«Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өтті

Бөлісу:

23.02.2024 1223

Қазақ әлемі – Атажұрт пен шетте жүрген қазақтар құрайтын шалқар кеңістік. Шетте жүрген қазақтар да қазақтардың да қазақ әлемінің рухани қазынасын байытуға қосып келе жатқан үлесі аз емес. Әлемдегі барша қазақтың қарашаңырағы Қазақстанның кіндік қаласы Астанада, 2024 жылы 23 ақпанда шетелдегі қазақ қаламгерлерінің үздік туындылары топтамасының тұсаукесері өтті. «Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген бұл топтаманы әзірлеуді ҚР СІМ қарасты «Отандастар қоры» Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе жүзеге асырған екен. 

Шетелдерде тұратын қазақ қаламгерлерінің үздік туындыларын, олардың шығармашылығын Атажұрттағы оқырманға таныстыру мақсатында 2023 жылдан бастап осы «Ұлы Дала» сериясымен кітаптар шығару қолға алынған екен. Ол үшін шетелдегі қаламгерлер арасында арнайы байқау жарияланып, оның құрамына білікті мамандар мен қаламгерлер енген Қазылар алқасы тағайындалған. Қазылар алқасы ұсынылған туындыларды сүзгіден өткізіп басылымға жол тартатын 10 кітапты іріктеген. Бұл жолы жарық көрген 10 кітаптың әрқайсысы 500 данадан жарық көріп отыр. Бұл он кітаптың авторлары – Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай елдеріндегі қазақ қаламгерлері. Кітапқа енген туындылар – бұған дейін елімізде жарық көрмеген тың дүниелер: өлеңдер жинағы, көркем проза, тарихи-танымдық зерттеу, естеліктер. 

Бүгінгі өткен салтанатты шараға жарық көрген кітаптардың авторлары мен құрастырушылар, оқырмандар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғаш сөз алған «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Абзал Сапарбекұлы атқарылып жатқан бұл рухани жобаның маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті. 

Бұл топтаманың қазақ әдебиеті қазынасына қосылып үлкен рухани олжа екендігін атай келе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда: «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе менің жеке назарымда», - деген сөзі шетелдегі қазақтармен байланыс жасауда әрқашан назарда екенін, «Отандастар» КЕАҚ осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. (Осы ретте айта кетерлік жағдай: жақында Астана қаласында өткен «Астана гүлдері» халықаралық жас бишілер байқауына шетелдерден келген балаларға «Отандастар» КЕАҚ-ы тарапынан үлкен қолдау білдіргеніне жалпы жұртшылық әлеуметтік желілер арқылы куә болып отырды).

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған ақын, да Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы «Отандастар қоры» КЕАҚ-ы мен Қазақстан Жазушылар Одағының бұл бірлескен бұл жобасының мән-маңызы өте жоғары, бүгінгі күн тұрғысында өте өзекті екенін айтып өтті. Шетелдегі қазақтар жасаған, жасап жатқан рухани, әдеби мұралар әлі де көп екендігін, алдағы күнде оларды біртіндеп осылайша жинақтап, басып шығарып түгендей беру қажет екендігіне тоқталды. 

Сексеннің сеңгіріне шықса да қажымай-талмай өнер зерттеумен шұғылданып жүрген жазушы, өнертанушы, актер Қазақстан және Монғолия театр қайраткерлері одақтарының мүшесі Тайф Тәукейұлы бүгінгі күнге дейін Монғолиядағы қазақ театрында еңбек еткен бірнеше буын өнер тарландары туралы үлкен жинақ дайындап шыққандығын, соның ішінде сол елдегі театр саласының дамуына қазақстандық театр мамандарының сіңірген еңбегін атап өтті. Қазіргі күні де мұндай рухани байланыстар дами беретініне сенім білдіріп, өзінің «Керуен-ғұмыр» атты тарихи танымдық еңбегін шығарып берген «Отандастар қорына» жүрекжарды алғысын білдірді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, танымал түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы сөз алып, өткен ғасырдан бүгінге дейінгі шетелдегі қазақ баспасөзінің тарихына тоқталып, әр елде жинақталып жатқан баспа өнімдерінің көшірмесін болсын, Атажұртқа жеткізу қажеттігін айтып, бұл шаруаның назарда болуы керектігіне тоқталды.

Тұсаукесерге Алматыдан арнайы келген Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, физика ғылымының докторы, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Досан Баймолдаұлы сөз алып,  өзінің еңбегі «Отандастар қорының» демеушілігімен жарыққа шығып жатқанын айта келе, қордың ары қарайғы жұмысына сәттілік тіледі. Еуропада жиырма жылдан астам тұрған ғалым сол жақтағы қазақтардың тарихын зерттеген екен.

Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одақтарының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Сұраған Рахметұлы тұсаукесер рәсімінде сөз алып, осы жылы Монғолия елінде сол мемлекеттің тұңғыш конституциясы қабылданғанына 100 жыл толғанын және осы заңның алғашқы авторларының бірі – қазақтың қайраткер тұлғасы Тұрар Рысқұлов екенін айтып өтті. Бұл заңға 1991 жылға дейін және одан кейін де Моңғолия парламентарийлері көптеген өзгерістер енгізгенін, сонда да бұл негізгі заңда қазақ зиялысының ақыл-ойының жемісі барлығын ескер ескере, тарихи-әдеби мұра ретінде атажұрт Қазақстанда аударып басып шығару мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туралы ұсыныс білдірді.

Қытай Халық Республикасынан оралған белгілі ақын, айтыскер, күйші, Кәдірхан Қизатұлы Шыңжаңдағы қазақтар арасында өз заманында айтыстан сөз маржанын сүзген Жамалхан, Құрманбек, Бердіхан қатарлы жүйріктер болғаны туралы, ол жақтағы айтыс өнерінің тарихына тоқтала келе, алдағы уақытта да бұл шалқар теңіз мұраны толықтырып шығару қажеттігіне назар аудартты. 

ҚХР қазақтары арасында кеңінен танымал өнер иесі, айтыс ақыны, сазгер, мәдениет қайраткері Әбдіғани Бәзілхан  да«Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген кітаптарының шетелдегі қазақ әдебиетін насихаттаудағы рөліне тоқтала келе, алдағы кезеңде шығып жатқан кітаптардың авторларына  белгілі деңгейде қаржылай қолдау мүмкіндігін де қарастыру жөн деген ұсынысын жеткізді.

«Дүние жүзі қазақтары қауымдастығында» ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен белгілі қоғам қайраткері Ботагөз Уатханқызы сөз алып,«Отандастар қорының» атқарып отырған игілікті іс-шараларына сәттілік тіледі. Алматыдан құрқол келмегенін айта келе, шетелдегі қазақ әдебиетінің белгілі туындыларының аудио нұсқаларын «Отандастар қорына» сыйға тартты.

Тұсаукесер рәсімінің соңында сөз алған «Отандастар қоры» КЕАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы қыстың қысымшылығына қарамай бүгінгі іс-шараға алыс-жақыннан келген қонақтарға алғыс-ризашылығын білдіріп, «Ұлы Дала» оқырман қауым тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отырған жоба екендігін ескер отырып алдағы уақытта жалғасатынын, бүгінгі отырыста айтылған ой-пікірлердің келер күндерге арналған жұмыс жоспары барысында назарға алынатынын атап өтті. Осылайша «Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген топтама оқырмандарына жол тартты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар