«Бастау» – кең тынысты роман

Бөлісу:

01.12.2023 1635

Жазушы Өмір Кәріпұлының «Алгоритм» баспасынан (Алматы, 2022) жарық көрген көлемі 552 беттен тұратын «БАСТАУ» романын оқып шықтым. 

Қарт қаламгер аталмыш романды 82 жасында жазып отыр.

Шыны керек, сексен жастан асқан қаламгердің сепсімей, селдіремей, тоқырамай, тілі шұрайлы, оқиғасы қою, кең тынысты роман жазуы оңай емес...

Бұдан бұрын мен Өмір Кәріпұлының «Бұрқақ» романын, «Серілер мен перілер», «Тамызық» атты повестер мен әңгімелер жинағын оқығанмын. Жақында ғана «Қазақ әдебиеті» апталығының № 24 санынан (16.06.23) бүгінгі күннің риясыз шындығын суреттеген «Сырнайшы шал», «Тендерге түскен кемпір» атты әңгімелерін оқып, тіпті риза болдым. 

Ғұмыр бойы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты бүгінгі (бұрынғы Атасу колхозы) Байдалы би ауылынан ұзамаған қарт қаламгердің сөз өнеріндегі басты тақырыбы дала мен ауыл. 

«Әдеби шығарма адамның күллі ой-қиялын, сыр-сезімін түгел баурайды; қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді, - дейді сөз зергері, танымал ғалым Зейнолла Қабдолов. – Қысқасы, адамның көңіл күйінде сан-сапа құбылыстар туғызып, із қалдырады. Бұл – әдеби шығарманың эстетикалық әсері, оның таным, тәрбие тарапындағы мәні де осыған негізделген...» - демекші, «Бастау» романы да мені салған жерден жетелей жөнелді. Қуандым, ренжідім, мұңайдым, зығырданым қайнады,  туындының соңғы бетін жапқанда алған әсерден ойланып отырып қалдым. 

Қай ортада, қай жерде болмасын, аяр, алаяқ, екіжүзді, сатқын, күніне қу түлкідей қырық құбылған адамдардың мына фәни жалғанда аз уақыт аты жүретіні, шалқып-тасып өмір сүретіні жасырын емес. Алайда, «аққа, Алла да жақ» дегендей, әлгі пақыр алдаған, ақ көңіл, ізгі ниетті жандардың, шаршап-шалдығып барып жеңіс тұғырына аяқ іліктірері айдай ақиқат. 

Табиғатынан ақкөңіл, адамгершілігі мол, мінезі көркем, дарынды композитор Келес, Консерваторияда бірге оқыған жақын досы Ерсіннің арбауына түсіп, өмірден көп таяқ жейді. Келестің қалыңдығы Ақшагүлдің қолына кісен салып, біреулер алып қашып бара жатқанда Ерсін өтірік «құтқарған» болып, қызды ақыры өзіне жар етеді. Қырық айлалы Ерсіннің кесірінен абақтыға да отырады. 

Романда талантты композитор, кісілігі мол Келес пен Ерсіннің арасындағы қарым-қатынастар, өмір түйткілдері ауыл мен қалада паралель жүріп жатады. 

Ақ жүрек адалдығынан жапа шеккен, күресудің орнына бойындағы Алла берген дарын – композиторлықты ұштап, дамыту үшін, жаңа туындылар жазамын деп табиғат аясына, қорықшылық жұмысқа кетіп қалған Келес уақыт өте келе өзінің дұрыс қадамға барғанын біледі. 

Қала түгілі, далада да тыныштық жоқ екен-ау! Кең байтақ жерімізді, оның ішінде Бетпақдаланың көркіне айналған аң-құстар; арқарлар мен киіктер, бөрілер мен түлкілер, тағы басқа да толып жатқан бейкүнә тіршілік иелерінің қатары сиреп, азайып бара жатыр. Нәпсі құлқынын ғана ойлаған браконерлер, аң аулауды қызық санаған тойымсыз тоғышарлар, дәу «Джип» көлігімен, тікұшақпен келіп аң-құстарды қырып салады. Оның сыртында тиісті министрлікке көк қағаз – долларын төлеп, тайраңдаған шет елдіктерге тиым салар біреу бар ма? 

Бұл істе де аяр, тәкаппар, өзімшіл Ерсіннің қолтаңбасы жатыр. Шені аса жоғары лауазым иесіне жағымпаздығымен жаққан ол шектен шығып, тасы өрге домалаған... 

Сұраусыз қырылған ақ бөкендер...

Тұқымы құрып, жойылып бара жатқан бөрілер...

Астанадағы  кейбір лауазым иелерінің заңды белден басып алшаңдауы...

Ерсіннің ерсі қылығын жақтайтын жалпақшешейлер...

Келес тұратын жапандағы жалғыз үйге уақытша көмекке келген тағы бір қорықшы бар. Ол ұлты шешен Абдолла. Сол жігіт қорықшы Оқпанға бүйдейді: «...Сендер болсаңдар осыншалықты байтақ өлкені сырт дұшпанға бастырмай қорғаштаудың орнына аң-құсын қырып-жойып, жер асты, жер үсті  байлығын шеттен келген алпауыттардың өңешіне тықпалап жатырсыңдар. Соны іскерлік деп білесіңдер. Іске емес істікке отырғандарыңды көретін көз қалмағаны ма сонда?!..» (230 бет).

Бұл - Қазақстанды өз отанындай жақсы көретін жанашыр адамның сөзі. Ал шетелдік мейманның лебізі төмендегідей:

«-Қала өркениет бастауы боп есептеледі. Қаланы озғындатам деп, даланы тозғындатып жіберуге болмайды. – Ұзын тұра шетелдік Ерсінге суық қарады. – Сіздер әсіре даурықпаға салынып барады екенсіздер. Даурықпа әдет кісіні ойдан айырып сананы жалаңаштап тастайды. Сіздерде соның салқыны бар. Біз дегендер қонақжай елміз деп есіктеріңді ашық қойғансыңдар. Кім-көрінгенді төрге шығаратын әдеттерің бар екен. Шеттен келген қыдырма өп-өтірік аңқаусиды. Іштері толған арамдық. Сұлуыңды жұмарлап, тұнығыңды лайлап кетуге бар. Жер үсті, жер асты байлығына және өңеш созады. Сол науқан сендерде жоғарғы қарқынмен өрістеп жатқан сияқты...» (417 бет).

Ерсін дәйім Келестің жаңа туған әндерін сұрап алып, «әне-мінемен» уақыт оздырып, немесе нотасын ұрлап алып пайдаланып кетеді. «Достардың арасында бірер ән ауысып жүрсе ештеңе етпес» - деген сөзін шынға айландырған ол әбден дағдыланып алған.

Келестің ылғи Ерсіннің ерсі, арам айла-шарғысына түсіп, тұяқ серпіп қарсылық білдірмегені үшін, соншама неге ынжық деп ыза боласыз.

Рухы мықты Келестің арам ниетті досының иттігіне үндемей, қанша уақыт шыдап келуі сабырлы, салмақты болмысынан болса керек. Бірақ не нәрсенің шегі бар емес пе? «Көп асқанға бір тосқан» болары хақ. 

Екі достың арасындағы тартыс әбден шиеленісіп, шырқау шегіне жеткенде Келес серпілді. Жаңа туған әнін пайдаланбақшы болған ұрлығы үстінде қолға түскенде досының жолын кесті. 

«...Келесті көрген ол; «Әй, сенбісің-ей?» - деп оған құшағын жая бергенде, кеудесіне тиген соққыдан шалқалап бара жатты.  Есін жиғанда әлгі өзіне қол жұмсаған адам қарсы беттен қаһар шашқан уытпен бұған тағы да төнді.

«Ұрмашы, ұрмашы! – деп Ерсін бетін қолымен көлегейлей берді...

-М-ме-ме-мен, кінәлімін!..» (493 бет).

Ақылды, пысық, іскер өз ісін дөңгелендіріп жүрген кәсіпкер әйелдің арқасында талтаңдап, ойына келгенді істеген, араларындағы жалғыз ұл әкесіз өспесін деп, отбасын сақтауға қанша тырысқанымен Ерсін екеуінің бір шаңырақ астында түтін түтетуі ендігі жерде үйлеспейтінін білген Ақшагүл ажырасып, шет елге кетіп қалды.

Ерсіннің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Оны қозғаған – Келестің жұбайы, бір кездегі сұмдық оқиғаны өз көзімен көрген, Ерсінге жамағайын туыс болған соң үндемей келген Орыншаның арызы себепші болды.

Роман соңында Елордада кемпозитор Келестің шығармашылық кеші  жоғары деңгейде өтті. Кілең таңдамалы шығармаларынан құрылған концерт бағдарламасы көрерменнің ықыласын оятты. «Дала үні» поэмасы оркестрдің орындауында жұтынып шықты. Одан әрі сазгердің басты шығармасы «Бастау» опереттасына кезек келген. Замана екпініне құрылған көлемді туынды қазақ елінің өткені мен бүгінін сазды әуенмен өріп шыққан. Артта қалған  кезеңдердің сүрінісі мен бүгілісіне әуен ырғағымен талдау жасалынғаны шығарма сарынынан анық байқалады: «Бастауың – құнарың, таусылмас жыр-әнің, елдігіңнің қайнары. Ақылым саған, алыстама одан, санаңда жүрсін сарыны. Қуат ал содан, өседі бағаң, лаулайды іште жалының. Қазақпын деген, азатпын деген нығаяды сенімің!» - (550 бет) деген жолдар асқақ үнмен тынысын ашады.

Шіркін-ай, деп ойладым қиял-арман қанатына беріліп. «Бастау» романы негізінде талантты бір режиссер қатырып кино түсірсе, қандай оңды болар еді.

Қазақтың кең байтақ даласы...

Тұмса табиғат, көз жасындай мөлдіреген көлдер, жасыл желек жамылған орман...

Топ-тобымен емін-еркін жүрген момақан аң-құстар...

Ақыл иелері санатындағы екі аяқтылардың сұмдық тірлігі!.. Бәрі-бәрі қамтылса!..

Әсілі, «Бастау» романы көгілдір экранға сұранып тұрған туынды...

 «Қоғамда бір жетіспеушілік бар. Ұлттық санадан алыс кеткендер басқа шығып барады, - деп сөзін түйіндепті «Эпилогта» автор. – Қалтасы қалыңдардың дегені болып тұр. Сөзі мен ісінде үйлесім қалмаған теке тойлы тоғышарлар қызыл сөзді суша сапырғанға мәз. Ақпарат майданының алғы шебін бермейтін көбік ауыз көпірме нақ солар. Біз де сол көп білгіштің қатарындамыз. Қарап жүргенше деп роман жазған болдық. Атақ-марапат үшін емес, қазақ жұртына аздаған рухани демесіндік болсын деген тілеулестік ниет. Шығарма дала сырынан бастау алған. Тауындағы арқарын, қырдағы киігін, табиғат айбары көк шуланын сақтап қалған да бір мерей. Құтты мекен жүгірген аң, ұшқан құсымен ажарын ашады. Басқаша тұрпаттығы «Жаңа Қазақстан» кезеңіне бет алған қауымның серпілісі елім деген есті ұрпаққа қанат бітірмекші. Біз соған тілекшіміз...»

Біз де тілекшіміз.

Толымбек Әбдірайым

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Бөлісу:

Көп оқылғандар