Жанат Жаңқашұлы. Көзімнен сүй, көбелек

Бөлісу:

09.02.2024 1762

Мемлекет тарапынан қаламгерлер мен баспагерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан «Айбоз» ұлттық байқауы, осы уақытқа дейін екі мәрте өткен еді. Сыйлық алты номинациядан тұрады. Былтырғы жылы белгілі ақын Жанат Жаңқашұлы поэзия номинациясы бойынша «Көзімнен сүй, көбелек» топтама өлеңдерімен топ жарған болатын. «Әдебиет порталының» оқырмандарына аталмыш топтаманы ұсынып отырмыз.

Редакция

Батыс Амазонияның тропикалық ормандарында мекен ететін көбелектер қолтырауын мен тасбақаның көз жасын құмарта ішеді. Себебі, тропикалық ормандағы су тұщы болғандықтан тірі ағзалардың көбісіне минералды микроэлементтер, әсіресе тұз жетіспейді...

Баспа беттерінен

 

Еһ, көбелек, кел маған, көзіме қон,

Өзім шерлі тарихпын, өзім өлең.

Қолтырауын секілді терім қалың,

Шерім қалың екенін сезінер ең.

 

Сорам аққан ұлт едім, көптен бері,

Сүңгідейін кірпігім көктемдегі.

Жау жұлмалап, жарам бар жазылмаған,

Бетін тырнап шенеунік шекпендегі.

 

Өткенімді ойласам шер тамады,

Теріс кетіп қалғандай жер тағаны.

Қасіреттің қылышы һарап қылып,

Әзәзілдің таптаған мөр табаны.

 

Ұлыс ұлып, жұтылып жұрт қырылған,

Дәжәлдің сарбаздары шықты қырдан.

Бабамның қабағына қайғы ұйықтап,

Анамның кірпігіне шық тығылған.

 

Тұлымы желбіреген бөрі байрақ –

Құлады да, шерлендік “елім-айлап”.

Жіпке тізіп Алаштың айбоздарын,

Сұм ажал тыға берді көріне айдап.

 

Қырылдық, сол қырылған, мол қырылған,

Қара жер “қарның ашса”, толды құрбан.

Қансырап жүре бердік ғасырларда,

Кездесіп тау көлденең, жол қырыннан.

 

Салдары сірә да ауыр бұ зұлматтың,

Батысқа қарап елдің жүзін бақтым.

Запыраны шайқаған асқазанын,

Дімкәс ердің өзіндей қыжылдақпын.

 

Қан ұйып, қотыр жара құйқасынан,

“Қазақ-азап” сарнайды ұйқасып ән.

Жұмақтың жарнамасы секілденген,

Әрине, сәттер де бар күй тасыған.

 

Қазақ күйі бұлақтың бүлкіліндей,

Тыңдай бергің келеді кірпік ілмей.

Әні де бар, әдемі сылаңдаған,

Бал тамызған қайыңның бүртігіндей.

 

Шаттығымыз бірақ та аз ба дедім,

Күңіреніп тұрады сазды әлемім. 

Өткенді ойлап еңсеміз езіледі,

Ойлағандай боламыз таз бәденін.

 

Дүбір-дүбір тарихтың парақтары,

Шаһит кешкен боздағы, қарақтары.

Жоқтау айтқан кемпірдің дауысымен,

Күрсінгені қарттардың – Жан ақпарым.

 

Жерге тағзым етемін, жерде құным,

Бәрі осында батыр мен зерделінің.

Көзге инелік қонғандай дір етеді,

От боп тамып содан соң жерге мұңым.

 

Еһ, көбелек, кел маған, көзіме қон,

Өзім шерлі тарихпын, өзім өлең.

Көз жасымнан қанып іш,

Көз жасымнан,

Өз басымнан не өтті, сезінер ең.

 

Қаңқа басқа қына бітті, өткенімнен,

Мен қазақпын, Құдайға көп көрінген.

Енді дұрыс ғұмырым болар ме екен,

Кемпірқосақтай көкке өрілген.

 

Шолпан туар бұлтты жарып түнергенде,

Көзімнен сүй, Күн құсап күлем мен де.

Жасқа құмар болмысыңды ұмытам да,

Бір күрсінер күз болған күрең кеуде.

 

Көзіме қон, 

Қанып іш,

қанып іш ал,

Дәмі бәлкім қазақтың жаны құсар.

… Көңіл деген – қанаты тозған көбелек,

Кермек жасқа шөл басар, тағы да ұшар…

 

Еһ, көбелек, кел маған, көзіме қон…

22.08.23 ж

Аңсау

 

Жанымызды жаулап алды кешкі үрей,

Адасқан Ай маңырайды ешкідей.

Пеш түбінде ойға шомып отырмын,

Ойларымды отқа орайды пеш дүлей.

 

Кешкі үрейге қос боп тағы сұлбасы,

Көкке өрлеп кетті таудың бір басы.

Ақ боран жүр тал түбінде шойнаңдап,

Атжарыста тайған аттай сырғасы.

 

Қардың беті иреңдесе сырғыма,

Жылан қаптап кеткен дерсің қыр мына.

Түнгі ойлардың шылбырынан жетектеп,

Бір күмәннән суарып тұр бір күнә.

 

Аяз келіп боран желдің дыбысын,

Терезеңе салады да, бір ұшын –

Қиялыңа байлайды кеп, ділгірдей,

Қарап тұрар, қарағаны құрысын.

 

Не бір ойлар кешіп кешкі ымыртта,

Анаң құйған күрең шәйдан бір ұрттап.

Түнгі аспанның түбіт бұлтын жамылып,

Ұйықтайсың, көз ілгегін құлыптап.

 

Шіркін ауыл, шіркін боран, пеш түбі,

Санамызда барады екен ескіріп.

Қалаға кеп қағып әппақ қырауын,

Естеліктер келіп тұрар кешкілік.

***

Ей, ұлы ақын,

Сен адамдардың түсіне кіресің,

Үйірінен айрылған айғырдай кісінеп жүресің.

Кейде өзіңді кеңістіктен таппай,

Жаныңның есігін ішінен ілесің.

 

Құдайға шағым айтасың,

Тырсылдап жерге шашылып тарыдай жасың.

Сен өзің сормаңдай бола жүріп,

Өзгенің зарын айтасың.

 

Сен өзгеден пәтер жалдап тұрасың,

Босағадан төрге озбай ардақты басың.

Мұса пайғамбар құсап тау басындағы,

«Халқымды құтқар» деп зарлап тұрасың.

 

Ей, ұлы ақын,

Сен өлген күні ел жыламайды,

Ескен желдей ғана болар мына қайғы.

Біреулер сені теріс жолда дер,

Айтса айтар  темекі мен сыра жайлы.

 

Тәңір өзі сейілткен секеміңді,

Ойлап көрмеген жан едің жеке мұңды.

Олар қайдан білсін,

Сенің Құдайға ең жақын,

Ең тақуа әулие екеніңді.

 

Сен адамдардың түсіне кіресің…

***

Шам дірілдеп тұр,

Етегінде көлеңкелер көлбеңдеп,

Жындар әлемі секілденіп жер мен көк,

Сенің мені тастап кететініңді айтты,

Сенгем жоқ!

 

Түнгі аспанға жұлдыз шашып бал аштым,

Тағдыр жолы тамырындай ағаштың.

Барлық тарам саған апарады деп еді, 

Адастым.

 

Сүрініп кетсем, 

Сендік ойдың көлеңкесінен ұстандым,

Ізіңді сипап, сағынышымен құстардың.

Сені танитын әулиеге қол берем деп,

Қолын сүйдім мыстанның.

 

Шам дірілдеп тұр…

Көлеңкесі қабырғаға батпырауық ұшырып,

Ақыл айтып отыр маған арамза бір мүшірік.

Сенің мені ұмытқаныңды түсінбеймін,

Түсініп…

***

Күз келгенде адамдар түс көргіш-ақ,

Жаз енеді, жайнаған үстел құсап.

Шағала жүр шарқ ұрып,

Қос қанаты —

Қарс айрылып шағылған пісте құсап.

 

Алыс қалған көктем не, иектегі,

Жаз да кетті қу күзге сүйеп мені.

Түнгі аспан да бір ауыр күрсінеді,

Жұлдыздардың сықырлап сүйектері.

 

Қарлығашқа “қош” деген қанатымен,

Қарағаштар “қош” дейді қара түмен.

Күз дегенің ғашықтың сағынышы,

Шешіндірген аруды ар атымен.

 

Күзгі бұлттай бұлыңғыр көңіл бізде,

Күз өмірге ұқсай ма, өмір күзге.

“Көргенсіз” деп қарт қайың шырт етеді,

 Етегін жел көтерген келін күзге.

 

Жаз өтті ме, апырай, күз келді ме?

Уақыт деген ақ құйрық үзген жүген.

Көшедегі қайыршы қарағаш-тал,

Дәметіп қарайтындай бізден шүлен.

 

Күз келгенде кеткен құс түске енеді,

Туған жерден бір тал шөп тістегені.

Құс соңынан қол бұлғап бір ақын тұр,

Ішкені де белгісіз, ішпегені.

Бөлісу:

Көп оқылғандар