Сауытбек Абдрахманов. «Жадовскаядан»...
Бөлісу:
«Қойшы!» Мақалада баян еткелі отырған жайды ауызекі әңгімеде айтқанымызда ағамыздың дауысы осылайша оқыс шығып кетіп еді. Сонан кейін-ақ: «Өте қызықты факті екен. Егер мына айтқаның дәлелді болса, газетке жазбайсың ба?», деген. Мұны 2007 жылы шыққан «Төлтума мен телтума» атты монографиялық зерттеуімізде келтіргенімізді онша қанағат тұта қойған жоқ. «Қазіргі кітап деген не? Кітабың көп болса 2-3 мың данамен шыққан болар. 170 мыңмен тарайтын газеттің жөні бір басқа», деп тағы тақымдай түсті. Сол әңгімеден бері де екі-үш айдай уақыт өтті. Ақыры қолға алуға бел байладық. «Бетбұрыс оқиға» деген тіркес журналистердің қаламына жиі-жиі оралып тұрады. Кейде орынды, кейде орынсыз айтыла береді. Ал 1968 жылы «Қобыз сарыны» мен 1971 жылы «Алдаспан» атты кітаптардың жарық көруіне байланысты осы бетбұрыс оқиға сөзін қолданудың еш артықтығы жоқ. Мұхтар Мағауин құрастырып, баспаға әзірлеп, алғысөзін, түсініктерін жазып жариялаған бұл кітап – ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы – шын мәнінде қазақ әдебиетіндегі белесті бетбұрысты тиянақтап берді. Бетбұрысты соның алдында жарық көрген «Қобыз сарыны» бастаған. «Алдаспанда»: «Қай халықтың болмасын әдебиетінің пайда болуы және қалыптасуы өте күрделі құбылыс. Қазақ әдебиеті де өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өресіне бір күнде жете салған жоқ. Талай асу-қиялардан, талай бел-белестерден өтті. Әлденеше жүз жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңіріп, өткен күн, озған дәурен, көне заманның шежірешісі болды. Қазақ әдебиетінің түп негізі қадым ғасырлар – түрік қағанаттары дәуіріне тіреледі», деп жазған, сонымен бірге, түріктер, татарлар, қазақтар, қырғыздар, түркімендер, әзірбайжандар, өзбектер, қарақалпақтар өз алдарына отау көтеріп, жеке халықтарға айналмай, аралас-құралас жүрген кезде жасалған ескерткіштер тегіс осы түркі тектес халықтардың бәріне ортақ мұралар болып саналатынын басын ашып айтқан ғалым-қаламгер «Қобыз сарынының» бірінші тарауындағы бірінші сөйлемді «Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің өмір сүруі ХV ғасырдың орта шенінен басталады», деп шегелей жазып, осы тұжырымын талас тудырмайтындай етіп дәлелдеп шыққан еді. «Қобыз сарыны» мен «Алдаспан» қазақ әдебиетінің тарихын тұтастай үш ғасырға әрі шегергені бүгінде баршаға белгілі. Сол қос кітап Қазтуған жырау, Асан Қайғы, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Жиембет жырау, Марғасқа жырау, Ақтамберді жырау, Тәтіқара ақын, Үмбетей жырау, Бұқар жырау, Көтеш ақын, Шал ақын шығармаларын әдеби айналымға қосу арқылы ақын-жыраулар поэзиясының ғажайып сұлулығын да ашып берді. Ұлттық мақтаныш сезімімізді арттыра түсті. Арғы бабаларымыздың бостан күндегі соншалықты биік рухын келісті көрсететін сөз маржанына таңдай қаға отырып, бодан күндегі халімізді де бұрынғыдан байыптырақ пайымдай бастадық.
«Алдаспанмен» алғаш жеткен жауһар жырлар, шынында да, ауыз ашқызып, көз жұмғызарлықтай еді. Зерделі зерттеуші жылдар бойы жинап жүріп-жүріп, сәтті бір күні біздің төбемізге сау еткізіп төгіп кеп жіберген сол жақұттардың арасынан Асан Қайғының «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын екі шумағы жарқырай көрінетін. «Алдаспанның» қосымша мұқабасының форзацқа бүктелетін жеріне басылған екі өлеңнің бірі осы. Екіншісі – Бұқар жыраудың «Асқар таудың өлгені» деп басталатын қысқа толғауы. Ондай орынға кітаптың ең бір шұрайлы шумақтары шығарылатыны белгілі. Бұл өлеңге М.Мағауин: «Ұзақ толғаудың алғашқы жолдары. Осы кітапты құрастырушы 1968 жылы жазушы Ілияс Есенберлиннен алған. Тұңғыш жариялануы» («Алдаспан», А.,1971, 243-бет) деген түсініктеме берген. І.Есенберлиннің соның артынша жарық көрген «Алмас қылыш» романында мынандай жолдар бар: «Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін... Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен: «Таза мінсіз асыл тас Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз Шер толқытса шығады», – деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті» (І.Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. 6-том. 49-50-беттер). «Қобыз сарынынан», «Алдаспаннан», «Алмас қылыштан» кейін-ақ осынау ғажайып жолдар жадымызда жатталып, ауыздан ауызға ауысып, кітаптан кітапқа көшіп жүре берді. Дала данагөйлерінің философиялық тереңдігін айтсақ та, жыраулар поэзиясының кемел көркемдігін айтсақ та алдымен ойымызға осы жолдар оралатын. Оған мысалды он-ондап келтіре беруге болады. Бір-екеуін ғана көлденең тарта кетейік. Ханғали Сүйіншәлиев: «Ақын сөздеріне тән нәрсе тереңдік пен ойлылық. Ол тереңнен толғап, қияндағыны көздейді. Өткен-кеткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Асан сөз қадірін білген, оған ерекше мән берген. Асан сөздерінің бәрі дерлік ойлы нақылдар. Мысал үшін «Алдаспан» жинағында 1972 жылы тұңғыш жарияланған мына бір жолдарды келтірсе де болады» (Х.Сүйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің тарихы. А., 1997, 257-бет»), дейді де, «Таза мінсіз асыл тасты» тарата талдайды. Нысанбек Төреқұл қазақтың би-шешендері жөнінде жазған еңбегінде: «Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көкорай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартынып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады, күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асан Қайғыға басқартады» (Н.Төреқұл. Даланың дара ділмарлары. А., 2001, 62-63-беттер), дейді де, бірнеше күнге созылған жиынды Асан жырау «Таза мінсіз асыл тас» деп келетін толғауымен бастағанын айтады. Қысқасы, Асан Қайғының осынау қос шумағы жыраулар поэзиясының эталондық үлгілерінің бірі ретінде біздің рухани қазынамыздан ойып тұрып орын алды. Сөйтіп бәрі де орын-орнына келген сияқты еді. Әйтсе де, біз бұл мақалада Асан Қайғы жайында ештеңе айтпақ емеспіз. Өйткені... Арада жылдар өтті. Қайта құру деген бір кезең басталып кетті. Жылжып жариялылық жетті. Алаштың арыстары ақтала бастады. Алдыңғылардың қатарында Ақаң – Ахмет Байтұрсынов ақталды. 1989 жылы Ақаңның кітабы да шықты. Қарасақ – осы өлең сол кітапта жүр! Дәл сол күйінде деуге жақын. Мінсіз таза меруерт Су түбінде жатады. Мінсіз таза асыл сөз Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан зат Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз Шер толқытса шығады. Бар айырмасы: бірінші жол – «Мінсіз таза меруерт», үшінші жол – «Мінсіз таза асыл сөз», бесінші жол – «Су түбінде жатқан зат». Үш жолда өзгеріс бар деген аты ғана, оларда да тек «таза мінсіз» тіркесі «мінсіз таза» делінген, «меруерт» «асыл таспен», «тас» «затпен» алмасқан. Бар болғаны осы. Өлеңнің басында «Ю.Жадовскаядан» деген жазу тұр. Ал керек болса! Сонда жиырма шақты жылдан бері айналып-үйіріліп өбектеп жүрген, Асан Қайғыға тиесілі екендігіне титтей де күмән келтірмей келген жырымыз қазақшаға аударылған орыс өлеңі болып шықты ма?.. Солай. Иә, бұл өлең Ақаңның орыс ақыны Юлия Жадовскаядан жасаған аудармасы. Күмәніңіз болмауы үшін түпнұсқаны да келтірейік. Бұрын ол өлеңді сөз қуып жүрген маман әдебиеттанушылар болмаса, былайғы жұрт оқи да алмайтын. Өйткені, Ю.Жадовскаяның өлеңдері кеңестік кезеңде бір-ақ рет, 1958 жылы, оның өзінде Ярославль қаласындағы облыстық баспадан ғана шыққан. Ол кітап Қазақстанға жетпеген сияқты. Біз өзіміз ол жинақты 2005 жылы Мәскеуге барғанда Ресей мемлекеттік кітапханасынан (бұрынғы «Ленинка») ғана көре алдық. Енді ғой жағдай басқаша. Интернетті қарап жіберсеңіз, Ю.Жадовская деген сөзді теріп жіберсеңіз болды, оның өлеңдері өріп шыға келеді. Сонымен, түпнұсқа мынандай: Лучший перл таится В глубине морской; Зреет мысль святая В глубине души. Надо сильно буре Море взволновать, Чтоб оно, в бореньи, Выбросило перл! Надо сильно чувству Душу потрясти Чтоб она, в восторге, Выразила мысль. Тіпті күмәніңіз қалмауы үшін сөзбе-сөз сірестіріп аударып та көрейік. Асыл маржан теңіз тереңінде жатады. Қасиетті ой жан тереңінде пісіп-жетіледі. Маржанды су бетіне серпіп шығару үшін дауылдың теңізді қатты толқытуы керек. Өз ойын шабыттанып жеткізуі үшін сезімнің жанды қатты сілкуі керек. Ахмет Байтұрсыновтың алуан қырлы ақ алмастай асыл дарынының ардақты бір қыры – аудармашылығы. Крыловтың шығармаларын «Қырық мысал» деп жариялағанда: «Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін. Тартады Аққу – көкке, Шаян – кейін, Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін» деп төгілдіретін Ақаң мына өлеңді де соншалықты жатық етіп өрген, нағыз қазақтың сөз саптауымен кәдімгі өз жырымызға айналдырып жіберген. Академик Серік Қирабаевтың Ақаңның Крыловтан жасаған аудармаларына айшықты мысалдар келтіре отырып, «Мұның несі Крылов? Бұл жолдарды оқығанда, Крылов ұмыт қалып, көз алдыңда Ахмет қана тұрады. Таза қазақы өлең – Ахмет өлеңі» (С.Қирабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 5-том. А., 2007, 244-бет) дейтіні еске түседі. Ақаң Жадовская жырын таза қазақы өлеңге қалай айналдырған? Осы орайда Абай атамыздың асыл үлгісі еске түседі. Лермонтов арқылы Гетеден аударылған «Қараңғы түнде тау қалғып» сондай ғой. Абайдың Лермонтовтағы «тау шыңдарын» «тауға» түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, «аңғарды» жазық «далаға» ауыстырып, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған. Үш тілдегі нұсқаны қатар салыстырып қараған, «Фауст» аудармашысы Медеубай Құрмановтың: «Даланы жым-жырт етіп қана қоймай, дел-сал ғып кететін түн қазақ сахарасының түні, қазақ түні болса керек» деп таңданатын, тамсанатын жөні бар. Ахмет Байтұрсынов аудармасы да осы ұстаныммен жасалған. Ең алдымен аудармашының шығарманы айдынды теңіз төсінен өзен-көлді далаға алып келгені назар аудартады. Атыраудан басқа жерде тулаған теңіз көре қоймайтын қазаққа «теңіздің тереңінде» дегеннен гөрі «су түбінде» деген ұғым жақынырақ екені белгілі. Жалпы, байқап отырсаңыз, қазақ өзі «су перісі бар» деп өзен-көлге онша жолай бермеген ғой. Халық поэзиясында да «Ертістің ар жағынан көрдім сені» дегендей жекелеген жырлар, әредік әндер болмаса, суға қатысты сөз көп кездесе қоймайды. Дала адамына шалқар теңіздегі долы дауылдың күшін де дәл сезіну қиындау. Ақтөбелік әдебиетші Н.Байғанина «К проблеме лингвокультурного взаимодействия в поэзии Запада и Востока» деген тамаша мақаласында («Университетское переводоведение». Выпуск 3. СПб., 2002, 51-стр.) А.Байтұрсынов аудармасының жолма-жол кері тәржімесін де ұсынып, өте дұрыс жасаған. Осылай ету арқылы зерттеуші орыстілді ғалымдарға Ақаң аудармасының дәлдігін дәлелдей алған. Ол нұсқа былай: Безупречно чистый жемчуг На дне воды лежит (покоится). Безупречно чистое драгоценное слово На дне мысли лежит (покоится). То (предмет), что на дне воды лежит, Если ветер взволнует, появится. Слово, что на дне мысли лежит, Если печаль взволнует, появится. Бұл жолдарға, біздіңше, түсініктеменің қажеті жоқ. «Лучший перл» – «безупречно чистый жемчуг», «мысль святая» – «безупречно чистое драгоценное слово» болып мәні тереңдеп кеткенін әркім-ақ көре алады. Оның сыртында өлеңде «жел» сөзін «ветер» деудің, «шер» сөзін «печаль» деудің жетімсіздігін сезетініміз тағы бар. Ю.Жадовскаяның өзіндегі «чувство» біз қомсынып отырған осы «печаль» сөзіне де жетпей жатыр. Тағы бір айтатын жай: түпнұсқада предлогтармен қосқанда 34 сөз, А.Байтұрсыновта – 27 сөз. «Надо сильно буре Море взолновать, Чтоб оно, в бореньи» деген тоғыз сөзді «Жел толқытса» деген екі сөзге, «Надо сильно чувству Душу потрясти, Чтоб она, в восторге» деген тоғыз сөзді «Шер толқытса» деген екі сөзге сыйғызуға тіпті айтар сөз жоқ! Содан да қазақ нұсқасы әбден сылынып, қырланып, сырланып тұр. Аудармашы өлеңді барынша ширатқан, жұмырлаған, ақыры афористік айшыққа жеткізген. Бірер оқығанда жатталады да қалады. Н.Байғанина былай деп жазады: «Стихотворение, афористичное по форме, обнаженно-философское по сути, сразу же было принято казахским читателем, не усомнившимся в его исконном происхождении. Это и послужило, как нам кажется, одной из причин отнесения миниатюры к философской поэзии Асана-Кайгы» («Университетское переводоведение». Выпуск 3. СПб., 2002, 58-стр.). Ал біздіңше, бұл «Дәу де болса осы өлең Асан Қайғынікі шығар» дегеннен жасала қалған шаруа емес. Біз білетін Мұхтар Мағауин сол кездің өзінде Ақаңның мұрасымен танысып үлгерген адам. Көне қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушы-авторына осы қос шумақты халыққа қалайда жеткізу басты мақсат болған шығар. 1971 жылы атын атауға да тыйым салынатын Ахмет Байтұрсынов аудармасын бәрібір бастыра алмайтынын білген соң М.Мағауин өлеңді Асан Қайғы бабамызға әдейі басыбайлы етіп берген сияқты. Бүгінде бұл мәселенің басы ашық. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ақаңның орны «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара», «Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес» (Ә.Кекілбаев) деп бағаланады. Ақаңның аудармашылығы жайында да аз жазылып жатқан жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қаламынан шыққан бұл туынды кәдуілгі аударма аясына сыя алмайды. Бұл сөз аударманы қомсынуды білдірмейді. Өйтіп қарайтын болсаңыз, «Таза мінсіз асыл тас» тіпті жалпы әдебиеттің де аясына сыя алмайды. Мұнда бүкіл өмірдің мән-мағынасы жатыр. Асыл алыс қонады, жауһар жасырын жатады, шын тереңді заманның желі, уақыттың демі ғана қозғай алады, шым терең сөзді адамның толғауы емес, қоғамның толғағы ғана айтқыза алады. Демек, бәрінің өз жөні бар, өз жолы бар, өз уақыты бар, өз заңдылығы бар. Сонымен бірге, ашылмайтын асыл да болмайды, айтылмайтын сөз де болмайды. Бәрінің кезі келеді, бәріне заманның тезі келеді. Өлең осылай дейді. Соны көз алдыңыздан кетпейтіндей суретке салады, ордалы ойды образға орайды. Көркемдік үшін көлденең тұрған, айтарынан алаңдатып әкетер бір сөз жоқ. Мінсіз жыр. Мігірсіз сыр. «Аударылған өлең – аударған ақынның да өлеңі», дегеніміз бар еді «Төлтума мен телтума» атты кітабымызда (Астана, «Елорда», 2007, 443-бет). Ыңғайсыздау болса да өз сөзімізді өзіміз қайталауға мәжбүрміз. Расында да, Абай аудармаларын «Авторы – М.Ю.Лермонтов, аударған – А.Құнанбаев» дегендей етіп қалай ғана айтарсыз?! Айтпаймыз. Қайта, «Тіл өнері дертпен тең» деп «Абай атамыз жазғандай» деп тұрып сөйлейміз, солай сілтеме жасаймыз. Ал, былай қарасаңыз, бұл Абай сөзі емес қой. Бұл Лермонтовтың «Не верь себе, мечтатель молодой, Как язвы бойся вдохновения» деген жолдарының аудармасы («Өзіңе сенбе, жас ойшыл, Тіл өнері дертпен тең») ғой. Жоқ, бұл Абай сөзі. Немесе – Абайдың да сөзі. «Шабыт – жанның жарасы», «Шабыттан шошын, жаралайтын жаныңды» деген сияқты алынса, бәлкім, аударма болар. Ал «Тіл өнері дертпен тең» аударма емес. Аударма болса да тек Лермонтовтың ғана сөзі емес. Сол сияқты, «Таза мінсіз асыл тас» та Жадовскаяның ғана сөзі емес, Ақаңның да сөзі. Сонымен, бұл атақты өлең иесінің өзіне қайтарылып отыр. «Өзіне»? Кімге? Жадовскаяға ма? Байтұрсыновқа ма? Алдымен – Байтұрсыновқа. Неге? Бұл сұрақтың жауабын С.Қирабаев біз жоғарыда келтірген мақалада Крыловтан жасалған аудармаларға байланысты айта отырып, былай қайтарған: «Ахмет пайдасына шығатын тағы бір факт – оның Крылов өлең жолдарын жолма-жол аударып отырмай, мазмұнын алып, өзінше қара өлең үлгісімен, өз сөзімен жаңа өлең жасауында». Назар аударыңыз: өз сөзімен жаңа өлең жасауында. Ахмет Байтұрсыновтың дәл солай еткенін хал-қадерімізше дәлелдеуге тырыстық. Әрине, бұл өлең Жадовскаяға да қайтарылып отыр. Қалай дегенде де, Ақаң Жадовская жырын арқау етіп алды ғой, сондағы бейнелі ойдан қанаттанды ғой. Осы жағынан қарағанда, біз түпнұсқа авторына да қарыздармыз. Бұған дейін Жадовская есімі шын мәнінде қазақ әдебиеттануының, нақты айтқанда аударматануының ғылыми айналымына түсе қойған жоқ. Ол кім? Мұны біле жүру бізге артық етпейді деп ойлаймыз. Юлия Валериановна Жадовская – он тоғызыншы ғасырдағы орыс ақыны. 1824 жылы Ярославль губерниясының Любимов уезіндегі Субботино селосында дворян отбасында дүниеге келген. Жадовская жайында жаның тебіренбей жаза алмайсың. 1 шілде күні губерниядағы ірі шенеуніктердің бірі Валериан Жадовскийдің әйелі босанып, қыз табады. Қызылшақа нәрестені алғаш көрген сәтте анасы талып түседі. Сәбидің сол қолы атымен жоқ, оң қолының тек үш саусағы ғана қылтияды... Жас босанған әйел баласының дәл мұндайлық жарымжан болып тууын құдайдың кәріне ұшырағанымнан деп біледі. Ол тұрмысқа болашақ күйеуінің қалыңдығының жолын кесіп барып шыққан екен. Ақыры күні-түні қайғыға батқан шешесі көп ұзамай айықпас дертке шалдығып, аз уақыттың аясында өмірден өтіп кете барады. Небәрі үш жасында жетім қалған Юляны әкесі (айтқандай, оның өзі нағыз әумесер, қатыгез кісі болған көрінеді, әумесерлігі сол – усадьбадағы үйдің баспалдақтары өзгелердікіне ұқсамасын деп әдейі барынша тік жасатыпты, әйелі аяғы ауыр кезінде сол тік баспалдақтан құлап, қатты жарақат алған екен, ал қатыгездігін қосымша жазармыз) нағашы әжесінің қарауына береді. Әжесі – Н.Л.Готовцева. Болашақ ақынның нағашы жұртының хикаясы өзінше қызық. Готовцевтер әулеті сонау ХV ғасырдан бастау алады екен. Ұлы князь Василий ІІ-нің билігі тұсында оның татарларға тұтқынға түсіп қалатыны бар. Соны тұтқыннан босағанда Мәскеуге Ахмет деген татар мырзасы жеткізіпті. Әлгі Ахмет Мәскеуге келген соң қайтпай қалыпты, қайтпай қалғанымен қоймай, православие дініне өтіп, шоқынғанда Петр деген ат алыпты. Петр атанған Ахметтің Андрей деген баласы тап-тұйнақтай тындырымдылығымен көзге түсіп, Готовец деген лақап атқа ие болыпты. Сол сақадай сай Готовецтің аты кейін бүкіл бір әулеттің фамилиясына айналыпты. Сөйтіп, Юлия Жадовскаяның бойында түркі қаны да бар. Тән кемістігін Юлия Валериановна жан байлығымен толтыра білген. 5 жасында әріп таныған қыз бала 12 жасына жеткенде атасының қолындағы жеке кітапхананы түгел оқып бітірген екен. Ал енді жаңағы айтқан әке қатыгездігіне келейік. Юлия жастайынан көркемсөзге құмар болып өседі. Жеке пансионда оған сөз өнерінен сабақ берген ұстазы Петр Перевлевский мен жас қыздың арасында сүйіспеншілік оты тұтанады. Соны байқасымен-ақ қыз әкесі бұлқан-талқан ашуланып, ақыры мұғалімді қуып шығады. Онымен тұрмыс құру жөнінде ойыңа да алушы болма деп қатаң ескертеді қызына. Жас жігіттің сондағы бар кінәсі діни семинарияны бітіргені, дьяконның баласы екендігі, яғни дворян әулетіне күйеулікке жарамайтындығы. Қысқасы, сүйіскен жастар амалсыз айырылысады. Петр ұзақ жылдар бойы Юлияны қимай, қайта-қайта губернияға келе берсе де қыз әкесі бір жібімей қояды. Юлия Жадовская өлеңдерінің өмір бойғы басты сарыны бақытсыз махаббат, жапа шектірер жалғыздық, сағыныш саздары болып келетіні содан. Ю.Жадовскаяның баспа бетін көрген алғашқы екі өлеңінің бірі – біз сөз етіп отырған «Лучший перл таится». Ол 1843 жылы «Москвитянин» журналының 12-ші санында жарияланған екен. Бұл ара ақын шығармашылығын талдап жататын жер емес. Біздің де жадовскаятанушы бола қалуға жағдайымыз жоқ. Тек Ю.Жадовская поэзиясына өз заманының талай мықтылары жоғары баға бергенін айта кеткіміз келеді. Әрине, олардың ішіндегі ең елеулісі – Н.А.Добролюбовтың «Стихотворения Юлии Жадовской» деген көлемді мақаласы. Ұлы сыншы кейін біздің Ақаң аударатын өлеңге де тоқталған. «Этот восторг, в который приходит душа, потрясенная чувством, чтобы выразить святую мысль, зреющую в душевной глубине, составляет неотъемлемое достоинство всех или по крайней мере почти всех стихотворений г-жи Жадовской», деп жазған Н.А.Добролюбов. Біздіңше, А.Байтұрсынов Жадовская жырына осы мақала арқылы назар салған. Тіпті өлеңді үш шумақ жыр толық келтірілген сол мақаладан алып аударуы да мүмкін. Олай дейтініміз, Ақаң әлгі өлеңді тәржімелеген 1911 жылы Жадовскаяның өмірден өткеніне ширек ғасырдан асып кеткен еді. Жадовская шығармаларының төрт томдық толық жинағы жарияланғанына да 17 жылдың жүзі болып қалған. Сонша жыл бұрынғы, аты беймәлімдеу автордың кітаптары қазақ даласына жетсе де сақтала қоюы қиын шығар. Ғұмыр бойы тән жарасы да, жан жарасы да жазылмай кеткен, жас күніндегі ғашығын күтумен өткен осы бір аяулы адамның ақылмен емес, тек жүрекпен өмір сүргенін, қатыгез шешімімен өмірін өксіткен әкесімен де тіл табысып, оның қол-аяғы семіп қалғанда қаншама жылдар бойы басында отырып күткенін, ақыр аяғында жүрек қыспасынан қайтыс болғанын В.Благовоның «Поэзия и личность Ю.В.Жадовской» (Саратов, 1981) кітабынан, бүгінде интернеттен кез келген адам оқитын диссертациялардан (И.Войтенко. Проза Юлии Жадовской: жанровое и стилевое своеобразие. Е.Трушина. Лирика Ю.В.Жадовской: мировозрение и поэтика), кейінгі жылдарда оның туған жерінде жүйелі түрде өтіп жүрген поэзия фестивальдеріндегі жылы пікірлерден де білеміз. Қайткенде де Ю.Жадовскаяның орыс әдебиетінің тарихында өзіндік орны бары анық. 7 маусымның – ақын Юлия Жадовскаяны еске алуға арналған дәстүрлі поэзия мерекесінің алдында осы мақаланы бір парызымыздың өтеуі ретінде жаздық. Біз үшін ең бастысы – Жадовская жырының қазақтың ұлы тұлғасының қолынан шып-шымыр, жұп-жұмыр қос шумақтың төгіліп түсе қалуына себепші болғандығы, оның біздің рухани өмірімізге қымбат қазына болып қосылғандығы. Сөз түйініне келейік. Мұнан былай «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын жауһар жырдың иесі Ахмет Байтұрсынов деп түпкілікті тануымыз мақұл дер едік. Әрине, осындай бір мақала жазылды екен деп қазақтың санасына Асан Қайғы сөзі болып, дұрысы – халықтың сөзі болып сіңіп кеткен өлеңге қайтадан авторлық алып беру оңай да емес екенін білеміз. Әйтсе де, әділеттілік осыны талап етеді.
Бөлісу: