Мұқағали
Бөлісу:
«Өлтіре алмағандардың бәрі бізді тек күшті ете түседі» (Ф.Ницше)
Мұқағали Мақатаев өлеңдері көп жазылған тақырыптың бірі ғой. Солай десек те ақынның жұрт жақсы көріп жатқа айтатын кей ғазалдарына қайыра ой жүгіртіп, жекелей пайым жасауды жөн деп санадым. Ақынның барлық өлеңдерінің түп-төркініне тоқталмасам да соның ең негізгі дегендерінен ой маздатып, мақаламды барынша шашауын шығармай, сығымдап жазбаққа ниеттеніп отырмын.
XX ғасыр басындағы саяси бұлғақ кесірінен жер үстінен біржола жойылып кете жаздаған халықтың бірі еврей қауымы ғой. Халықпен бірге оның тілі де адам айтса нанғысыз қызыл қырғынға ұшырады. Осы қым-қуыт мезетте жанұшырған еврей тілі синагога ғимараттарын барып паналады.
1948 жылы дербес мемлекеттігін тіктеген бұл қауым байырғы баба тілін сол шіркеу арқылы қайыра қаз-қалпына келтірді деген де жанама мәліметтер бар. Міне, бұл біздің де басымызды шарпыған кеп қой. Бұл қамырық мысалды алдағы өрбітпек әңгімеміздің негізі атмосферасы үшін де әдейі тиянақ етіп алып отырмыз.
..Тіліміз тасқа. Әрине, Құдай бұл нәубаттың бетін аулақ қылсын дейік. Бірер сәт былай деп елестетіп көрейікші.
Кенет Нұх пайғамбар заманы секілді жер үстін топан су басып, сол топаннан бірер қазақ баласы ғана аман-сау қалды дейік. Енді сол халықтың бұрынғы болмысы мен төл танымын, адамдарының өзара қарым-қатынасын қайыра қалпына келтіру күн тәртібіне қойылды дейік.
Мен еш ойланбастан аталған сол қабиланы қайтадан жер бетіне қайтарудың ең негізгі әдіснамасы (методологиясы) ретінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін пайдалануға әбден болады дер едім (Мейлі, ақын беріде XX ғасырдың орта шенінде өмір сүрді десек те). Себебі Мұқағали поэзиясында бүкіл қазақтың болмысы дамылдап тұр. Бұл жағынан ақынның эпигоны (еліктеушілері) көп болғанымен ешқашан да экземпляры (сыңары мен теңдесі) болған емес.
Бұл ешқандай да езуге күлкі үйіретін ұшқары пікір емес. Ойымды суық ақылыма он мәрте тоғытып, еш эмоциясыз жан жүрегіммен айтып отырмын. Мысалы, Мұқағали арқылы тым ілкідегі әке мен баланың, қайны мен жеңгенің өзара қарым-қатынасындағы бастапқы түпнұсқаны қаз-қалпына келтіруге болады.
«СУ СҰРАСАҢ СҮТ БЕРГЕН, АЙРАН БЕРГЕН, ҚАРТАЙЫП ҚАЛЫПСЫҢ ҒОЙ, ҚАЙРАН ЖЕҢГЕМ...». Міне, бұл жеңгенің бастапқы төл болмысы. Негізі, сұрағанымыз су ғана еді-тұғын. Ол неге су орнына сүт пен айран берді?! Мәселе су да емес, бастапқы төл болмыстағы түйіршік пен ақпарда болып тұр ғой (Мұның енді басқалай болуы да мүмкін емес ). Мінекей, осы бір жол өлең арқылы тұтас ұлттың қарым-қатынасындағы негізгі дәстүрдің өшкен ізі мен сорабын осылайша қайта тірілтуге болады.
Ұлттың ұяты мен өз антропологиясы да Мұқағали өлеңдерінде тұр. Әсіресе, қазақ қызының ибасы мен түр-тұлғасы дер едік.
«... ҚОЛАҢ ҚАРА ШАШЫҢ-АЙ КҮН ҚАҚТАҒАН, ҚОС БҰРЫМЫҢ ЖОТАҢДА БҰЛҒАҚТАҒАН...». Ақын «Қолаң қара шашың-ай...» деп өкініш білдіргеніне қарағанда өлеңнің арғы жағы қамырыққа толы.
Мұқағали манағы сөз басында сілтеме жасаған Нұх пайғамбар секілді топан суды көрмесе де одан бір мысқал да кемдігі жоқ, тұтас ұлттың құндылығы мен жауһарын шайып әкеткен қызыл идеологияны көрді. Соның бірі ұлттың бет-бейнесі мен шын әлпеті еді. Желке тұсы күзеліп, көз алдында бырт- бырт қиылған сол бұрымға қан жүрегімен жасаған қарсылығы мынау еді.
«КЕЛШІ, ҚАРҒАМ, ШАШЫҢНАН ИІСКЕЙІН...». Бұл әлгі әдемі қыздардың ағалар мен «ақсақалдар» бопсасына шағымданған харассмент пен буллинг ұғымдарына тіпті де қатысы жоқ. Қандай әдемі эстетика десеңізші. Ақын осы арада ақыл соғудан аулақ. Ішкі тілегі мен запыран шерін тек «...шашыңнан иіскейін» емеурінімен ғана түсіндіреді.
Бұл Мұқағалидың көз алдында күлі көкке ұшқан ұлт құндылығымен қоса, ажары өзгеріп сала берген аруларға айтқан арзуы-тұғын. Осыны оқығанда үстіңе кірпі аунағандай біртүрлі тітіркеніп кетесің.
Қазақтың ілкідегі ішкі тәубасы мен иманы, шын мұсылманшылығының үлгісі де Мұқағали өлеңінде тұр.
«...Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім...».
Ақын осы жерде не де болса өзі туралы айтып отыр дейсіз ғой. Мен бұл пікірге мүлде келіспеген болар едім. Кешегі кішіпейіл, бидай өңді, ұяң ұлт неге ғана қауқарсыз құр ашуға ұшырады. Жалпы дәрменсіз халықтың құр ашудан басқа қолынан келер қай шарасы болушы еді. Тозақ пен азап та соның бір басында ғана емес пе? Еркіндігі жоқ елде жақсылық пен ұяңдықтың қатар жымдасып өмір сүре алмасы белгілі. Ақынның «...Аттап өттім олардың қия белін» дегені бәрінен де айырылдым дегені емес пе? Бұл Мұқағали арқылы көрініс берген ұлт мінезінің шын суреті-тұғын. Ал тәубасы мен ұжданы түптеп келгенде бәрібір құдайшылықты сүйеді.
«СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, СӘБИ БОЛҒЫМ...» деп бей санадағы тазалыққа ұмсынады. Мінекей, аталған халықтың Аллаға қарым-қатынасы мен кісілік келбетін қайыра қалпына келтіргіміз келсе, осы пайымның діңіне ат байлауымызға болады.
Қысқасы, қазақтың қара өлеңдегі қайғысы мен қуанышы, исі мен әуезі кім десеңіз ол – Мұқағали.
Әгәрәки, ұлттың осы күнге дейін көрген құқайы мен кеткен есесіне бір жиынтық атау беру керек болса, ол атаудың аты сөзсіз, Мұқағали болатын еді. Ол ұлттың өлең кейпінде сөйлеген өзі десек те болатындай.
Өмірді сүю: Адам тағдыры мен арқан мәселесі
Өмірді сүю қазақ мәдениетінің ең негізгі тағаны мен күретамыры. «Жалғанның жарығына жетер дүние жоқ» пайымы сол күретамырда аққан қызыл қанның негізгі мұраты. Рас, жарық күн шұғыласы мен ананың мейіріміне жетер мына дүниеде мұғжиза бар ма екен, сірә. Осы ұғым Мұқағали танымында бүй деп үн қатады.
Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем,
Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
...Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле...
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек - қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..
Бұл өлең жайлы сөз сәл кейінірек...
Қазіргі қым-қуыт алмағайып заманда адам құны көк тиынға айналды ғой. Тіпті өлімнің де көбіктей салмағы қалмады десек те болатындай. Япыр-ай деймін, өмір неге соншама арзандап кетті? Қандай да бір қара бұлт адам басын торлай қалса болғаны, пенде баласы әлгі мәселені арқан (суицид) арқылы шешуге маңдай тірейтін болды.
Аңдаған адамға бұл жерде өлім арзандап тұрған жоқ, керісінше өмірге деген өз көзқарасымыз бен ішкі принциптеріміз құнсызданып тұр. әсілі, арқанға асылған біз емес, біздің жүйкеміз бен танымымыз десек дұрыс секілді. Әрине, мұның себебі көп. Сол себептің бірі мынада жатыр. Жастар арасында жайылған бұл індеттің ең басты негізі ұлттық тәрбиенің түбегейлі қожырап, унитарлы мемлекет басқару саясатының жүрмеуімен де ұштасып отыр.
Кеше қызыл, бүгін «көк» идеологияның көкжөтел құрсауында қалған қазақ танымы не орыс, не батыс екені беймәлім бір қорсана кейіпке ұласты.
Енді неліктен қорсана кейіпке түсті сол жайында айтайын.
Жалпы біреудің (ол адамыңыз әлемге әйгілі-ақ тұлға болсын) өмірі мен өліміне еліктеу өзін танымаған, өз ішінде үлкен қарама-қайшылығы мен кемістігі бар кісінің ісі.
Бұл жекелей адамды айтпағанда тұтас ұлттың төл мінезіне әбден сіңісіп болған әдет. Қазақта ештеме де жоқ деп мұрын шүйіру, өзін өзгелерден төмен санау, міне, бұл біздің ең үлкен комплексіміз.
Біз өзі қазақ болуды қаламайтын, орысша білмеуден өлердей ұялатын, іштей осы болмысымыздан әбден зәрезап болып жүрген халықпыз. Мұны жасырып жаба тоқудың тіпті де қажеті жоқ. Өз болмысы мен төл танымынан осынша жерінген жер бетінде бірде-бір миллет жоқ та шығар.
Салт-санасы мен әдет-ғұрпын күллі әлемнің дамуына кедергі есебінде қарайтын, мұндай маргинал билік тек біздің елде ғана кездесетін шығар.
Кеңірдектен асып кеткен еліктеу мен солықтау дегенді айтпай-ақ қояйын...
Енді, міне, Джек Лондон мен Юкио Мисиманы алдыға салып, ажалымызбен де адамдарды таңдандырғымыз келеді.
Япыр-ай, бұл арқылы кімдерді мұқатып, кімдерден есе алмақ едік.
Мәселенің бәрі ішкі құнар мен төл мәдениетке келіп тіреледі ғой. Кез келген бөгде түсінікті төл танымында синтездеп, өз жаралымында қорытып шығару жетілген мәдениеттің ғана қолынан келеді. Ал мұндай мәйегі мен ішкі сүзгісі жоқ мәдениеттің жеңілу процесі үсті-үстіне жиілей түседі. Ондай ұлттың үрейі қоюланып, комплексі де көбейе бермек.
Мінекей, бөгде жұрт қаламгерлерін алға салып, суицидті ақтауымыздың арғы жағында батыс мәдениетінің алдында тізе бүккен төл болмысымыз бен күйреген өз танымымыз жатыр.
Қайыра айтайық, қазақ мәдениеті өмір сүйгіш мәдениет. Ол адамның ақтық сапарынан да ғибрат өрнегін жасайды. Не десек те өз-өзіне қол қатқан жандарды жалпықауымдық қабірге жерлемей жекелей қоюында да үлкен мағына бар. Әйтпесе, қалың қаумана жатқан қабірге марқұмдарды бірге жерлесе оларды қара жердің сыртқа шығарып тастамасы айдан анық қой. Бұл ұрпақ қайталамасын, ұлт сабақ алсын дегені.
Енді Мұқағалидың жоғарыдағы өлеңіне келейік. Өмір сүю – Мұқағали өлеңінің ең негізгі тағаны. Ақын өлеңдері мен мәтіндерінің түп энергиясы да осы. Оның аурухана төсегіндегі өліммен арпалысын сезінуге темірдей жүйке керек. Бұл хақында мақаланың келесі бөлімінде кеңінен толғатып жазатын боламыз. Мұқағалидың өмір сүйгіштігі өзімен бірге кетті. Сол ықыласы мен ынтызарлығы о дүниеден де талықсып үн қататындай. Таң қалмасқа шарамыз жоқ. Төбедегі мына өлеңді «өлгендердің» тірілерге жолдаған үшбу тілегі демей көріңізші енді?
«..Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін...».
Ақын екі дүниенің де елшісі ғой. Содан шығар, бахи дүние де ақының өз мекені секілді. Кейде қан жүректі қозғаған жоғары туынды өзінің ақы иесін тылсымдық шекке өткізеді. Нағыз кемеңгер жандарға қос дүниенің шекарасы мен еш құпиясы болмайтыны да сол. Шын өлең әулиелік діңнің негізгі бұтағы болса, сыр мен тылсым өнердің ішкі уілі мен қозғаушы күші. Мұнсыз поэзия болмайды. Сондағы өлгендердің тірілерге «тілі келіп» айта алмай отырған ақиқаты мынау ғана.
«...Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе».
Мұқағалидың көлемді бұл ғазалы Моцарттың музыкасына жазылған. Моцарттың осы он екі бөлімнен тұратын «Жан азасы» (Табыт үні) реквиемін мұхият тыңдасаңыз, жаңа тартылған кілегейдей қою мұң да, қимастық пен үміт те бар. Мұқағали мұны тап басып тани алған. «Табыт үні» деп тақырып қойылғаннан-ақ бұл туындының о дүние қақпасынан бұ дүниге жолданған бейнебір сәлемдеме дерсіз. Ақын өлілердің осыбір тылсым үнін тірілер тіліне келтіріп ұлы тәпсір жасаған. Сонда ол үшбу сәлемдемеде не айтылған дейсіз ғой?
«Дөңгелек дүниеде бір күндік сәулеге жетер еш бақыт жоқ. Ей тірілер соның бағасын біліңдер» деп жазылған. Егер де Моцарт пен Мұқағалидың мына дүниеге кері қайтар құдіреті болса, жоғарыдағы бір-ақ шумақ өлеңді осы ғұмырдың абсолютті анықтамасы деп айтарына менің зәредей де шүбәм болмас еді.
Бір кісі шын дарынды, нағыз жанкешті болса, осы Мұқағалидай-ақ болсын.
Ал, біз кімге өкпелеп, неден көңіліміз қалып жарықтан түнекке асықтық екен. Әйгілі физик Нильс Хенрик Бордың «Осы естігендеріңізден есеңгіреп қалмасаңыз – ол сіздің ештеңені де түсінбегеніңізді дәлелдейді» сөзі бейне бір біз секілді жандарға қарата айтылғандай болады да тұрады…
Бөлісу: