

Осы жалпы жанрлардың араласып кеткені дұрыс болды ма әлде бұлай болмауы керек пе еді, мысалы, салмақты прозада адам өлімі туралы айтып кетсе кейде біртүрлі көрінеді, өйткені ол үшін детектив жанры бар, сондай-ақ, жарым-жартылай емес, әлем әдебиетінің үздік үлгілеріндей толық реңкте көрінетін ерекше қаһармандар жасау неге қиын?

 – Сенің сұрағың ұмытыла бастаған нәрселерді еске түсіреді екен. Ғабит Мүсіреповтың естелігінен ғой. «Отызыншы жылдардың ортасында белгілі жазушылардың бірі үлкен романын жазып бітірген екен. Кітабын оқып беруге қонаққа шақырды. Сәкен, Бейімбет, Ілияс төртеуіміз бардық. Біз қымызға кірістік, әйелдер қазан көтеріп жатты. Автор романын қырық минут оқығаннан кейін, Сәкен: «Аяғым ұйып қалды», – деді. Жастық беріп еді, жастыққа жантая кетті. Сәлден кейін Ілияс:  «жалғыз жастықты сен жастанғанда, біз қарап өлеміз бе?!» – деп екеуінің басы  бір жастықта түйісіп жатты. Темекісін бұрқыратып Бейімбет отыр.  Сонда Ілияс:  «Сен шылымыңды  бұрқыратпай, әрірек  отыршы» – деді.  Бұл үшеуі де құрдас. Роман  оқылған сайын жалықтырып барады.  Сонда  Сәкен «Осы үй бізге шәй бере ме?» – деді. Роман  аяқталмай қалды. Авторға  айтар сөзді  Сәкен бастады. «Баспаға ұсынбай қоя тұр. Қой-ешкің араласып кеткен екен. Бұл  романға енді екі жыл отырып, қойыңды бір бөлек, ешкіңді бір бөлек  айырмасаң болмайды екен» – деп еді», – дейді. Бұл сол кезеңнің дәстүріндегі жанашырлық.  Қазір бізде  үзіліп қалған. «Ерекше қаһармандар жасау неге қиын?» – дейсің. Жанрдан жаңылысып кеткенде кейіпкерсіз шығарма жазылады. Әрине,  әркім өзінің жүрек қалауын жазады ғой. Білім, үйрену, зерттеу жетіспейді десем, бұл  менің ақылым емес, сөздің шындығы. Менің ғана емес, мүйізі қарағайдай  жазушылардың тісі батпай жүрген сұрағы шығар.

  Есенғали Раушановтың «ақын бір баспа табақ жазу үшін он баспа табақ кітап оқуы керек», - дегені бар, сіз көп оқитын, негізінен орысша оқитын қаламгерсіз. Соңғыда оқыған, әсер еткен кітаптарыңыз туралы айтып өтесіз бе?

– Ел  оқығанды мен оқып жүрген шығармын.  Жалпы  оқығандарымның ішінен Халед  Хоссейнидің  «Бегущий за ветром», Дэниел Киздің «Цветы для Элджернона», Фрэнсис Скот Фицджеральдың «Великий Гэтсбиі», Марио Пьюзоның «Крестный отеці» ұнайды. «Өкіл әкені» қазақшаға аударған Сүйіндік Жанысбай. Аудармашының неге өз жұмысына салдыр-салақ қарағанына  түсінбедім, шығарманы сүйкімсіз етіп тастаған. Шарлотта Бронтенің  «Джейн Эйрінің» аудармасы, міне, нағыз шеберлік.  Аударма  емес, түп нұсқа секілді. Ондағы  оқиғадан гөрі күрделі ойды түсінікті жеткізу үшін аудармашының тиянақтылығына, сабырлылығына  тәнті болдым. Ерекше  кейіпкердің образына сызат түсірмей, диалогтағы ойлардың ғажаптығын жоғалтып алмауға тырысқанын  жан-дүниеммен сезіндім. Шығармаға беріліп, рахаттанып оқыдым.  Ал  енді «Великий Гэтсбидің» кейін киносын көргенде барып, автордың идеясын толық түсінгендей болдым. Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» деген  шығармасын  бұрындары бір  бастап, тісім батпай қойған. Бұл кітап қазақшаға аударылыпты. Жақында қолыма алсам тағы  сол жағдай. Содан шаршаған шығармын дегенмін. Осы кітаптың редакторы facebookтағы досымыз Ляйла Баяхметбаева екен. «Бір жолыққанда берермін» деген сөзіне малданып жүрмін. Менің «Дарын жасушасы» деген әңгімем бар. «Цветы для Элджернонаны» оқымай тұрып жазылған. Тақырыбы адамның ми талшықтарына  әсер ету арқылы қабілетін аттыру, дарынды ету. Даниел Киз қаһарман кейіпкер жасаған. Менікі орта деңгейде қалып қойған. Демек, білімім, зерттеуім жетіспеген. 

  Келер жылы Бердібек Соқпақбаевтың жүз жылдығы болады, атаулы датаға байланысты шаруа жасап үйреніп қалған жұртпыз ғой, сіз мысалы, жазушының мерейтойына орай жазушыны насихаттау мақсатында балалар әдебиетінде мынадай жасалса деп идея ұсынар ма едіңіз?

– Бердібек Соқпақбаевтың ересектерге арналған шығармалары болғанымен балалар әдебиетінің атасы, классигі ретінде мойындалған.  Әр ауылда, әр үйде оның Қожасы бар. Бердібек Соқпақбаев атындағы байқаулар, Бердібек оқулары, ғылыми конференция өткізілетіні  анық. Бір кезде «Өнер» баспасы «Өмірдегі өнегелі өмірлер» сериясын, «Білім» баспасы естеліктер топтамасын шығаратын.  Ол  да қолға алынар. Досхан  Жылқыбаевтың «Менің атым  Қожа» деген жаңа нұсқадағы әңгімесі бар. Кейіпкері  жаңа заманның Қожасы. Қожаның осындай жаңа  образы жасалса деп ойлаймын. 

–    Келесі сұрағымыз сіздің шығармашылығыңызға қатысты. Өзіңіз жазған «Жетім құлындағы» оқиға естен кетпейді. Тәмизадай ерекше мейірімді адам өмірде болуы мүмкін, сенеміз. Әрі Қисметтің қатыгездігін ойласаң мұңайып қаласың, қимайсың... ұқтырары көп оқиғаның шындыққа қатысы бар ма?

 «Жетім құлындағы»  Қисметтің қыз зорлап сотталғанынан басқасының бәрі шындық. Төрт  балаға ана болған жеңешеміз  Қапшағайда тұрады, бірақ Алапайдың  сыныптасы емес,  ауыл ақсақалдары қосқан. Бидай алқабының өртенгені,  скважинаның  көзін бітеп тастағаны да шын оқиға. Қисметтің  қыз зорлағаны ойдан қосылған, бірақ сол кісінің бір баласы төбелеске араласып түрмеге түсіпті. Балаларының ақ шатырдай етіп жуған кірін жайып тұрып: «мен болмасам осы балалар осылай ер  жетер ме еді» деп ойлап үлгергенінше жол бойындағы топырақ пен тасты  араластыра дөңгелете көтеріп, екпіндей дуылдаған құйын Қисметтің ақ жейдесін іліп алып, бұлтқа сорылып кете барды. Іле-шала тағы құйын тұрды. Сонша  киімнің ішінен Қисметтің тағы бір киімін бауырына басып, жылжыған бөшкеге  ұқсап көзден  лезде ғайып болды»,  деген сөйлемдер бар. Біреуге сөз кесірі, біреуге іс кесірі тиіп жатады ғой. Тәмизаның «мен болмасам....»  деген сөзінің кесірін бергім келген.  Оқырмандарға сол ойым жетті ме, жетпеді ме білмеймін. 

–  «Роботтар отбасы» сияқты шығармаларды жас оқырмандар қызыға оқиды деп ойлаймыз. Баяғыдадай жазушы мен оқырман арасындағы байланыс болмаса да, өзіңізді іздеп тауып, ризашылығын не ұсыныс-идеясын айтатын жас оқырмандарыңыз бар ма?

«Роботтар отбасынан» гөрі «Индиго», «Робот. Вирус. Сезім» және «Айдағы қалашықты» көп айтады. Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы жұмыс істейді. Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали руxани жан дүниесі  бай, аяулы жан екен.  Кездесу өткізді. Кездесуден бұрын «Кім, не оқып жүр?» деген сауалнама жүргізген.  Оқыған  дүниелері бойынша сұрақтар қойылған.  Сонда  мектеп оқушыларының көбі осы әңгімелерді атаған соң,  (жұмысы шаш-етектен), Алматыдан мені шақыртты. Тараз қаласының оқушыларымен әдемі сырласу болды. Астанада  Binom мектебі бар екен. Олар да осы әңгімелерді айтып кездесуге шақырды. Мен  «кейінірек, көктемге салым барайын»,  деп уәде беріп отырмын.

 Біздіңше, қазір кітап мәселесі жоқ, оқимын дегенге толып тұр. Тек мойның жар беріп, уақыт тауып, оқып үлгерсең болды. Енді сол миллион кітаптың ішінен өзінікі таңдалуы үшін қаламгерге бұрынғыдан екі есе қабілет пен еңбек  керек. Өйткені бүгінгі заман прозасының алдында көңіл көтеретін емес, үлкен ой айту, жілік майы жетілген деңгейге жету міндеті тұр. Бұл соншалықты қиын ба, ол үшін бізге ең басты қажетті шарттарды атап бере аласыз ба?

– Батыл ізденіс, белгілі бір  сүрлеуді қумай, ақиқат көзқарасына қарай бұру, жазатын ортаңды, кейіпкерлеріңді терең  біліп, жаныңмен сезіну. Жұрт қашанда жаңалыққа  құмар, оған сүйсінеді, қайран қалады, қала берсе сынайды. Енді осы жаңалыққа ұлттық әр, ажар қоссаңыз жілігі танитын дүние туады. 

– Қазір бізде цензура да жоқ, сын да жоқ. Әдебиетші-ғалымдардың бірді-екілі шолу мақаласы арқылы сынның қоржынын толтырғымыз келеді, Жалпы сын болса қандай болуы керек? Әлде барын бар, жоғын жоқ деп айтатын бас-аяғы толық сынға жазушылардың өзі дайын емес пе?

– Іргелі әдебиет бар жерде іргелі сын болуы керек. Қазір жазушы  көп, кітап көп, сыншы жоқ. Көңіл  жықпас көп сөздер айтылуда.  Соның  өзінде мақталса  мәз болатын, сыналса араз  болатындар жетерлік. Сын кейде  дәл адресін таппаса қиын-ақ. Кезінде Д. Қонаев бір баяндамасында 
Ж. Шаштайұлының «Қызыл суын» бір-екі сөйлеммен түйреп өтіп еді, қарапайым оқырманның жазушыға  деген көзқарасы салқындап кетті.  Бұл әділ, адал сынау емес, арадағы жандайшаптардың сырттай тон пішуі  еді. 
Н. Назарбаев «Жалғыз ұл» деген әңгімені мақтады. Жапа-тармағай оқып шықтық. Бұл қошеметшіл,  пайдасыз баға болды. Ленин  бір кезде 
М. Горькийдің «Анасын»  мақтап, одан кейін  қолына қалам ұстағандардың барлығы дерлік осы тақырыпты жазып, сәл бәсін төмендетіп алған жоқ па еді. Жазушылар  одағының бір мәжілісінде сөйлеуші бірнеше қаламгермен қоса Сәкен Жүнісовты да сынапты. Үзіліс кезінде  Сәкен өзімен бірге сыналған жігіттерге:

 – Сендерді сынағаны дұрыс дейік, ал мені сынағаны несі? – дегендей болып тұр ғой. 

Әдеби  үрдістің шын қалпын танымаудан Н.Дәутаев пен М. Байғұтовқа Мемлекеттік сыйлық  берілмеді. Көркем шығарманың жан сырын ұғуда адалдық пен әділдіктің болмауынан жібек орнына осылай бөз жүріп кетеді. Ендігі  жерде сынның қандай болу керектігін сырттан білім алып жүрген Айнұр Ахметова, Дүйсенәлі Әлімақын мен Арай Жүндібаева  секілді сыншы, әдебиетшілер көтерер деген үміттеміз. 

  Кейбір қалам ұстағандар өнерді жасайтын қиял екенін білсе де қиялы тежеліп, әдебиеттің канондарынан толық хабардар болмай, тілді білмей-ақ жазып-сызып, әлем не жазып, не оқып жатыр дегенге бас қатырмай, соның салдарынан көп дүниені беруде  тереңдей түсуден қашатындай... егер бізде кәсіби жазушылар дайындайтын факультет ашылса, оған өзіміздегі көзі тірі бірді-екілі классиктер барып лекция оқыса, әлемнен Исигуро, Мо Ян  сияқты жазушыларды шақырта алса… деп  армандаймыз.  Егер осылай етсе, бұның біздің прозаны дамытуға әсері болар ма еді?

– Чарльз Диккенс: «менің қиялым маманданып кеткен», – дейді екен.  Сенің сұрағыңдағы қиялы тежелгендер «жаза берсең жаза баспайсың, қайта жазушы бола бастайсың» деген жарнаманы алға ұстап ұзап бара жатқан жоқ па? Иә, Мәскеудегі  Горький атындағы әдебиет институты секілді Астанадан әдебиет институты ашылса деген ашық хаттар, ұсыныстар айтылғалы біраз уақыт болды. Оны үкіметтің құлағы естір емес.

  Жақында белгілі жазушы журналистердің прозаға келуіне қарсы екенін білдірді. Оларда тіл жоқ деді. Жалпы журналистикадан прозаға келгендер тек  тілге  ғана зиян келтіре ме?

– Бұл Асқар  Алтайдың сөзі ғой. Көркем туындының да, публицистиканың да алғы  шарты –  шеберлік.  Шеберлік  дегеніміз – ой, тіл, сезім. Эрих Мария Ремарктің «Три Товарищасы», Энтони Берджесстің «Заводной апельсині», Дэниел Киздің  «Цветы для Элджернонасы», Марио Пьюзоның «Крестный отец» деген шығармаларында публицистикалық сарын басым. Соған қарап оларды әдебиеттегі орындарынан шеткері шығара алмаймыз. 

Сол Мәскеудегі әдебиет институтында оқығандар  айтады: «Бірде лекцияда Шолоховтың «Адам тағдыры» очерк деңгейіндегі дүние ғой, оны неге әдебиетке қосады», – деген сұраққа  оқытушы тұтығып барып: «Сталинге соғыс тұтқындарын ақтау керектігін ұқтырған, патшаны әдебиетке бас идірген шығарма қалай көркем әдебиет бола алмайды? – деп жауап беріпті. Шындығында, жазылған сөз қанға сіңіп, жаныңа жайылып, жүрегіңе қонып жатса, оны әдебиеттің кең сарайынан айдап шығуың керек пе? 

–   Әңгімеңізге рахмет. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар