Жеңіс Қанен. «Ғасырлық ызғар» бір дәуірдің шежіресіндей құнды шығарма
Бөлісу:
Ғаппар Біләлұлы Шынжаңдағы қазақ жазушыларының көрнекті өкілі. Оның ғасыр тоғысында жзылған «Ғасырлық ызғар» романы өз уақытында қолдан түспей оқылған, оқырманның биік бағасын алған туынды. Ғасырға жуық өмір сүрген бас кейіпкер Боранқұлдың жүріп өткен өмір жолы арқылы бір ұлттың басынан кешкен қуғын-сүргін, үркіншілік жылдардағы тағдыр-тәлейін суреттеген роман әлі күнге оқырманның сұранысына ие. Романның тарихи маңызын, жазушының шеберлігін қайыра бағамдай отырып, белгілі ақын, әдебиетші Жеңіс Қаненұлын сөзге тартқан едік.
- Қадірлі Жеңіс Қаненұлы, уәделескеніміздей бүгінгі әңгімеміздің негізгі жүлгесін жазушы Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романы төңірегінде өрбітсек?
- Жақсы, келістік. Жазушы Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романы алғаш 1999 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» «Ғасырлық қуғын» деген атпен басылып шыққан болатын. Мен романды сол жылдары бір неше рет оқып шыққанмын. 2003-2004 жылдары романды қайыра оқыған кездегі алған әсерім мен оралған ойларды мақала етіп жазғанмын. Мақала жазылғанымен ұзақ уақыт жарияланбай дәптерімде қалып қойды. Кейін Қазақстанға келген соң романның Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан 2012 жылы «Ғасырлық ызғар» деген атпен басылып шыққанын білдім. Ал романның әуелгі аты неге өзгергені маған түсініксіз. Енді міне, сізбен осы төңіректе әңгімелесер сәтте, оқырманды шатастырмас үшін, кейінгі жаңа басылымына құрмет етіп, романның «Ғасырлық қуғын» атын «Ғасырлық ызғар» деп атағанымыз жөн шығар деймін. Біз романды оқып, айтар ойымызды хатқа түсіре бастаған жылдары автордің көзі тірі, ортамызда бар еді. Ғаппар Біләлұлы 2013 жылы маусым айында Текелі қаласында өмірден өтті. Одан бері де он жылдан аса уақыт өтті. Саналы өмірін қазақ әдебиетінің өркендеуіне, дамуына арнаған, артына мол рухани мұра қалдырған жазушының еңбегі ешуақытта елеусіз қалады деп ойламаймын. Реті келгенде «Әдебиет порталының» оқырмандарын автордың бірегей туындысы «Ғасырлық ызғар» романын оқуға шақырамын.
Жазушы Ғаппар Біләлұлы
- Бәрекелді, ендеше әңгімемізді жалғастыра берейік
- Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романы – әдебиетімізде өзіндік орны бар, сәтті жазылған шығармалардың қатарында тұрғаны даусыз. Оның (романның) оқырманға берер эстетикалық қуаты, ғылыми-танымдық дәйегі – көні кепкеннің кезерген ерніне құлар зәмзам тамшысындай! Бар ынтасын беріп оқып шыққан оқырман, бірден романның тарихи сипаты басым екенін аңғара алады. Автордың негізінен діттегені: ХХ ғасырдағы ұлтымыздың «ұстараның жүзіндей» аударылып, төңкерілген өмірі мен тарихын көркем жасампаздық жолымен «бір тарының қауызына сыйдырғандай» жинақтап көрсетіп, сол арқылы әдебиет сүйер қауымның көңіл аңсарына ақ жаңбыр себелету. Мұнда ұрпағына, адам баласына деген борышты сезім, ұлағатты мейірім жатыр.
- Сіздің таным-түйсігіңізге тікелей әсер еткен осы сезім толқыныстары ғой?
- Романда, тек қана, бір ғасырдағы ұлттық төл тарихымыз жүйрік қаламмен су төгілмес жорғадай тайпалып, мүсінделумен тынған жоқ. Дүние тарихында таңбаланған бір бөлім саяси, тарихи уақиғалар да қамтылып бейнеленеді. Бәрінен маңыздысы, бүкіл дүние болып назар аударып отырған, аждаһадай төнген ядролық сынақ, ядролық қарулардың улы зяны, оған деген жұртшылықтың алаңдаушылығы алмас қылштай жарық етіп көрініс береді. Демек, бағамдар болсақ, роман кейіпкерінің сүйетіні – қанды қырғын соғыс, жауыздық, жалғандық емес, бейбітшілік, адалдық, ізгілік екендігін аңғара аламыз.
- Иә, Мейлі «Ғасырлық қуғын» десек те, мейлі «Ғасырлық ызғар» десек те романның аты да, артар салмағы да жеңіл емес екені даусыз?
- Романды қолға алған оқырман, әуелі, алтынмен апталғандай, күміспен күптелгендей болып көзге түсетін мұқабадағы роман атына назар аударатыны сөзсіз. Жәй ғана роман аты сияқтанғанымен, «Ғасырлық ызғар» деген екі ауыз сөздің өзінде оқушыны ойландырар қаншама мән-мағына жатыр. Аударылып-төңкерілген заманның, алмағайып жағдайдың, асау арпалыстың лебін танытып тұрмай ма?! Еркіндік құсы – жазушы қиялының қаншалықты алыстарға самғап ұшуға қанат қомдағанын бағамдап алуға болады ғой, осы екі ауыз сөзден. Бірер жыл емес, жүз жыл, яғни, бір ғасыр! Қанша қалам қарымы жетіліп, жан жалыны лапылдап тұрса да, мұндай ұзақ мерзімді қамтитын, кесек тақырыпты көркемдік өреге көтеріп, бейнелеп жазып шығу – қалам тербеушісіне күш-қуат жағынан да, идеялық жақтан да тонна-тонна қорғасын салмақтар арқалататынын ойлап отырып, соны өңірден соқпақ алғысы кеп, маңдайынан ащы терін сорғалатқан жазушы ағамыздың ізденіс батылдығына бас иерің сөзсіз.
Ғаппар Біләлұлы «Ғасырлық ызғар» романына арқау еткен, ұлтымыз өміріне қатысты тарихи оқиғаларды, қоғамдық болмыстарды, басқа да онымен саптас Шыңжаңдағы қазақ қаламгерлері, белгілі деңгейде болса да, бейнелеп көрсеткен болатын. Ресей патшасы Николай ІІ-ның 1916 жылғы «Маусым жарлығы» шығып, қазақ азаматттарынан әскер алу науқанынан шылбыр үзіп қашып, үркін-қорқын болып Қытай асқан; Қытай өткеннен кейін де барыс-келісі үзілмеген ел тірлігі – Жұмабай Біләлұлының «Дала торғайлары» романында жоғары көркемдік деңгейде бейнеленеді. ХХ ғасырдың алдыңғы жартысында, Шың Шысай фашисттерінен басын алып қашып, Тибет барып, қанды қырғын соғыспен Үндістан өткен қасіретті халық кешулері – Шәміс Құмарұлының «Көз жасы сарқылмайды», Сағатхан Таңқайұлының «Қасым батыр» қатарлы тарихи романдарында және басқалар жазған әңгіме-повестерде көркем тілмен айшықтала суреттеледі. Атап айтар болсақ, Қабылхақ Күлмесханұлының «Иенде», «Тұманды дала» повестері бар. Ал, іргесін бертінгі жылдарға беріп тұрған, аты шулы «Мәдениет зор төңкерісі» деген атпен мәлім, саяси боран соқтырған, зұлматты жылдардың шыңғырған шындығы бедерленген шығармалардан оқып білуге болады.
Менің бұларды сөз етіп отырған себебім, ілгерінді-кейінді жазылған бұл көркем еңбектер бейнелеген өмірлік құбылыстарды, тарихи шындықтарды, үлкен жақтан болса да, «Ғасырлық ызғар» романы өз аясында қамтып, балапандай бауырына басып жатқанын сезінген ойдың жетегінде болып отыр. Осылай болғанда, ХХ ғасырдағы (Қытай мемлекетін кіндік еткен) қазақ көркем әдеби тарихының дөңес линзаның күн нұрын бір нүктеге жинақтағандай, жинақталу нүктесі – ғасыр соңында жарияланған «Ғасырлық ызғар» романы сияқтана береді маған.
Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романы, жалпы жақтан алғанда ХХ ғасырдың ұлы жүлгесін; ХVІІІ ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін; Онан ары қарай, VІІІ ғасырдағы қобызын күңіренткен Қорқыт ата заманына дейін шалқып барады. Географиялық тұрғыдан: Қытай, Россия, Кеңес одағы, Үндістан, Түркия, Германия, Қазақстан қатарлы мемлекеттерді, яғни, Еуропа, Азия ұлы құрлығының негізгі бөлігін қамтып жатыр.
- Романның бас кейіпкері Боранқұлдың образына тоқтала кетсеңіз?
- «Ғасырлық ызғар» романында жазушының бар ынтасын беріп суреттеген кейіпкері – Боранқұл бейнесі. Автор айтайын деген ойы негізінде, сұрыптап алған тақырыбын жан-жақты, толыққанды бейнелеу үшін бар ауыр жүкті осы кейіпкеріне арқалатады. Боранқұлдың ғасырға жуық өміріндегі кешулеріне қарап отырып, ХХ ғасырдағы қанды қырғын, арпалысты тағдырда ғұмыр кешкен ұлттық бейнемізге балама ретінде алынған символдық образ деген көзқарасқа табан тіредім. Өйткені, қайран қазақтың ерік жігері қай өңірде қызыл асықтан қан кешеді, немесе ажал аузында шыбын жаны шырқырайды, Боранқұл сол арадан дәл уақытында табыла біледі. Қандайда бір тап берме, тарғалаңда кеуде керіп алда жүріп, қарайған халыққа найза тосар қалқан, оқ қағар саут болады, ұрыс салаып, қан төгеді... Ақиқатын айтқанда, қазақтың тағдыры мен оның тағдыры біте қайнасып, бірігіп кеткен. «Егерде ғасырлар қойнауында, Боранқұлдай көреген, жіті қимылды бабаларымыз болмағанда, жұртын жанын салып қорғамағанда, ұлтымыз тағдыры не болар еді? Ұлттық асыл қазынамыз суалып, халықтық тұнығымыз лайланып кетер ме еді, қайтер еді?!» - деген сауалды ойға еріксіз байланасың. Демек, Ғаппар Біләлұлы осы романында, халық басына қара аспан төнген сәттердің бәріне Боранқұлды араластырып, қандай да бір қиыншылық астында асыл қасиетінен айнымайтын, адалдығынан таймайтын Боранқұлдай қаһарман образын сәтті тұлғалап шығады.
Ал, Боранқұлдың жалғыз басын олай тартса да, бұлай тартса да жетпейтін, жеткізе алмайтын, «әттегенайлап» қалып бара жатқан, халқымыз өміріне қатысты оқиғалар болса, автор Боранқұлдың әйел, бала-шағаларын араластыру арқылы қағыс қалдырмай сәтті бейнелейді. Оташы, Ханжігіт, Балқаш кешулері – Боранқұлдың «боранды тарихының» бөлінбес бөлшектері деуге болады. Боранқұлдың дүниенің төрт төңірегіндегі ұл-қыздарының хабарын алғандағы шаттанған көңіл күйін бейнелейтін лирикалық иірімге толы мына жазбаны оқып көріңіз: «Жайырдың ұсақ адырларының арасында, ескіден қалған көне тас ұяда мыжырайып отырған соқыр шал қандай адам екенін білесіңдер ме, дүние? Оның көзі текке соқыр болмаған, оның көз жанарын партылату – он, жүз миллиондық қағаз ақшалардың құнына түскен атом қаруының бағасына сындырғанда, Боранқұлдың екі көзі қанша сомаға тоқтайды? Сондай күштемелі, күшті қаруларды пайдалануға дейін барғанда, Боранқұл әулеті таусылып, құрып кетпеді. Ханжігіт өлгенімен, Боранқұлдың басқа балалары да аз емес, Солар көтереді Боранқұл есімін» («Шыңжаң халық баспасы». 1999 жыл. «Ғасырлық ызғар» романы, 308 бет).
Германияда, Түркияда, Қазақстанда алуан тағдырда күн кешіп жатқан балларының дерегін білгендегі Боранқұлдың: «Тарыдай шашылып кеткен балаларым-ай!» - деген жалғыз ауыз сөзі – ғасырлар бойы соңынан қалмаған қара бәледен тұқымы тұздай құруға айналған, ұзақ мерзімдер үзілмеген қуғыннан, сүргіннен, қырғыннан (Роман аты есіңізде болсын!) бақыр басын алып қашып, шарасыздан туған мекенін мансұқ етіп, дүниенің түкпір-түкпіріне быт-шыт болып тарап кеткен қазақ тағдырының баламасына алынған, көзі соқыр болса да, көкірегі ояу қазақ қариясының жүрегінен шыққан шынайы лебізі деп бағалау керек!
- Сонда бұл романды ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ тағдырының бір ғасырлық шежіресі деп атасақ та артық болмағаны ғой?
- Әрине, бағамдар болсақ, ұлы тарих тізбегінің бір үзігі болған, адамзат жыл санауының ХХ ғасырында, қазақ деген халықтың басынан өткерген тауқыметі аз болмаған екен. Әуелі, қайсар қазақ халқы ғасыр табалдырығын аттай бере, орыс Ақ патшасының қазақ азаматтарынан әскер алу жарлығына қарсы шығып, қысымына ұшырапты. Арадағы екі жақтың күш айырмасына қарамастан, тарихымызда із қалдырған бұл саяси ағынға қарсы кеуде керген халық жұртшылығы көтерілске аттаныпты, ұрыс салыпты, қырыпты, қырылыпты. Ертеңгі тағдырына алаңдаған қазағымыздың бір бөлегі Қытай еліне ірге көтеріпті... Ата қонысында табан аудармай, туырлығы желпілдемей тұрып қалғандар орыс елінде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде дүмпу тудырған – Ленин бастаған «Қазан төңкерісінің» ықпалына ұшырапты. Ақтар мен қызылдар қақтығысына араласыпты. Коммунистер жеңіске жеткесін, социализім туы астында тірлік қазанын қайнатып, түтін түтетіпті. 1930 жылдардан кейінгі Сталиндік қуғын-сүргін арпалысына басын байлапты. Байы да бай, бай емесі де бай болып, қазына-байлығын, мал-мүлкін конфескелетіп, үркін болып ауғаны ауып, табан аудармай тұрып қалғандары аш-жалаңаш бола жүріп, күн кешіп, кейіннен 1940 жылдардан бастау алатын әлемдік соғыс өртіне қатысыпты. Бұл соғыста қазақ азаматтарының көрсеткен ерліктері, берген құрбандықтары аз болмағаны белгілі.
Ал, Қытай топырағындағы халық кешірмелері де оңып тұрмағаны аян. Үркін-қорқын болып барғаны болсын, Алтай, Іле, Тарбағатай өңірін ежелден мекендеп келе жатқан тұрғылықты халық болсын, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында, Яң Зыңсин, Жин Шурын, Шың Шысай қатарлылар Шынжаң өлкесінің билік тізгінін ұстап, тарих қазанын қайнатқан кездің ауыр хәлін бастан өткереді. Әсіресе, қой тонын жамылған қасқырдай, қанішер, Шың Шысайдың қанды шеңгелі астында торғайы шырылдап, шыбыны шырқырапты. Басында «түсі жылыдан түңілме» дей жүріп, сенім артқан ел-жұрт, кейіннен Шың Шысай жайған торына ел бастар би, батыр-серкелерін бергесін, сезікті болып секіріп, Елісхан батыр, Құсайын тәйжі қатарлылар бастаған Үндістан өтіп, ұзақ мерзімге созылған шұбырынды көшті бастайды. Бұл қанды көш кейіннен Түркия, Германия төрігнен бір-ақ шығады.
- «Ғасырлық ызғардағы» көтерілген тарихи уақиғалардың ішкі мазмұнын ашып баяндай отырсаңыз?
- 1940 жылдардан бастап Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерін мекендеген қазақтар қытай езгісіне қарсы соғыс өртін тұтатты. Бұл көтерілістің соңғы нәтижесі – Қытай елінің бұрынғы гоминдаң үкіметінің іргесін шайқалтқан, 1949 жылғы коммунистер билігіндегі ҚХР-ның құрылуына ұласады... Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейінгі алғашқы он жыл шуақты күндей жадыратып, игілікпен өткендей болғанымен, 1930 жылдардағы Сталин қуғын-сүргінін қайталайтын, ұжымдастыру, коммуналастыру саяси ағынынан бастау алатын, 1962 жылғы «Шәуешек-Бақты» шекарасын ашу» уақиғасын қамтыған, аты шулы «Мәдениет зор төңкерісі» сынды ойранды он жыл Қытайдағы қазақ халқына аз тауқымет арқалатқан жоқ. 1986 жылы Қазақстанда орыстар езгісіне қарсы «Желтоқсан көтерілісі» болды. 1984 жылы Семейде ядролық сынақ жасалды. 1991 жылы ірі империя – Кеңес одағы ыдырады. Сол жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы егеменді ел атанды.
- Жоғарыда бір сөзіңізде Семейдегі ядролық жарылыс роман ішінде сөз болады дегенді айттыңыз?
- «Ғасырлық ызғар» романын оқып отырып, 1984 жылғы Семейдегі ядролық сынақ пен Боранқұл көзінің соқыр болуының арасында белгілі бір органикалық байланыс бар-ау деген ойға қалдым. Жазушы мұны бекер жазып отырған жоқ, екі өңірдегі екі құбылыс. Атом жарылысы мен Боранқұл көзінің көрмей қалуы – бір жыл. 1962 жылы көшкен елмен бірге Қазақстанға өткен Ханжігіттің өлімі де осы – 1984 жыл. Меніңше, автор Боранқұл көзінің соқыр болуын бейнелеу арқылы – ядролық сынақтың табиғат дүниесіне зияндығын, адамзат баласына қауып төндіретінін, бейбітшілікті сүйетін қарапайым халықтың одан алаңдайтындығын дөп басып бейнелейді. Демек, жер шарының белгілі бір өңірінде қатерлі құбылыс жүз берсе, сол төңіректегі жан-жануар, жалпы жаратылыс дүниесі соның ықпалына ұшырайды. Сондай қауыптен ертерек сақтанып, шаралар табуымыз керек деп сақтық дабылын қағады.
Енді бір жағынан, ұзақ мерзімдерге созылған қуғын-сүргіннен, сахарадағы тіршілік бейіміне қарай өнер-білім, ғылым-техникадан кенже қалған қазақтардың дүние ауқымына, жаңалыққа, озық өркениетке бет алу ағынына ілесе алмай, кейіндеп қалып бара жатқаннына – Боранқұл көзінің соқыр болуын балама ретінде алған автор жан айқайы емес пе екен дей беремін. Бәрін айт та, бірін айт, осындайда «Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман» деген халық даналығына жүгінесің! Боранқұл қарияның ядролық жарылстан ауаға тараған химиялық тозаңдардан болды ма деп алаңдаған Ханжігіт өлімі, өзі қарындасы (Шынын айтар болсақ, қызы!) Хамилаға үйленіп, балалы-шағалы болғанын білгеннен кейінгі ауыр құсаның аяусыз соққысынан болғандығы ашылады. (Ханжігіт Қытайда, Хамила Қазақстанда туған – Боранқұл ұрпақтары.) Байқап қарасақ, бұл да бір реткі тұнық ауаны ластап, бейбіт ортаны бүлдірген ядролық жарылыстан еш кем емес еді. (Бұл хабарды алғаш естігенде Боранқұлды қақ төбеден ұрғандай талдырып түсірмеді ме!) Меніңше, автор Ханжігіт өлімі арқылы – адамзат басына қауып төндірер семсер – ядролық қару, ядролық сынақ қана емес, басқа да қауып-қатердің аз емес екендігін ишаралап жеткізеді.
- Романдағы Боранқұлдан басқа кейіпкерлердің тағдыр-тәлейі туралы сөз сабақтасақ?
- Тілге тиек етіп отырған Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романында, Боранқұлдан басқа, сәтті тұлғаланған кейпкерлер образы аз емес әрине. Бүкіл ғұмырын дін жолына бағыштаған, автордың сөзімен айтсақ: «Кісі бетіне қарап қатты сөйлеуді білмейтін, кісілер сыртынан ғайбат сөйлеуден тиылған, тышқан мұрнын қанатуды күнә есептейтін, мал бауыздауға батылы бармайтын, обалсынатын, тахуа, діндар» Боранқұлдың әкесі – Әнбия бейнесі есте қаларлық образдардың бірі. Боранқұлдың нағашы атасы – Бастаубай бидің екі дүние арасында жатып, әппақ сақалын жаспен жуып: «Қайран елім, қазағым... Күнің, күйің не болар екен? Ерте туып, кеш қалғаным-ай!» - деп, халық тағдырына күйініп, аласұрған бейнесі адам жан дүниесіне әсер ететіндей шынайы болған.
Нұрсәлім болыс пен Елісхан батыр бейнесі – сонау бір аласапыран дәуір рухына сай тұлғаланған. Әсіресе, Елісхан батыр образы жоғары деңгейге жеткен деуге болады. Сіз Боранқұлмен бірге «Саршоқы жайлауының жығылып сұлап қалған күреңсесі киіз болып төселген кең төскейде» тізеңді бүгіп, «Ат жақты, қапсағай денелі» Елісхан батыр аузынан Яң Зыңшин, Жин Шурин, Шың Шысай билік басында болған дәуірдегі Шыңжаң тарихынан нақтылы дерекпен жан-жақтылы мәлімет аласың. Елісхан батыр былай дейді: «Айналасы мұз таумен қоршалған ана отанымыз – алтын бесігіміз еді. Енді ол жаратылыс өзі қалыптастырған табиғи абақтымызға айналды. Қазір бұл абақтының есігі кірушілерге ашық, шығушыларға жабық, қарулы күзеттермен құлыптанды. Тарих соның шойын құлпын шағып, бостандыққа шығу міндетін біздің мойнымызға жүктеді. Халқымыздың тұқым-тұқияны құлдықтың, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген зорлықтың қорлығына ұшырап, кісі есігінде үріп кетпес үшін біз осы міндетті орындауымыз керек».
Ақиқатын айтқанда, Елісхан батыр көшбасшы болып, Қытайдан шетел ауған қазақтар өмірін арқау еткен жазушылар қаламынан туындаған тарихи роман, повесттердегі Елісхан батыр образы «Ғасырлық ызғар» романындағы (1999 жылға дейінгі) Ғаппар Біләлұлы сомдаған Елісхан батыр образы деңгейіне жеткен жоқ! Осы орайда, қысталаң-қиындықтардан алып шығар, қой бастаған серкедей, Нұрсәлім болыс пен Елісхан батыр сияқты жол бастар азаматы болмаса, елдің күні қаран екен-ау деген ойға еріксіз байланасың. Олар – екі шоқып бір қарайтын, екі өлшеп бір кесетін, сергектік қасиетке ие.
Романның кесек қамтылымынан құйырықты жұлдыздай жарық етіп сөнген Молдаш бейнесі айтарлықтай тартымды сомдалған. Ол ұлтымызға тиесілі алуан өнердің басын қайырушы «Атақты саяткер, жүйрік ат пен қыран құстың тілін білетін» бапкер, әрі батыр, Қожанасырдай күлдіргі. Боранқұлға Бастаубай биден кейінгі ықпалын өткізіп, тәрбиесін көп берген осы Молдаш. Боранқұлдың жанындағы ізгілік, ерлік, сергектік дәніннің жетілуіне күндей сәулесін түсірген, харектрлі кейіпкер. Боранқұл сүйген сұлу қыздар – Назила, Зипагүл бейнелері өзі алдына бөлек, әсем типтер. Нәзила – Боранқұлдың бала күнде беріліп сүйген ғашығы. Зипагүл – үлкендердің батасымен некеленген жұбайы. Романда, Боранқұл Зипагүлден гөрі Назилаға құлай берілгендігі баяндалады. Өмір ағысының соңғы нәтижесіне қарағанда «Әкесі Көкебай сияқты өзі тұсынан асып тумаса, кем тумаған. Періште сияқты әндігер сұлудың өзі, зипа бойлы, алқаракердің әдемісі». Зипагүл бейнесі «Икемге көне бермейтін, тәкаппар» Нәзилаға қарағанда ұтымды болған.
- Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романын оқып отырғанда Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романымен ішкі үндестікті байқағандай болдық. Бұған сіздің алып қосарыңыз бар ма?
- Сөз басында айтқанымыздай Ғаппар Біләлұлы Қытайдағы қазақ әдебиетінің басында тұрған қаламгерлердің бірі. Ол саналы ғұмырында «Жүрек жарлығымен», «Бидайық», «Күшәла», «Періште және сайтан» қатарлы кітаптарын оқырман жұртшылығына ұсынып кетті. Егер, Қытай қазағының көркем әдебиеті қауашақ жайып, күннен күнге есейіп, кемдіктен кемелдікке, таяздан тереңдікке қарай есейіп бара жатыр десек, соның айқын да әсерлі дүмпуі Ғаппар Біләлұлының шығармалары бойынан өз жұпарын аңқытып тұр. Ол өзінің шығармашылық жолында жаңа ғасыр табалдырығын өзінің «Ғасырлық ызғар» романымен сәтті аттады. Тағы бір қырынан көз жіберсек, Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романының бойынан «Ғасырдан да ұзақ күн» («Боранды бекет») романының ықпалы байқалып тұр.
«Ғасырлық қуғын» романымен тұңғыш дидарласқанда, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы есіме келіп, екі романның бірдей ғасыр сөзімен басталып тақырып арқалап тұрғаны көңіл ауанын өзіне аунатқан еді. «Ғасырлық ызғар» романын оқу барысында, екі романның екі үлкен кейіпкері – Боранқұл мен Боранды Едігенің бірдей Боран есімін жамылып, көркем жасампаздық сахнасына еңсе тіктеп шығуы – бұл ойымның етегін тіпті де желпілдете түсті.
Қос кейіпкер – Боранқұл мен Боранды Едіге екеуі де ержүрек, намыс туын құлатқысы келмейтіндер. Ашуы да, тасуы да, айбаты да, қайраты да бір қалыпқа құйғандай ұқсас, нағыз тектіліктің асыл үлгілері. «Ғасырлық ызғар» романында Боранқұлды автор былай бағалайды: «Ит көзі түтін танымас, бір сарынды, көне тұрмысқа дағдыланып, көндігіп алған соң, байқаусыз қалдырып жүргені болмаса, орнын тауып, түзетіп айтқан кісіге Боранқұл тарихы – заман ауқымымен отаспайтын тарих емес, нағыз күрескер тарихы болып табылады». «Боранды тарих» иесі Боранқұл – кісілік, адамгершілік, мөрал жағынан Едіге көтерілген деңгейге жетпесе де, өмір жолында Едігемен мінездес, бағыттас, етене жақын тұлға екендігі байқалады.
Қадірлі оқырман, сіздер сонау ХVІІІ ғасырдағы аш қасқырдай анталаған қалмақ шапқыншылығы заманынан жаңбырға шайылып, желге ұшып кетпей бізге жеткен, Ғаппар Біләлұлы көркөмдік өреге көтеріп, роман қажетіне орынды пайдаланған «Емен толқыны» күй аңызын; ХІІ ғасырдағы «Қорқыт ата» кітабынан алынған, он екі жырдың бірі – «Басаттың жалғыз көзді жеңгені жайлы жырын». Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романында пайдаланған «Найман-ана аңызы» мен «Раймалы ағаның Әділханға айтқаны» сияқты аңыз-әңгімелерімен салыстырып оқып көріңіздерші! «Ғасырдан да ұзақ күн» романын оқып отырып, мәңгүрт улы жебе қадаған Найман ананың құсқа айналып ұшқан ақ жаулығының: «Ойланшы, кімнің баласысың? Атың кім? Сенің әкең – Дөненбай» - деген шырылы құлағымнан кетпей-ақ қойды. Ғасырлар тозаңына көміліп, жоғалып кетпеген, неткен ащы зар десеңізші!
«Ғасырлық ызғар» романындағы Оташының маңдайынан искеп, әкелік мейір көрсете алмаған, Кеңес одағындағы қызы Хамилаға Германиядан жазған сүйіспеншілікке толы үкілі хатының бойында «Найман-ана» аңызындағы Дөненбай-құстың шырылы тұнып тұр: «Сенің атаңның аты – Боранқұл. Атаңның аты – Боранқұл. Ұмытпа! Қытай жерінде тұрады. 1920 жылы Семей түрмесінен қашып кеткен. Ұмытпа, есіңде сақта!» «Қайталап айтамын: Менің әкемнің аты, сенің ұлы атаңның, сенің шешең Қарлығаштан да жасырған әкеміздің аты – Боранқұл». Байқаған кісіге екі тағдырда, екі мәнде көрініс беріп тұрғанымен Дөненбай – құс шырылы мен Оташының қызы Хамилаға қайта-қайта ескерткен өсиетнамасы бір-біріне үндесіп жатыр. Осы орайда оқырманға ескертіп айта кетерім, Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романын Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан өлі түрдегі көшірме жасап, соның көлеңкесінде қалатын дүние деуден аулақпын. Біздікі екі романдағы бір-бірінен үйренген, әдеби тәсілді орынды пайдаланған бір бөлім ұқсастықтарды салыстырып көрсете кету екендігін айта кету ғана!
- Роман көтерген мазмұндық, идеялық жүктің салмағы бір бөлек те, шығармаға қойылатын көркемдік ерекшелік, жазушылық шеберліктің салмағы бір бөлек. Осы екеуінің аражігі қалай үндестік тапқан?
- Біз неше қайтара парақтап, сан қырынан көз жіберген Ғаппар Біләлұлының «Ғасырлық ызғар» романының композициялық құрылымы сәтті тұлғаланған. Сюжет желісі шымыр тартылған. Өмір шындығы мен көркемдік шындық қатынасы белгілі деңгейде жақсы шешімін тапқан. Алуан кейіпкерлер басынан өткерген түрлі оқиғаларды қамтыған бес тарау бір-бірімен берік байланыста болып, кесек өмірдің сұлу суретін жайып салады. Автор баяндаған оқиғалардың қызықты, қайшылыққа толы болғаны соншалық, оқырманын бірден өзіне баурап әкетеді, әрі дала халқының тұрмыс-тіршілігінен мол білім сыйлайды. Оқиға дамуына сай, ұқсамаған тұрғыдан, өзгеше харектрмен ортаға шыққан кейіпкерлер өзіндік тіршілік бейіміне қарай іс көреді, тұлғасын әйгілейді. Роман бойынан қазақы ұлттық дастүр, салт-санаға қатысты ырым-жырым, шешендік-шеберлік үлгісін көптеп ұшыратуға болады.
Роман тілі жаттық, әрі қарапайым. Ділмарсудан, сөзуарлықтан ада. Сарай қабырғасына қаланған кірпіштей өз орнымен қолданылып, автордың тіл ұстарту өнеріне жетіле түскендігіне бас шұлғытып, Ғабаңа тән тобышақтай жұтынған ойнақы тілдік стильді байқатады. Әдебиеттің басты құралы есептелетін тіл қолдану бейіміне қарағанда, ойнақы, сергектігімен қоса, образды, сатиралы, поэзиялық лепке, поэтикалық қуатқа толы болуы оқушысын ынтықтырып отырады. Оқып отырып, кейбір қандауыр сатираның ойлаған жерге дөп қадалғанын көргенде, іштей сүйініп, жазушының жатып атарлығына риза боласың. Романдағы Қорқыт бабамыздан мирасқа қалған, иір мойын қобызын күңіренткен Боранқұлдың дүниесіндегі буырқанысты сезім күйі бейнеленген тұстарын тебіренбей оқу мүмкін емес!
Қазағының ертеңгі тағдырынан алаңдаған Бастаубай бидің ақырғы аһ ұруының айғағындай болған – «Емен толқыны» күйінің қарт көңілінде қайта жаңғыруы; «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінің тарихи көрнісін қамтыған, жазушы қаламынан сорғалаған нөсерлі сезім толқынысын қара сөзбен жырлаған өлеңнің озық үлгісіне жатқызуға болатындай-ақ.
- «Ғасырлық ызғарды» оқып отырып «әттеген-айлап» қалған тұстарыңыз болды ма?
- Мақтауға тұрарлық, ащы еңбектің тәтті жемісіне айналған, дайын рухани азық болып алдымызға тартылған – «Ғасырлық ызғар» романының көңілге жұмсақ тиер сүйкімділік жағы басым болса да, сондай-ақ, көзге көлденең түскен бөренедей оғаш көрінер олқы жақтары да жоқ емес. Мүмкін жазушы көзі тірісінде өзі де сезген, түйген романның кемшіл тұстарын толықтырып, қайта жазған болуы да мүмкін.
«Күллі тағдыры уақыт атты дара билеушінің қолында тұрғанда, жоны таймайтын семіздік, қуаты кемімейтін күштілік болмақ емес. Уақыттың қолында заман да, хандық-патшалықтар да кәрілікке шалдығады, кусеп күйрейді, өліп тарихнамаларға жерленеді. Көздері жұмылмай тұрғанда, олардың бойында ғұмыр сүруге, жарық дүниеде жасай тұруға талпыныстың ақтық минутқа дейін күдер үздірмейтін үміткерлік сәулесі ғана жойылмай сақталады» (романнан үзінді).
Бұл сөйлем немересі жолбасшы боп, үй іргесіндегі дөңеске шығып отырғаннан кейінгі ұзақ, ауыр сезімдерге малтығып, көңіл құрығын алысқа сермеген Боранқұл қарияның қиял ағынының ұзын сұлбасынан үзіп алынды. Ақыл таразысына салып, салмақтап қарасаң, ешқандай мін жоқ, құйырық-жалы судырап төгіліп тұрған бір философиялық толғам! Меніңше, ғасырға жуық ғұмыры қуғын-сүргін, үркін-қорқын, қиыншылық астында өткен, сары далада жортып жүріп, мектеп есігін ашпаған сахара адамының кең мағынадағы уақыт ұғымын, философиялық ой деңгейіне көтеріп, осылайша қиялдауы сәлде болса қисынсыз болған. Бұл арада, әдейі енгізілген авторлық пайымдау ма дейін десем, өзі айтып, өзі бейнелейтін кейіпкер ой ағыны ішінде «Арашаға алты таяқ іздегендей» автор не істеп жүр деген ойда қылаң береді.
Бұған қарағанда, романның басындағы автордың мына пайымдауы Боранқұлдың таным-түсінігіне сай болған: «Жоқ, жалған дүниеде әділдік өмір сүрмейді. Ол тек адамдардың сана-сезімінде ғана жасайтын, іс жүзіндік ғұмырда өмір сүрмейтін, жалған, жасанды елестік атау ғана. Егер ол ұғым өмір сүремін десе, күштінің сойылын соғып, сойлгерлікке дағды алуы керек. өйтпесе, әділет ұғымы өзі қасиетін жояды. Демек, «Жеңген – хан, жеңілген – қарақшы» деп бекер айтылмаған. Жеңілген күні әділет те қарақшы атанады».
Романдағы ұрыс кезінде өлген «сарыаяқтар» (қытай аскерлері) киімін, қаруын олжалаған Боранқұл жігіттерінің әскер мүрделерін сайқы-мазақ еткен диологтар бар екен. Дұрыстап ойлаған адамға, бұл біздің мұсылмандық, ұлттық психологиямызға, салт-дәстүрімізге жат сұмдық іс. Кім екі дүние арасында, осындай ойсыз қылыққа, топас күлкіге бара қояр дейсің.
Романның екінші тарауында, бір беткейлігімен заманның асау ағынына қарсы құлашын сермеп, жаңа бір дәуірдің көшбасшысы ретінде танылып, ұмытылмастай әсерлі бейнесімен көрінген Нұрсәлім болыстың, қанша елеңдеп күтсем де, кейінгі күрескерлік өмірі, олар жасаған көтерілістің соңғы нәтижесіен көңіл қармағына ештеңе іліндіре алмай, құр аққан көңіл сілекейін жұта бердім. «Сендер ұйықтап жатыр екенсіңдер, өркениетті дүние өте ілгерлеп кетті. Қазіргі адамзат қоғамының дөңгелегі тездеп барады. Былайша, қалғып-мүлгіп жата берсеңдер, ол дөңгелек ертең-ақ басып-жаншып өте шығады. Тапталып қаласыңдар. Уақытты қастерлей білмесеңдер расуа боласыңдар!» - деп дидактикалық бояуы қою, көңілге қонымды, кесек сөз айтқан, Боранқұлдың Түркиядан келген ұлы – Балқаштың, сол өркениетті өңірдегі өмірінен дерліктей хабардар бола алмай, тек қана оның 1940 жылдардағы Қытайдан шетел асқан елдің шежіресінен хабардар болғанымды місе тұтып, қарным ашсада, ішімнен тына бердім.
«Ғасырлық ызғар» романында Ғаппар Біләлұлы шындықты басып өткендей болған, ең кілтең жері жақын туысқандар – Ханжігіт пен Хамиланың некелі өміріне қатысты оқиғалар. Менің айтайын дегенім, екі өңірде – Қытай мен Кеңес одағында туып өскен екі бейбақтың бір-бірін танымай ерлі-зайпты болып, бір шаңырақта бас қосып, бір көрпе жамылғаны емес. Екеуінен туған 7-8 баланың еш мүлтіксіз, он екі мүшесі сау, ақылды, зерек болып туылуы. Романда солай көрініс беруі. Ең кенжесінің өзі ғасырдың құрдасы – Боранқұл қарияны жалғыз ауыз сөзімен мойындатып, «немерем» дегізуі, бас шұлғытуы.
Ақын Жеңіс Қаненұлы
«Адамзат баласы сұлулықты тани білетін болса, өзімшілдіктен тиылады» - романдағы Серікбол айтқан осы сөз – заманымыздағы перзентке тән, ұрпаққа лайықты сөз болғанымен, ағалы-қарындасты жақын адамдардан туған баланың алғырлардың алғыры болып, атасы Боранқұлдың алдында көшелісіп сөз айтуы, оны қапысыз мойындатуы, меніңше, шындықтан сәл тайқып кеткен. Осы арада, Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген емші-шипагер бабамыз – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабына жүгінсек, жоғарыда біз сөз еткен мәселеге жауап табамыз: «Ауыз іретте (біріншіден), жаттөселімділік (зинақұрлық) жаман нәпсілі, һарам ниетті тимақ жарғы шарт. Олайы, жаттөселімділктен туған ұлының ақ некелі алғыншысынан туған қызын ұзатудан бұл әйгілемдік берді. Одан көп бала көтерді, өлді, бала тоқтамады, түсік болып түсті. Бұлай болуы қандастық араласпалық ірігіштік туындатқан шала жаралымдық туылыс құзғындауынан еді. Ақыры, қызы да, ұлы да қандық уылмадан ұрпақсыз қалғанда, еңіреп отырып айтып жатқан жаттөселімділік (ойнас) еркек пен ұрғашының сөзін ет құлағыммен естідім. Алдажар тақсыр, олар өкінгенмен орны толар ма»? «Көз ретте (екіншіден), қол-көз (жеті) атадан аспаған рулар арасынан қыз алысқандардан қандық уылма көп құзғындамағы көз көргі. Соның үшін қол-көз-мұрын (сегіз) атадан асқандар өзіара қыз алысып, құдаласпағы шарт. Отыз, қырық ата араласа, ұрпақ ақылды болмақ. Сырт елден қыз алысса ұрпағы өнерпаз, зейінді, аңғарлы болмақ». (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян» кітабы. 9 бет. «Шыңжаң ғылым-техника, денсаулық сақтау баспасы». 1994 жылы).
Қазақтың қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының сол кездегі билеуші Әз Жәнібкек ханға дәт етіп айтып, жарғы қылып бекіттіруге ұмтылған бұл өтінішінде, біз жақын туыстар ара неке және олардың ұрпақтарына қатысты шыңғырған шындық бедері айқын көрініс тауып жатыр. Мұны - қазіргі ғылым да жоққа шығармайды... Габриэль Гарсиа Маркестың Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» романына да арқау етіп, әлем әдебиетіне алып шыққан негізгі тақырыбы да осы – жыныстық әуейілік пен туыстар ара некелесу жайында болатын. Қайталап айтып жатпасақ та, бұл жайды көңілі ашық, көкірегі ояу оқырман өздері-ақ түсінеді деп ойлаймын.
- Келелі әңгімеңіз үшін рақмет!
Бөлісу: