«Жанұядағы» жылы жүздесу

Бөлісу:

04.03.2024 895

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында» 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік іс-шара өтті. 

Арнайы ұйымдастырылған іс-шараға қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызы келіп лекция жүргізіп, туған тілдің тағдыры аналар қолында екендігіне, қоғам алдында, ұрпақ алдында жауапкершілік сезінудің маңызына тоқталды.

- Біздің елімізде бәрімізді бір мүддеге біріктіретін  – ол біздің ана тіліміз. Біз қазір осы жерде сан жағынан келгенде сексен пайыздан астық, он бес-ақ пайыз өзге этнос бар десек, оның он пайызы менің құрдастарым, сонда қоғамға араласатын, еңбекке қабілетті жастағысы бес пайыз екен, ал сонда кім үшін орысша сөйлейсіңдер, айналайындар? – деп көпшілікке сауал тастаған ол осынша жер көлемі мен тілді сақтап қалудағы Алаш қайраткерлерінің еңбегін де атап өтті.

- Жақында Еуропаға барғанда байқағаным, бұрын міндетті түрде алты тілге аударып тұратын, қазір орыс тілі жоқ, алып тастаған. Сондықтан қорықпай балаларыңды қазақшаға бере беріңдер. Осы жасыма дейін ешқашан орысша сөйлеген емеспін, қазақша сөйлеп-ақ Жоғарғы Кеңестің депутаты болдым, Парламент депутаты болдым. «Қазақша сөйлеген ештеңеге жарамай көшеде қалады» дегеннің өтірік екеніне менің өмірім дәлел. 

Осылайша аналарды ашық ой-бөліске шақырған Оразкүл Асанғазы бұдан әрі қан тазалығы, тектану мәселесіне тоқтала отырып, бір кезде мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзі түркі тілдерінің ішіндегі гауһары деп қазақ тілін танығанын, ұлтты сақтап қалу бағытында, басқа ұлттар санасып, сыйлайтын деңгейге жеткізу жолында әрекеттер жасалуы керектігін айта келіп, әр қазақтың жүрген жерінде қызмет тілінің қазақша болуын талап етуге жетуі керектігін баса айтты.

Жиналған көпшілік өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, №74 Мұқағали Мақатаев атындағы мектептің 8-сынып оқушы Мақпал Хұдайберген өнер көрсетіп, Жаңабай Өтегенов пен Қанат Үмбетов ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Жанұзақова Құралай, Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» директорының орынбасары: Бүгінгі осынау іс-шара мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға, аз қамтылған отбасыларға, қиын өмірлік жағдайдағы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып, «Руханият» мекемесімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Оған қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының келіп қатысқаны кештің мәнін ашты деп ойлаймын, өйткені, ол кісінің қатысушыларға ойда қалатын тағылымды әңгіме айтатынын білеміз. Жалпы біздің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» көп балалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсетуде, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асыру мақсатында көптеген шаруалар жасап жатыр. Бүгінгі «Арулар – асыл жандар» атты шараның мақсаты да мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып,  жалпы қоғамның әйелге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін тәрбиелеуге бағытталған.

Гүлмира Айкенқызы: «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына» көп балалы, толық емес, жағдайы төмен отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар келіп көмек сұрайды. Әрине, әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Менің отбасым екі жылдан бері осы жерден қолдау-көмек алып жүр, балам мүгедек болғаннан кейін реабилитиациялық көмек аламыз. Оған жанұя орталығының көмегі көп болды. Әлеуметтік жағынан да қолдау көрдік. «Жанұя» орталығында психологиялық, құқықтық  көмек көрсетіліп, қолдау білдіреді. Осындай іс-шараға үшінші рет келіп тұрмын. Келген бойда сыйақы, сыйлық беріп қуантып жатыр, рахмет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар