Тұрдыхан Айдарханұлы. Аңыздардың жүрегім қоймасындай...
Бөлісу:
Қар жауған күн
Құшағында балбырап тәтті ойлардың,
Қар жауған күн, білемін, оттай жандым.
Ойланбай-ақ кетер ем, О, дүниеге,
Жайнамазым – ақша қар...
Кетпей қалдым.
Қардай үміт жүргенде жуықтамай,
Жанарыма жас тұрды тұнып талай.
Аппақ-аппақ сезімін сыйға тартқан,
Ақ әлемді кетемін қиып қалай.
Ер емессің, есерсің, десең мейлі,
Ез тірлікке қарызым өтелмейді.
Ақша қардай өмірдің айдынында,
Ақ қояндай арманым секеңдейді.
Тәңір қолы сызғандай сырлы сурет,
Жүрегімде жақсылық жүрді түнеп.
Ізгіліктің ғаламда бар екенін,
Қар жауған күн сезіндім тұңғыш рет.
Осқылаған тірлігін дауылдар сан,
Жауыр қылған арқасын ауырлар сан.
Қысы қатты болғанмен, мейірі ыстық,
Қар жауған күн, дәриға-ай, ауыл барсам.
Уыз сынды тірлікті аяп біліп,
Қар жауғанда жанымды оятты үміт.
Жалғандықпен, шіркін-ай, ісім болмай,
Тауға шығып кетер ме ем, саят құрып.
Арқалайтын өлгенше ғұмыр жүгін,
Жасырмайтын сөнгенше сырын-мұңын.
Пенделердің бірімін қарапайым,
Аспан жақтан күтетін ырыздығын.
Күзгі аспан
Жанарымнан тағы бір жазды аунатып,
Кірпігімнің ұшына күз ілінді.
Ақын үшін өртеніп маздау бақыт,
Табиғатпен сырласып жүзі мұңлы.
Сабындай-ақ балтаның күздің күні,
Көкжиекке әнеки кірді сіңіп.
Күнмен бірге таусылып күй күмбірі,
Күмбез аспан ішінен тұрды тынып.
Тұрды тынып мөлдіреп алып аспан,
Жанарында мұң менен нала бар ма?
Көкірегінен қап-қара жалын атқан,
Жиіркене қарайды ол қалаларға.
Жел тіледі...
Самарқау құздағы бұлт,
Желпінеді себебі: ол да бақыт.
Бүрсиеді қыр гүлі ызғар ұрып,
Түршігеді көз жасын сорғалатып.
Бұл жай ғана уақыттың қаталдығы,
Барлығы да белгілі бесенеден.
Қарт аспанның тарайды қашан мұңы,
Күздер кетті...
Белгісіз…
Нешелеген.
Ұмыттың ба, боз дала?
Өткен күннен көп екен ой басымда,
Аңыздардың жүрегім қоймасындай.
Ертегі боп қалыпты балалығым,
Ертек тыңдап атамнан қой қасында.
Көкірегі секілді күй табағы,
Қобыз-көңіл қозғайды мұң шанағын.
Дала жырын жаттаған дана қарттың,
Қиялымда қалқиды қиссалары.
Мақамымен жанымды мұңға бастап,
Қанат қағар аспанға жырлар асқақ.
Баба жырын жүйткітіп тамырларда,
Ата-бала бақыт қой бірге адассақ.
Сарайымда сан бүлік ойлар ұлып,
Ертегі – өмір жатыпты-ау бойда бұғып.
Көзім жұмсам келеді көлденеңдеп,
Күрең дөнен жүретін қойға мініп.
Қос шырағы күреңнің шоқтай жанып,
Осқырады әредік тоқтай қалып.
Жанарының ішінде мен отырам,
Елік – үміт жетелеп көпке ойланып.
Ен сап берген өзіме тай шығарда,
Күрең дөнен құлағын қайшылар ма?
Күңіренген атамның жырына елтіп,
Айналушы ек Алпамыс, Байшұбарға.
Әудем жерге қас жауын жібермеген,
Батыр едім онда мен, түнермеген.
Күндерім бар ал бүгін күреңіткен,
Күрең дөнен секілді шідерлеген.
Ертегімен өткіздім ерте күнді,
Сілтеймін деп жауыма семсерімді.
Ұмыттың ба, боз дала – бабам менің,
Ертегіңе телмірген тентегіңді.
Ауылға хат
Қарай-қарай көз талды ауыл жаққа,
Сәлемдесіп бара алмай бауырласқа.
Тілегімді білерсің, туған ауыл,
Жүрегімді жандырған дауылды отқа.
Тірлік жолы сүйрелеп қиындарға,
Жолым да бір болмай жүр жуырмаңда.
Жебеп жібер тағы да желөкпеңді,
Тәңірімдей табынып сиынғанда.
Сендік сезім билесе жан ырқымды,
Сағыныштан сарнаған сазым сырлы.
Айна көлдей ауылым айдалада,
Адастым мен сары ала қазың сынды.
Зәрге толған зәредей кесел кесем,
Меңіреу ой меңдеткен мешел ме екем.
Құр айғайын жанымның жаба тұрып,
Жыр ойлайын ауылым көшел көсем.
Тарыдай бақыт
Жалғыз ғана жарлының жанын аяп,
Бақыт бердің, Тәңірім, тарыдай-ақ.
Арқалаттың ауырын мұң-мұқтаждың,
Өтеміз бе, өмірден жарымай-ақ.
Бермесең де бақытты таудай қылып,
Ертөстіктей жетермін талмай жүріп.
Биігіңе шыға алмай армандаған,
Тамсанудың өзі бір қандай қызық.
Құйқылжытып көгершін көңіл құсын,
Иранбақтай сезіндім өмірді шын.
Таңдайыма бұйырған тарыдай бақ,
Маңдайыма қонатын өмірмісің.
Қуанышты қауышып кезімменен,
Жыр жазғаным бір бақыт сезімменен.
Қауызына тарының сыйған басым,
Күте білер барлығын төзімменен.
Басы айналған бақыттан ерке күнім,
Енді сездім ойыңның келтелігін.
Аздық етпес тарыдай болса бағым,
Мен де әлемнің тарыдай бөлшегімін.
Тағы бір күн
Тағы бір күн кеткенде батып алдан,
Жұлқылайды жанымды жасын арман.
Қызарып күн батады қыр астына.
Қайта айналып келмейді қапы жалған.
Жанарында қып-қызыл жанып рең,
Ертеңгі таң оятар жарығымен.
Көк көйлекті әлемге көз саламын,
Махаббаттан жаралған бәрі кілең.
Қара жердің бетінде көріп өмір,
Көлбеңдеген көлеңке не білемін.
Шағаласы шулаған шалқарым-ай,
Қалай табам еміңді сені көңіл.
Шөлін басып сарғайған сары құмның,
Нөсерлетіп келер ме тағы бір күн.
Саба-саба ішінде сары мұңның,
Ауырады білмеймін жаны кімнің?
Тағы бір күн көшеді,
Тағы бір мұң...
Ақталу
Мен өртенсем өртендім өз отыммен,
Тағдыр деген отаспай төрешіммен.
Жақсылығым байқалмай жағымпазға,
Жамандығым көбірек сөз етілген.
Кімге керек бықсыған, шала жанған,
Ондай өмір емес қой маған арман.
Дұрыстығым сезілмей дүмбілезге,
Бұрыстығым табанда қараланған.
Не қылайын ұнатпас көп қылығын,
Томпаңдаған торайдың тоқшылығын.
Жомарттығым көрінбей нысапсызға,
Алдыменен сыналар жоқшылығым.
Құйма құлақ данадай құлқы берік,
Дәрмен барда қалайын сілкіленіп.
Естілігім ессізге ескерілмей,
Есерлігім жүреді күлкі болып.
Түгемейтін тіріде сыны адамның,
Тұғырынан таусылар құлаған күн.
Ақ-қарасы аралас дүниеде,
Аулақ болам дей алар күнәдан кім?
Көңіл шері
Көңілдерден көктем күтіп күй іздеп,
Қиялымда мен кезбеген қиыр жоқ.
Алаңсыз күн кешер едім амал не?
Азбан тірлік аямайды мүйіздеп.
Көркемдігін сеземін деп өмірдің,
Көп ойлардың көбігіне көмілдім.
Қызуы мол қызығы көп күндерім,
Қызарғаны сияқты екен темірдің.
Айнымаған үлпілдеген ақ қардан,
Көңіл қайда жастығына мастанған.
Бәрі де жоқ, дәрі де жоқ дертіңе,
Жұмыр баста басқа қиял басқа арман.
Бөлісу: