Берімбай Ысқақұлы. Кірпігіңе сыйлайын, сынық сәуле

Бөлісу:

13.12.2023 1158

Қарт Алтайдың Қобда бетіндегі Қызылқайың ауылында дүниеге келген ақын, композитор, педагог ұстаз Берімбай Ысқақұлының (1943-2010) туғанына 80 жыл толып отыр. Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеумен қатар, шығармашылыққа арнаған ақынның соңында әдеби мол мұрасы қалды.  Ақын өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз.

 

Сызда, менің жүрегім, сызда жаным

Сызда, менің жүрегім, сызда жаным,

Жүзін көріп жез өкше – жүзі қараның!

Он екіде бір гүлі ашылмаған

Түрін көріп шылқа мас қыз баланың.

 

Сызда, менің жүрегім, арсыз ұлға,

Ата-анасы айналған жалшы қызға.

Бикештері көкектей «жұмыртқалап»

Дақ түсірген қазақи салтымызға.

 

Сызда, менің жүрегім аласұр да,

Жарамайтын туысқа, жанашырға.

Айуанға, адамдық ардан безген.

Қараниет қатігез қарасұрға!

 

Сызда, менің жүрегім, маскүнемге, 

Балта шапқан өзіне, қаскүнемге!

Сыздағанда ағайын өсегіне,

Өз қолымды өзіме кестірем бе?

 

Сызда ұрыға, саңылау жоқ жылынарға,

Қара таппай жүретін ұрынарға!

Жесір малын соярда, бейшараға,

Баукеспенің бүйрегі бұрылар ма?!

 

Сызда менің жүрегім алаяққа,

Пайдаланған жетімді қол-аяққа!

Сызда, менің жүрегім құзғындарға,

Қанішерлер өмірде жан аяп па?!..

 

Сызда менің жүрегім сыздадың-ау,

Өресізге өкпелеп мұздадың-ау!!...

...Аласарды адамдар сонша неге?

Қарай берем: биік шың, құзға мынау!

 

Бар өмірде өз өрем, өз аспаным,

Асылдардың сәулесі көз ашқаным!

Түсінсем – деп, сабылдым сөз астарын,

Өзіме ыстық – алғаным, адасқаным!

 

Күндемедім! Ешкіммен таласпадым!

Қызғанышты қағынтпай аластадым!

Алтын іздеп осылай тау аспадым!

Өз арнамда тасымай толастадым.

 

Бар өмірде өз өрем, өз аспаным,

Қызғанбадым басқа ақын алаштардың,

Жырға толы мәуелі ”ағаштарын”,

”Жал, жая жеп” өлеңнен ”қазы асқанын”!!

Бұйырса екен өзімнің аз ”астарым”!

 

Қызғаншақтық қазақтан арыла ма?

Күндестіктен іштері жарыла ма?!...

...Разымын! Бұйырған бұлақ-өмір!!

Құйылады бұлақтар дарияға!

 

Жан жылуы жетіспей сұйылғанда,

Дарияға тамшы боп құйылғанға,

Сылқ-сылқ күліп ”аққанға” тәуба! – дерсің,

Бұлақ-ғұмыр құдайдан бұйырғанға!!...

 

Жүрегіміз шимайға жібімеді!

Уақыт-Ханға келешек жүгінеді!

Алуан-алуан жүйрік бар, тағдыр – сыншы,

Әлді-әліне қарайлап жүгіреді.

 

Абай да емен, Махамбет, Жамбыл да емен,

Мен бір жұмбақ адаммын жан білмеген.

Жемісімді ұсынып сан гүлдеген,

Бөлеп өтсем болғаны ән, жырменен.

Күміс

Айнала күміс теп-тегіс:

Ақ күміс тарих – өткен іс.

Күлкі де күміс, бу күміс,

Сағым да күміс, су күміс.

 

Басында таудың қар күміс,

Өрісте ақ қой мал күміс,

Сәукеле киген асылдан,

Қосылған жаңа жар күміс.

 

Көмекей күміс, күй күміс,

Ақшаңқан ақбоз үй күміс.

Шағала, аққу бір күміс,

Аспанда ұшақ сый күміс.

 

Ақ сәуле шашқан ай күміс,

Ақбұлақ аққан сай күміс.

Ақша бұлт – шөккен ой күміс,

Отасқан қырық жыл той – күміс!

 

Ақ жорға күміс тайпалған,

Аппақ сүт күміс шайқалған

Ата жұрт күміс көзге ыстық,

Алтын дән күміс жайқалған.

 

Ақбасты ана, шал күміс,

Ақ жаулық күміс, сал күміс.

Ақ көңіл күміс, ар күміс,

Айнала күміс, бәрі күміс!

 

Ақ арман күміс – қанатың,

Ақ күміс – бақыт қонатын.

Адамның аппақ көңілін

Басқаннан сақта қара түн!!

Кірпігіңе сыйлайын, сынық сәуле

Жүрегіңнің ән қосып дүрсіліне,

Нұр қондырып гүлдердің бүршігіне,

Шомыла ғой алтын күн шұғылаға,

Сынық сәуле сыйлайын кірпігіңе!

Тәтті ойлар биледі бойды, мына,

Келші, жаным, оралшы айдыныңа!

 

Көмейіңе ән болып үйрілейін,

Көкірегіңді жыр болып күйдірейін.

Кірпігіңе сыйлайын сынық сәуле,

Шат-күлкі боп сылқ-сылқ күлдірейін.

Тәтті ойлар биледі бойды, мына,

Келші, жаным, оралшы айдыныңа!

 

Қанатыма қона ғой, көтерейін,

Жанарыңа ып-ыстық от өрейін.

Қыран тағдыр өмірден нәр алсын деп

асқақ-асқақ арманға жетелейін.

Тәтті ойлар биледі бойды, мына,

Келші, жаным, оралшы айдыныңа!

 

Құшағымды айқара ашып тұрып,

Жүрек қанын қайнатып тасыттырып,

Жіберейін көңілге күй толтырып,

Алыстағы арманға асықтырып.

Тәтті ойлар биледі бойды, мына,

Келші, жаным, оралшы айдыныңа!

Тоқтатпайды көңілдің құс-пырағы

Қара жорғам құлағын қайшылады,

Қалың бұлттан жарқырап Ай шығады.

Дала меңіреу, ел көшкен, айнала мұң!

Көңіл көктем құлазып ойсырады.

 

Тайпалады, жануар көсіледі,

Есінеді. Бірақ жол кешігеді.

Ақ көгершін арманым алға сүйреп

Асығуда көңілдің көш легі.

 

Қара терге шомылып пысқырады,

Алып қашып, сәл тартсаң күш қылады.

Тау асырып, ілгері алып-ұшып,

Тоқтатпайды көңілдің құс-пырағы.

***

Атақ, мәнсап, абырой дәметпеймін!

Ардан аттап, асқынып ары өтпеймін!

Бірі де жоқ сұғанақ әдеттердің,

Заңы солай керейдің, төлектердің!

Берсем болды рухани қорек деймін.

 

Халқым менің көреген, төрешім де,

Келешекте танисың, көресің де!

«Күйікпенен өртеніп өлесің!» - де!

Том-том жырды ешкім де жаттай алмас,

Бір өлеңім қалса екен, ел есінде.

 

Қалап алман жалынып абыройды,

Құлазиды! Көңілім аңырайды!

Жалмап қойды басымнан өмір ойды!

Шибұттарым осқырып танымайды!

 

Тас қамалмын оп-оңай алынбаймын!

«Алам!» – десең ала ғой жаным дайын!

Арындаймын! Жаманға жалынбаймын!

Ысқақұлы баяғы Берімбаймын.

Қоламтама өзімнің жалындаймын!

 

Өлең тербеп, кеудеме ән толғанда,

Талай мені тағдырым қаңтарған-ды!!

Жалған бермей еш мұрса жалтарғанға,

Халқыма қалдырдым мен қолтаңбамды!

Бөлісу:

Көп оқылғандар