Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Жан азабын жазған қаламгер (Башқұрттың халық жазушысы Флюр Ғалымовтың шығармашылығы хақында)

Бөлісу:

18.01.2024 2113

             Түбі мен тірлігі, тілі мен дәстүрі өте жақын түркітектес елдердің қаламгерлерінің көркем туындыларын оқымақ тұрмақ, өздері жайында да өте аз білетініміз, тіпті аты-жөнін де естімей келе жатқанымыз ақиқаттың ақиқаты. Оған не себеп? Әлбетте, кешегі қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің омыртқасы үзіліп, аяқ астынан күйреуі мен арадағы әдеби-мәдени байланыстың күрт үзілуі болар, сірә? Бәлкім, бір-бірімізге деген ықылас пен ыстық ниеттің салқындап, тым төмендеп кеткенінен  бе? Жоқ, ең басты себеп – осы заманда көркем шығармаларға деген іңкәрліктің азаюы мен кітаптардың өте аз тиражбен басылып шығуы шығар? Қалай десек те, жағалай жатқан ел бола тұра, біз оларды көп біле бермейміз, ал  олар біз жайында тым аз хабардар, кітаптарымызбен таныс емес, аралық әдеби байланыс барынша әлсіреген. Тіпті тоқтап қалған десе де болғандай. Жасырары жоқ, осы бір жағдай қаламгер ретінде ойымызды бөліп, бізді де жиі-жиі толғандырып қоюшы еді. Енді қалай? Мысалы, қырғыз әдебиеті десе, Шыңғыс Айтматовты, башқұрт әдебиеті десе Мұстай Кәрімді, қарақалпақ әдебиеті десе Берді Кербабаевты, татар әдебиеті десе Ғалымжан Ибрагимовты атап, одан бергі кезеңдерге ауыссақ, ақпараттың аздығынан  тіліміз байланып қалғандай болушы ек. Өзбек, әзербайжан, түркімен елдерінің де қазіргі әдеби әлеуеті жайындағы түсінігіміз тым жұқалтаң екені тағы да шындық аулымен қоңсылас. 

          Осы бір шеңбер тектес «айналмадан» қалай шығып кетуге болады, көрші жатқан қаны бір туыстардың қазіргі замандағы әдеби озық туындыларымен кеңірек танысудың төте жолы қалай деп бас қатыра жүріп, осыдан үш-төрт жыл бұрын, зейнет жасына шыққан соң, өз қаржымызбен «Роман&Драма» деген халықаралық әдеби-мәдени журнал шығаруды бастағанбыз. Мақсат екеу болды: алғашқысы – қалың қазақ ішіндегі қаламгерлердің прозалық туындыларымен қабат драмалық шығармаларын да (олардың мәтіндік нұсқасы  көбіне баспа жүзін  көрмейді) көбірек жариялап, жер-жерлердегі драматургияға сусап отырған театр өкілдерінің оқып-танысуына мүмкіндік туғызу;  екіншісі – алыс-жақын шет елдердегі қаны бір туыс ағайындар ішіндегі қабілетті  қаламгерлермен байланыс орнатып, шығармаларын журнал арқылы қазақ оқырмандарына кеңірек таныту еді. Әу баста ойлаған осы ойымыз екі-үш жыл ішінде өз нәтижесін бере бастады, оған іштей қатты қуандық.  Сондай қаламгердің бірі – башқұрттың халық жазушысы, халықаралық  бірнеше әдеби сыйлықтардың жүлдегері Флюр Ғалымов болды. Флюр проза мен драматургияны қатар жазады және әр шығармасы әдеби ортада қызу талқыға түсіп жататын қаламгер. Кезінде өз елінде жылдың ең үздік қаламгері атанғаны бар. Біздің журналда оның Саламат батыр Юлаев жайлы  жазған тарихи драмасы басылды және сол туындысы үшін журналымыздың Әбу Насыр Мұхамед  Фараби атындағы сыйлығына ие болған-ды.  Ал, Прометей аңызы жайындағы әфсаналық  трагедиясын Қызылорда қалалық драма театрына ұсынып, ол 2023 жылдың көктемінде сахналанды, премьерасы аншлагпен өтті.   Өткен жылдың күз айында  жазушы досымыздың шақыруымен Уфа шаһарына сапарлағанбыз. Негізгі себеп – біздің екі шағын романымыздың 

( «Бақидан келген келіншек», «Бастард») башқұрт тіліндегі басылымының таныстырылымы  өтуіне байланысты еді. Ол жайынан сапардан оралған соң кеңірек жазып, жолсапар әсерлерін «Әдебиет порталы» арқылы қалың көпшілікке ұсынған едік.  Сосын да әрі қарай тереңдеп жаза  берудің жөні жоқ деп ойлаймыз. Бұның бәрін еске алуымыздың басты себебі – сол жолы жазушы досымызбен емен-жарқын әңгімелесіп, оның шығармашылық лабораториясымен кеңірек таныстық. Бірнеше роман, повесть және әңгімелер жазыпты. Олардың кейбірі орысшаға аударылып, (көбіне өз аудармасымен) Мәскеудің  ең танымал әдеби журналдарында жарияланып, атақты баспаларынан жеке-жеке кітап боп шыққан екен. Бірнеше пьесаның авторы екенін де білдік. Уфадағы драма театрларында жазған пьесалары  бойынша спектакль қойылғанын да біле түстік. Келген шаруамыз сәтті өткен соң, елге қайтуға жиналған  сәтімізде  өзінің «Покаяние над пропастью» ( «Художественная литература», Москва, 2018) деген трилогиясын қолтаңба жазып, бізге сыйлап еді. Әртүрлі себептермен кітапты жылдамдатып оқып шығуға мүмкіндік болмады да, жаңа жыл қарсаңында қолға алып, түгелімен оқыған жағдайымыз бар. Жасыратыны жоқ,  кітаптан алған әсеріміз ерекше: қаламгердің қарымы мен байқампаздығы, ой тереңдігі мен тіл ерекшелігі  бірден байқалды;  сосын да көп созбай, пікірімізді ашық айтып, кейбір ойтүйіндерімізді ортаға салуды жөн көрдік.

                                                           ***

       Трилогияның шағын-шағын үш кітабының да атауы қызық: «Вкус запретного плода», «Ненависть», «Отрада»! (Әзірге қазақшаға аудармасы  жоқ, сосын да орысшасымен атап отырмын). Кітаптың бас кейіпкері – бүгінгі заманның жаңа азаматы Саламат Байғазин. Өте талантты суретші. Кезінде Ауған соғысына қатысып, біраз ерлік көрсетіп  қайтқан қайсар жауынгер. Сосын бизнеспен айналысқан, кәсіпкер ретінде де біраз жетістіктерге қол жеткізе алған, өзіне-өзі өте талапшыл, ізденімпаз жігіт. Роман бастан-аяқ осы жігіттің бастан кешкен оқиғалары мен тартысты тағдырына  құрылған десе де болады. Әрине, бас кейіпкер өз заманының асау ағыны  мен асу-асу кезеңдердегі қоғамдық өзгерістерден тыс тұра алмайды, ендеше бұл шығарманы төбемізден төніп тұрған жиырма бірінші ғасыр алдымызға тосқан бұралаң жолдардың  көрінісі мен ақиқатын алдыңызға жайып салған көркем баян деп қабылдау орынды болар. Әдетте, өте қабілетті, талантты жандардың өмір жолы шырғалаңға толы әрі тастақты болып келетіні бар – көп жағдайда олар қоғам һәм жеке адамдар тарапынан пайда болатын тосқауылдармен күресіп, көп уақытын соған жұмсап жататыны өтірік пе? Не жеңбей, не жеңілмей, әрі-сәрі күйде бас қатырумен, сергелдең күй кешері  ақиқат аулынан алыс па? Міне, талантты суретші Саламаттың тағдыры да осындай тар жол, тайғақ кешулерге ұласып жатады. Әу бастағы арманы асқақ та керемет еді. Өз отбасына мейірім мен шуаққа толы «коммунизм нұрын» жаудыруды қанша армандаса да, ол ойы жүзеге аспайды: қиындық үстіне қиындық кимелей береді. Жастай қосылған жары арасындағы «мөлдір махаббатқа» сызат түсіп, соның кесірінен отбасында көңіл салқындығы  пайда болады. Суретші жігіт ішкілікке салынады, жүрегіне сәуле құяр, жанына жайлылық орнатар  жылылықты басқа жерлерден іздеп әлектенеді. Сөйтіп жүріп көптеген қателіктерге бой алдырады. Тіпті, өзінің балаларын қанша жақсы көрсе де, ыстық ықыласын үйіп-төксе де, жеме -жемде әйелі тарапынан байқалған теріс мінез бен кері пиғылдың кесірінен, ұрпағы тарапынан  жат мінез байқап, жүрегіне жара салар ауыр сөздер естиді. Басқа біреумен «көңіл жарастырып»  жүргенін байқаған әйелі енді кәсіпкер жігіттің дүние-мүлкіне көз салып, соны түгелімен өзіне аударып алу жағына шындап кіріседі…

Тап осы тұста автор бәрімізге бұрыннан таныс «Не істеу керек?» және «Кім кінәлі?» деген өмірлік сауалдардан да асып өтіп, өз кейіпкерінің алдына «енді қалай өмір сүрмексің» һәм «ары қарай тағдырың қалай болады» деген пәндәуи ауыр сауалдарды кесе-көлденең тартады.  Қысқасы, бұл трилогиялық туындының негізгі айтпақ ойы – адамдар арасындағы тазалық пен сатқындық, әділдік пен екіжүзділік, ер адам мен әйел заты арасындағы шынайы сезім мен «өтірік» махаббат!  Бұл тұрғыдан алып қарағанда, жазушы осынау өмірдің қыртыс-қатпарына молынан сүңгігені, тіршіліктің небір қалтарыстарын мейлінше терең талдап аша түскені анық сезіліп тұрады. Жалпы, көркем дүние не үшін жазылады? Ол, асылында, адамның жан әлемінде бұрқылдап жататын  түсінікті- түсініксіз арпалысты айшықтап, ой мен сезім тартысын мейлінше шынайы суреттеп беруімен құнды емес пе? Кітап соңында суретші әрі кәсіпкер Саламат Байғазиннің тағдыры бір арнаға түскендей болады. Өзіне сенімді жарды – сүйкімді сұлу  Таңсұлуды табады, екеуі бас қосып, жаңа өмір жолына  нық сеніммен бағыт ұстайды. Әлбетте, үш кітаптан тұратын романда көптеген философиялық қайырымдар, пікірлер мен ой текетірестері де молынан көрініс береді – оны толығымен түсініп, бойға дарыту үшін жазушының осы еңбегін асықпай отырып оқып шығу керек. Біз әзірге осымен шектеле тұрамыз. 

***

         Башқұрт қаламгері жоғарыда аталған  трилогиядан соң, бірер жыл көлемінде  «Генерал Шаймұратов» атты романын да аяқтапты. Ол туындысы әзірге жеке  кітап болып басылмаса да, республикалық «Ақ Еділ» журналына толығымен жарияланыпты. Әрине, әзірше тек башқұрт  тілінде. Біз ол романымен де алдағы уақыттарда тереңірек таныса жатармыз. Өз аузынан естігеніміз – башқұрт халқынан шыққан тұңғыш генерал Меңдіғали Шаймұратов кешегі Отан соғысы кезінде неміс фашистерімен болған кескілескен шайқаста ерекше ерлік көрсеткен башқұрт халқының батыр ұланы. Оған Ресей елінің қаһарманы атағы өлген соң ғана, бертінде беріліпті. Алайда, халқының батыр перзенті жайлы аңыз әңгімелер талай жылдардан бері айтылып, ауыздан ауызға ауысып келеді екен. Өте ауыр және барынша жауапты тақырыпқа тек Флюр Ғалымов қана тәуекел етіп, қалам тербеген екен. Бұл елеп айтуға тұрарлық шығармашылық ерлік емей немене? Уфа шаһарында генерал Шаймұратовқа тиісті құрмет көрсетіп, бүгінгі ұрпақтары еңселі ескерткіш орнатқанын да атап айтқымыз келеді. Ал, Ғалымовтың жаңа романы батырға орнатылған рухани ескерткіш болып қала берері тағы да шындық.  Таяуда жазушы досым Флюр Ғалымовпен телефон арқылы тағы да тілдестім. Нақтырақ айтсам, өткен жылдың желтоқсан айында хабарласқан едік.  Оған себеп – башқұрттың аса талантты қаламгері осы күндері 65 жасқа толған тойын тойлау үстінде болатын. Біз де оны  мерейлі жасымен құттықтап, алдағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледік. Ол менімен емен-жарқын сөйлесіп отырды да, сөз арасында «енді халқымыздың аяулы азаматы, ұлт руханиятының жоқшысы болған  Мұхаметше Боранғұлов жайлы роман жазуды ойластырып қойдым» деді. Сосын башқұрт халқы үшін есімі ерекше қадірлі осы азамат жайынан біраз мағлұматтарды төгіле  айтумен болды. Мен  қаламгер досымды үнсіз тыңдадым. Ішімнен «сен бұл романды да өз деңгейінде, биік деңгейде жазып шыға аласың ғой» деп ойлап тұрдым. Қандас туыс башқұрт халқының айтулы азаматы, ұлтшыл тұлға, талантты қаламгер, дара драматург, менің досым Флюр Ғалымов жайлы шағын мақала  осымен тәмам. Алайда, ол жайлы жазылар ойтолғаулар мұнымен бітпесі анық, өйткені Флюр Ғалымов – әдебиет деген киелі сарайдың қонағы емес, өз адамы. Оған көзіміз  толық жетті. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар