Сұлу сөздің сүлейі Сәкен серінің мерейтойы басталды

Бөлісу:

28.02.2024 1336

Қазақстанның халық жазушысы, драматург, публицист, қоғам қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Ақпанның жиырма жетісі күні Астана қаласындағы Жастар театрында жазушының мерейтойына орай «СҰЛУ СӨЗДIҢ СҮЛЕЙI» атты әдеби-сазды кеш өтті. 

 

Ақпанның арқыраған аязының беті қайтқан жылымық  күні Жастар сарайына ағылған жұртшылықтың қарасы көп болды.  Ақпан демекші, бұл іс-шараның ақпан айында өтуі де бекер емес. 1 ақпан - Сәкен серінің дүниеге келген күні.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен әдеби-сазды кешке Сәкен серінің қарындасы Роза Нұрмаққызы бастаған туыстары, көз көріп іні болып соңынан ерген қаламдастары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, Еуразия ұлттық университетінің студент жастары, әдебиетсүйер қала жұртшылығы қатысты. 

Әдеби-сазды кеш басталар алдында жиналған қауым Жастар сарайының фойесіндегі «Сәкен сері Жүнісов» тақырыбында жазушының рухани мұралары негізінде әзірленген портреттік суреттер, кітаптар мен басылымдар көрмесін тамашалады.

Ән жырмен өрнектелген әдеби-сазды кештің басында сахнадағы лед экран арқылы Сәкен серінің ұлттық рух, тіл, тіл мәселесі турасындағы өткір де ұтымды ойлары мен оның азаматтық тұлғасы жайындағы қаламдас, қанаттас інілерінің естеліктері мен тұжырымдарына құрылған мән-мағынасы терең бейнебаян көрсетілді.

Кеш шымылдығы белгілі дәстүрлі әнші Сәулежан Тақзияның орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашылып, «Аламан» тобының орындауындағы «Отаным – Қазақстан», дәстүрі әнші Перизат Тұрарованың орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен жалғасты. Қазіргі қазақ айтысының белді өкілі Мейірбек Сұлтанхан Сәкен сері туралы жүрекжарды жырын толғады.

Сондай-ақ Астана қаласындағы Жастар театрының актерлері Сәкен Жүнісовтің «Тырау-тырау тырналар» драмасынан үзінді тамашалатты. Мұнда айта кетерлігі: көрнекті драматург Сәкен сері Жүнісовтің тоқсан жылдығына орай алдағы театр маусымында Жастар театрының репертуарына енген «Тырау-тырау тырналар» драмасы көрермендердің тамашалауына ұсынылмақ екен.

Сәкен сері тойының Елордада ресми басталуына орай Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, филолог ғалым Бауыржан Жақып, ақын, айтыскер, жазушы, драматург, манасшы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Ақмола облысы әкімінің құттықтау хатын алып арнайы келген, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, ақын, айтыскер Қуаныш Оспан, Сәкен серінің қарындасы Роза Жүнісова, Қазақстан жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептер сахна төріне көтеріліп өз лебіздерін білдірді. 

Әуелі сөз алған ақын Бауыржан Жақып өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен басқарма мүшелерінің ыстық сәлемін жеткізді. Сәкен серінің сан алуан қырына қысқаша тоқтала келе, өмірде іні болып бірге жүрген аға қаламдасы Сәкен серінің әуелете ән салып, арқа-жарқа өткен жетпісі мен Алматыда өзінсіз өткен сексен жастық мерейтойын басқарғанын еске алды. Астана қаласында, ақпанда басталып жатқан Сәкен серінің торқалы тоқсан жылдық мерейтойы жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде, атап айтқанда туған өлкесі Көкшетауда, ұстаздық қызмет атқарған Қостанайда, ару қала Алматыда сан түрлі мазмұнды-мәнді іс-шаралар арқылы лайықты атап өтілетініне сенім білдірді. Сөзінің соңында ақын әдеби-сазды кешке жиналған көпшілікке Сәкен серінің сегіз қырлы бір сырлы тұлғасы туралы Ғафаңның, әйгілі ақын Ғафу Қайырбековтің:

Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл, 

Бір өзің жеті сері, жеке батыр. 

Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда, 

Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр, - 

деген жыр шумағын эпиграф ретінде ала отырып, Сәкен серіге арнаған өлеңін оқып берді:

арнаған өлеңін оқып берді:

Бір өзі Сарыарқадай тұлғалым ең,

Шектескен Алатаудың шыңдарымен.

Қазағым мақтанады Асыл ағам,

Өзіңдей өнегелі ұлдарымен.

 

Мықтылар мақтамаған бекер сені,

Көтерер сендей ерді,  көтерсе елі.

Ат берген Сері деген Ұлы Ғабең,

Алашқа аты шыққан Сәкен сері.

 

Күрессең, балуан едің жол бермеген,

Қырың бар суретшілік ел көрмеген.

Әнші едің шырқағанда, даусың керім,

Тастаяқ ойнағанда, қолмерген ең.

 

Бір кезде ұстаз болып ,бала оқытқан,

Шешен ең , сөйлегенде дара шыққан.

Өзіңді жанына ертіп аспирант қып,

Кемеңгер Әуезовтей дана оқытқан.

 

Есімде әңгіме айтып, ағылғаның,

Көмейден төктің сөздің лағылдарын.

Әуезов сыйлық алған сонау жылы,

Абайдың ариясын орындадың .

 

Сексен көл, Көкшетауда серуендеген,

Басында өзің жүрген керуен көрем.

Қолыңа домбыра алып күй шерткенде,

Жаныңда жан қалмады тебіренбеген.

 

Алланың бергенінен берері көп,

Өткеннің бізге қалған дерегі көп.

Жаздың да «Жапандағы жалғыз үйді»,

Танылдың көркем сөздің шебері боп.

 

Көненің шежіресін қазып кеттің,

Маржанын сал-серінің азық та еттің.

Ақанның әнін айтып бес жасыңнан,

Ақанның бар өмірін жазып кеттің.

 

Күйлерің көкірегімде күмбірлейді,

Күмбезің Қараөткелде күңгірлейді.

Қойылды пьесаларың сахнада,

«Аманай мен Заманайды» кім білмейді?!

 

Кемеңгер тұлғалардың танысы едің,

Біз көрген сал-серінің соңғысы едің.

Қазақтың алдаспаны ең жарқылдаған,

Ары едің, Нары едің, Намысы едің.

 

Отырған бейнең қалды ой тағында,

Жігерді жанып айттың айтарыңда.

Сексеніңді тойлап ек Алматыда,

Тоқсаныңды тойлайық байтағыңда! –

деп толғай келе Қазақстан Жазушылар одағының атынан Сәкен серінің қарындасы Роза Нұрмаққызының иығына шапан жапты.

Сәкен серінің жерлес інісі, ақын Баянғали Әлімжан өз сөзінде сонау алпысыншы жылдары әдебиетке келген талантты шоғырдың ішінде Сәкен Жүнісовтің орны ерекше екендігіне тоқтала келе, жазушының «Заманай мен Аманай» сияқты кесек те өзекті туындыларын бүгінгі жастардың міндетті түрде оқуы тиіс екендігін атап өтті. Сәкен серінің аңқылдаған аңғал да кесек мінезді, биік тұлғасы жайындағы жылы естеліктерін бөлісе отырып, осы іс-шараға арнайы келіп отырған қазақтың танымал ақыны Серік Тұрғынбекұлының Сәкен сері ағасы туралы:

Жанып бір алсаң жарқылдар нағыз алмастар, 

Алмас бар жерде алтының оған болмас пар. 

Әлемде мынау аққудың аздығы секілді,

Сәкендер аз ғой, Сәкендер аз ғой, жолдастар– 

деген тамаша өлеңінде айтылғанындай, Сәкен сері – тұтас бір дәуір, мәңгі өлмес рух екендігіне тоқталды. Сәкен серінің жазушылығы, драматургтігі, өнер саласындағы сан түрлі қырларына қоса, билік пен халықтың арасында мәмілегер көпір бола білген қайраткерлік қыры туралы да тоқталып өтті.

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Қуаныш Оспан өз сөзінде: «Біз классик жазушыны көзбен көріп, сөзі тыңдап үлгермеген буынның өкілі болсақ та, ол кісі туралы әдемі естеліктерді, әсіресе реті келген жерде хан демей, қара демей, бүгежектеп іркілмей, тіліп отырып турасын айтатын өткір де өр мінезі туралы көз көргендерден тыңдай отырып Сәкен серіні сағынамыз», - дей келе Көкшетауда бүгіндері Сәкен сері атында мектеп, көше барлығын, ендігі арман-мақсат: Сәкен серінің көзі тірісінде Бурабайда салына бастаса да, әлі күнге дейін бітпей тұрған үйін әдеби, мәдени орталық қылып ашу екендігін, бұл мәселе бойынша осыған дейін облысты басқарған бірнеше әкімге құлаққағыс жасап, кейбірін апарып көрсетіп те жүргенін, осы бір түйіннің әлі шешілмей келе жатқанын жеткізді. Облыстың ірі мәдениет ошағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылым кітапхананың директоры болып келген кезде Мағжанның бір қанатының астында Сәкен серінің аты тұратын болса деген ойы болғандығын және сәуір айында күрделі жөндеуден өтіп қайта жабдықталған ғимараттың үлкен мәжіліс залы Сәкен Жүнісов есімімен аталатын қуанышты хабарды бөлісті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын ҚР Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлына табыстап, алдағы күндерде Сәкен сері есімін ұлықтау жұмысы жалғаса беретіндігін де айтып өтті.

ҚР Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы сөз басында Сәкен серінің тоқсан жылдық торқалы тойына арналған іс-шараға арнайы келген Серік Тұрғынбекұлы, Өмірзақ Озғанбай, Өтен Ахмет, Ғалым Жайлыбай, Мәди Айымбетов, Амантай Шәріп, Базарбек Түкібай қатарлы қаламгер, қайраткерлерге рақмет айтты. Қазақтың белгілі фотографы Шүкір Шахайдың қоржынынан алынған, Сәкен серінің бұған дейін еш жерде жарияланбаған он бес фотосуретті үлкейтіп, жиектетіп қойғанын және Көкшетаудағы Мағжан кітапханасында ашылатын Сәкен Жүнісовтің мәжіліс залын көрнекілендіруге қосылған үлес екендігін айтып табыстады. «Қазақ барда, қазақ оқырмандары барда Сәкен ағамыздың шығармалары өлмек емес», - дей келе Сәкен серінің тоқсан жылдығына орай сәуір айында Ұлттық академиялық кітапханада ғылыми конференция ұйымдастыру ойда бер екенін айта келе, іс-шараға келген қонақтарға алғыс-ризашылығын білдірді.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп өз сөзінде: «Қайырлы кеш, ардақты әлеумет! Менің де есімімді ата-анам қазақтың марғасқа ұлы Сәкендей болсын деп Сәкен қойған екен. Сондықтан да бола, бала кезімнен Сәкен серінің шығармашылығына қызығушылықпен қарадым. Мектепте жүргенде «Ақан сері» романын екі рет оқып шыққан едім», - дей келе, Сәкен серінің тойы жыл бойы ұласатындығына сенім білдірді.

Жазушының қарындасы Роза Нұрмаққызы: «Сәкен – менің ағам ғана емес, Қазақстанның халық жазушысы, халықтың ұлы деп білемін. Ұлын ардақтап жатқан халқыма көптен көп рақмет!» - деп осы іс-шараны ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға зор алғысын білдірді. 

«Сәкен Жүнісов – туған жерге тамырын терең жіберген Дала жыршысы. Дала болғанда, ғажайып Сарыарқаның – ғаламат сұлу Көкшетау даласының жыршысы», - деп академик Зейнолла Қабдолов айтқанындай, Ұлы Даланың жыршысы Сәкен серінің тоқсан жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі осылайша Астана төрінде бастау алды. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар