Бүгінгі уақыт және көркем шығарма

Бөлісу:

18.01.2024 1841

Уақыт өзгерісі әдебиетте көрінуі заңды. Мысалы біздің модернистердің шығармаларында тек сол кезең ғана емес, Чеховтағы сияқты жасырын авторлық көзқарас та көрінді, бізде өз заманындағы интеллигенцияның уайымы мен қапасын көркем жеткізе айта алған Жүсіпбек, Бейімбеттер болды. Жылымықтан кейін Кекілбаев, Әбдіков, Бөкеев т.б. адамның рухани тұлғалық болмысын іздеуге келді, одан кейін тұрмыстық прозада қала тұрғынының эмоциясынан, қарым-қатынасынан, әрекеттерінен тысқары қала алмайтын күнделікті қала өмірі жазыла бастағанын білеміз. Баяғы шығармаларда ару Алматының көшелерін суреттеп, әдемілігін айтқанда біздің жазушылар символика, бейнелілікке соқпай кете алмаса да, көбіне қаланы суық деп, пәтерлерді тас үй деп суреттеп, қаланы – тар, ерсілі-қарсылы адам-ағыс, даланы – кеңдік, таза ауа, бақыт сипатында, урбанистік пен табиғатты бір-біріне қарсы қойған шығармаларды да оқыдық. Оның бәрінен өттік. Бүгінгі жазушылар әлеуметтік өмірді көп жазатын сияқты, ал оның психологиялық-философиялық жағы жеткілікті көріне ме? Ендігі жерде интеллектуалдық, идеялық, философиялық мәселелерді уақыт тұрғысынан көтеру деген мақсатқа қаншалықты жақындады деген сұрақ шығады. Өйткені бүгінгі қаланы сұп-суық тас қала деп емес, адамдардың таланты мен қуат көзі ашылып жатқан, өз «сүйіктілері» де, «артық адамдары» да бар айрықша қоғам деп те қарастыруға болады. 

Сонымен біздің жаңа әдебиет қандай болуы керек, жас жазушылар, әдебиетші-ғалымдардың бұған пікір-көзқарасы қалай екен (бұл жерде олардан стильдер мен жанрлар ерекшелігін зерттейтін филологиялық сараптама жасауды сұрап, әңгімелеу типтері, көркемдік уақыт пен кеңістіктің айырмашылықтары жайлы сұрап жатпаймыз), жай ғана ой-көзқарасын білгіміз келіп, қаламгерлерге мынадай сауал тастадық.

– Біздің бүгінгі әдебиеттен  ауыл, мал, жайлау әлі көрінеді, оған қарсылық жоқ, бірақ, урбанизация кезеңінде оның өзі де шынайылықтан алыстау. Қаламгер ауыл туралы жазса ол міндетті түрде қаңыраған ауылдың жүдеу тірлігін көріп мұңданады не болмаса баяғы бір  сағынышын қаузап жаза  беретін болды, қайталау көп. Уақыт өзгерді, қазақтың дені қалаға көшіп келді, өзіміз де өзгердік, енді әдебиетіміз де өзгермей ме, аграрлық әдебиеттен интеллектуалдық әдебиетке айналуға не кедергі?  Қала әдебиеті деген тек қалалықтар оқитын әдебиет деген сөз емес, бірақ, оның жаңа әдебиет болатыны анық, осыны қаламгерлер қалай түсінеді? Рас, қала тірлігі, осы қоғамда қазақ өзін қалай сезінеді, бұл бізде жазылады, дегенмен бүгінгі прозадан көретініміз қалаға көшіп келген қазақтың жұмыс таппай жүргені, тапса да болымсыз жалақыдан жарымай жүргені, пәтерақысын төлей алмай қиналғаны... Кәсіп бастап, өзіне ырза күн кешкендер жайлы, ғылыми не өнеркәсіптік тақырып мүлде көрінбейді десе де болады. Бұл біздің пікір, ал сіз қалай ойлайсыз, осы кезеңнің идеялық-философиялық мәселелері мен күнделікті күйбең өмірден аздап болса да биіктеу тұратын шығармалар жазылып жатыр ма? Мысал келтіре аласыз ба? Егер жазылмайды деп есептесеңіз, оның себебі неде болуы мүмкін?

 

Әлихан Жақсылық, жазушы: 

– Ауыл жайлы шығарма болсын, қала жайлы шығарма болсын, қазіргі қазақ әдебиетінде әлеуметтік мәселе көп жазылады. Арнайы бір тақырыпты таңдап, оны кеңейтіп, өнер тұрғысынан көрсетуге тырыспау да содан шығады. Әлеуметтік мәселе ең оңай тақырып және жазушы оны жазғанда қиналмайды. Басынан өткенін жаза салады, міне содан қиялдау, ойлау, оқырманды ойландыруға күш салу бәрі жайына қалады.

Бізде жазушыдан гөрі жазармандар көп. Мысалы, көптеген жазушылардың парақшаларына салған әдебиет туралы пайымдарына қарасаң жазушыларға мүлде ұқсамайды, кітапты жақсы көретін оқырман секілді көрінеді. Неге? Өйткені олар әдебиет туралы жазса өзінің шығармасындағы кейіпкерлерді бұрқыратып жазады да, міне, осындай болуы керек деп тұжырымға келеді. Мен бұл жазушыларды толық жазармандар, сүйікті ісімен айналысушылар деп атаймын. Өнер тұрғысында шығарма жасау ешкімнің миына кіріп шықпайды, бәрі ана тақырыпты көтерем, мына тақырыпты көтерем деп шапқылап жүр. Бірі кейіпкерінің мұртын қалай суреттеймін десе, бірі секс тақырыбында әлі басып қатып жүр. 

Ауыл жайлы шығармалар жазсаң да, жазбасаң да қазір ауыл халқы қала халқындай болып кетті. Интернет бар, теледидар, жарық, жылу, көптеген ауыл интернетпен жұмыс жасайды. Оларға жайлау, атбегілік, көшпенділік туралы тақырыптар түк те қызық емес. Ауылдың 7-сынып оқушылары Илон Маск деп айқайлап жүргенде біз оларға ер-тоқым, үзеңгі деген сөздерді үйретпекпіз бе? Күлкілі ғой!

Қала жайлы шығармаларды да оқып, қарап жүрміз, бәрі сол квартира, ақша табу жөнінде. Бола берсін, бірақ соны басқа бағытта, қызықты, тіпті мифтік сипатта да көрсетуге болады ғой деп ойлаймын. Жазушы деген атты арқалап жүрген соң шекара болмаған дұрыс секілді. Барлық шығармаңа сын көзбен қарап, қажет болса сол шығармаларды өртеп жібере алатындай қатал болу керек. Мысалы, жазушы қиялдаудан, басқа бағытта жазудан, өзгерістен, жаңа жанрларға барудан қорықпаған абзал. 

Интеллектуалдық әдебиетке айналуға ештеңе кедергі емес, бар себеп сол жазушы өз-өзін жазалай алмаса да қиын. Аса талант екеніне сеніп қалған жазармандар интелектуалдық әдебиетке бара алмай жүр. Яғни бірінші күні қандай әңгіме жазды, әлі сол әңгіме төңірегінде жүргендер қаншама.

Сондықтан әдебиет мынадай болуы керек, сонадай болуы керек деп формаға сала алмаймыз. Бірақ жазушы көтеретін тақырыптар өзгеріп отыруы тиіс. Жаңа тақырыпқа барып жүрген жазушыларымыз жоқ емес. Дегенмен әйел тақырыбын көтеремін деп зорлықты, сексті тым қарабайыр, ерсі көрсетіп жіберетін суреткерлеріміз бар. 

Қазақ әдебиеті интелектуалды деңгейге өтеді: ауыл, күн көріс, бұт айналасындағы тақырыптар аяқталғанда, бірақ бұл тақырыптардың әлі біздің қоғамда "болашағы зор".

Бақытгүл Сәрмек, жазушы:

  –Мүмкін, оқырман алдында жауапкершілікті сезіне алмайтын, әдебиет жасаушылардың бірі екенімді өзім мойындай алмайтын қорқақтығым бар шығар. Ғылыми өнеркәсіптік процестерді көзімізбен көріп отырмыз, игіліктің барлығын күнделікті өмірімізде қолданып жатырмыз. Осындай кезеңдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігін, жетістіктерін неге жазбайсыз дейсіз ғой? Мысалы, маған адам елемейтін, көзге көрінбейтін, өзіміз түсіне алмайтын адамдар болмысын жазған әлдеқайда қызықты және өзім оқитын әдебиет те көбіне солай. Қазіргі кезеңдегі саяси, ғылыми тақырыптарға жазылар, бірақ классикалық әдебиет үлгісінде біздің оқитынымыз қайсысы? Ғабит Мүсіреповтердің бір кездегі идеология бағытында батыр ана, еңбекке араласқан әйел, өнеркәсіптің дамуы жолындағы алғашқы кезеңдер жазылған шығармалары ма әлде бізге дейінгі пәленбай кезеңді артқа тастаған Мопассанның "Пышкасы" ма? Әрине, мені оқырман неге қызығады, қандай шығармалар қазір өтімді, қайтсем оқырман жинай аламын деген сұрақтар мазалаған емес, алдағы уақытта да "Ойбай, неге біздің әдебиетте анау жоқ, мынау жоқ?" деп қанша жерден шулап жатса да мен өзім не жазғым келеді, ішкі ойларыма сыртқы қоғамның әсері, қарсылығы немесе жұптасуы кезінде туатын ойларымды ғана жазғым келеді. Қанша жерден қазіргі жазушыларымыз жолы болмаған, өмірі ауыр, үнемі сағынышқа малынып жүретін кейіпкерлерден тұратын әдебиет жасап жатыр деп сынағандарыңызбен, келесі кезеңнің ұрпақтары осы әдебиеттерді оқу арқылы қазіргі уақытты толық түсіне алады, сезіне алады деп ойлаймын. Мысалы, жазушы ауылдың айналасынан шықпайтын мен сияқты жазушның шығармасынан оқырман бір тарапты ғана көрмейді, келесі бағыт өркениеттің жай адамдардың өміріне қалай еніп жатыр, қиын ба, оңай ма, өркениетті бірден сіңіріп әкете алып жатыр ма, терең түсіне алатын оқырман осыны да көре алады. Үнемі қалтасына тиын тұрмайтын жарлылардың өмірін оқып отырып, мынау сонша өзін қораш сезініп жүр, егер айналасындағы адамдардың бәрі сондай өмір кешсе ол үйреншікті нәрсе болар еді, жоқ, мына жерде керісінше, демек жарлының сыртында бақуатты өмір сүретіндер толып тұр, ол солардың қатарында, соларға еліктегісі келіп, бірақ қолы қысқа болып, соған қиналып, тырмысып жатыр деп ойлап та жақсы өмірді көруге болады ғой. Қазір өз күндерін өздері көріп, жыртығын жамап, сонда да қаламнан қол үзбей, еш есепсіз, еш тапсырыссыз, өзінің жан рахаты үшін жазушыларға "Неге мына тақырып жазылмай жатыр, неге былай жазасыңдар?" демеу керек. Не жазылса да жазыла берсін, уақыт өз сүзгісінен өткізіп барып, бәрібір болашақ классиканың өзі қалдырады. Және тағы бір мәселе, өнеркәсіптік, қазіргі жай-күйді, адамдардың еңбекке араласқаны туралы неге жазылмайды дейсіз, кезінде сондай бағытта жазылған шығармалар сол кезде ғана шедевр, сол кезде өтімді болып оқылды. Қазір балаңызға Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебін” немесе Ғабит Мүсіреповтың қазақ әйелдерінің бейнесін, патриоттығын, батырлығын бейнелейтін том-том шығармасын оқыта аласыз ба? Жоқ, әлемдік әдебиетке шықпақ түгілі, өз арамызда да оқылуы төмендеді.

Әлемдік әдебиетте Мүсіреповтың өнеркәсіпке араласқан, еңбекқор, адал, батыл, өжет “Ақлимасы” қалды ма әлде Мопассанның жезөкше “Пышкасы” қалды ма?

Жазушы мүмкін сүреңсіз өмірді суреттер, бірақ көзі ашық оқырман тек айналада болып жатқан құбылыс, оқиғалардан бұрын адам бойындағы қалтарыстарды көре алады. Шебер жазушы қай өмірді жазса да бәрібір негізі.

Гүлмира Сәулембек, PhD, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Үйдегі ауа райын базардағы нарық билейді дегендей, жазушы айналада не болып жатса соны жазатын болса керек. Қалаға келген халықтың басым бөлігінің көрген күні өзің айтқандай, жалдамалы пәтердің жыры, күн көріс қамынан аса қойған жоқ. Одан кейін халықтың белгілі бір құбылыс туралы түсінігіне де байланысты. Совет заманында бай болу әбестік, алып-сату, жалпы сауда атаулы қылмыстың ар жақ бер жағындағы дүние болатын. Одан кейін нарықтық заманға кірдік. Бірақ бармақ басты, көз қыстымен немесе сауаты жетіп, әлде дер уақытында дәл орында табыла қалғандықтан байыған жаңа қазақтар пайда болды. Олар да бай болудың мәдениетін меңгермеген, төбеден шұғаша жауған байлықтың есірігімен өмір сүргендер болды. Бұл туралы өзің айтқандай, көркем шығармалар жазылды да. Яғни қарапайым халықтың яки жазушы мен оқырманның бай болу, дәулетті өмір сүруге деген жиіркеніші арта түспесе кеміген жоқ. Кәсіпкерлердің басым бөлігі тек алып сатарлықпен айналысты. Кәсіп жасағандар жоқ болды деп қу шөппен ауыз сүрте алмаймыз. Кәсіп бастағандардың кәсібінің қиындығы өз алдына, «тексерушілердің» қысымына шыдамай омақасқанын да көрдік. Қазір ақырындап жағдайдың дұрыстала бастағаны байқалады. Сервис саласы едәуір деңгейге көтерілді. Бұрынғыға қарағанда екі қолы қимылдағанның аузы қимылдайтын дәрежеге жеттік қой, шүкір. Еңбектеніп соның арқасында бай болуға болады деген түсінік енді қалыптасып келе жатқандай. Бірақ оған да көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен де халықтың басым көпшілігі әлі де сол әлеуметтік желідегі оңай байып кеткендердің жолын берсін деп отырғандар. Таза ғылыммен немесе оқып, бір ғана жүктемемен айлыққа қағанағың қарқ болып өмір сүруге жете алғанымыз жоқ. Бірнеше жұмысты қатар алып жүріп ел қатарлы тәуір тұрмысқа жетуге болады, онда да белгілі ғылыми дәрежеге жеткен соң ғана. Жас ғалымдардың мәселесі әлі шешілген жоқ деуге болады. Өнеркәсіп дегенде естігеніміз ашылып, қайта жабылған зауыттар еді. Одан кейін шығарғанымыз көк тазик-тін. Мұның бәрін неге ежіктеп айтып отырмын. Ғылыми-фантастикалық шығарма тұрғысынан немесе ұшатын кілемге мінген кейіпкері бар ертегі деп қарамаса, мынадай кәсіппен айналыстым да байыдым десең оқырманың оған сенбейді ғой. «Выше головы не прыгнешь» деген орыс мәтелі бар ғой. Шығармашылықтағы қиял ұшқырлығын қолданды, ерекше етіп жазды деген күннің өзінде, 99 пайыз шығармалар шынайы өмірдің көшірмесі ғой. Тым түңілтіп жібермейін өнеркәсіптік және ғылыми тақырыпта шығармалар енді жазылады деп ойлаймын. Мүмкін осы тәріздес қозғау салу болмай тұрған шығар. Біршама уақыт бұрын әнші, өнер адамдарының өмірі қызықты болып, барлық арналар мен желілер сонымен айналысатын, қазір түрлі кәсіп иелерінің подкасттары, бейне материалдары шыға бастады, сондықтан көркем шығарма да жазыла жатар. Әзірге соңғы уақытта шыққан «Ауылдан шыққан миллионер» деген кәсіпкерлік жайлы Сәуле Досжан апайымыздың повесін, Әлихан Нұрбергенұлының аздаған психиатриялық тақырыпты қозғаған «Жан азасы» әңгімесін және медицина, юриспруденция сынды кәсіптердің қызықты ішкі әлемімен таныстырған шығармаларды білеміз. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады деп сенемін. 

Екінші мәселе сол шығармашылық тұлғасының жайлы қалыптан шығып, деңгейі биік шығарма жазуы үшін де ғылым туралы не кәсіп туралы едәуір ізденісі, теория жүзінде болса да біршама мәселелерге қанық болуы мен қиялдың ұшқырлығы керек. Және жазылғалы жатқан тақырып жазушыға да қызық болу керек. Осы тұрғыдан келгенде, әсіресе, жас қаламгерлердің әралуан тақырыпта жазу машығын қалыптастыру, тақырыпты тиімді зерттеу әдістерін ұсыну тәжірибе жинақтау, түрлі жанрда жазу техникаларын меңгерту мақсатында әдеби мектептер қажет-ақ. Әзірге бұл мақсатта жұмыс жасап жатқан «ОЛША» мектебі ғана. 

Дүйсенәлі Әлімақын, ақын:

– Екі жылдан бері мен ағылшын тілінде жазылған романдарды оқып жатырмын. Бұлай істеуімде екі түрлі мақсат бар, бірі – ағылшын тілін терең меңгеру, екіншісі, басқа мемлекеттердің жазушылары не жазып жатқанын аңдау. Әрине, қолына қалам ұстаған адам үшін кейде көп жазардан бұрын көп оқу ауадай керек. Басқаларды білмеймін, мен үшін салыстыра оқу тым маңызды. Ал сұраққа оралсақ, заманына қарай әдеби шығарма да түрленіп, өзгеріп отыру сол ұлттың әдебиеті үшін де, оқырман үшін де керекті құбылыс.

Бұрынғы дәуірді айтпағанда, қазіргі кезде біз жаңа әдебиеттің көшіне ілесе алдық па деген сұрақ жиі мазалайтыны рас. Шыны керек, қазір біздің есімізге қазақ жазушылары десе, Бейімбет Майллиндер түседі. Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр, өткен жылы мен Майлиннің "Күлпәшін" ағылшын тіліне аударып, Америкадағы бір журналдың редакторына жібердім, арада 15-20 күннен кейін редактордан хат алдым. Ол хатында: "Шығарма да, аударма да жақсы екен, бірақ қазіргі оқырмандар мұндай ауыр шығарманы оқып, көңіл-күйін бұзғысы келмейді, кешірім сұраймыз" деп жазыпты. Бұл бізге қазіргі әлем әдебиетінің мүлдем өзгеріп, жаңа арнаға бет бұрғанын түсіндіреді.

Қысқаша айтқанда, біз үшін бәріне жаңаша өзгеріс қажет. Санамызға, өмірге көзқарасымызға, әдебиетіміздің даму жолына да өзгеріс керек. Үнемі шетел жазушыларының бір романын оқып тауысқан сайын осыны біздің жазушылардан да жаза алады ғой деген ойға батамын. Ал олардың артықшылығы – заманның және әлем оқырмандарының талабынан шыға алғаны. Екі күн бұрын жапон жазушысы Саяка Муратаның әңгімелер жинағын оқып бітірдім. Біз бұрын оқыған жапон жазушыларының сарынынан мүлде бөлек стилде. Муракамиден кейінгі жапон жазушыларының жас толқыны қазір әлемге жаңаша ой мен стильге құрылған романдарымен танылып үлгерді. Сол үшін әр толқын өз заманында әдебиетте бір өзгеше жол қалыптастырғаны жөн сияқты.

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар