Дулат Аюбаев. Өлең сүйер Шыңғыстаудың ұлы екем

Бөлісу:

03.04.2024 3222

Қасиетті Шыңғыстауда қолына қалам алып, өмірін өлеңге айналдырған талантты ақынның бірі – Дулат Аюбаев еді. Орда бұзар отызға да толмай ортамыздан қара үзіп кете барды. Жүрек ауырды, жан жылады. Жырларын оқыған сайын оның күлімдеген жарқын бейнесі көз алдымызға келеді. Қоңыр дауысында даланың дархан үні жататын. Өмірге сондай ғашық еді. Өзінің таңғы шықтай тазалығына, тау суындай мөлдірлігіне тәнті ететін. Таусылмай сыр ақтарып, талай жыр оқыған күндерді қалай ұмытарсың. 

Тағдыр деген де түбі терең бір жұмбақ қой. Бір-ақ сәтте мәңгілік сағынышқа айналды. Енді өлеңдерін оқып отырсам ол барлығын өзі жазып қойған екен. Тіпті кітабының атына дейін қоштасып тұрғандай. «Жүрегімде құпиям жоқ бір тамшы». 

Алғашқы жыр жинағы шыққанда да жанында болып, қуанышын бөліскен едік. Асқар Бейсенғазы, Бауыржан Игілік, Нұржан Байтөс бәріміз жамыраса жырларын оқыдық. Енді міне, бәрі де көрген түстей өте шығыпты. Сол бір естеліктерді көңілге жұбаныш қылып жүрек төрінде аялап жүрміз. 

Не сезгенін, не кешкенін өлеңдері өрнектеп тұр. Жастығына қарамай үлкен ізденістерге барды. Ол – өз отына өртеніп кеткен талант. Өз-өзін түсінбей жүрген қоғамда талантты кім түсінсін? Жүйрікті кім танысын? Төлеген ағама өлеңдерін оқып, ұстаз тұтып жүретін. «Артымнан бір қара ілесті» деп ұстазымыз қуанып жүрді. Қадіріне жеткен Қарауылда бір адам болса, сол кісі. 

Артында сөзі қалды. Ендеше өлімді жеңетін ұлы күш сол өлеңдеріне, жүрек сөзіне үңілейік. 

 

Арман Шеризат

ақын, «Дарын» мемлекеттік 

жастар сыйлығының лауреаты

 

МЕН ӨЛМЕСПІН

...Мен өлмеспін... 

Жалғыз жаным сірі екен. 

Өзім шыққан биігімде тұр екем. 

Кезбелердің рухын жерге түсірмей, 

Көше кезген ақындардың бірі екем.

 

...Мен өлмеспін... 

Өлеңдерім тірі екен. 

Қағазымды жел қозғаса шыр етем. 

Мінбелерден ала қашып жырымды, 

Ми шайқаған шар әлемде жүр екем.

 

...Мен өлмеспін... 

Махаббатты жыр етем. 

Гүлзарымда мұң-зарым бар сыр етер. 

Іңкәрліктен басы айналған Көк пен Жер, 

Кеудемдегі ғашықтыққа дір етер.

 

...Мен өлмеспін... 

Күннен түскен Нұр екем. 

Өрім қыздың жанарында жүр екем. 

Таңда тұрып тағдырымен таласқан, 

Ерте ашылып, ерте солар гүл ме екем?

 

...Мен өлмеспін...

Жер үстінде жүр екем. 

Тек уақыттың, басыбайлы құлы екем. 

Туған жердің қазығына байланған, 

Өлең сүйер Шыңғыстаудың ұлы екем.

 

 

АТ МІНГЕН ЖЕР

Бұл жерде көргем ат мініп, 

Жарысып желмен, шапқылап. 

Іргеде итім жатты ұлып,

Бөріні сезген сақ құлақ.

 

Анау бір ағаш түбінде, 

Құрбының қалған көз жасы. 

Балауса шақты бүгінде, 

Ұмытқан жоқпын өз басым.

 

Аспанға қарай өрілген, 

Ауылдың билеп түтіні. 

Батырдай болып көрінген, 

Таулардың кесек бітімі.

 

Елеңнен кемпір-шалдарым, 

Өріске малын айдайтын. 

Жер сүзіп майлық шалбары, 

Балалар шауып ойнайтын.

 

Шыңғыстау – кәрі атаның,

Басына мініп шаршаттық.

Қағілез бала атанып,

Жігіт те болдық жақсы атты.

 

Әлі де мені бала дер,

Шашымнан сипап кең өлкем.

Анам да болған қара жер,

Молам да болар мен өлсем.

 

 

ЖАҒАБАҚТА ЖАС ҚАЛДЫ…

Аспанның ашып пердесін, 

Жұлдыздар туды жымиып. 

Тербеліп жатса жер-бесік, 

Жел аңқып тұрды, түн ұйып.

 

Ағаштар жайып саусағын, 

Жия алмай есін іңірден. 

Қаланың құрып аусары, 

Аспанның иісін сімірген.

 

Сұлулық кана әлемге, 

Сыятын болып көрінген. 

Көшенің көзі елеңдеп, 

Өлең боп ойға өрілген.

 

Қымыздай тәтті түнгі ауа, 

Төбемде ұшып жұлдыздар. 

Жағабақ. Шіркін мұнда да, 

Күлкісін шашқан ұл-қыздар.

 

Сәулесі сүттей самала, 

Салтанат құрып әдемі. 

Естіліп жатты жағада. 

Толқынның шылп-шылп өлеңі.

 

Маңайға иісін шашып қап, 

Көк шалғын жатыр ұйысып. 

Отырған қарсы ғашықтар, 

Қояды әлсін сүйісіп.

 

Ешкімнің сөйлер жоқ түрі, 

Баяндап тұрған көз ғана. 

Ұстаған қолға шоқ гүлін, 

Қасымда отыр бозбала.

 

Көзімде күліп үміт күн, 

Ернімнен ұшты ән легі. 

Асығын тосқан жігітті, 

Бақытты неткен жан дедім.

 

Бейнесін салса түн шебер,

Жүрегім тартар сыбызғы. 

Сұлулық өстіп тұрса егер, 

Күтермін мен де бір қызды.

 

 

ЖАҒАБАҚТАҒЫ АРУ ҚЫЗ

Көп болған жағабаққа бармағалы. 

Құстар жүр жағы талмай сарнап әлі. 

Ернінен толқын өпкен жағалауға, 

Келгенмін өлеңімді арнағалы.

 

Орманнан тіршіліктің иісі аңқыды. 

Деп келгем «біраз уақыт қисам бүгін». 

Иісінтіп қан тамырды, жағабақтың, 

Баяулап ойнап кетті күйсандығы.

 

Әттең-ай, осы күйді шертер ме еді! 

Сұлулық көкірегімді өртер менің. 

Сәлден соң қара бауыр бұлттар төніп, 

Ұрды кеп майда тамшы жер төбені.

 

Бақыттың кеудесінде тасып әні, 

Бір сұлу жағалауға асығады. 

Серпіліп бара жатыр түйген бұрым, 

Ару қыз ақ дидарын жасырады.

 

Жарқырап ақ балыктай қыз білегі. 

Ақ бұғақ, анадайдан үлбіреді. 

Ақ үрпек омырауы шыққа толып, 

Дариға-ай, ағыл-тегіл жүгіреді.

 

Аршыған жұмыртқадай балаң еді, 

Жүзіне сусап жатыр дала лебі. 

Ұмтылып үзілердей бара жатыр, 

Сүйгені тосып тұрса жарар еді.

 

Жаңбырлы жасыл әлем – жағабақты, 

Шарқ ұрып көңіл, шіркін, аралатты. 

Ару қыз ақ көйлекті аздан кейін, 

Ақ тамшыға айналып бара жатты.

 

АҚЫНДАР ПАТШАЛЫҒЫ

Ақ көңіл, адал ақыннан, 

Аңқылдақ, аппақ жыр туар. 

Заманын жырлап отырған, 

Ақын ол – ақын бір туар.

 

Ақын ол, жазсын, тиіспе, 

Жібере қоймас еш қата. 

Таңа ата самал иіскеп, 

Шабыты қозар кеш бата.

 

Зауал шақ жетпей азбайды, 

Келер-ақ, ажал көші оның. 

Арамдық, жайлы жазбайды, 

Адамның бәрі досы оның.

 

Қызықты дәурен өткен бе? 

Себепсіз ешбір күлмейді. 

Жүрегі сөйлеп кеткенде, 

Өтірік жазу білмейді.

 

Көрінбес көзге жоқты айтып, 

Күреңге мініп күзі өтті. 

Түн бойы кірпік қақпайтын, 

Ақын ол-түнгі күзетші.

 

Күтеді себіл таңды ұзақ, 

Өлеңсіз өмір аза тым. 

Ақын ол күндіз қаңғып ап, 

Түнімен өлең жазатын.

 

Маңдайдан тағдыр сызы өткен, 

Солғын ба, әлде арық па? 

Құтылып шығып түнектен, 

Ұмтылып шығар жарыққа.

 

Уақытша өмір көргенде, 

Халқына өшпес хат жазып. 

Ақылды әлем келгенде, 

Ақындар құрар патшалық.

 

ЖАҢБЫРЛЫ МАУСЫМ

Көңіл-күйі аспанның алабұртқан. 

Жер бауырлап жортады ала бұлттар. 

Жел қуалап әкелген ақ жауынды, 

Шалқасынан жатып ап дала жұтқан.

 

Қара бұлттар, сияқты қара таулар. 

Қара таулар жердегі қара атандар. 

Қаһарынан сескеніп қаралардың, 

Табанында билейді бала талдар.

 

Иіледі кәрі ағаш сәлем салып, 

Қара желдің тұлғасын әрең танып. 

Қара бұлтқа қарап бір сүйсінеді, 

Бүршігінен гүлдердің өлең тамып.

 

Қозғалтады жер ауыр сыз денесін. 

Қара таулар сілкиді құз- белесін. 

Қара бұлттың көбесін көктей өтіп, 

Күн шаншыды жер жаққа жүз жебесін.

 

Қарт бурадай қара бұлт шырт түкірген.

(Ауа-райын ежелден жұрт түсінген) 

Қап-қараңғы даланы жарқыратып, 

Сығалады жалғыз көз бұлт ішінен.

 

Айлап жауса ақ жауын халыққа азап. 

Жер бетіне күн шықты жарық қадап. 

Жаңбырдан соң жайнаған жерге қарап, 

Шыға келді аспанға алып садақ.

 

БІЗ СҮЙГЕНБІЗ ӨМІРДІ

Біз туа сап таластық па тағдырмен, 

Найзағайды жақсы көрдік ой, күшті. 

Есі шығып жүрген кезде жаңбырмен, 

Бір досымның басына кеп жай түсті.

 

Біз өзенді сүйіп өстік көптеген, 

Жаңғыртатын тас қаланы жанды шу. 

Әлі аузынан уыз өмір кеппеген, 

Бір досымды кетті ағызып қанды су.

 

Сапарларға шыққан кезде жыр көсіп, 

Біз жолдарды үйренгенбіз қадірлеп. 

Дәу машина таптап кеткен бір досым, 

Жатыр қазір тас қараңғы қабірде.

 

Тұрады ғой қара тасқа гүл шығып, 

Берем десе Құдіреттің құты көп. 

Бір досым бар тіл бермеген тіршілік, 

Адамдармен сөйлесуге құқы жоқ.

 

Жендет тағдыр жіберсе де бөлшектеп, 

Біздің уақыт жасыл барқыт, гүл өңір. 

Біз өмірді қанша жақсы көрсек те, 

Бізді жақсы көрмепті ғой бұл өмір.

 

Дін айтады: «Бұл Құдайдың ісі» деп. 

«Бағынамыз көктен келген әмірге». 

Нақақ кеткен достарымды тізімдеп, 

Ердің құнын сұратамын Тәңірден.

 

ШЫҢҒЫСТАУ ЕСКЕРТКІШІ

Төлеген Жангалиевке

Дәуірімен тістесіп талай бабам, 

Ағайынмен бір жерге сыя алмаған. 

Опа таппай кетсе де алайда олар, 

Керегедей Шыңғысты қия алмаған.

 

Құба қалмақ жан-жақтан анталаған, 

Түре қуып тастады байтақ жерден. 

Басқа өңірді жерсінбей ата - бабам, 

Қонысына өзінің қайта келген.

 

Заман арсыз биік пе, аласа ма? 

Мұратына көп ақын жете алмаған. 

Абайды да туысы сабаса да, 

Жидебайдан бәрібір кете алмаған.

 

Ұлы өнердің сидырмай саһ төріне, 

Өз перзентін туған ел ұға алмаған. 

Кер заманның киігі Шаһкәрім де, 

Кеңқоныстан айналып шыға алмаған.

 

Қоғам төстеп тұрған соң ақыратын, 

Арыстарға ала көз шебін құрған. 

Пана таппай Алаштан Шәкер ақын, 

Ауылына өзінің кеп жығылған.

 

Алтын құрсақ, туған жер мәрт мекенім, 

Небір ұлын кең маңдай бере салған. 

Жалғыз жортқан Шыңғыстың қарт бөкені, 

Тас төсеніп, қар басқан Төлеш ағам.

 

Ауа көшті елімнен талай қасқа, 

Қалам ұшын жоқ әлде, кәсіп көрді. 

Төлеш ағам жұртына қарайласып, 

Қарауылда қалуды нәсіп көрді.

 

Тарлан ақын баз кешіп боздағанда, 

Мандайына тар келген нән ауылдың. 

Мерғалидай жампоздан көз жазғанда, 

Еңіреген құшақтап Қарауылды.

 

Жер мен Көктің жалғаған екі арасын, 

Төл ағамды шерменде үн қысқанда. 

Қара өлеңнің күзетіп шекарасын, 

Қарауыл боп тұрады Шыңғыстауда.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар