Өз биігіне шыққан ақын

Бөлісу:

19.12.2023 2598

Егер бір ақыннан ешкімнің ойын қайталмаған жақсы бір шумақ өлеңін тапсаңыз, сөзсіз ол жақсы ақын болғаны.

Егер бір өлеңді оқығанда мазмұны есіңізде қалса, оның авторы айтқыш болуы мүмкін, бірақ, талантты ақын емес деп ұғыңыз. Егер өлеңді оқығанда көз алдыңда бір көрінісі қалса, әрбір сөз, әрбір детал қимылдап қозғалып тұрса, сіз сол арқылы бір нәрсе сезгендей, басқа бір әлемге тап болғандай күй кешсеңіз ол мықты ақынның өлеңі болғаны. 

Поэзия қазаққа жақын өнер, сондықтан да оған әркімнің таласы болатыны түсінікті де, заңды. Екі сөздің басын құрап өлең жазатын әр қазақ өзін мықты ақын санайтыны белгілі жағдай. Дейтұрғанмен қолына қалап ұстағанның бәрі ақын емес екеніне уақыт өзі куә. 

80 жылдарда Шинжаң қазақ поэзиясында үлкен өрлеу кезеңі басталды. Оның себебін екі жақтан түсіндіруге болатын: Біріншіден, Мәдениет төңкерісі кезінде аяғына тұсау салынған аға буын ақындардың жаңа тынысы ашылды, олар уақытқа кеткен есесін қайтарғысы келгендей өндіріп жазды. Сол топтың алдыңғы қатарында Задахан Мыңбай, Мағаз Раздан, Ғалым Қанапия,  Омарғазы Айтан, Серік Қапшықбай, Әбденбай Бажай, Құмарбек Сақари, Әзілбек Кіназбек, Сапиолла Баяндин, Сәден Әнуар, Бердібек Құржықай т.б. арқалы ақындар тұрды. Олардың жырлары поэзияға жаңа келген жастарға үлгі болғаны анық. Екіншіден, ұзақ жылдар тоқтап қалған Қазақстан мен Шинжаңның мәдени байланысы қайта жаңғырып, Қазақстан ақындарының жинақтары, Қазақстанда шығатын газет-журналдар бара бастады, бұл жаңашыл жас буынның тез өсіп жетілуіне рухани негіз болды. Әдебиет қашанда жастар арқылы дамиды, жастардың үні бөлек шықты. Оларда жастыққа тән жалын, таза сезім, заманға тән жаңашылдық және ізденіс бар еді. Шинжаң қазақ поэзиясына жаңа леп  әкелген  сол жастардың бірі, бүгінде алпысқа келіп отырған ақын Бауыржан Шормақұлы. 

Поэзияның құны көптігімен өлшенбес, дейтұрғанмен, көп жазу ақынды шыңдайтын машық екені даусыз. Бауыржан Шормақ өндіріп жазған, өлеңдері газет-журналдарда көп жарияланған, елге танымал ақын болды. 

Қазақ поэзиясы қуатты поэзия, бұған талас жоқ, алайда кемшіліктеріміз де жоқ емес. Бізде ақындардың өлеңдері бір-біріне ұқсап тұрады немесе басқа бір елдің ақынына ұқсатып жазамыз. Оны «қазіргінің Қасымы», «қазақтың Пушкині», «ХХ ғасырдың Есенині» - деп мақтаймыз, ақтаған түріміз болса керек. Бос далбаса, осы мақтаудан-ақ, әлгі ақынның көшірмеші екені көріп тұрғандай. Ақын Бауыржан Шормақты ұлылармен салыстырудан аулақпын, оның артықшылығы да сол біреумен салыстыруға келмейтін даралығында. Біреуге ұқсатқың келсе де, Бауыржанның жапыраққа тұнған шықтай мөп-мөлдір, ешкімге ұқсамайтын кіршіксіз жырлары ондай арзан мақтауға мүмкіндік бермейді, сондықтан да ол бақытты ақын. 

Ақынның өлеңдері сезімге бай, жылы лепті болып келеді. Өмірге келген әр адамның өз миссиясы болатыны белгілі ғой, бірақ оны біреу білер, біреу білмес, біреу адал атқарар, біреу көз бояушылық жасап елді де, өзін де алдап өмірін өксітер. Жаны таза талант иелері өмірлік миссиясын жанымен сезінеді де, сол үшін күреседі. Ақын поэзия үшін туады, сол жолда қуанады, жылайды, өртенеді, күйеді, қажет болса сол үшін өледі. Осындай жанкештілігі болмаған адам ақын болып жарытпайды. Бірақ, оның бәрі саналы мақсатты түрде іске асатын нәрселер емес, еріктен тыс бір күштің қалауымен орындалатын тылсым жұмбақ. Бауыржан Шормақ поэзияға адал ақын. Ол үшін дәлел іздеп әуре болудың қажеті шамалы, ақынды оқып көрсек жетіп жатыр. «Поэзиямен сырласу» атты өлеңіне назар аударып көрейік:

Қоншы менің қолыма, поэзия – киелім,

Ханға имеген басымды саған ғана иемін.

Мен ғаламды құшақтап әлдилеймін сен үшін,

Ақ дүниені аймалап, өзің үшін сүйемін.

 

Мен өзіңмен біргемін аспанда да, жерде де,

Мен өзіңмен біргемін есікте де, төрде де.

Қанатыңа қондырып, қайда барсаң ала кет,

Өтінемін мен сенен, орта жолда жерлеме.

Бұл ақынның өз рухымен сырласуы, ақын көңілі шексіз сүйіспеншілікке ие, ол үшін поэзиядан асқан қасиет жоқ, поэзия үшін не керек болса бәрін істеуге дайын, сондықтан оған бас иеді. Адам жүрегі сүюге жаралған, алайда нені сүйеді мәселе сонда. Басқаларды білмеймін, ақын  дүниенің сұлулығын, поэзияны сүйетіні анық. Алайда, әр ақын әртүрлі жолмен, әр түрлі мақсатпен сүйеді. Біреуі байлық үшін, біреу атақ-абырой үшін сүюі ықтимал, ал, шын ақынға дүниенің байлығы да, қызығы да керек емес, оның өз байлығы, өз қызығы бар, ол – поэзиясы. Сезімге еріп аспанға шығуға да, жер астына түсуге де, патша болып төрде отырып құрмет көруге де, есіктегі құл болуға да ақын дайын. Тек қана жанында поэзиясы болса болғаны. Өйткені ол оның киесі, мәңгілік арманы. Ақынға өлім де, тозақ азабы да қорқынышты емес, ал поэзиядан айырылып қалу сұмдық азап, оның тозағы сол. 

Шынына көшсек, бір ақынның барлық өлең жақсы бола бермейді, кез келген ақында жақсы өлең де, ортан қол өлең де, нашар өлең де болуы заңды. Талантты адам таңдап алмайтыны сияқты, ақын өлеңді тек өз қалуындай жаза алмайды, себебі, ол тәңірден келетін аян. Басқаша айтсақ өлең ақынның перзенті, адам баласының жақсы болуын армандайды, алайда, әр бала әр түрлі болып дүниеге келеді. Сол сияқты әр өлеңнің өз тағдыры, өз болмысы бар. Сондықтан нашар өлеңді кез келген мықты ақыннан табуға болады. Осы тұрғыдан келгенде Бауыржан Шормақтың да нашар, ортанқол өлеңдері болуы заңды. Алайда, оның жақсы өлеңдерінің бәсі биік. Ақынның оқырман жүрегіне қона кететін жақсы өлеңдер аз емес. Ақынның биігін сондай өлеңдерімен өлшейміз. «Мамырды сағындым-ау» өлеңінде:

Мамырда көк те гүлзар, жер де гүлзар,

Мамырдан алғаным бар, бергенім бар.

Мамырда жалғыз келген аққудайын,

Сұңқылдап жүреді ылғай менде бір зар, -

дейді. Алдымен көз алдыңызға гүлге оранған даланың ғажайып картинасы, сол көрініске қарап тұрған ақын бейнесі келеді. Оның көңіл қошы жоқ, жаны жабырқаулы. Неге қайғырып тұр дейсіз ғой? Оны білгіңіз келсе өлеңді әрі қарай оқыңыз. Әрине, онда да ақын сізге ештеңе айтпайды, жаңағыдан гөрі өзгешелеу бір көрініске тап боласыз. Жападан-жалғыз ұшып келе жатқан аққу. Жесір аққу ма, жетім аққу ма? Жоқ, ол жай ғана аққу емес, ақынның кеудесіндегі мұң мен зары. Жаңағы көркем көрініске мына сыңар аққудың өгей екені  белгілі. Енді жаңағы көріністердің бәрі өзгеріп сала береді. Мамыр ақынның жастық шағы, аққу жастай бастан кешкені мұң-зары. Демек, ақын мамырдағы гүлді далаға емес, өзінің қасіреті мен қайғысына, өкінші мен қызығы  аралас жастық шағына  қарсы қарап тұрғандай. Бұл өлеңнің артықшылығы осының бәрін ақын өзі айтпай оқырманға сезіндіріп, көрсете білгені. «Індет» атты өлеңінде: 

Ақшадан соққан қамалдар, ағысын ардың бөгейді,

Жамырата алмай келеміз көгенге тізген көп ойды,

Балапан кетіп басына, тұрымтай келіп тұсына,

Ардагер ақын азайып, саудагер ақын көбейді, - дейді. 

Тұтас бір кітаппен түсіндіре алмайтын қайшылық, бір ғана шумаққа сиып кеткен. Біздің ғасыр құндылықтар ауысқан, адамды ар-намыс емес, ақша билеген ғасыр. Мұны елдің бәрі де біледі, сөгеді, сынайды, бірақ, кез келген адам соған бейімделген. Ең қызығы адамдар өзінің ар-намысының оянбау үшін барын салуға бар. Ақынның сөзімен айтқанда «ақшадан қамал соғып» ар-намысын соған қамауда. Қарапайым халық емес, көптің ақылы мен сезімін тәрбиелейді дейтін ақындар да бұдан сырт қалмаған. Халыққа бағыт көрсетер абыздардың бұлай азғындауы алапат апаттың белгісі, бүгінгі күн ғана емес, болашақ үшін де орны толмас өкініш. Қазіргі қоғамның ең үлкен трагедиясы құндылықтардың бағаланбауы. Ақын оны «Ардагер ақын азайып, саудагер ақын көбейді»,-деп түйіндеген. Айтып отырғаны кітабын, еңбегін сатқан саудагер емес, ар-намысын сатқан саудагерлер. 

“Адам бақыттың басына қонғанын білмейді, ұшқанын біледі”, - деген аталы сөз бар. Бақыт көзге анық көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін сәуле тәрізді. Бақыт туралы жырламаған ақын жоқ, біреу «махаббатым бақытым», - десе, біреу «балалығым бақытым», - дейді, тағы біреулер бақытты байлықтан іздеді. Оның бәрі де асыл ойлар. Дегенмен бақыт туралы әр адамның өз пайымы болатыны белгілі. Бауыржан Шормақ «Ғасырға бергісіз минуттар болады» деген өлеңінде:

Талантты бастайтын шабыттың шыңына,

Елеусіз минуттар – бақыттың сынығы, - дейді. 

Тірі жүрген әр сәттің адам үшін жөні бөлек, ал, ақын шабыт қуған сәтінде бақытты да мерейлі. Бұл тұрғыдан келгенде бақыт деген уақыт.  Қабылдаңыз, қабылдамаңыз, өз еркіңіз, алайда бұл ақынның өз сөзі, өз сезімі, өз бақыты  бақыт туралы айтып отыр. Өз басым осы екі тармақты тұтас бір дастанға айырбастамас едім. 

Бауыржан Шормақтың өлеңдеріндегі ерекшелік образдылығында, алайда образ жасаймын деп жалтылдақ сөз қуып, қисынсыз теңеу іздеп шармашамай-ақ, қарапайым сөз тіркестерімен ұлы сезімдерді бейнелеп көрсете алған. 

Гүл аша алмай құмығып бүрісіп бүршік, бұтақтар,

Жапырағы саудырап жағада тұр жұтап тал.

Жанып бір кетсем екен деп сіріңкенің көксеп шырпысын,

Авторы тірі, өзі өлген, сөреде тұр кітаптар.

Өлеңді оқығанда көз алдыңызға табиғаттағы қуарған тал мен нәрі жоқ, мәнсіз кітаптар қатар елестейді. Адамға ой салатыны жағада тұрып қураған талдар яғни, судың жетіспеуінен емес, тамыры су тарта алмай қураған, ешбір құдірет құтқара алмайтын, тағдыры құрдымға кеткен тірлік. Оған параллель авторынан бұрын өлетін кітаптар тұр. Ол да талантсыздықтан, ізденістің  кемдігінен  туған шығармалар, оларды да құтқарып қалар құдірет жоқ.  Бұл ақынның да, ғалымның да, жазушының да ең үлкен қасіреті, өзі білмейтін дауасыз дерті. 

Адамды еркінен тыс меңгеріп тұрған дүние деген құдірет бар. Ол адам жаратпайды, бірақ кез келген адамды өз қалауынша илеп, өзіне керекті пендеге айналдыра қояды. Ішіп жеу, киім кию, ұрпақ өсіру, қоғамнан өз орнын табу үшін адам дүниегеде мұқтаж. Әдетте «Мен дүниеге алданбаған адыммын», «мен дүние қумаған кісімін», «маған дүниенің керегі жоқ», - деген сияқты сөздер көп айтылады, әсіресе, ақындар өздерін дүниеден жоғары санауға немесе солай көрсетуге бейім. Бауыржан Шормақ «Беу дүние – анам» атты өлеңінде 

Жаралдым жандым, өртендім, күйдім енші алып егей ғасырдан,

Бұлттарға міндім, нөсер боп құйдым, үйіріп қамшы жасыннан,

Ақын  болмысын жанып тұрған от қана емес, өз отына өзі күйген теңеуі жоқ тылсым тағдыр, сондай-ақ сезімі айныған ғасырға нөсер боп құйылған сезім, зұлымдыққа, шайтани пиғылға найзағай ойнатқан құдірет. Сондықтан ол бұлт болып келмей, бұлтқа мініп келген. Оған қарап ешкімге бас имеген, ешкімге кіріптар емес, еркін сезім иесі деп ойларсыз, алайда келесі жолдар ойыңызды мүлде басқа әлемге бастайды. 

Шаранам жарып өмірге алғаш келген кезімде дүр етіп,

Анамнан бұрын аймалап, құшып сипаған сенсің басымнан.

Дүниеге кіріптар екенін осылай суреттейді. Кейде дүние анаңнан да жақын, оның себебін ақын шыр етіп өмірге келгенде алғаш көретіні анасы емес, айналасындағы дүние екенінен іздейді. Сондықтан дүниеге құмартып, соған еліктеп, соған ұқсау адам болмысына тән.  

Беу дүние – анам сен шындық болсаң, мен де өзіңдей шындықпын,

Беу дүние – анам, сен жалған болсаң мен де өзіңдей жалғанмын.

Адам болмысындағы осалдықтың шын сыры осылай ашқан. Талантсыз ақын болса, «дүние сен жалған болсаң мен сені түзетуге келдім», - деп өзі сенбейтін өтірікпен өзін де,  елді де алдар ма еді, қайтер еді? Дүниеден түбегейлі бас тарту адамға жат, өйткені тіршіліктен қымбат ештеңе жоқ. Не істесең де тіршілік үшін істейсің, сондықтан дүниенің ығына жығыласың. Келесі бір өлеңінде дүние жалғандығын мүлде басқа қырынан көреді: 

Мынау жалған дүние, жалған күлдім жыладым,

Жалған жүрек, жалған бас, жалған көзім, құлағым,

Үстімдегі жалған күн, қойнымдағы жалған түн,

Жарымағыр жалғаннан жалған бақыт сұрадым.

Бауыржан Шормақтың жастық шағы қайда өткенін білетін оқырманды бұл шумақ, әсересе, ондағы автор атынан айтылған қоғам алдындағы адамның шарасыздығы мүлде басқа ойға жетелейді.

Бауыржан Шормақта сұңқылдап зарлау, бір нәрсені түнсіндіру жоқ, тұтас өмірдің картинасын жасауға тырысады. «Мен бір сырқат кісімін» өлеңінде:  

Жел көтеріп туырлық түндігімді,

Қазынама құяды күл-күбірді,

Асан құсап аңырап іздеп жүрем,

Көміп кеткен, ғасырлар, шындығыңды.

 

Мен бір сырқат кісімін ағайындар,

Кім бар маған дәрумен тағайындар,

Жүрегім қатып қалған Мұзды Мұхит,

Мекендеген ит, балық, ақ аюлар.

Алапат апатқа тап болған, басындағы баспанасын жел шайқап, үйдің ішін күл-қоқысқа толтырған. Арыға бармай-ақ қоялық, 20 ғасырдың басынан бері Шинжаң қазақтарының туырлығы мен түндігін сыпырған боран аз болмаған. 30-40 жылдар соғыспен қырғынмен өтті, оған 59 жылдан басталған оңшыл, ұлтшылдыққа қарсы күрес пен мәдениет төңкерісі кезіндегі елдің тартқан азабын қосыңыз. Осындай елдің ақыны ауыру болмай не болмақ, өткен уақыттың шындығын ақын іздемей кім іздемек. Бірақ шындықтың түбіне жете алмайды, білмегендіктен емес, шарасыздықтан, сондықтан оның жүрегі «Мұзды Мұхит» болып қатып қалған. 

Қазақтың болмысы өзгеріп бара жатқандай, бұрынғы жылқы мінез қазақтың орнын қой мінезді қазақ, бұрынғы бөрі намысыты қазақтың орнын ит намысты қазақ басқандай күйдеміз. Соның бір көрінісі Азияның көкжалы болудың орнына Азияның барысы болуға ұмтылдық, цирк ойында иесіне адал құл болатын, кәдімгі барыс, тегін қусаң мысық. Демек, көкжал болудан мысық болуды артық көрдік, ұранымыз ұсақталды. Тарысы піскен жұрттың тауығы болуға дайынбыз. «Тауық тағдыр» өлеңі дәл осындай ұлт болмысындағы өзгерісті көз алдыңа әкеледі.

Маңғаз өлке кең құшағын керіп бір,

Сәуір туар, ашар жайнап өрік гүл.

Күресінде күн көрісін жасаған,

Басымызға тауық тағдыр төніп тұр.

Заман оңалар, бірақ ол кезде біздің болмысымыз өзгеріп кетпесе жарар еді дейсің. 

80 жылдарда поэзияға келген жастар қиын кезеңде туғандар, олар елдің өз еркімен күн көрген еркін заманын көрген жоқ, көргендері  ашаршылық, жазықсыз ұсталған жандар, әділетсіздік. Бесік жырының орнына айқай ұран, саяси үгітін естіп өсті, Бауыржан Шормақ «Олар мен біз» өлеңінде:

Одағай күндер өтті, жаңылыс, жаңсақпенен,

Көрмеген ізгілікті, көз ілмей аңсап келем.

Көлбеңдеп көз алдымда көшпелі құрметтер жүр,

Үйіккен қаншық иттей мәртебе мансаппенен.

деп жырлады. Қазақ тарихына қатысты шындықтар барынша бұрмаланғанын білеміз, бұрмалаудың күштілігі сонша, тарихымыз туралы шындыққа көп адам әлі де сене алмай жүр. Өйткені жүрегіне жалғандық орнап қалған.

Бір ақынның ешкімге ұқсамайтын бір өлеңі болса ол бақытты ақын дер едім. Талант дегеннің өзі түптеп келгенде даралық. Өзіндік болмысы, айқын қолтаңбасы, өз үні болмаған ақынды ақын деу қиын. Бауыржанның жырлары өзіне тән айшығымен, уақытқа түсін бермейтін, оңбайтын қоңырқай бояуымен басқалардан ерекшеленіп тұратын қасиетке ие. Қысқасы Бауыржан Шормақ өлең арқылы шоу жасауға тырыспаған, тау жасауға тырысқан, өз жолын тапқан, өз үні бар, өз биігіне шыққан ақын. 

Оның шыққан биігі қандай? Жасаған тауы үлкен бе, кіші ме? Оның бағасын әділ уақыт көрсетер, халық – ғазы өзі айта жатар.

Иманғазы Нұрахметұлы

Ф.ғ.к., түрколог, ақын, жазушы,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

Бөлісу:

Көп оқылғандар