Әдебиетке галактикалық  жаңа сюжет керек...

Бөлісу:

06.02.2024 1247

Осыдан үш жарым мың жыл алдын, жебірей жұртының даңқты пайғамбарларының бірі Мұса әликсалам Мысыр перғауындарынан құлдықта жүрген қауымын қазіргі Синай түбегіне қарай алып қашады. Неше жүз жыл, әлде мың жыл құлдықта болған жебірейлерді иландыру, оларды сол замандағы ең күшті ел Мысырдан алып шығу Мұсаға өте ауырға соғады. Онсыз да ордада өскен, перғауынның көз алдында ержеткен баланың аяқ асты дәруіш болып Перғауынғақарсы ақиқат пайғамбар екенін дәлелдеу күресі Мұсаның жарты ғұмырын алады. Өзінің жай адам емес екенін, перғауыннан да күшті Жаратушы бар екенін қанша ескертсе де, оны перғауын қабыл алмайды. Мәселе осы жерден шығады. Күшті мен әлсіз, адам мен азғын, періште мен шайтан сынды екіге жарылған әлем, қарама-қарсы көзқарастар, бітіспес дұшпандар арасындағы кескілес дүние адамдарға өз шешімін тапқызуға итермелейді.  Бұл хикая – ескі діни кітаптардың бәрінде кездесетін хисса. Тіпті құран аяттарын  тәпсірлейтін имамдар Бәни Исраил қауымының азаттығы үшін  арпалысқан хиссаны жаны салып уағыздап, баяндап бүгінге жеткізді. Бұл уақиғаның тарихта шынай болғаны-болмағаны маңызды емес, маңыздысы – Мұса формасының адам санасына қалай қатталып, қандай форматта қалуында. Әдеби тұрғыдан қарасақ, перғауын жағымсыз кейіпкер де, Мұса жағымды кейіпкер. Жағымды кейіпкер қашанда әділетті, бірақ әлсіз келеді. Халықты Мысырдан алып қашқанда да сайлауыт әскермен емес, ылғи кәрі-құртаң, бала-шағамен қашады. Ал, қуа шыққан перғауынның сол замандағы ең күшті билеуші екенін ескерсек, қандай әскермен жорыққа шығатыны белгілі, одан да қауіптісі алдыларында кешу бермес алып Қызыл теңіз жатқаны еді. Қайықсыз, үлкен кемелерсіз арғы бет Синай түбегіне жету енді мүмкін емес дүние. Соңынан болса күшті жау тықсырып келеді, алдыда тауда-таудай толқыны жағаны ұрып теңіз жатыр. Дағдарған Мұса не істемек керек.

Бұл перғауын мен Мұса арасындағы уақиғаны көзқарақты оқырман қауымның бәрі біледі. Ал, бұл діни хикаяның тіпті бір қауымның қиялынан туған азаттыққа деген аңсарынан дүние келген хисса болса да біздің тақырыпқа не қатысы бар? Галактикалық  жаңа сюжетте ол неғып жүр? Оның әдебиетке, мәдениетке не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Енді соны сәл тарқата кетсек.

Жалпы әдебиет туындылары жай уақиғалар тізбегі деп оқиға қуып кете берсеңіз, онда автор айтқысы келген, жасырып отырған ішкі иірімін ала алмайсыз. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» қағидасы қалам ұстаған кермегі күшті жанның бәріне ортақ болса керек. Әсіресе, біздей отарлықтың өткір тепкісінен ой-қиялында тарам-тарам дақ қалған халық үшін тіпті де. Ендеше, сол отарлық кепті біз ғана киіп отырмыз ба? Замана отарлығы қай кепте? Сонау замандағы Мұса қауымы мен бүгінгі заман адамының арасын не байланыстырады? Қандай ортақ сюжетте перғауыннан қашқан яһудилермен ұқсас кейіпкерге айналуымыз мүмкін?

Жалпы, пайғамбарлықты біз өте тар шеңберде қарастырамыз. Қатып қалған түсініктен таймастан, оны қозғауды, оны жаңалаудан қашамыз. Қазіргі күнде жеті миллиард адам қалауы мен сауалына ежелгі дәуір пайғамбарлары жауап бере алмайды. Адам бақыты алға озсын дейтін сонау заман пайғамбарлары қазір тіріліп келіп, сан-салаға жіктелген адамзат қоғамының қарым-қатынасы мен күрделілігін көрсе, өз үкімдерін жүргізуге өзеуремес еді. Бұл жердегі уақыт мен заман талабына үйлесу үшін тірі адамның, адами фактордың маңызының зор екенін қайта-қайта түсіндірудің қажеті болмас.

Мысалға әр саладағы таланты мен талабы тасып тұрған миллиондаған, миллиардтаған жанның жүрегіне жол тартқан дарындыларды пайғамбар демей көріңіз. Мұхаммед пайғамбар заманында сахабалар саны мөлшермен алпыс мың делінеді. Бұл пайғамбардың пайғамбарлығын мойындаған, соңынан ерген, оның ісін дұрыс деп қабылдаған адамдар тобы. Ал, қазіргі күрделі салаланған заманда, әр саланың өз «пайғамбарлары» бар. Олар миллиондаған мүриттері бар массасы үлкен масштабтағы адамдар. Олар өз саласының шыңына шыққан, құпиясын меңгеріп, биігін бағындырған жандар. Соның бір егейлері Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск сынды ғалым әрі табысты адамдарды айтуға болады.

Былтырдан бері әлемді шулатып жатқан Open AI компаниясының Chat GTP бағдарламасы жазған мәтініңізге қарай сурет салып, қолданушылардың түрлі талаптарына байланысты мәтін жазып беріп елді таң қалдырған еді.  Chat GTP-тің салған суреті мен мәтіні суретшілер мен әдебиетшілерді ойландырып тастағаны шын. Бұлай бола берсе болашақта ең талантты ақын мен жазушының орнын Chat GTP-ден де тиімділігі күшті бағдарлама шығып, небір ғажайып романдар мен поэмалар өмірге келіп жатса таң қалмаңыз. Себебі, неше мыңдаған ақпараттар мен сюжет, уақиғаларды интернеттен топтастырып алған жүйеге қалауыңдағы мәтінді құрап беру аса бір қиындық туғызбаса керек.

Бұл Open AI-ды неге тілге тиек етіп отырмыз. Себебі, бұл компанияның негізін қалаған құрылтайшылардың ішінде Билл Гейтс пен Илон Масктің жүргені еді. Осы жылдың қаңтар айының 28 күні осыған дейін Илон өзі айтып жүрген Neuralink жобасының ресми түрде адам миына жасанды нейрокомпьютерлік интерфейс пен жасанды интеллектілерді қондыру сынды операциясы сәтті жасағанын мәлімдеді. Бұл дегеніңіз машина адамдардың ресми түрде өмірге келгендігінің айғағы-тын. Біз Chat GTP-ті айтып ауызымыз ашылып жүргенде, адам мина Chat GTP-дей ақпараттарды жүктеп алған имплант-чип салған АҚЫЛДЫ АДАМДАР легі пайда болатынын ескере кетіңіз. Қарапайым адам қарап болмайтын, оқып тауыса алмайтын ақпаратты сыйымдылығына қарай миға жүктеп, пайдалана беру кім-кімге болсын жеңіл болмай ма? Мысалға, бір шет тілін үйренгің келеді, болмаса, бір мамандық негізінде жұмыс жасамақ болдыңыз делік, әлгі имплант-чипке қосыласызда ішіндегі ақпаратты иен-тегін мәліметтерді алып, қажетіңе жарата беріңіз.

Ал, бұл жерде замана пайғамбарлар ішінде Илон несімен жүр? Илон МАСК дейміз бе, МӘСИХ дейміз бе? Мәсих десек өзі құрған Chat GTP-і, Neuralink-і, SpaceX, Тесалсы құрғаны үшін бе? Байлығы, танымалдығы үшін бе?

Ешқайсысы үшін! 

Сөзді осы жерден Мұсадан қайта жалғай кетсек. Соңынан қуған Перғауынға шыдас бермеген Жебірей халқы Қызыл теңіздің алдында шын дағдарады. Қашып құтылудың мүлде мүмкіндігі жоқ. Тоған емес, өзен емес, көбігі аспанға шапшыған алып, асау теңіз. Бұл жерге Тәттіқара ақынның «Қамыстың басы майда, түбі сайда» өлеңі жүрмейді. Бұл жерге реалды Нұхтың кемесі я Титаник ғана керек. Бірақ, Мұсаның арғы бетке көзі жетпейтін, күмәннан көз ашпаған қауымына дәлелдемеген ұлы сиқырлы құпиясы бар еді.

Илонның SpaceX (Space Exploration Technologies Corporation «Ғарышты Игерудің Технологиялар Корпорациясы») деген ғаламдық жобасы бар. Илонның Марсқа адам жеткіземін, адамзатты галактикалық тұрғын етем деген ұлы арманынан туған жоба бұл. Илонды Мәсих ететіні дәл осы жер. Мұса теңізді кешіп өте алмай тұрған қауымға таяғымен Қызыл теңізді қалай қақ жарып арғы жағаға шығарды, Илон Маскте сиқырлы кемелерімен кезіндегі жебірей қауымы көзіне қорқыныш болып көрінген Қызыл теңіздей жер мен марс арасындағы кеңістікті қақ жармақшы. Екеуі екі заманда, екі дәуірде өмір сүрсе де, атқарар істері бірдей, миссиялары бірдей. Тек біреуінің жеткізуі аралығы Мысырдан – Синайға болса, екіншісінікі жерден – Марсқа.

Жер бетінде бір уақытта, бір заманда бірге жасап жатқан адамның осыншама ой мен қиялды іске асырмақтағы ниеті не? Біздің былайғы жеті миллиард жер тұрғынының әлгі Қызыл теңіз алдында шарасыз қалған Мұсаның қауымынан айырмамыз қайсы? Оларға сол кездегі түсінік бойынша, теңізден өтіп Синай тауына аман-есен жету орындалмас арман еді. Дәл қазіргі бізге де Марсқа бару қиял, ертегідей елестейді. Тіпті бізге қатысы жоқтай жайымызға жүреміз. Мұсаның Мысырдан қашуының басты себебі, Перғауынның құдайсыздығы емес, бани Исраил қауымына өтіп кеткен құлдығы еді. Бостандыққа ұмтылған, еркіндік аңсаған қауымның осы ісін уағызшылдар тек Мұса Қызыл теңізді мұғжизамен жарды, аса таяғымен Алла қалауымен түрлі хикмет жасады дегеннен ары аспайды. Ондағы адамның бас бостандығы, теңдігі, құлдықтан теңіз болса да кешіп өтіп кете алатын қайсар рухы секілді адами ерік-жігерді, адами іс әрекетті айтуға тәпсірлерінің  сөздік қоры жетпестен тұншықтырады да отырады.

Еркіндіктің шыңы ғылым-білім, ғылым-техника. Кім білген, жаңа заман адамы деген біздердің қазірдің өзінде қандай құлдық пен бодандықта отырғанымызды. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» деген романында жер бетіндегі адамдарға өзге планетадан хат-хабар келеді, бірақ, оны АҚШ пен СССР бірлескен колониясы адамзаттан жасырып, олардың келер бағытына қарсы жер беті кеңістігінің әр нүктесіне ракеталар орналастырып қоятыны бар еді. Бұл жазушы қиялының жемісі болғанымен сонау ерте, ерте деп басталатын қаншама ертегінің қазіргі күні іске асқанын көріп отырмыз. Мүмкін бізде сондай әлемдік деңгейдегі тұмшалауда,  құлдықта отырған шығармыз. Әлде әлемдік ядролық соғыс па, әлде тосын табиғи апаттың алдында тұрып, содан құтылудың, адам ұрпағының сақтаушысы Илон Мәсихтың SpaceX жобасының ракеталары болып, Мұсаның аса таяғындай адамзатты құтқарып қалатын болса ше? Илонның қазіргі жасап жатқан ғылыми прогрессі біздегі қатып қалған қаншама қағиданы қалай қирататыны белгісіз. Санадағы жаңа төңкерістермен қатар жаңадан философиялық ойлау мен жазушылардың жаңаша мәтін құрауы пайда болмайды дей алмаймыз. Белгілі бір қоғам мен тұлғалардың жетістікке жетуіне өзіне дейінгі данышпандардың жойқын ой санасының соны сорабынан әсер алатын болса, Илон да Мәсих болу үшін қанша кітап оқып, қаншама көркем шығарма ақтарғаны өзіне мәлім. Оның өмір дерегіне көз жіберіп шықсаңыз өте көп кітап оқығанын аңғарасыз. Марсқа адам жеткізу деген әуелде санасындағы қиялы десек те, оны түртпектеп оятқан оқыған ғылыми фантастикалық кітаптар екенін даусыз. Жазушы жазады, оны ғылым өмірге, өндіріске қосады. Яғни, идеяның заттануы десек болады. Енді сол ғылымның ашқан жаңалығы негізінде қайтадан жаңа әдебиет қалыптасады. Ертеректе бір аумақтық сюжеттер кейін бір өңірге, дами келе мемлекетке, қазір әлемдік деңгейге жайылып кетті. Ертегілердегі қаншама бай қиялдың жемісін қазіргі ұрпағы көріп отыр. Кілемге отырып ұшқысы келген ежелгі адамдардың жалғасы қазіргі біздерге аспанда ұшу деген таңсық емес. Мысалға, атақты «Алтын сақа» ертегісін айтайық, бұл ертегі тұнып тұрған ғылым-техникалық ертегі. «...Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң, кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде, тайдың бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі...» (Алтын сақадан үзінді) 

Жұлып түсіру, лақтыру (ұшыру)  деген көне заманда болмаған дүние. Ал,  ресейдің екі күннің бірінде Украин қалаларын жалмауыз секілді тісін жұлып емес, кәдімгі ғылым күшімен жасалған алыс аралықты ракеталармен қиратып жатқаны қазір жаңалық емес. Көрдіңіз бе, ертедегі ертегі сюжетін құрастыратын қиялы бай адамның армандаған ұшатын аяқ жұлғышы кейінгі заманда мылтықтың оғы болып, ұшатын зымыран, снарядтар болып біздің дәуірімізде өмірде іске асты.

Әдетте ертегіге баланың жатар алдындағы алданышы деп қараймыз және онда ғылымға қатысты ештеме жоқтай, ғылыми прогрестің ұшқындары жасырнып жататынын бажайлай бермейміз. «Ер Төстік», «Қырық өтірік» сынды ертегілер өн бойына темірге (техникаға) қатысты, оның пайдалылығы мен артықшылығы туралы баланың санасына бейсаналы картиналарды қашап отырған. Соған ұқсас «Алтын сақа» ертегісі де сол үдемен өмірге келген. 

«Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді... Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады» дейді тағы сюжетте. Екі аяқты, үш аяқты ат деген мына дүниеде мүмкін емес жағдай. Аяқ жұлынбақ түгіл оқ тисе қайтер екен. Ал, қазір екі аяқты, үш аяқты көліктер дегеніңіз көшенің сәні. 

«Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, – дейді... Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен әрлі-берлі ұшып жүреді де баланың төбесіне келіп қонады. Бала жылап тұрып, бұған да тапсырады.» Қарға, үйрек, қарлығаш дегеніңіз қазіргі қолымыздан түспейтін Huawei, Samsung және iPhone-ыңыз. Қарға мен үйрек Сеть тартпай тұрған  Huawei мен Samsung. Қарлығашыңыз сеть ұрып тұрған iPhone. «Алтын сақа» ертегісі бір қарасаң жалмауыз кемпір мен бала арасындағы қақтығыс, тартыс болғанымен, негізі ертегішінің арманы тезден жететін, тигенін қирататын, тез хабар алғызатын ғажайыптың болғанын қалаған ниетінен туындаған. 

Осы секілді ертегі, мифтерден неше түрлі тұнып тұрған ғылыми фантастикалық, алдыға оза қараған, тыңдаушының санасына өзгеше мәтін құятын ертегілер өте көп.

Фантастикалық ертегілердің қазір көбі ғылым-техниканың көмегімен іске асып жатыр. Біздегі космостық мифтерді қарап отырсаңыз. Ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты туған болса да, адам баласының кең аспанға, еркін кеңістікке ынтызар көңілінің жемісі. «Жетіқарақшы», «Үркер», «Шолпан» сынды жұлдыз болып кеткен мифтерде үнемі бір қысымға ұшырап, соңы аспанды пана тұтып, жұлдыз болып кеткен адамдар мен аңдарды көресіз. Мифтердің түбі еркіндік, сана еркіндігі, ой еркіндігі, бұғалықтан қашқан аң мен адамның айқын бейнелері. Сол арман кейінгі адамзат баласын аспана ұшырды. Енді міне, «Марс» пен «Шолпанның» өзіне ұшып баруға адамның ғылым күші жете қабыл болып тұр.

Жақын жылдары тәуекелшіл ғалымдардың, пайғамбар текті адамдардың арқасында әдебиетте галактикалық деңгейдегі жаңа, өзгеше сюжеттер өмірге келе бастайды. Сюжеттерді жерде тұрып жазу басқаша да, енді, марс пен шолпан сынды өзге планетаның топырағын ұстап, ауасын жұтып тұрып жазу бір басқа болмақ. Әдебиеттің ұтар тұсы осы жерде. Бұрын адам жерде тұрып Шолпан туралы жазса, енді сол ғаламшарларда тұрып жер туралы жазары хақ!

Жақында ғана жер сілкінісіне байланысты молдалар мен уағызшылардың «Ол адамның күнәсінің көбейуінен» деген үйреншікті пікірлерін жүндей сабады. Дәл осы кезде НАСА-ның Марс ғаламшарында да сілкініс болатыны туралы фото жазбасы тарады. Ал, енді түсіндіріп көріңіз. Дәл сондай түсініктер ғарыш кеңістігінде жүрмей қалуы, жаңа кеңістікке жаңа түсінікпен, басқаша пайыммен қарау керектігін туғызбай тұрмайды. Бұл ғылым техниканың өз кезегінде әдебиет пен мәдениетке қайыра әсер етуі десек болады. Былайша айтқанда философия – әдебиет – ғылым. Ғылым – философия – әдебиет сынды айнымалы тізбектің өзара баланыс сақтай дами отырып, адамды «АДАМ БАҚЫТЫ» үшін өркениетке жетудің шыңына жетелей беретініне болашақта куә болатынымызға кәміл сенеміз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар