Әйел - адам атаулының анасы!

Бөлісу:

08.03.2024 1103

Әйел - нәзіктіктен жаралған. Еркек - сол нәзіктіктен нәр алған! 

Әйел еркек намысын жебеуші әрі оятушы. Еркек жанының күйреген кезіндегі қолдаушысы, қорғаушысы, сүйеушісі. Еркек әйел алдында ғана нағыз намысын түсіне алады. Әйелсіз ақында шабыттанбайды, көркемөнерші, күйші, жазушы да әйелсіз шабыт сезімі анықталмайды.

Әйел - адам атаулының анасы!  Сұлулықтың ең үлкен төресі!

Әйелдің әрбір дене мүшесі, тiптi демі, саусағы еркекке оттай болып сезіледі. Шашының иіci жұпар болып құшырландырады. Жаудыраған жанары жаныңды тербеп, дел-салдык күйде көңілді сезімге бастайды.

Әйел - асқан шебер хикмет жаратылыс иесінің ең асыл туындысы! Әйелге қарап тамсанбайтын еркек жоқ. Әйелсіз еркектің күні жоқ. Әйелсіз өмірдің шаттық күйі жоқ. Сылдырлаған бұлақтар мен сыбдырлаған жапырақтың назік үні әйелдің назды мүңындай. Әйел - назданады, еркелейді, қылықтанады, баурап алады. Оларға дөкір қылық, доң мінез тіпті артық күлкі де жараспайды. Әйел нәзіктігімен - әйел! Өйтпесе ол әйелдік болмысынан, өзіндік ерекшелігінен айырылады.

Әйел адамзат қоғамында әрқашанда арымен асыл, пәк, періште пейілімен басым. Әйелдер бұзылса қоғамда береке қалмайды. Үй, отбасы дегеннен еш мағына болмайды. 

Әйел арынан айырылса - адамзат ақырзаманға аяңдай бастайды.

Әр әйелдің қорғанышы өзінің асыл - Ары!

Әйелдің міндеті ерден ауыр, көтерер жүгі жерден ауыр.

Әйелдер өмірдің де, көңілдің де сәні. Қоғамдық ортаның қан жүгіртер жаны. Өмірдің еркек тірегі болса, әйел жүрегі. Жүрек аяушылыққа, мейірімге толы болса,  игі тілектер үшін жұмыс істеуге қашанда дайын болады.

Өмірге ұрпақты әйел әкелді де, әйел тәрбиелейді. Бұл күнде шынайылық қалжыңға айналды. Тірлік теңгеге тірелді, адамдық ақшамен күрелді... Әйел арзандаса, қоғам азады. Қымбаттаса – олар, біздің де көңіл тазарды. Әйелдің ақылдысы жанға жолдас, досқа сыйлас. Ақылды аналар көбейсе, еркектер тек тұрмас. Әйелдер адамзаттың ары, ол кірлесе, адамның бойына жын кірді ендеше,  былыққан қоғам- қоғам болама? Адамзат дүниесі еркек қолымен тұрғызылса да, әйел қолымен сақталынады.

Әйел - адамзатты жер бетіне әкелуші. Тек тәнімен ғана емес, жанымен де, әйелдік кіршіксіз тазалығымен де жұмақ ғаламды өмірге әкелуге қауқарлы.

Ақылды әйелден - ақылды ұл туады. Ұятты анадан - ұжданды қыз туады. Еркектің болмысы ерлік, әйелдің болмысы көрік. 

Осылай әйелдің сан түрлі қырын көрдік! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар