Ақын – елдің ардағы

Бөлісу:

22.12.2023 1098

Ақын-жазушылармен кездесу оқушылардың ішкі жан-дүниесін байытып, ерекше шабыт сыйлайтынын бірнеше рет байқадым. Оқушы тұрмақ, ұстаздар да жігерлене түсетіндей. Мұндай кездесулерден соң олар ақын-жазушылардың идеяларды қалай табатыны, шығармашылығын қалай дамытып, қиындықтарды қалай жеңетіні туралы біле алады. Бұл оларға шығармашылық үдеріс тек шабытпен ғана емес, сонымен қатар еңбекпен, табандылықпен және өзін-өзі дамытумен байланысты екенін түсінуге көмектеседі. 

Осындай ерекше кездесулердің бірі Астана қаласында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектепте ақын, жазушы, қоғам қайраткері, сазгер Әкім Ысқақпен өтті. Кездесу аясында ақынның «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» атты кітаптарының тұсаукесері де болды. Бірнеше шығармасы мектеп оқулықтарына енгендіктен, оқушылар жазушы шығармашылығымен танысып үлгерген еді. 

Кездесуге «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Толымбек Әбдрайым, «Әл-Наир» баспасының директоры Әйгерім Сансызбаева, Астана қаласы Білім басқармасының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің әдіскері Жанар Сейдахметқызы, Астана қаласының кітапхана меңгерушілері, Астана қаласы әкімдігінің 83 және 38 мектептерінің педагогикалық ұжымы, №83 мектептің қазақ тілі әдістемелік бірлестік ұстаздары және мектеп оқушылары  қатысты. Осы іс-шараның сәнін келтіріп жүргізе білген Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, продюсер, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Алтын Махамбетованың да ерекше еңбегін атап өткеніміз жөн. 

Кешіміз құлақтан кіріп, бойды алған мектеп домбырашыларының орындауындағы тәтті күймен басталып, Әкім Ысқақтың әдемі де әсерлі өлеңдерімен жалғасты. 83 және 38 мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Мұның өзі ақын шығармашылығына деген құрмет емес пе?! Кездесу барысында Әкім Ысқақтың өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, авторлық әндері де шырқалды. Оқушылар ақын шығармашылығына байланысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, автормен пікір алмасты. Әкім Ысқақтың «Күн Ұлымын», «Біздің Бапақ» атты кітаптарының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Ендігі тілегіміз, оқырманның сүйікті кітаптарының қатарынан табылғай. 

Шара соңында Ыбырай Алтынсарин атындағы 83 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бейсетаева Ақтолқын Қыдырбайқызы ақынды құттықтап, қазақи жол-жоралғысын жасап әдемі кешті аяқтады. Осы кешке жиналған әрбір оқырман рухани азық алып, ерекше жігерленіп қайтты деп нық сеніммен айта аламын. Еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастаған Әкім ағаның тағылымды ғұмыры қай оқушыға да үлгі-өнеге болары анық.

 

Қабыланбаева Надира Аманханқызы

Ыбырай Алтынсарин атындағы

 № 83 мектеп-гимназиясының 

қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі 

Бөлісу:

Көп оқылғандар