Нұрболат Әлменов. Түбіт қолғап

Бөлісу:

26.12.2023 1914

Жапалақтап жауған жабысқақ қар бас көтертер емес. Түнімен жауып еді, күндіз де тоқтамады. Тысы жыртылған жастықтан шашылған мамықтай жерге баяу қалқып қонады. Жел соқса боран болғалы тұр. Көрші үйдің қарасы терезеден бұлдырап әрең көрінеді. 

Бозала таңнан тұрып, отпен алысып жатқан Әсия бүгін ширақ, көңілді. Күл  алып, қалай от тұтатып тастағанын да байқамай қалды. Күн сайын орнынан ойбайына сүйенбей тұрмаушы еді, бүгін сондай сергек. Ыңылдап ән айтып жүр. От әбден күш алды-ау дегенде қара қазанға бір асым етті салып қойды. Шошаланың түкпірінде жатқан сандықтан кәмпиті мен құртын шығарды. Май айында былғаған бір бүйен майы мұрты бұзылмай тұр еді, оны да үйге кіргізіп қойды.

Көңілі бір демделгендей болды да, арқасын пешке сүйеп отыра кетті. Қолына кеше тоқи бастаған түбіт қолғапты алды. Білтегешін айқастырып іске кірісе бергені сол еді, сенектің есігі сықырлай ашылып, көрші үйдегі Зәйкүл абысыны самбырлай кірді. Зәйкүл алдында адам бар-жоғына қарамайды. Есік ашылған соң сөйлей жөнеледі.

 –Абысын не істеп жатыр екен? Амандығын білейік. Баяғы сол үйдің шаруасымен күйбеңдеп жүрген шығар? Кеше басым ауырды деп отыр еді, жатып қалмаса бопты. Жоқ, қары ерімеген галошы тұр ғой. Онда аман болды, қазір біліп шыға қояйын.

Сенектің есігінен үйдің есігіне жеткенше осынша сөз айтып тастады. 

– Кір-ей бері! 

Әсия өзімсінген адамына осылай батыра сөйлейді. Оған бәрі үйренген. 

– Амансың ба? Қайнағаның шаңырағына сәлем сала кетейін деп әрі кеше өзің басым ауырып тұр деген соң кірген бетім. Иә, абысын, мал-жан аман ба?

–Құдай деп...

–Уһ! Әзер шықтым үйден. Құрсын. Қайның да қасынан шығарғысы келмей ме, кебісіңді кие бастасаң «қайда барасыңға» басатын бопты.

–Қызғанады да!

–Албасты неме, жас күнімізде өлі-тірімізді бір сұраған емес. Енді мен кімге керекпін?!

Бөкебайын шешіп қолына алды да, босағаға тізерлей отыра кетті.

–Төрлетсейші, босағада отырғаны несі, қайдағы жоқты шығарып.

–Ойбай, қайнағаның төріне шығып не көрініпті маған! Осы жер жетеді. Кірем де шығам дедім ғой. Қайнағаның көзі  жоқ екен деп әруаққа шет болар адам мен емес.

Әсия мен Зәйкүлдің күнделікті әңгімесі осы. Бірі төрлет десе, екіншісі төрлетпеймін деп, жетекке ермейтін бұзаудай шегіншектеп қалады. Бірақ, Зәйкүл ешқашан бұл үйдің босағасынан қайтқан емес. Әңгіменің қызуымен екілене өзеуреп, бір жамбастап жылжи-жылжи сүт пісірім уақытта төрден бір-ақ шығады. 

–Не тоқып отырсың өзі?

–Е,құдай, қолғап қой. Қу жалғыз бүгін келем деген. Келін мен Жалғастай да бірге келе жатыр. Әбігер болып отырғаным да сол ғой. Ет салып қойдым. Ет қайнағанша бітіріп тастайын деп едім.

Отағасы өмірден ерте кеткен. Әсия жиырма сегіз жасында жалғыз ұлы Еркінмен жесір қалған-ды. Ошағымның отын өшірмейін, ұлымды өзгенің босағасында өксітіп, өгейсітпейін деп екінші рет ерге шықпады. Сөз салған талай азаматтың тауаны шағылып, көңіл білдірген қаншама еркектің көңілі қалған. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болып өсірген жалғыз ұл ер жеткен соң қалаға кетті.  Қалада оқып жүріп, сонда үйленіп, қызметке орналасты. Одан көрген жалғыз немересі Жалғас. 

–Қазір бәрі дүкеннің қолғабын киеді. Биттің қабығындай бірдеңе. Далада қар атысып, аққала соғып ойнайтын шағы емес пе? Жалғастайдың қолы сәл суыққа домбығып, отқа қарыған темірдей қызарып шыға келеді. Қолы тоңбай киіп жүрсін. 

–Жөн екен. Жіпті өзің иірдің бе?

–Енді кім иіріп береді, өзім ғой.

–Пысықсың. Жаздай тоқал ешкіні бақыртып тарап жатушы едің.

–Тоқал ешкіні де, ақ тушаны да тарап алдым ғой. Жаздай осы түбітпен әуре болдым. Жас келген соң бәрі қиын екен. Тараққа салу да, қылшықтау да, иіруі де күшке тиіп кетті. Оның үстіне, күз келгенше ұршығымды таба алмай жүрдім. Сөйтсем, Сәуленің келіні алған екен былтыр. Оны ұмытып кетіппін. Ол да ұмытып кеткен алғанын. Үйін жөндеп жатқанда тауып алып, әкеп берді. Бұл ұршықпен Жалғас та ойнайды. Қылыш қылады. Дартанянмын дейді. Білмейтіні жоқ.

–Е, айтпақшы, біздің үйдегі қайның «жеңгеме білтегеш істеп беру керек» деп бір апта күпініп жүрді.

–Ойбай, айтпа. Қайным сыздауықша сыздап, әзер жауап беріп, белесебеттің доңғалағын әкеп бер дейді. Оны қайдан табам? Еркексің ғой, өзің тап дегем. Істеп берді, міне, сонымен тоқып отырмын.

–Ей, абысын-ай, білесің ғой, қайның бірдеңе істерден бұрын біраз тулап алады. Үндемей қалсаң ақырын істеп береді.

Екеуі де бір сәт үнсіз отырып қалды. Қабырғада сырт-сырт соғып тұрған сағатқа бір қарап Әсия:

–Осы, пойыз нешеде келуші еді? –деді.

–Кеп қалар қазір. Ойбай, мен неғып отырмын, біздің әлгі боғын пышақтап жатқан шығар. Кеттім. Ибай, ұяттағы, төрге шығып кеткем бе?!

Зәйкүл мұнымен тоқтаған жоқ. Үйден шығып кеткенше күбірлеп бірдеңе деумен болды. 

ххх

–Әже, кім осырақ ойнайықшы тағы.

–Құлыным-ау, үйдің ішін күйген киіздің иісі алып кетті, кейінірек ойнайық иә?

–Жарайды. 

Әжесінің алдында отырған Жалғас, әжесінің бауырына одан сайын тығыла түсті. Әсия да баланың шашынан мейірлене иіскеп, қапсыра құшақтап отыр. Кеудешесінің түймесін ағытып, екі өңірін ашып, құндақтаған сәбидей орап алды. Жүрегінің жылуы жан дүниесін жарып шығып, бірақ, кеудешеден өтпей қалатындай көреді. Бір-біріне деген сағынышын, сүйіспеншілігін осылай білдіріп жатыр.

Тым-тырыс үйдің бойына қан жүгіріп, тіршілік қайта орнағандай. Иесіз ен далаға ел қонғандай. Бірақ, бұл қуаныштың да ғұмыры қысқа ғой. Еркін келген пойызымен кешке кері қайтпақ. Жылдың соңы, жұмыс көп, жаңа жылдық кешке барау керек, тағы-тағы...

–Жарығым, Жалғастай, саған қолғап тоқып қойдым. 

–Қолғап? Қане, көрсетші!

Әсия жаңа тоқып болған қолғапты Жалғасқа берді. Киіп алған немересі:

–О, круто! Рақмет, әже! Мен енді далада қанша жүрсем де қолым тоңбай ма?

–Тоңбайды. Түбіт қолғап қолды тоңдырмайды. Тек суға салма, түбіт ұйысып қалады.

–Ұйысып деген не, әже?

–Ой, жасаған... Оны қалай түсіндірсем екен? Бүлініп қалады дейінші.

–Су қылмаймын онда.

Қуана жүгіріп, Жалғас көрші бөлмеде отырған әкесі мен шешесіне кетті. Барып байғазы сұрамақ. 

–Мама, қарашы, түбіт қолғап, жып-жылы, қарашы.

Түбіт қолғапты көрген анасы тыжырынып, бетін ары бұрып баж ете қалды.

–Джастин, убери быстро. У меня аллергия на шерсть!

Мына бөлмеде Әсия бәрін естіп отырған. Көңілі құлазып, жүрегі мұздап сала берді. Еш болған есіл еңбек, қайран уақыт. Баланы бір қуантуға да тұрмады-ау...

х  х х

Еркіннің пәтерін зіл батпан бір ауырлық басып тұрғандай. Бәрі көңілсіз. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Үнсіз отырып кешкі ас ішті. Сөйлесуге құлықсыз. Ауылға от ала барғандай, баруынан келуі тез болды. Әрқайсы әр бөлмеде. Бүк түсіп жатыр. Еркін ауық-ауық күрсініп қояды...

Бәрі ұйқтады-ау дегенде Жалғас орнынан тұрды. Сырт киімінің қолтығына қолын сұғып, бірдеңе алып шықты. Жылдам орнына кеп жата қойды. Онысы әжесі берген түбіт қолғап еді. Шешесінің қарсылығына қарамастан жасырып алып келген. Көрсетпей далада киіп жүрмекші. Қолғапты жастығының астына қойды да, ұйқтап кетті.

Жалғас түнде түс көрді. Түсінде анасы:

–Жалғас, қар жауып тұр. Далаға шығып аққала соғайық. Сен әжең берген түбіт қолғапты киіп ал. Жарай ма? –деп жатыр.

Ояна келсе, жастығы жерге түсіп кетіпті. Әлі ешкім оянбаған. Қолғапты бетімен басып жатқанын енді білді. Қолғабы әжесінің алақанындай жұп-жұмсақ, әжесінің құшағындай жып-жылы. Әжесінің иісі де сіңіп қалыпты.

Нұрболат Әлменов

25.12.2023 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар