«Гауһартас» – айтылмаған махаббат әні

Бөлісу:

28.11.2023 2848

Театр саласындағы жылдың жылы жаңалығына айналған «Гауһартас» спектаклі жастарымызды киелі өнер ордасына жақындатты. Астана қаласы жас көрермендер музыкалық театрының осынау үлкен талпынысына ерекше ризашылық білдіргендер өте көп. «Гауһартас» музыкалық драмасындағы орындалатын әндер – премьера болған күннен бастап көрермен жүрегінің төрінен орын алды. Халық әні «Құдаша» «Гауһартас» қойылымында басқаша реңкте орындалады. Бір ғана көрінісі екі миллион қаралым жинады. Басқа үзінді видеоларды миллионның арғы-бергі шамасында адам көрген. Спектакль адам жанының тылсым терең сезімдерін оятады дегенді ертеде классиктер тегін айтпаса керек. Бұл спектакльде боямасыз шынайы атмосфераны көрдік. Бір шаңырақтың бақытты сәті мен трагедиялық түнек күндері қазіргі көрермен түсінетін талғам деңгейінде дәл сахналанған. «Гауһартас» – трагедия, адам трагедиясы. Бұл әдебиеттегі мәңгілік таусылмас тақырып.

Қазақ киносының махаббат тақырыбына арналған көрермендердің көзайым алтын қазынасына айналған алғашқы фильмдердің бірі «Қыз Жібек» болса, екінші орында «Гауһартас» фильмі. Бұған дейін кино арқылы кітаптың бас кейіпкері аруға тәнті болған қазақ қоғамы үшін «Гауһартас» алғаш рет театр төрінде сахналанды.

Хәкім Абай қағидасы:

Махаббатсыз – дүние бос,

Қайуанға оны қосыңдар. 

Махаббат – адам баласының басына бұйырған саналы бақыт формуласы. Әйел мен еркектің бір-біріне деген жарасымдылығын таңдау құқығы. Жарасымды жұптар арасында махаббат әні айтылмаса трагедия. Махаббат – екі адамның бір-біріне сүйіспеншілігі ғана емес, махаббат сол жүректегі жалын оттары – ұрпақпен жалғасатын берекелі бақыт. 

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БӘРІ ҰҚСАС ТА, АЛ БАҚЫТСЫЗ ОТБАСЫ ӨЗІНШЕ БАҚЫТСЫЗ». Лев Толстойдың «Анна Каренина» деп аталатын осы шығармасын әр дәуір, әр уақытта әлемнің айтулы режиссерлері талай рет сахналаған. Қанша фильм, сериалдар түсірілді. Демек оқырман мен көрерменнің трагедиялық махаббат тақырыбына сұранысы таусылмақ емес. Оған басты себеп: адамдар отбасындағы күнделікті проблемалардың шешімін тапқсы келеді. Бір-біріне ұқсас бақытты отбасылар қатарына қосылуды армандайды. Кейінгі жылдары «қазақтың тойы таусылмасын» қағидаты да соның темірқазығы. Әр қазақ отбасы шаңырақтарындағы бақыт шырайын қалың көпшілікке көрсетіп, сол жарасымдылықты құрыштай нығайтуды ойлайды. Заман тезі ауыртпалығымен қысқан сайын адамдар соған қарсы осылай әрекет етуде. Қалай болғанда да бақытты тұрмысмымыз көп тілегімен шыңдала түсер деген үміт.

Жалпы қазақ әдебиетінде айтылмаған махаббат әні мен бақытсыз отбасы трагедиясы ауыз әдебиетінен басталады. «Қыз Жібек» фильмін кезінде еңкейген қариядан, енбектеген балаға дейін қөргеніне өзіміз куәміз, киноның даңқ пен дақпыртының ізі өшпегенін басты рөлдерді сомдаған артистерге деген халық махаббатының риясыз сыйластығы мысал. Жазба әдебиетіміздің классиктері Мұхтар Әуезовтен Оралхан Бөкейге дейін бұл тақырыпты қамтыды. Оқырмандардың да «Әуезовтен-Бөкейге» дейінгі айтылмаған махаббат әнін шығармаларына өзек еткен жазушылардың кітаптарын іздеп-тауып оқуларының бір құпиясы осы ма деймін. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» кеше ғана қоғамымызда орын алған оқиғаның айғайлап тұрған айғағы. 

Өткен ХІХ ғасырдағы сор сұмдық, заман мүлдем жаңарды деген 21 ғасырда өңін айналдырып, қайта оралып, қатігез жүрек пен қатал қол каракөз қарындасты құрбан етті. Оралханның «Қар қызы» ше?! Осынау классикалық туындыларды айтылмаған махаббат әнін «Гауһартас» спектаклінен естиміз, елітеміз. Қыр қазағының қоңыр тіршілігін баяндайтын бұл қойылымға қалалықтардың қаптап баруы – жан мен тәнді жалғайтын сезім сиқырына толы махаббат әні.

Айдын көл, сен айтшы

Самал жел, сен айтшы

Жарыма құс болып ұшайын

Бір хабар берші, айым

Жақындап келші, айым

Лапылдап мәңгі құшайын!

Ерекше сезімге бөлейтін ән, ерекше бақыт сезіміне толы сөздер...

Қойылымға негіз болған «Гауһартас» хикаятының авторы – ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Дулат Исабеков. Бұл шығармасын жазушы 25 жасында Совет Армиясы қатарында жүргенде жазған екен. Шет елде жүргенде елге деген сағыныш ерекше болады. Қиял шіркін шарықтап, бар қазағыңды бір сәтте бақытқа бөлегің келеді. Сол түйсік, сол ой тереңінен бұлқынып шыққан қара сөз қағазға түскенде әндей қалықтағанға ұқсайды. Шығарманы сахналаған режиссер Асхат Маемиров те Европада жүргенде кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын, жастар жүрегіне от берер идея іздейді. Жасөспірім шағында ерекше әсер еткен хикаят пен фильм желісіне де өзінің қолтаңбасын жасауды ойлайды.

Кітап авторы Дулат Исабеков: «Туындыдағы ұсақ-түйек жері де шет қалмаған. Екі сағаттың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. Музыкалық білімі бар жастардан алыпты, шырпы тисе өртенейін деп жанып тұрған жастар. Хор өте кәсіби орындалды. «Гауһартастың» идеясын ұстай білген, ұлттың ұмытылып кеткен болмысын насихаттай білген тамаша қойылым болды», - деп спектакльге жоғары бағасын берді.

Енді ел тұрғындарының көңілінен шыққан қойылымға деген жұрт пікірін ортаға салайық . Кейінгі уақытта «қоғам және қоғам пікірі…» дегенді көп айтып жүрміз. Бұл – замана талабы, әрі өркениетті елдердің демократиялық дәстүрі. Еліміз цифрлық бағытқа бел алғанда қоғамдық пікір өмір салтымыздың бағдаршамына айнала бастады. Сол қоғамдық көзқарасты кімдер жасайды? Бұл тұста ежелден етіміз үйренген қалыппен тек қана билікке жалтақтап отырған жөн болмас. Қазір қоғамдық пікірді баршамыз жасаймыз. «Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс», - дейді жоғарыдағылар. Өзекті өртер өкінішті жағдайлар алыста емес, жанымызда. Биылғы тоғыз айда Астана қаласында ғана 83 жасөспірім суицид жасаған. Қара орамалға тұтастай денесін оранып, көздері ғана жылтырап көрінетін қыз-келіншектер де айналадағы зұлымдықтан осылай жасырынғымыз келеді деуі, дәстүрлі дінімізден аттап жат бағытқа мойынсынуы сынаққа сылтау болса да жүзбе-жүз сұрау салғанда уәжді әңгімеге ыңғай береді. Осы тұста рухани құндылықтарымызды әспеттейтін әдебиеттен жастар дұрыс жолға бастайтын шырақ іздейді. Қазіргі қалыптасқан жағдай, көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, абайсызда кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру өнердегі азаматтарға ой салса керек.

«Гауһартас» спектаклінде өмір ағысымен білінбей жайлап ағып жатқан осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деген ой тастайды. Мұны ресми тілде өрнектесек «елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек».

Заң бәрімізге бірдей. Махаббаттың да өзіндік талаптары бар. Сүйіспеншілік ол – сүйген жарыңның жолында жауапкершілікті жоғалтпау. Біз қойылымнан соны көрдік. Сондықтан да жастар «Гауһартасқа» ағылып барды. Бойжеткендер өздеріне сөз салып жүрген жігіттерді жетектеп келді. Сөзбен жеткізе алмаған сезімдерін осы үш сағаттық драмада азаматым түсінер деп жоспарлады. Отау құру, отбасы болу оңай шаруа емес. Мемлекеттік негіздегі заңды некеге тұрған азаматтарымыз алдымен өздері орындаймыз деп қол қойған «Неке туралы Заңды» оқып білуі парыз. Сол заңдылықты нығайту жолында жас жұбайлар жұдырықтай жұмылса ғана отбасында әділдік орнайды. Ол берекелі отбасылық ғұрып. Ата-бабаларымыз өткен жол да Заң мен Тәртіп үстемдік құратын дала демократиясының қағидаттарына бағынған. Сол Жарғылар «елу жылда ел жаңарған» сайын өзгеріп тұрған. Бүгінгісі қазіргі қоғам қабылдаған ереже. 

Әйгілі Шекспирдің «Ромео мен Жульета» пьесасын оқып, спектаклін көрсеңіз шығарманың өне бойында сол дәуірдегі тілі мен ділінен ажырап, элитасы французша ғана сөйлеген, ағылшын тілі кедей-кепшік тобырдың қолданысына ғана жараған жарымжан Британ ақиқатын ашып тастайды. Бір қан, бір жаннан тараған ұлт арасындағы жер мен көктей алшақтық берекелі бақытқа бастамайды. Көп көнеді, бірақ қарсылық қарғысы жазылмас жараға ұласады. Шекспир соны айтады. Қос мұңлықты бір сәтте құрбандыққа шалғанда елім ойланар, сосын оянар идеясын ортаға тастайды. Байқағанымыздай бұл тек ағылшындарға ғана емес, жалпы адамзатқа қатысты қағида екен. Әлем театрлары осы спектаклді сондықтан да өздерінің ұлттық нақыштарымен өрнектеп өреді. Миллиондар көздерінің жасын төгіп оқиды. Өйткені шын сүйіспеншілік, махаббатсыз қоғам ешқашан тазалана алмайды. Адам өз бақыты өз алақанында тұрғанын, тағдырына өзі ғана жауапты екенін өкінішке қарай кеш сезінеді. Жазушы Дулат Исабеков соны жазды. Режиссер Асхат Маемиров соны бүгінгі уақыт бедерімен безендіріп замандастарына жеткізді. Әдебиет атаулының қоғам дамуы үшін танымдық, тағылымдық және тәрбиелік мәні қандай деген мәңгілік сауалдар бәрімізді мазалайды. Мойындалған әрі ұлт мақтаныштарына айналған орыс пен қазақтың қос әйгілі ақыны жазбаларын таразылап көрейік.

Пушкин мен Абай ер азаматтың әйелі алдындағы жауапкершілігі туралы не деген? Алдымен Махаббатта болуды үндейді. Сосын сүйген жан талабына төзіп-шыдауға шақырады. Пушкиннің «Алтын балық» дастаны туралы «тойымсыз кемпірінің кесірінен бәрінен қағылған қайран шал алтын балықтан күдерін үзген күйі өмірден өте-өте көңілсіз жағдайда өткен...» дейміз біз социалистік реализм жүйесінің желісімен бірауыздан. Ал, Пушкин сүйікті кемпіріннің барлық капризіне махаббатпен көнген Шалды дәріптейді. Өйткені ол өз КЕМПІРІ, меншігі. Оқиық.

ЖАҒАСЫНДА КӨК ТЕҢІЗДІҢ

ЖЕР ҮЙШІКТЕ АҢҒАЛ САҢҒАЛ,

ТҰРҒАН ЕДІ ОТЫЗ ҮШ ЖЫЛ

КЕМПІРІМЕН БІР КӘРІ ШАЛ. 

Байқадыңыз ба «Кемпірімен» дейді. Өзінікі, өзі таңдаған.

Абай бұл тақырыпты былайша жалғастырған:

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

Мұнда да сүйікті әйел бірінші орында. Абай меншігіндегі Әйелге ер азаматтың жауапкершілігін Махаббатпен жалғайды. Мәселенің түп төркіні тағы да Қатынға келіп тіреледі… жалғыз жарына, сүйікті махаббатына жақсылық жасай алмағандықтан күйінесің! Содан да өкпен жалғанды жалпағынан жайпаған «мықтыға» қарсы өлермен өшпенділікке толады. Оны көру-білу міндет емес. Өмір-өзен зу етеді. Сол ғұмыр бос өткенге қапалы қам көңілмен «соны» күстаналайсың! Өмір – сол. Әйелге бақыт сыйламаған соң отбасың да ойран… өкініштісі осы. Оны түсінетін бала қайда?

Содан да Хәкім Абай жүгінеміз. Ғұлама бұл хақында ойын былайша қорытындылайды:

Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Қазақтың бүткіл кешегісі, бүгіні мен ертеңі Абай шығармасында дейтініміз сондықтан.

Әдебиеттің мемлекет дамуына қаншалықты әсері бар дегенде басқа да толып жатқан классикалық мәңгілік шығармаларды тілге тиек етуге болар еді. Біз осы сәттегі қоғамымыздың сұранысына дөп келген «Гауһартасты» таңдап алдық. Анығында «Гауһартас» тоғыз жолдың торабында жолаушылар күткен туынды еді. Елу жыл бұрын да, қазір де өзектілігін жоғалтпаған шығарма. Өйткені қазақ қоғамы әркез армандаған қара қылды қақ жарған әділеттілік сиволы. Сұлулыққа іңкәрлік әні. Орындалмай келе жатқан махаббат әні.

Спектакль туралы көрермендер не дейді. Қоғам пікірі қандай? Микрофонға жазылған пікірлер тоғысын назарларыңызға ұсынамыз.

Дәрия Төреәлі, Амстердам университетінің бакалавры:

- Спектакль өте қайғылы. Қойылымның соңы мені қатты таң қалдырмады. Өйткені солай болары алдын ала белгілі еді. Өмірден түңілу, ал одан жаман не болуы мүмкін? Бұл – жазушы Дулат Исабеков пен режиссер Асхат Маемиров шығармашылығымен алғашқы танысуым болды. «Гауһартаста» қоғамымыз үшін өте маңызды және өзекті мәселелер көтерілген. Жастарға ерекше ой салатын, қойылымның ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ мазмұны ауқымды. Уақытпен бірге дәстүр де оңалады деген терең тамырлы мағынаны ортаға салады. Малға жаны байланған, дөкір мінезді «қайрат» деп ұғатын әкелі-балалы екеу мен адам жанын жадыратар Қайыркен, Салтанаттардың арасындағы драма – спектаклдің лейтмотиві. Әділетті ел болуды армандаған қазіргі қоғам орынсыз теріске шығару, мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, даукестік, масылдық сияқты жағымсыз әдеттерден әбден қажыды. Сондықтан мұнымен түбегейлі айналысатын кез келді. Біз жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Нәтиже бірден болмайтыны түсінікті, өйткені, бұл – өте ұзақ жүретін процесс. Бірақ бұл – аса маңызды әрі керек жұмыс. Оған дереу кірісуіміз қажет. Біріншіден, басты міндет – қоғамды жұмылдыру. Бірлік, ынтымақ, келісім – қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін құндылықтар. Жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі мақсаты – осы. Бұл бізде ғана емес, басқа елдерде де солай. Сондықтан тұтастығымызды бұзуға, қоғамға іріткі салуға бағытталған әрекеттің бәріне қатаң тосқауыл қойылады.

Азамат Кеңесұлы, журналист:

- Біз ұжым болып «Гауһартас» спектаклін тамашаладық. Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры сахналаған қойылымға «Qazaqstan» «Qazsport», «Balapan», «Abai tv» телеарналары мен «Қазақ радиоларының» қызметкерлері барды.

Өз басым қойылымды екінші рет көруім. Спектакль мазмұны, өзектілігі, актерлер шеберлігі өз алдына бір төбе әңгіме. Мен үшін маңыздысы – осындай жерлерге ұжым болып барудың артықшылығы. Қазіргі қоғамды кісікиіктік басып барады. Адам адамнан гөрі смартфонмен сөйлесіп әлек. Ал оның түбі жақсылыққа әкелмейтіні анық. Кешегі сапарда әріптестердің түрі бал-бұл жайнап, бір-бірімен шүйіркелесіп жатқанын байқадым. Бұл өте күшті эффект. Ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын эффект және үлкен ұжым үшін аса маңызды эффект еді. Жасай бер, қасиетті ұжымым. 

Ал үлкенді де, кішіні де қуанта, күлдірте, жылата, бастысы ойландыра білген Музыкалық жас көрермен театры алдында бас иеміз. Қоғамның дертін дөп басып, баршамызға жеткізе білген Асхат Маемиров ағамызға мың алғыс!

Ортамызда шынымен де зорлық-зомбылық құрбаны болған Салтанат. Қойылымда да адам қатігездінің құрбаны боп, дүниеге келмеген шаранасымен о дүниелік болған кейіпкер есімі – Салтанат.

«Гауһартас» спектаклі Астанада 25, 26 қараша күндері қойылады және театрдың желтоқсан айына арналған репертуарына енгізілген. Билеттерінің сатылымынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізген спектакль керемет.

Виктория Владимирова, зейнеткер:

- «Гауһартас» спектаклінің авторы әрі режиссері, Астана қаласы жас көрермендер музыкалық театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көркемдік жетекшісі Асхат Маемировке ризашылығым шексіз. Өзім қазіргі астаналық, кешегі Ақмола мен Целиноградтың ескі тұрғынымын ғой. Осы ғимаратта талай жыл басшылық қызметте болдым. Мына сахнада мінберде тұрып талай сөйледім. Бұл бұрынғы Целиноград қалалық Совет аудандық партия комитетінің ғимараты, ал спектакль залы сол кездегі жиналыс өтетін акт залы. Не дейін, көп таныстар келместің кемесіне мінді. Балалар Мәскеуде. Өзім театрды жаным сүйеді. Ғимарат елордаға көшіп келгелі театрға тиесілі болды. Атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовті де көрдім осы театрда. Спектаклдерден қалмаймын. Сөйтіп мәнерлеп-мәтелдеп қазақша сөйлейтін жағдайға жеттім. 1997 жылы Астана көшіп келгенде қазақтар 20% шамасында ғана еді. Кіл орысша ғана сөйлейтінбіз. Қазір басқаша. Мемлекеттік тілде сөйлейміз. Театрды жаным қалайды дедім ғой. Мәскеуге балаларға барғанда міндетті түрде театрлардың қойылымдарын тамашалаймын. Спектаклдер сол Мәскеудегідей болса деген арманым көп еді. Міне біртіндеп соған жақындап келеміз. Мына «Гауһартасқа» жастар, әсіресе бойжеткендер көптеп келеді. Кемпір болсақ та, қыз кезіміз есте. Спектаклде: «Жақсы жар қандай болуы керек?» - деген идея бар. Ресей театрлары да сондай бағыттағы қойылымдарды сахналайды. Қалай болғанда да коммунистік жүйеден шыққан, тағдырымыз ортақ халықпыз. Әрі қазақ ауылдарын көп аралағандықтан, мына драмалық жағдайға ұқсас оқиғалардың біразын көзбен көрдім, естідім. Қыздардың тілектері орындалып, жақсы күйеу тапсын деймін. Кешегі қызыл коммунистей айтсам – еліміздің береке-бірлігін сақтау, отанымызды жасампаз істер арқылы дамыту және Президент талап еткендей қоғамның жаңа этикасын қалыптастыру – қазақстандықтардың алдында тұрған негізгі міндеттер. Міне, бәріміз осы міндеттерді шешу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Ол жолда ұлы Өнер, мәңгілік мәдениет ошағы театрдың атқарар рөлі орасан.

Динара Абирова, заңгер:

Бұл спектакльдің  жақсы қойылғаны соншалық, мен оны Таразда жүргенде құрбыларымнан естідім. Ай бұрын билет алып, Астанаға спектакльді көру үшін ұшып келдім. Екінші рет көрген соң, бас қалаға көшіп келуге тәуекел еттім. «Гауһартасты» қайтадан  көрген сайын бойымдағы барлық жүйке талшықтарымның ерекше күй кешкенін сезінемін.  Қазіргі сұрапыл уақыт сауалдарына  спектакльден жауап тауып кереметтей эстетикалық рахат аламын. Музыка! Мұндағы театрлық музыка құдайы шынымды айтайын ғажап. Қайта-қайта тыңдай бергін келеді...

Қыздар – менің замандастарым «Гауһартасқа» неге ғашық. Жауабы біздер бақытты ана, баянды да берекелі отбасын құрғымыз келеді. Соның құпиясын осы қойылымда тапқандай боламыз. Жалпы отбасы дегеніміздің өзі шыныдан салынған үй тәрізді емес пе еді. Жас отбасы – тіпті нәзік әлем, білте шамның шынысындай жұқа, жүрек отының күшіне шыдар, ал білекке салсаң – шарт сынып қалады. Шыны үйді айтамыз, шыны жүректерді қайда қоярсыз. Қаншама әйелдер қаусаған жүрекпен өмір сүре береді. Қанша әйелдің жанарынан сол шытынаған жүректің қирандылары көрініп тұрады. Міне сондай тұрмыс тауқыметіндегі қателіктерді болдырмау, кей отбасындағы драмалық жағдайлардың трагедияға ұласпауына өнегелік тәрбиені осы спектакльден тапқандай болдым.

Бөлісу:

Көп оқылғандар