Адами мұрат және  имани құндылықтар

Бөлісу:

25.12.2023 1820

(Қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының  шығармашылығы хақында)

Жазушы-драматург, филолог-ғалым Жолтай Жұмат-Әлмашұлы университеттегі білім алушылармен кездескенде әдеби үдеріс, шығармашылық зертхана төңірегінде өзіндік тәжірибесімен бөліскен-ді. Әсіресе, әдеби шығармашылық, тақырып мәні, қиял дүниесі, жанр жүйесі, кейіпкер әлемі, көркемдік құбылыстар хақында да кең көлемде ойлар мен толғаныстарын ортаға салған-ды. Оны, әсіресе әр жылдарда жазған бірқатар романдарымен («Ұмытылған ұрпақ», «Оянған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы», «Ащы да тәтті өмір»), драмалық туындыларымен («Бәйтерек басындағы кездесу», «Абақты-ғұмыр», «Ай астындағы алтын шаҺар», «Мұңмен алысқан адам», «Тірі жан», «Ғұлама ғұмыр», «Жапон аруының арманы») байланыста, сабақтастықта сөз етті. Ортақ мұрат, мәнін де айтты. Бұдан басқа, ғылыми еңбек, тарихи эсселері туралы да бірқатар мағлұматтар берген-ді. Ал, тұлғалар бейнесі мен болмысы, қайраткерлік Һәм шығармашылық қырлары – «Әбу Насыр әл-Фараби», «Қожа Ахмет Ясауи», «Мұхтар Әуезов», «Сұлтанбек Қожанов», «Нәзір Төреқұлов» сынды кітаптарынан көрініс берсе, «Найзашың», «Жеті жебе», «Ел мен елес», «Махаббат пен өшпенділік кітабы» т.т. қоғамдық жағдай, заман шындығынан өзге, адам мұраты, өмір мәні терең танылады. Адам әлеміне еркін енеді. Жан құбылыстарына мән беріп, өмір өзегі – адами мұраттар мен имани құндылықтарда жатқанына жіті назар аударады.

Алдымен қаламгердің  филолог-зерттеуші ретінде бітірген шаруалары мен бірсыпыра еңбектерін еске ала отырып, осы бағытта әңгіме өрбітіп байқалық. 

                                          «Әуезовтің жұмбақ әлемі»

Қаламгердің ғылыми-танымдық  еңбектері арасында – «Әуезовке қайта оралу» (1998), «Әуезовты ардақ тұтқан» (2002), «Әуезовтың жұмбақ әлемі» (2005) атты кітаптары бірқатар басым бағыттарымен, тақырыптық ерекшеліктерімен көзге шалынады. «Әлемнің Әуезові» - адами мұраттарымен, жазушы еңбегі мен шығармашылық Һәм зертханалық қырларымен де ден қойғызды. Айталық,  «Әуезовке қайта оралу», «Әуезовтың жұмбақ әлемі»  атты монографиялық еңбектер – қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің талант табиғаты мен қалам қуатын, ізденіс арналары мен дүниетаным иірімін, көркем ойлау жүйесі мен өмір тағылымын, тәжірибе тәлімін кең түрде қарастырады. Еске алсақ, «Әуезовтің жұмбақ әлемі»  – даңқты қаламгердің әдеби мұрасын кең түрде қамтып, көркем шығармашылықтағы психотрагизм мен психокомизм мәселелерін ел әдебиетіндегі юмор мен сатира төңірегінде өз ара байланыста қарап, әдеби-теориялық аспектілерін, көркемдік-эстетикалық мәнін, жан құбылыстарын ашуға қатысты өзекті қырларын жан-жақты ашады. Ол, әсіресе зерттеу еңбектің тарауларынан («Мұхтар Әуезов шығармаларындағы психотрагизм», «Мұхтар мұрасындағы психокомизм», «Әуезовтің ғылыми еңбектерінде психотрагизм мен психокомизм мәселелерінің зерделенуі», «Әуезовтің шығармашылық шырғалаңы және кейбір көркемдік туралы ойлар»), ондағы тақырыптық ізденіс пен көркемдік кеңістігіне қатысты көзқарас жүйесінен, зерттеп-зерделеу мен танып-талдау мұраттарынан айқын аңғарылады. Атап өтерлік жайт: көрнекті қаламгер шығармашылығындағы психокомизм мен психотрагизм мәселелері – шағын, орта Һәм көлемді жанр жүйесі негізінде кең өріс алып, адам мұраты мен өмір мәні, жан құбылыстарындағы әр алуан белгі-ерекшелік, әрекет-қимыл, көрініс-суреттер, күлкі мен мысқыл, мұң мен шер, өмір-тұрмыс сырлары сатира мен юмор иірімдері негізінде кең көлемде қарастырылады. Әсіресе, жазушының әңгіме-хикаяттары («Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Ескілік көлеңкесінде», «Білекке-білек», «Іздер», «Қасеннің құбылыстары», «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қилы заман»), романдар жүйесі («Абай жолы», «Өскен өркен»), драматургия діңгегі («Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Тас түлек», «Тартыс», «Алма бағында»), аударма ажары («Асауға тұсау», «Отелло», «Ревизор», «Дворян ұясы», «Ақсүйектер», «Қорқыныш», «Любов Яровая») кең түрде ашылып, бірқатар барлау-талдау өзегі етіліп, байыпты баяндалады. Сондай-ақ, халық әдебиеті нұсқалары мен көсемсөз көкжиегі, зерттеу еңбектеріндегі сатира мен юмор элементтері М. Әуезовтің шығармашылық мұрасымен, Ж. Аймауытұлы, Б. Майлин, Ғ. Мүсрепов т.б. тақырыптық-көркемдік мұраттарымен байланыстырылып, әдеби-теориялық қисындармен, шығармашылық зертхана мәнімен айқындалып, мың сан мысал-деректер, салыстыру-салғастырулар негізінде кеңінен дамытылып, байыпты сөз етіледі. 

Бұдан басқа, жазушы еңбегі мен ғұмырнамасының кейбір кезеңдері – 1920-30 жылдардағы еңбектері төңірегінде өріс алады. Сын жебесіне ілінген – «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Қилы заман», «Бекет», «Әдебиет тарихы» туындылары төңірегіндегі келеңсіз көрініс, үстірт көзқарас, табансыз әрекеттер мәні әр алуан мысал-деректер негізінде байыпты дамытылып, дәлелді дәлдіктер негізінде дәйектеліп, жүйелі дамып отырады. Ал, «Абайдың шәкірттері», «Абай жолы» жөніндегі жөн-жосықсыз, қисынсыз сындар ақиқаты да көркемдік кілті – шындық аясында көрініс табады. Ақиқат айнасы – уақыт рухымен сабақтастықта сөз етіледі. Кеше мен бүгін байланысы, уақыт тынысы терең танылады. Сонымен бірге, М. Әуезов әлеміндегі бірқатар қаламгер-қайраткерлердің (С. Қожанов, М. Шолохов, Б. Кенжебаев, Н. Оңдасынов т.б.) адами әлемі мен өмір мұраттары, өз ара қарым-қатнасы, достық байланыстары, орын-үлесі де тиісінше мәнді сөз етіліп, ортақ мақсат-мүдделері, шығармашылық миссиялары айқындалады. Ақиқат алдында, ар ісінде – шындық шырағын қолға берік ұстайды. Жазушы еңбегі мен шығармашылық әлеміндегі - трагизм мен комизм табиғаты мен тарихы, теориялық аспектілері, жанрлық-көркемдік Һәм эстетикалық құндылықтары айқындалады. Көркем туындыға қатысты бірқатар талап-өлшемдер (298 бет), шағын Һәм хикаят, драма жанры жөніндегі  талғам таразысы (300-302 беттер), қайраткерлік Һәм қаламгерлік бағыт-бағдарлар (304-325 беттер) мәні де көркемдік құпиясынан мол сыр ашады. Көркемдік ойлау жүйесі мен шындықты жеткізу жолында – сатира мен юмордың мәні айқындалады. М. Әуезовтің шығармашылық мұрасының табиғаты мен тағылымы, мәдени-рухани Һәм көркемдік кеңістігі кеңінен көрсетіледі. Автор бұл бағыттардағы іргелі ізденіс пен ұстаным жүйесін былай білдіреді: «...М. Әуезовтің көркем мұралары, егер терең трагизм мен комизмге астарлы әзіл, ащы мысқылға жұтаң болғанда, ол сөз жоқ, өзінің көркемдік келбетін де әлсіретіп алар еді. Мұны жазушы жақсы түсінген, сосын да әрбір көркем дүниесінде күлкі мен қалжыңға мейлінше мол орын беріп отырған...М. Әуезов мұрасында психотрагизм мен психокомизмнің алатын орны өзгеше. Ол, ең алдымен, трагедиялық әңгіме-хикаят, роман жазудың хас шебері болып танылады. Әрбір көркем дүниесінде психотрагизм ағыны мен мұндалады, ол әрбір кейіпкерінің бойынан да, ойынан да көрініп тұрды» (сонда, 330 бет). Әлемдік даңқы зор - «Абай жолы» роман-эпопеясы төңірегіндегі ойлар мен толғаныс, түйін-тұжырымдар да зерттеу-зерделеу зердесінен талғам-таразыны танытады, әрі мәнді сыр, маңызды қырларымен ден қойғызады: «... «Абай жолы» романы – тек ұлы ақынның өмірі ғана емес, ол – қазақ халқының шежіресі, ұлтымыздың асқақ рухы. Шығарманың тіні – сондай асқақ рухты ел ғана Абайдай кемеңгер ақынды тудыра алады. Осы идеяны ұлы суреткер жер жүзіне кестелі тілмен, көркем оймен, соны суретпен, айшықты бояумен бере алды. Сонсын да әлем зиялылары бұл туындыны қуана қабыл алды, жүрегіне жақын санады, рухани озық дүние ретінде төрге тудырды. Бұл – бірінші жағы. Ал, екінші жағынан алғанда осы романы арқылы ұлы суреткер қазақты халқына танытты деуге болады. Өйткені, мұндағы кестелі тіл – қазақтікі, мұндағы кесек образ – қазақтікі, мұндағы кемел ой – қазақтікі, мұндағы терең сезім – ол да қазақтікі. Осындай өзгешелік, менмендік, жалқаулық, рушылдық, шенқұмарлық, топастық, көреалмаушылық – бәрі де қазаққа тән. Жазушы өз ұлтын сүйе отырып, кемшілігін де жасырмайды, қайта соны көпке әшкерелеп, әжуа етеді. Демек, «Абай жолы» - ұлтымыздың адымы, ұлтымыздың кемелдікке деген ұмтылысы, кемшілігімізді кесіп түсер ақсемсер...» (302 бет). Негізінен, «Әуезовтің жұмбақ әлемі» классик қаламгердің шығармашылық мұрасындағы психотрагизм мен психокомизм табиғатын кең түрде қарастырып, әдеби-ғылыми қырларын айқындап, мәдени-рухани аспектілерін ашып, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан танып-талдап, шынайы шындықтар аясында салыстырып-салғастырып сөз етуімен де мәнді болып табылады.

                                            «Қаратау қаһары»

Танымал қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының прозалық шығармалары жайлы арнайы сөз етуге болады. Әсіресе соңғы кітабы жайында тереңірек қазып айтуға негіз бар. «Қаратау қаҺары»  атты Әжімтау етегіндегі екі әулеттің өмір-тарихы мен болмыс бедерін, кәсіп-дағдысы мен тіршілік тынысын, тұрмыс сырларын кең көлемде көрсететін туындысы – «Қазіргі қысқа романдар» аясында жарық көріпті. (Қалдан-Жәлден, 2022.- 388 бет).

Аталған туынды екі кітаптан тұрады: бірінші кітап – «Қария мен құмырсқа» (роман-ирония), екінші кітап – «Қаратау көкжалымен қоштасу» (роман-эпилог). Көлемдері бір-біріне жақын, мазмұн жүйесі мен баяндау мәнері тартымды, мәндес-сабақтас жайттар сөз етіледі. Қазіргі қысқа романдар баянына тән – Әжімтау етегіндегі екі әулеттің өмір-тарихы, дәстүрі мен тұрмысы, отбасылық тыныс-тіршілігі негізгі желіні құрайды.

Алдымен ойға оралғаны, ежелгі Қаратау өңірі, ел-жер жағдайы, адам өмірі мен еңбегі, кәсіп-дағдысы, дәстүрі мен дүниетанымы, тарихы мен таным арналары, болмыс бедері, қарым-қатнас мәні, тәлім-тәрбие арналары, тұрмыс сырлары, сыйластық иірімдері кең түрде көрініс береді. Автор ел-жер жағдайын, ауыл адамдары мен өмір-тұрмысын, кәсіп-дағдыларын, қарым-қатнасын әр алуан арнада бедерлі бейнелеп, тиісті тұста әңгіме-дүкен, диалог-монолог аясында дамытып, дала дүниетанымын терең білетіні айқын аңғарылады. Әсіресе, ауыл-аймақтың, ел-жердің өзіндік белгі-ерекшеліктері барын ескерсек, адамдары да әр алуандығымен жұрт жадында қалып қояды. Тіпті сол ауыл-аймақтың өзінде жұртқа беделді-белгілі адамдардың бары анық. Ондай адамдар ел-жер жағдайын жақсы біледі. Ауыл адамдарын, еңбек-кәсібін, қарым-қатнасы мен өмір тұрмыстарына да жетік. Ауыл арасындағы қуанышты-сүйінішті тұстарда, қайғы-қасірет әкелген топырақты өлімде де жиі ұшырасады. Көпке  ортақ мәселелер мен кереғар жағдаяттар төңірегінде жиі бас қосады. Ауыл аймақ пен ағайын арасындағы келеңсіз көрініс, кереғар жайттарды да бастапқы тұста бірді-екілі адам болып сөз етсе, бертін келе бірлесіп талқылап, ортақ келісімге келетін тұстар да орын алып отырады. «Ауылыңда дана қартың болса, жазып қойған хатпен тең»,- деген халық тағлиматында қатпарлы тарих бедерімен бірге, дәстүр мен дүниетаным арналары, тәлім-тәрбиелік те, өмір тағылымы да, шынайы шындық та  мол.

«Қария мен құмырсқа» (роман-ирония) атты алғашқы кітаптың бірінші баянындағы – «Қария жолы» ауыл-аймаққа есімі мен еңбегі кеңінен таныс Абыз қарттың (шын есімі – Абылбек) күйзеліске түскен, көкжөтелі асқынып, өкініш өзегін өртеген жайсыз жайттармен басталады. – Әттең, әттең, әттең-ай!-деп басы қатып, бауыры езіліп, бордай үгітіліп,өзекті өртеген өкінішті үні басым болып, мазасыздық бойын билеп алады. Күндіз-түні көз ілмей, уайым-өкініш бойын билеп, жан құбылыстарына мазасыздық «ұя салып»,  тыныштық бермейді. Құрбақа дауысты қыли шал Қаңбаққалидың келетін тұсы да осы кез. «Бас жарылса, бөрік ішінде»,-деп болған істі, орын алған жайтты қайта қозғайды. Тома қыздың жайын, әкесі Тоңбайдың әрекетін еске салады. «Жұрт еліре көтеріліп, дабыра салып, дүрлігіп барады»,-дегенді де қаперге салады (5 бет). Алайда, Абыз қарт істің мән-жайына терең еніп, ақыл таразысына салып, жүрек әміріне ден қояды. Тиісті тұста: « - Баланы ой-қырдан түгел тінтіп іздетіп жатырмын,-деді. – Тапқан сәтте сол Тоңбайдың алдына өзім алып барам. Не кесім шығарса да, өзі айтады. Соның сөзіне бәріміз бас шұлғып, құлдық ұрамыз. Көңіл түкпіріндегі кесімді ойым осы»,- дегенді бүкпесіз баяндайды (7 бет). Автор осы тұста қос қарттың (Абыз бен Қаңбаққали) отан мен отбасы, ұл мен қыз орны, ұлттық тәлім-тәрбие төңірегіндегі өз ара әңгіме-сұхбаттарын телағыс өрістетіп, маңызды Һәм келелі жайттарын кеңінен қозғайды. Абыз қарт бастапқыда: «- Әуелі бала болса екендеп арман етеміз, ал сосын...Жақсы адам қалпымен өссе деп армандаймыз. Пенделік арманы құрғұр барлық уақытта алдыңа түсіп, томпаңдап жүгіре беретін тарғыл тазы емес, сағымдай алдамшыланып бұлаңдарын кім білген»,-деп сөз асылы мен тұма бастауын арыдан тартады. Кезекті тұста Қаңбаққали: « - Өйтіп үгітіліп сөйлемеңіз. Ұлыңыз қай ұлдан кем қалып өсіп еді?Асан да, Жасан да, тіпті кенжеңіз Хасан да ел көзіне түскен, ел қызығарлық балалар...Қызыңыз Ханымай дос түгіл, дұшпанның да көңілі тоят табар сүзілме сұлу!»,-деп қолдап-қоштап, көтермелей сөйлеген-ді (8 бет). Алайда, Абыз қарттың бойында, жан құбылыстарында өкініш пен уайымның, мұң мен шердің салмақ-сыры сәт сайын сезіліп тұрды. Жанына жара салған жайт: Абыздың ұлы – Жасан мен Тоңбайдың қызы – Томпыштың (Тома) бейуақытта кездесіп, әмпей-жәмпей күйге түскені, ертесіне ел арасында әңгіме тарайды. Жасан болса, ертесіне Алматыға жедел жүріп кетеді. Томпыш (Тома) болса, асылып өлмекке әрекет еткен көрінеді. Жасанды жиі ауызға алып, сағыныш-сүйіспеншілікке толы сезім сырларын қайталайтын болады. Қыз әкесі елден жырақ кетемін деп көші-қон әрекетке белді бекем буады. Кемпірі Қампыш та қолдап-қоштап, көшудің қамына кіріседі. Елдегі осы әңгіме өзегі ауыл-аймаққа тез тарайды. «Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйда үзер ме?» ,-деген халықтық тағилиматтан алынған жағдаяттар да ел ішінде еркін кезеді. Ар мен ұят, намыс оты да қатар көрініс береді. Әсіресе, Абыз бен Тоңбай отбасына ауыр тиіп, сәт сайын өрши түседі.

Анығында, «Түйелі» ауылындағы Тома әрекеті алыс-жақынды, ауыл-аймақты сан-салалы «әңгіменің» өзегіне айналады. «-Тоңбайдың ақылсыз, есалаң қызы, жеңілтек қыз» атанады (18-19 беттер). Ауыл адамдары мен екі адамның (әйелдің) басы қосылған жерде – Жасан мен Тома «кездесуі» тілге тиек болады. Жасанның ауылдан кетіп, Томаның өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де мың сан әңгіменің өзегіне айналады (26 бет). «Үш жесір» - Бұйраш, Ираш, Сайраш та өз тараптарынын отқа май құйып, жалындатып-лаулатып, дамыта түседі (31-32 беттер). Тоңбайдың ауылдан кетемін, біржола көшемін!-деген әрекеті мен жазбаша хаты - «Түйелі» ауылының әкімі Таласханды да мазасыз күйге түсіреді. Абыз қарт алдына келіп, ортақ мәміле-шешім жөнінде сыр-сұхбат құрады (28 бет). Ауыл мәслихатындағы жүйелі сөз, мәнді шешімді Абыз қарт жұртқа жеткізеді: « - Шешім мынау: Тонтеке, қарсы болмасаң, қызыңды келін деп қабылдап, болашақ сәбиге ата жөнімен қарауға бел байладым. Ол байғұсты бетінен қағып, кінәламақ емеспін. Бұдан былайғы бар ауыртпалығын өз мойныммен көтерем» (38 бет). 

Бұдан байқалғанындай, Абыз қарт жас босанған Томаны ұлымен бірге үйіне кіргізеді. Өзі де төсек тартып жатып қалады. Қалберген тәуіп ем-домын жасайды (70 бет). Араға едәуір уақыт салып оянған Абыздың түсінде көрген, жәндікке айналған әңгімесін ауыл қарттары – Ақбас сәуегей, Қаңбақ, Шонақ т.б. тыңдап, таңданыс білдіреді (71-74 беттер). Автор ауылда орын алған, ел ішіне тараған отбасылық жайттарды байыппен баяндап, үлкен-кішінің қабылдауы мен көзқарас жүйесін назарға алып, арғы-бергі кезеңдердегі дала дүниетанымындағы оңды үрдістермен телқабыс көрсетеді. Абыз қарт бейнесін ақыл-парасаты мен өмірден көрген-түйгені мол, тәлім-тәжірибесі зор, ұлағаты да ерен, өршіл рухты, өнеге иесі ретінде көрсетеді. 

Келесі кезекте Абыз қарт ауыл қарияларын жинап, елдік мұрат-мүдде, қарттық жайында байтақ әңгіме қозғайды. – Соңғы уақытта сөзіме селкеу түсті, ойлағаныма айтар уәжім ілесе алмай қалады. Мұны өзім де сезіп жүрмін,-деген-ді. –Елге билікті лебіз айту – өте жауапты іс. Ақсақалшылығымды ақтай алдым ба, жоқ па – өзім де білмеймін,-деп те жан құбылыстарындағы ерекшелік-өзгерістер төңірегінде де едәуір сөз қозғайды (112 бет). Көңіл толқынына ерік беріп, жан-жүрек сырын да анық-қанық айтып, бүкпесіз-боямасыз жайып салады. Сезім мен сүйіспеншілік хақында да көңіл түкпіріндегі жайттарды да кедергісіз жеткізеді. Ара-тұра Бұйрашқа да көз салып, Тоңбайға да назар аударады. Негізінен, ауыл адамдарымен болған әңгіме-дүкен баянынан Қаратау оқиғасы, ауыл-аймақтың бірлік-берекесі, некесіз келін мен заңсыз туған ұл, аттың ақсағаны да айқын аңғарылды. Елдік сипат, халықтық дүниетаным, өмір тағылымы да танылды.

Абыз қарттың түпсіз ойдың өзегіне, мың сан қабатты терең иіріміне  еніп, санасындағы елес-әлеммен етене болғаны да назар аудартады. Тіпті, түс әлеміне еніп, сарыалтын жәндікке айналып, аспанға ұшатыны да бар. Қара, көк қоңыздар, тым шағын жәндіктер әлемі де жан құбылыстарына әсер етіп, көз алдына келеді. Жыбырлаған жәндіктер – құмырсқалар болып шығады. Қос тұлпар – Құбақан мен Құбабесті де көз алдынан өтеді (114-116 беттер). Анығын айтқанда, ататарихтағы мың сан аласапыран кезең көріністері, Ежелгі Қаратау өңірі, ел-жердің  қасиет-құдіреті, ондағы өмір өрімі, оқиғалар желісі, адамдар қарым-қатнасы, әрекет-қимылдары, еңбек тынысы, тірлік-тұрмыс иірімі де нанымды өріс алады. Дала дипломатиясы мен дүниетанымына қатысты жайттар – ауыл өмірі арқылы көрініс береді. «Қаратау қаҺары» баяны, Әжімтау етегіндегі – «Түйелі» ауылындағы алуан көрініс, әр қилы оқиғалар желісі, адамдар қарым-қатнасы, әрекет-қимылы, дағды-кәсібі, жүріс-тұрыстары, ой-сөз жүйесі – қазақ өмірін, дістүрі мен дүниетаным арналарынан мәнді сыр, маңызды жайттар қозғайды.

Ақиқатында, өзекті жанға бір өлім. Абыз қарияның өмір сапары аяқталып, «Ақата» зиратына жерленеді. Жасан көз жасын көрсетпесе, Тома көңіл шерін дауыс шығарумен білдіреді. Тіпті: «Томаның үні көпке дейін ауыл аспанында аза жырындай тұрып алып еді» (116 бет). 

Байқалатынындай, «Қария мен құмырсқа» (роман-ирония) туындысында Абыз қарт пен оның отбасы, ауыл-аймақтағы беделі мен орын-үлесі, Жасан мен Томаның «махаббат маусымына» қатысты әр қилы көзқарас, алуан әрекет-қимылдар көрінісі, ауыл ақсақалдарының (Ақбас сәуегей, Көккөз молда, Қаңбаққали, Шонақ т.б.) жиыны көп жайттарды қозғайды. Әсіресе, некесіз келін, заңсыз туған ұл жайы негізгі назарда болады. Жасан мен Тома мәселесі – ауыл-аймақ Һәм «Түйелі» төңірегін, ақсақалдар шоғырын мазасыз күйге түсіреді. Ертеректе орын алған – Шонақ пен Торсық қатнасын да ойға оралтады (17 бет). Ол тұста – Таңқурай мен Бексырға арасындағы сүйіспеншілік соңы қайғылы жағдайға ұласқан-ды. Яғни, Бексырға жүрегіне қанжар салып, өмірден өткен еді (16 бет). Ал, Жасан – Тома қатнасы басқаша бағыт алып, өзгеше өріс алады. Олар оңаша кездескеннен кейін, Жасан қалаға кетеді. Тома жүкті болады. Абыз қарт шешімімен – Тома сәбиімен Жасан үйіне енеді (38 бет). Жасан болса, кездейсоқ жиені – Жекенмен кездесіп (42 бет), кірпіш зауытына жұмысқа орналасады (44 бет). Есімбек, Тобылберген сынды желтоқсаншылармен кездесіп, азаттық пен бостандық мәніне ден қояды. Ел мүддесі мен тағдыры, ұлт болашағы төңірегіндегі ойлар мен толғаныстар сырына еркін енеді. Жоламаннан Тома төңірегіндегі ар-намыс, ұят сынды ақиқат жайттарды естиді (98 бет). Ал, Тома болса, Абыз қария өмірден өткен соң үй тірлігіне біржола бет бұрады. Енесі – Айбикенің «белі бүгіліп, қауқары кеми»түсті (126 бет). Жас нәрестесі (Нұрсағит) ыстығы көтеріліп, көз жұмды (127 бет). Тағдыр тәлкегі мен талқысына тап болған Тома енесі – Айбике мен абысыны – Айшекер әңгімелеріне ден қояды. Түс әлеміне де енеді. Қиял құрсауында да қалады. Жақсы-жаман әрекеттер де ойын сан-саққа бастайды. Алайда, Алматыға – Жасанға баруға бел байлайды. Поезда – Жоламанды кезіктіреді (139 бет). Мақта-мата комбинаты, Дыбысбекпен достығы, қарым-қатнасы да ойға оралады (140 бет). Жоламаннан алған мекен-жайға келіп, Жасанмен кездеседі (143 бет). Он шақты күн ішінде Жасанның азып-тозып, жұпыны өмірге түскенін де көреді. Араларында кешірім мен түсіністік болмағандықтан, Тома елге қайтады. Қайтар жолда Жоламанды және кезіктіреді. Жасан мен Дыбысбек төңірегінде де сөз етіледі. Жоламанның кеңесімен - тау-кен экспедициясына жұмысқа тұрады. Бірақ, мұнда да жайсыз жайлар орын алып, кедергілерге кезігеді. Жоламан әрекеті, Шойқара опасыздығы өмірін ойран етеді. Түрме төріне де шығады. Түс әлеміне де енеді. Алтын қауырсын құмырсқа – Томамен тілдеседі. Абыз қариямен тілдесіп, батасын алады (169 бет). Көп ұзамай Тома босанып, ұлдың атын – Нұрталап қояды (173 бет). Тома болса, құмырсқа–ғұмырға еніп, жер бетіндегі – ақиқат пен адалдық кілті Нұрталапта екенін көңілге медеу етеді (173). Автор бұл жайттарды жадағай баяндап, үстірт сөз етпейді. Ел-жердің қасиет-құдіреті, ауыл мен оның адамдары, тіпті бір отбасы баяны арқылы да өз ара бірлік-сабақтастықта көрсетіп, мәнді дамытады. Елдік ұстаным, отбасылық қағидаттар да танылады. Адами мұраттар, иман құндылықтар алға шығады.

Роман-иронияның даму бағыттары мен көркемдік өрісі – «Түйелі» ауылындағы Абыз қарт отбасы, Жасан-Тома қатнасынан өзге, «үш жесір» - Бұйраш, Ираш, Сайраш бейнесі мен әрекеттерін де көрсетеді (30-32 беттер). Олардың кездесуі, әрбір басқосуы – тағдыр талқысынан бөлек, жан-жүректі айқара ашып, көңіл толқынына ерік беріп, қарым-қатнас мәні, мұң-шерін тарқату, сыр-сезім иірімдеріне енуімен де назар аудартады (78-80 беттер). 

Томаның түсінде алтын жәндікпен тілдесіп, құмырсқалармен сөйлескен тұстары – жаратылыс құпиясы мен ғалам ғажаптарына еркін енуін айқын аңғартады. Тіпті:«-Мен кейде еңбекқор, еңбексүйгіш құмырсқаларды адамның ең жақын туысы сияқты сезінемін...Олар, тіпті бізден анағұрлым ақылды сияқты...»,-деген (119 бет) ішкі түйсік пен таным таразысынан, бірқатар ойлар жосығынан ақиқат жайттар мәні, өз ара салыстыру да байқалып, өмір-тұрмыс түйіткілдері де жіті танылады. 

Ал, Абыз қарттың (шын есімі – Абылбек) сандықта сақтаған қолжазбалар жүйесі мен мазмұнынан, аманат-тілектен (иман, сабыр, бірлік, шыншыл, ұлтшыл) өзге, өмір ақиқаттары мен тағылымы танылады (120-124 беттер). Адам мұраты, адамгершілік мәні, еңбек нәрі, өмір тағылымы мол.

«Қария мен құмырсқа» (роман-ирония) туындысындағы отбасылық баян, таным арналары, тәлім-тәрбие иірімі, өмір өрімі осыған саяды.

«Қаратау қаҺары» атты қазіргі қысқа романдар  жүйесінің – «Қаратау көкжалымен қоштасу» (роман-эпилог) атты екінші кітабы бірнеше баян, бөлімдерден тұрады. Басты баян – Қоңыр-Бегім ананың: «Ұлдар», «Келіндер», «Қыздар», «Көршілер» төңірегіндегі адами мұраттары, қарым-қатнасы, аманат-тілекке толы ойлары мен толғаныстары кең орын алады.

Бастапқы тұстан орын алған - «Кейуананың көңіл көзі» атты алғашқы баянда адам мұраты, өмір мәні, отбасы мен ұрпақ қамы, тәлім-тәрбие арналары, бақи мен фәнидің сыр-сипаттары төңірегінде кең өріс алады. Қоңыр-Бегім ананың арман-аңсары, балалары – Амандық, Алашбек, Адалбергенге деген шексіз сүйіспеншілігі, үміт-сенімі кең орын алады. Асылы, Қоңыр-Бегімнің құрсағынан он бала болып, оның екеуі ерте шетінеген-ді. Қалғандары аман (186 бет). Отағасы Әлібай мен Қоңыр-Бегімнің көңіл-сезімі, өмір-тағдырларының тоғысуына апайы – Ырым-Бегімнің мейірім-ықласы, әсер-ықпалы көп болады. Қайнысы – Әлібайды жер-көкке сыйғызбай, мадақ-мақтауын келістіріп, орайлы тұста бастарын қосады. Ал, балаларының ортаншысы – Алашбек бірбет, қиқар болып өседі. Шетелде оқимын, басқалардан озық боламын,-деп алабөтен ойдың жетегіне де ереді. Нағашы атасы – Үркінбектің ақыл, бағытымен Алматыны таңдаған-ды (186 бет). Ауылға деген сағынышы да алабөтен еді. Ауылдағы еркіндік пен қонақжайлылық, ауызекі әңгіме арнасы, өз ара әзіл-қалжың ауаны да тартып тұрды. Әсіресе, Бүкір-Шүкірдің қос немересі – Боқан мен Тоқпанның ерекшеліктері (бірі - мешкей, келесісі - қыршаңқы тілді – 191 бет), анасы айтқан – Қалданбек, Жәлденбектің өмірден ұрпақсыз өтуі (193 бет), кемтар жан – Мылқаубектің бір шумақ өлеңді ішінен қайталап айтуы (196 бет), 30-жылдар ойраны, ашаршылық пен репрессия салқыны, өлу-өшу төңірегіндегі әңгімелер тақырыптық Һәм мазмұн байлығымен бірге, отбасылық қағидат, тәлімдік қырларымен, өмір тағылымы молдығымен де мәнді еді. 

Әлібайдың ұлдарына қаратып айтқан әңгімелерінен де адам мұраты, өмір өнегесі, тұрмыс сырлары терең танылады. Жасыбай әкесінің ұзақ жасағаны, отан мен отбасы, әке-шеше, жетім-жесір жөніндегі тәлімдік түйін-тұжырымдары (210-212 беттер), Қоңыр-Бегім мен Ұрқия абысыны арасындағы артық-кем  тұстар (213-216 беттер), Алашбектің қойын дәптеріндегі – анаға қатысты жан-жүрек құбылыстары мен көңіл толқынының қуаныш-шаттыққа толы мәнді-нәрлі сипаттары (224-225 беттер) өмір мәні мен нәрін терең танытып, өрнекті өрістеп, сенімді суреттеледі. 

Сексенге келген – Қоңыр-Бегімнің жиі-жиі төсек тартып, ауыру айналдырғаны балаларының да жанына батады. Ем-домның әсерінен ара-тұра басын көтерсе, балаларын төңірегіне жинап, арғы-бергі кезеңнен ой қозғап, сыр тарқатады. Аманат-әңгімелерді де тілге тиек етеді (231-235 беттер). Ағасы – Нұрханбектің соғысқа аттануы, сол тұста дос-серігі – Бозтаймен танысуы, анасы – Зәурекүлдің мінездері мен емшілік қырлары (233-235 беттер), адам мен шыбынға қатысты көзқарас-салыстырулар бірін-бірі байытып, табиғи өріс алып, мәнді де жүйелі жеткізіледі. 

Қоңыр-Бегімнің үш ұлына (Амандық, Алашбек, Жұбандық) қаратып айтқан әңгімелер баяны – бір өңірдегі үш ауыл мен жолаушы төңірегінде кең өріс алады. Алыс мекендегі үш шыбын әрекеті мен тыныс-тіршілігін айту негізінде бірлік-береке, татулық пен туыстық жайын әңгіме өзегі етуі – ататарих пен ұлттық менталитетті, тәлім-тәрбие мәнін арттыра түседі.

        Жасыбай қарияның бес ұл, бес келініне қатысты жайттар (245 бет), Қоңыр-Бегімнің өмір-өлім, ағасы – Нұрханбек пен оның досы – Бозтайға қатысты көзқарастары, жан құбылыстары мен ішкі сенім-сезімі (255-257 беттер) ауыл-аймақтың көрініс-суреттерін, тірлік-тұрмыс сырларын танытудан өзге, өмір шындығына негізделуімен мәнді. Анық аңғарылатыны, Қоңыр-Бегім атынан айтылатын отбасылық Һәм өмір-тұрмыстың мәні мен өзегі – адамды ардақтау, еңбегін бағалау, қарым-қатнас мәні, бақи мен фәни аралығындағы жалған дүние, өткінші әрекет-қимыл, өлшеулі кезеңді баянды атқару сынды өткір де өзекті, кәделі де сауапты істі алға тартады. 

Екінші бөлім – «Келіндер» деген атпен беріліп, Қоңыр-Бегімнің үш келін түсіргені, әрекет-қимылы, қарым-қатнасы төңірегінде кең өріс алады. «–Келін деген – келіп түскен әулеттің жеміс берер жасыл желегі! – Әйел – әулетке келіп қонған бақыт құсы! –Әйел – бейбітшіліктің құлпын ұстап отырған бірінші кілт!»,-екені кең түрде сөз етіліп, өмір-тұрмыстың бірқатар жайттары анық аңғарылады (260 бет). Соқырбай күйшінің: - Артыңда ұрпағың бар. Келіндерің бар!-деген сөзі де Қоңыр-Бегім жанын жадыратып, көңілін асқақтата түскен-ді (259 бет). Қоңыр-Бегімнің үш келінімен (Райхан, Айман, Майра) ара-тұра мөлтек әңгіме өрбітетіні де бар-ды (264 бет). Кейуананың фәни мен бақи, өмір-өлім төңірегіндегі әңгімелері, адам дүниеден өткеннен кейінгі халықтық дәстүр тағлиматтары, қарыз-парыз мәні де кең түрде көрініс береді. Әсіресе, осы тұстағы үш келіннің қарым-қатнасы, өмір-тұрмыстағы тәжірибелері, дүние-мүлікке қатысты көзқарастары, маңыздысы қарашаңырақтағы мұрат-міндеттері – отбасындағы орын-үлестерін де айқындай түседі. Кейуананың өмірден аттанар алдындағы үш келіннің өз ара дүние-мүлік төңірегіндегі әңгіме-дүкендері де адами мұрат, қарым-қатнас, көзқарас жүйелерін де терең танытады (273-275 беттер). Анық аңғарылатыны, Қоңыр-Бегім мен оның үш келіні ататарихтағы дәстүр тағылымын, отбасылық өмір-тұрмыс сырларын, адамдық мұрат пен қарыз-парыз мәнін, татулық тұтқасы мен сыйластық сырларын кеңінен көрсетеді. Ал, бақи әлемге аттанған – Қоңыр-Бегімнің адами мұраттары, өмір өнегесі, тағылымды тұстары жұрт аузында жүрді. – Ананы Меккеге үш рет арқалап алып барсаң да қарызынан құтыла алмайсың! Анаға құрмет көрсету арқылы біз арымыздың алдында тазарып отырмақпыз!-деген баршаға ортақ сөздерде маңыз-мән де, сыр-сипат та бары анық (284-285 беттер). Демек, отбасылық өмірдегі ене мен келін қарым-қатнасы – бірлік пен береке негізі, жақсылық пен жетістік тірегі, татулық пен сыйластық өзегі екені сәт сайын сезіледі. Отан мен отбасының алтын арқауы – жастық пен достық, жарасым мен үйлесім екенін уақыт рухы, өмір ағымы мен өнегесі айқындап келеді. 

Үшінші бөлімді құраған – «Қыздар» атты бөліктен Қоңыр-Бегімнің үш қызы (Қарақат, Сарыгүл, Әдеміай) төңірегіндегі мейірбан болмысын, бай мінезі мен жомарт жүрегін аңғарар едік. Көбінде, әйел бақыты, отбасылық құндылық хақында ортақ әңгіме өрбітетін-ді (292-293 беттер). Бірауық ана-жүрек бірлік-береке, татулық пен тұрақтылық, өмір-өлім мәні мен оның сыр-сипаттары төңірегінде әңгіме-дүкен құрса, келесі кезекте адам болмысы, әйел бақыты мен мінезі жөнінде терең мәнді ойлар мен толғаныстар тиегін ағытады. Үш қызы төңірегіне топтасқанда – Ана-жүрек арман-аңсарына еркін еніп, арғы-бергі кезең көріністерін өз өмірімен телқабыс сабақтап, мейірбандық танытып, мейірім шуағын шашып, сыр-сезім сипаттарына ерік беретін-ді (294-295 беттер). Ақыл-парасат алға озатын. Есею-өсу де ақыл жемісі ретінде көрініс беретін-ді. Сандық пен қобдиша ішіндегі жан-жүрек қалауымен салынған газет-журнал қиындылары мен ақын-жазушылар шығармашылығы хақындағы жазбалар жиынтығы, көңіл толқыны мен сыр-сезім иіріміне толы сәулелі сәттердің терең тебіреністері де тыңдармандарын бей-жай қалдырмай, жан құбылыстарына ерекше әсер-ықпал етеді. Ал, Қарақат пен екі сіңлісі кезекті кеңестерінің бірінде: - Әр қайсысымыз бір-бір үйдің иесіміз – ақыл тоқтатқан жастамыз. Анамыз күннен-күнге нашарлап барады. Енді соның жайын ойластырмақ керек,-деп ортақ әңгіме төңірегінде топтасады (289 бет). Бақи дүние мәні, ана орны мен оны жөнелту жолы, жөн-жоралғысы хақында да бірқатар ойларға кезек береді. Тіпті, мәйітке кілем жабу, теңге шашу, орамал тарату сынды бұрынғы-соңғы рәсімдер де әр қырынан еске алынады. Ана-жүрек тоқтап, бақи дүниеге аттанғаннан кейінгі араға уақыт салып, Ақата зиратына – Қарақат, Сарыгүл және Әдеміайдың баруы, балалық-жастық кезеңді қатар еске алулары – адам әлемінің мың сан қатпарлы, алуан қырлы-сырлы сипаттарынан мол сыр тартады. Әдеміайдың ана қобдишасындағы хаттар сырына қанығуы, әке-шеше орнын айқындауы, Бозтай бейнесіне қатысты тұстар, махаббат мәні төңірегіндегі қимас та сәулелі сәттердің бәрі-баршасы – адам әлемі мен жан құбылыстарын, көңіл толқыны мен сыр-сезім дүниесінің біртұтас табиғатын терең танытады (304-305 беттер). Мұның бәрі-баршасынан Қоңыр-Бегім бейнесі, адами мұраттары мен мінез байлығы, іс-әрекеттерінің сапалық қырлары кеңінен көрініс береді. Асылы, автор ана мен қыздары төңірегіндегі тәлімді тәрбие арналарын кеше мен бүгін байланысы арқылы да жүйелі дамытып, ататарих мәнін, дәстүр-салт сипаттары мен тағылымды қырларына, әсер-ықпалына басымдық береді. Қазіргі кезең келбеті, қыз-жігіт орны, сыр-сезім иіріміндегі артық-кем тұстардың себеп-салдарына да Ана-жүрек көзімен қарайды. Отан мен отбасы құндылықтары, тәлім-тәрбие арналарының маңыз-мәнін де осы төңіректе кең түрде дамыта түседі. Тәрбие – тал бесіктен! сынды халықтық қағидат мәні айқындала түседі. Қорқыт айтқан: «Қыз ақылды ескермес, Ана үлгісін көрмесе, Ұл жарылқап ас бермес, Әке үлгісін көрмесе»,-деген даналық дидары да кең көлемде көрініс береді. Мұның мәні де, салмағы да зор.

Төртінші бөлімнің – «Көршілер» атты бөлігінен Қоңыр-Бегімнің үш абысыны (Әзен, Нәзен, Қадиша), қадір-қасиеті, қарым-қатнастары кең орын алады. Олардың жоқтау айту арқылы адам өмірі, еңбегі мен қадір-қасиеті төңірегіндегі мұң-шерге толы зарлы дауыстары өмір-өлім мәнін, қайғы-қасіреттің сыр-сипаттарын да айқын аңғартқан еді (306 бет). Ал, Бадырақ Бейсеннің жесірі (тоқалы) – Күнтимес кейуана хақындағы арғы-бергі кезең көріністері, «жас комсомол» тұсындағы екпін-серпіні де едәуір әңгіме өзегі етіледі (307 бет). Ауыл шалдары қатарында – «екі кесір қарт» бар. Олардың біреуі – керең, келесісі – соқыр (308 бет). Керең шал – Күдері ауыл сиырын бағумен белгілі болса, Сәдірбек соқыр – қолындағы домбырасымен, көңіл-кеудесі күй күмбірімен жұрт жадында қалады. Қоңыр-Бегім фәниден бақиға озған тұста, елден ерек көп жылағанынан бөлек, көңіл толқынына ерік беріп, домбырасын ұзақ тартқан-ды. Жан-жүрегін қозғап, алуан күйге түсіп, саусақтары дамылсыз қозғалып, домбыра тілімен арғы-бергі кезең көріністеріне еркін енген-ді. Күй-құдірет арқылы ататарих қойнауына еніп, адам мұратын, өмір мәнін, өлім сырына да бойлаған-ды. Ал, ауылдағы момын жандардың қатарында аталып, ешкімге зияны жоқ – Мылқаубек (Марабай) бейнесі мен әрекет-қимылы да жұрт жадында қалған-ды. Әсіресе, Қоңыр-Бегім төңірегінен табылып, жан-жүрегін жайып, ішкі күйзеліс-тебіренісін, сыр-сезімін, тілсіз дыбыс иірімдерін әр қилы әрекет-қимылдарымен жеткізуге асығатын-ды. Мылқаубек-Марабайдың көрші ауылдағы қыли қызбен көңіл қосуы, көп ұзамай (қыли қыз) төркініне біржола кеткеннен кейінгі жан құбылыстары мен көңіл толқынындағы әр қилы жағдаяттардың орын алуы, тіпті үй жанындағы қорада мойнына арқан салып, жалған дүниеден біржола өтуі де қалың көптің есінде ұзақ сақталған-ды (310 бет). Негізінен, автор ауыл адамдары өмірін әрекет-қимыл, кәсіп-дағды, бітім-болмысы, мінез қырлары арқылы ашып, оның өзін қысқа қайырым, бірер көрініс, аракідік шегіністер төңірегінде жинақтап, жүйелі жеткізеді. Бұл, әсіресе үш абысын (Әзен, Нәзен, Қадиша), «екі кесір қарт» - Күдері керең, Сәдірбек соқыр, «алматылық ғалым» - Бекен Бейсенов төңірегінде айқын аңғарылады. Еске алсақ, бір ғана Бекеннің жеңіл автомашинадан түсуі, шалқая басып, адымынан қарыны озып, танауымен көкті тірегендей қалып танытуы, ертеректе өмірден өткен әкесі жөнінде аз-кем көңіл толқынына ерік беруі - «есейген-өскен» қалпын танытса (312-313 беттер), Боқан мен Тоқпанның туабітті қабілет-қасиеттері, әрекет-қимылдары, ел ішіндегі басқа да өзіндік өзгешеліктері жұрт жадында қалып қойған-ды (313 бет). Бұл көрініс-жайттар әрбірінің әрекет-қимыл, жүріс-тұрыс, ой-сөз жүйесі, жаратылыс бітімдерімен байланыс-сәйкестікте беріледі.

Сондай-ақ, «Жол үстіндегі сезім» және «Тізгінтартар» (соңғы түйіндеме) сынды шағын бөліктер – Әжімтау етегіндегі  ауыл-аймақтың көрінісінен тыс, Алашбектің Астанаға шұғыл жол жүруі, араға үш күн салып ауылға бет бұруы, поездағы қатпа қара шал мен шыбынға қатысты қысқа көрініс-қайырымдар төңірегінде өріс алады. Поезд вагонындағы қара шыбынның әрекеті – Алашбек пен қатпа қара шал арасындағы қысқа әңгіме-сұхбатқа негіз болады. Бастапқыда зиянсыз жәндік – шыбын тілге тиек болса, келесі кезекте – әйел заты шыбынмен байланыстырылады. Әлгіндегі қатпа қара шал: - Мен әйел затын сол шыбындарға ұқсатамын!-деп отбасылық өмірін, сәтсіз некелері (бес рет үйленген) төңірегінде сөз қозғайды. Көкек келін, жігіттер жөнінде де әңгіме-дүкен кең өріс алады. Арды бәрінен биік қойған – Аналар да өмірдің күретамыры, өзегі ретінде қозғалады. Орайлы тұста, Алашбек Нұрханбек көкесінің майданда – Украйна жерінде ерлікпен қаза тапқанын мақтанышпен еске алады. Елдік пен ерлік шежіресі жайында да бірқатар ойлар мен толғаныстарға беріледі. Түсінде – майдан даласындағы Нұрханбек көкесін көреді. Бейбіт өмір, жеңіс жолы, ерлік мәні, соғыстың зардап-зобалаңы хақында да бірқатар ескеалу,тілдесулер орын алады (325-327 беттер). Алашбектің Нұрханбек нағашысы мен Бозтай жайлы бірқатар дереккөздеріне кезігуі, Анасымен арада болған өз ара әңгіме мазмұнынан да арман-аңсарлар жүйесі, адам жаратылысы, бір Алла мен Құран мәні, фәни мен бақи, өмір өрімі, тәлімдік жайттар кеңінен көрінеді (327 бет). Бұның бәрі-баршасы – Қоңыр-Бегім ананың қарашаңыраққа адалдығын, отбасындағы тәлім-тәрбие арнасын - ұл-қыздары мен келіндеріне берік бағыттап, өмір-тұрмыста жүйелі жүзеге асырғанын да айқын аңғартады. Балалары – Амандық, Адалберген, Алашбек дұрыс бағыт, тәлім-тәрбие берумен бірге, келіндеріне ата жолын, отбасылық қағидаттарды берік сіңіріп, тәлімдік жайттарға маңыз беріп, сыйластық сырына терең бойлауы – Қоңыр-Бегім ананың өнегелі өмір өрімін, үлкен-кішіге қадір-қасиетін, тәрбие иірімдеріне еркін еніп, ауыл-аймақ, отбасы мен көршілерге ұнамды болып, олардың тірлік-тұрмыстарына қанық болғанын да жіті танытады. Ана-құдіреттің бойындағы - тарих, дәстүр, философия сынды мың сан қатпарлы игі істердің, ізгілік жолының бел-белестері Әжімтау етегіндегі ауыл-аймақтан тыс әлемдік мәні, айрықша орыны бары да айқын аңғарылады (328-330 беттер). Анығында, Қоңыр-Бегімнің аналық жүрегінен тарап жатқан ақиқат жайттардың мәйегі, отан мен отбасына қатысты бірлік-береке мәні, елдік мүдде, ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбие төңірегіндегі әңгіме-дүкен, сыр-сұхбат баяны – ататарих жолын, дәстүр мен дүниетаным арналарын, татулық пен тұтастық, сыйластық сырларын халықтық Һәм қарапайым қағидаттарына сай жүйелі жеткізуі де бейнелі бедер, өрнекті өріс, сенімді сипаттарымен көңілге қонымды ұялап, нанымды әсер қалдырады. Мұның өзі: Отан – отбасынан басталады!-деген халықтық қағидат, өрнекті өмірдің өнегесі ретінде де жұрт жадына кедергісіз ұялап, адами мұрат пен ондағы басты өлшем - қарапайымдылықтың маңыз-мәнін арттыра түседі. Адами мұраттар мен адамгершілік сезім, жастық пен достық арналары, имани құндылықтар мәні де терең танылып, оның көпке әсері айқындалады. 

Екінші кітапқа енген – «Егде еркектің сезімі» сынды баян бірнеше бөліктен («Сезім», «Сенім», «Сергелдең», «Мінәжат»), әр алуан өмір өрімі, бірқатар оқиғалар желісінен тұрады. Егде еркектің пайғамбар жасына қадам басқан тұстағы кездейсоқ кездескен қызбен адам жасы, сезім мен сүйіспеншілік төңірегінде сыр-сұхбат құруы (332 бет), өмір өрімі мен өлең өрнегіндегі жан құбылыстары мен мейірім шуағына қатысты көзқарастар, атақты адамдардың отбасылық тарихы мен тағдыры туралы жағдаяттар мәні олардың ортақ ойларын, көңіл-күйлерін кеңінен көрсетеді. Алашбектің бір мезет әке-шешесін еске алуы, бауырларына қатысты қимас та сәулелі тұстар, отбасылық өмір өрімінен туындаған әр қилы көрініс-құбылыстар едуір уақыт есіне түсіп, ойын сан саққа тартқан-ды (335 бет). Бертінде, Ақмұрт ишанның кенже қызы – Ақлимамен кездесіп, алғашқы сәтте-ақ адам жасы төңірегінде тілдесуі, сезім мен сүйіспеншіліктік мың сан иірімдеріне енуі (338-340 беттер), ғылыми жұмыс пен оны бастыру төңірегіндегі қиын да қисынды мезеттер (341 бет), Қызылқаладағы қарындасы – Қарақаттың бауырға деген көзқарас-ықласы (343 бет), бәрі-баршасы арман-аңсарларына, жан құбылыстарына, көңіл толқынына әсер-ықпал етіп, түпкі ойларына қозғау салып, жауапкершілік жүгін еселеп арттырып, жайсыздық күйге түсіріп, шектен тыс мазасыздық туғызған-ды. Әсіресе, Ақлиманың ғылыми жұмыс жазбасындағы компьютерден жіберген қателерін бетіне басып, дауыс көтеріп, қатқыл үн қатуы (344 бет), кейінірек оңаша кездесуде егде адам мен жас қыз төңірегінде емен-жарқын сыр-сұхбат құруы, туған күн кешіндегі сезім иіріміне енген жақындық белгілері мен сыйластық сырлары (345 бет) өмір өрімі мен өрнектерінен мәнді ой қозғайды. Адам өмірі мен мәні, жас ерекшеліктерінің белгі-бедерлері де әңгіме арқауының, жан-жүрек иірімдерінің нәзік қылын шерткен-ді. Ақлима болса, көп уақыттар бойы егде адам – ағасын көз алдына келтіріп, күні-түні мазасыз ойлардың тұңғиығына еріксіз енетін болды. Егде адам-ағасын мейірімді де қарапайым кісілер қатарына қойып, қатыгез қоғамда ондай  жандардың аз кездесетініне өкініш те білдіреді. Әр күн сайын еске алып, жан құбылыстарына мән беріп, жадына мықтап бекітіп, өмір өзегіне де айналдырған-ды (344-345 беттер). Мұның соңы Ақлиманың жұмыстан шығып, ауылға кетіп қалғанынан да көрінеді (346 бет). Бұдан басқа, Алашбектің бір мекеменің құрылымдық бөлімшесінің бастығы болуы (350 бет), ғылыми жұмыс пен оның жоспарына қатысты қым-қуыт іс-әрекеттердің орын алуы (351 бет), анасы мен жарына деген сенімі (355 бет), тіпті елге – қарашаңыраққа баруға да мұрша бермейді. Үлкен қарындасы – Қарақаттың балалардың біреуіне бағыт беріп, қамқорлығына алу жөніндегі тілек-ұсынысы да ойын сан саққа бөлген-ді (360 бет). Елде – Ақлиманың ауырып, төсек тартып қалуы, алайда Ашина құрбысының тойына келуі – Алашбектің жан-жүрегін тебіреніс-тербелістерге түсіріп, түпкі ойларына әр түрлі әсер етіп, қозғау салған-ды. Оның үстіне мекемедегі ауыс-түйіс, зейнет жасына қатысты әр қилы көзқарас пен алып-қашпа әңгімелер ауаны да көңілді жабырқатып, жан-жүрегіне әсер етіп, мазасыз күйге түсіріп, мезі етті. Тіпті ғылыми жетекшісі – Торғынбай Тапалов тарапынан әр түрлі әңгіме айтылып, телефон арқылы хабарласулар да жан-жүрегіне салмақ салып, әр алуан ойларға да қозғау салған-ды (379, 382 беттер). Ана аманаты, яки зейнетке шыққан соң жүзеге асырар сауапты іс – түйіншектегі ер кісінің белдігі мен  жайнамаздың жауапкершілігі де көп жайттарды алға тартып, ататарих пен дәстүр тағылымына, дүниетаным арналарына қозғау салды (383-384 беттер). Жары Майраның мейірбандық танытып, адамдық мұрат пен жауапкершілік жүгіне, отбасылық татулық пен сыйластық мәніне терең түсіністікпен қарауы – Алашбектің бітім-болмысына, жан-жүрегі мен көңіл толқынына оңды әсер етеді. Ана аманатын да тиісті тұста есіне салады.  Осы орайда, Алашбек аманатқа адалдық таныту – адамдық істің биік белесі, адамгершілік-имани жайттардың басты тірегі, өмірге құштарлықтың, сүйіспеншілік пен сыйластықтың бедерлі белгісі екенін жан-жүрекпен сезінді. Түйіншектегі белдікті белге байлап, Құран Кәрімді берік қолға алды. Оң көзқарас, дұрыс ниетпен: «Екі рет еңкейіп, үшінші рет төмен бүгіле бергенде, неге екені белгісіз, көзі аларып, басы айналғандай күйге түсіп, есінен танып бара жатты...Арғы жағын өзі де түсінбеген...» (386 бет).  Бұдан байқалатыны, «Егде еркектің сезімі» сынды екінші баянның тұтас табиғаты мен мазмұн байлығынан – адам мұраты мен өмір мәні, еңбектің қадір-қасиеті мен жауапкершілік жүгі, сағыныш пен сүйіспеншіліктің, сыр-сезімнің салмақ-сыры бар қырынан айқын көрінеді. Адамгершілік мұраттар, ақиқат жолы мен имандылық иірімдері – жалпыадамдық құндылық, әрі отбасылық бірлік-берекенің де алтын арқауы екені сәт сайын сезіледі. Құран Кәрімге бет бұрып, намаз оқудың алғышарттарына ден қою сынды сауапты істерге қадам жасауы – игілікті іс, ізгілік жолы екені де айрықша назар аудартады. Адамдық іс, адамгершілік мұраттар – жалпыадамдық құндылықтардың басым бағыттарын айқындайтын адастырмас компас екені де терең танылады. Біздіңше, Алашбек пен оның төңірегінде болып жатқан өмірлік Һәм тұрмыстық жағдаяттар, жан құбылыстарында орын алған мың сан көрініс пен көңіл толқынының тебіреністі тұстары, жан-жүрекке әсер етер сыр-сезім иірімдері, адами-имани жайттар мәні де қарапайым қағидаттардан бөлек, жауапкершілік жүгі жоғары мәселелердің қатарына жатады. Автор Алашбек айналасындағы көрініс-құбылыстар мәнін ауыл мен қала қатнасы, адамдардың өмірлік-тұрмыстық жайттары, маңыздысы отбасылық ахуал мен қызметтегі әр қилы жағдаяттар мәні арқылы кең түрде ашады. Адами-пенделік қатнастар мәні айқындалып, адамгершілік мұраттар, жауапкершілік жүгі, татулық пен сыйластық сырлары алдыға шығады. Адами мұраттар  мәні мен имани құндылықтар сыры да ашылады. Мұның қазір де мәні зор. 

Жинақтап айтқанда, «Қаратау қаҺары» (Әжімтау етегіндегі екі әулет) романдар желісінде («Қария мен құмырсқа», «Қаратау көкжалымен қоштасу») «Түйелі» ауылындағы отбасылық ахуалдан басталып, адамдық істі әр қырынан ашатын алуан оқиға, елдік мүдде-мұрат пен өмір шындықтарын негіз еткен дәстүр мен дүниетаным, тарих пен таным, жастық пен достық, тәлім-тәрбие арналары кең өріс алады. Осының бәрі-баршасы бір отбасы төңірегінде өріс алып, адам мұраты мен адамгершілік аясында, адамдар қарым-қатнасы, еңбек мәні, жауапкершілік жүгі деңгейінде көрініс береді. Абыз қарияның қасиет-құдіреті, Қоңыр-Бегім ананың мейірім шуағы, Жасан-Томаның өмірі мен тағдыр талқысы, түс баяны, жәндіктер әлемі, өмір-өлім мәні, жалған дүние сипаты, Әжімтау иірімі, Қаратаудың қатпарлы қойнауынан көрініс беретін арлан қасқыр т.с.с. оқиға-сюжеттік желідегі сенімді штрихтар туынды табиғаты мен тағылымын айқындай түседі.

Осы тұста айта кетуіміз керек, жазушының бұдан бұрынырақ жарыққа шыққан «Күлкі мен көз жасы» (2007) роман-дилогиясындағы оқиға жалғастығы мен кейіпкерлер сәйкестігі «Қаратау қаһарында» байқалып отыратындығы. Демек, қаламгер бұл қысқа романдары арқылы ертеректе жарық көрген роман-дилогиясын көркемдік тұрғыда түйіндеп, авторлық идеяны түпкілікті айқындауы деп айтсақ та болатындай. Соңғы шығарманың «роман-эпилог» деп аталуы да осыны меңзегендей әсер береді.

Сайып келгенде,  жазушы Һәм драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының шығармашылығы хақындағы ойлар мен толғаныстарымыздың қайырымында айтарымыз, прозалық Һәм драмалық туындылары, қайраткер Һәм қаламгерлер шоғырының тұлғалық бейнесіне арналған еңбектері – іргелі ізденіс пен көркемдік кеңістігі, зерттеу-зерделеу нәтижесі екені анық. Ал, біз сөз еткен «Әуезовтің жұмбақ әлемі» (2005), «Қаратау қаҺары» (2022) сынды туындылары зерттеу жүйесін, шығармашылық қайнарын, өмір өрімі мен тәжірибе тәлімін танытады. Баяндау мәнері мен зерттеу өзегінен – ізденіс арнасының алуан иіріміне енсек, көркем-шығармашылық мәнерінен – өмір өрімі мен уақыт рухын, адамдар қарым-қатынасы мен жан құбылыстарының, тарих пен тағдыр талқысының мың сан көрінісі мен үлгі-өрнектеріне кезігеріміз хақ. Жүрдек қалам, қиял қанаты, ой-сөз жүйесі, интуиция иірімі, шабыт шалқары – өмір оқиғасы мен көркемдік шешімнің табиғи өріс алуына кең өріс ашады. Өмір өзегі – адами мұраттар мен имани құндылықтарға негізделгеніне үміт арта түседі. Ендеше, жүрдек қалам өткір ұшталып, қоғамның басты байлығы – адам өмірі мен еңбегін, ақыл-парасаты мен асыл мұраттарын сырлы әлемнің мың сан арналары арқылы шынайы шындықтар тұрғысынан бейнелей берсін дегің келеді.

Көңілдегі қуаныш, шындық шырағы да осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, 

                                             филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Көп оқылғандар