Кітаппен көмкерілген күн

Бөлісу:

17.04.2024 1912

Жыл сайын Астана қаласына көктеммен бірге кітап көшіп келгендей керемет күй сыйлайтын кітап апталығы болады. Кәдімгі кітап тойы, кітап қуанышы, кітап мерекесі. Биыл да сәуір айының 17-21 күндері аралығында, «Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме жәрмеңкесі осымен жетінші рет өтіп жатыр.  Аталған кітап жәрмеңкесінің негізгі ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы. Кітап сүйер, әдебиет сүйер оқырманның назарында «Фолиант» баспасының алар орыны айрықша. Жыл сайын жүздеген әлемнің үздік туындыларын қазақ тілінде аударып, шығарып келе жатқан баспа оқырманның сұранысын шығып келеді. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан баспаның кітап басып шығарудағы негізгі нысаны – қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар. 

 

«Astana Eurasian Book Fair – 2024»  кітап көрмесінің салтанатты ашылуы. Ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, Қазақстандағы Испания корольдігінің елшісі Хорхе Урбиол Лопес де Монтенегро, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйлеп, іс-шараның лентасын қиды. 

Осы жолы «Astana Eurasian Book Fair – 2024» көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу, кітап оқуды насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажеттігін баса айтып өткенін білесіздер. Сосын да, осы мақсатты жүзеге асыру жолында Astana Eurasian Book Fair көрмесі осымен жетінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталмыш көрме бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген баспагерлер мен кітап индустриясындағы ұйымдар бас қосатын маңызды диалог алаңына айналды. Бұл көрме кітапсүйер қауым үшін дәстүрлі кітап мерекесіне айналды. Себебі олар сүйікті ақын-жазушыларымен кездесіп, қолтаңбасын алып, кез келген кітапты баспа бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгін кітап көрмесінің салтанатты ашылуынан кейін, кітап жәрмеңкесіне жиналған халықта есеп болмады. Жәрмеңкенің әр тұсынан іс-шаралар атқарыла бастады. Әуелі «Иран өнері мен каллиграфиясы» атты шеберлік сағат өтіп, Иран мәдениеті таныстырылды. Одан соң, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабының әдеби таныстырылымы жоғары деңгейде өтті. Түстен кейін белгілі ғалым, жазушы, академик Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты Мұстафа Шоқай туралы кітабының таныстырылымы өтті. Сонымен қатар белгілі жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романының тұсаукесері өтті. Жәрмеңке барысында атқарылатын шаралар мен кітаптардың таныстырылымы бес күн бойына жалғаса бермек. Айталық бүгінгі атқарылатын шаралардың бір парасын, Абай облысынан арнайы келген «Абай жолы» кітапханасының тұсаукесері қортындыламақ. 

Келесі күні өтетін негізгі іс-шараларға тоқталар болсақ, әуелі Хакім Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін жаңғырту жолында» атты кітаптың таныстырылымы өтеді. Бұл еңбек ғұламаның негізгі ғылыми еңбектеріне шолу жасап және әлемнің көптеген кітапханаларында сақталған әл-Фараби мұрасына қатысты қолжазбалардың библиографиясын жасақтаумен ерекшеленеді.Сонымен қатар арабтың халық романы атанған «Бейбарыс» кітабының тұсаукесер салтанаты да осы күнге жоспарланып отыр. Ал Таупық Рымжановтың «Зайтүнқарлығаштың ерлігі» атты кітабының таныстырылымын да осы күні тамашалай аласыздар. Т.Рымжанов қазақ балалар әдебиетіндегі фэнтези жанрында қалам тербеген тұңғыш қаламгер екенін естеріңізге сала кетеміз. 

Кітап жәрмеңкесінің үшінші күні «Атамұра» баспасының ұйымдастыруымен Д.Қыдырәлінің «Тамыр» және «Абыздар аманаты»; С.Ақсұңқарұлының «Адамзат-нама»; Г.Құрманбайдың «Қоңырау»; С.Негимовтың «Шешендік өнер» атты кітаптарының әдеби таныстырылымын авторлармен бірге тамашалай аласыздар. Сонымен қатар «Абай академиясы» кітапханасының еңбектерімен де осы күні таныс болуларыңызға болады. Және ақын Ұлықбек Есдәулетовтың «Тас балбаал ырлата», Акбар Рысқұлдың «Астана аспаны» кітаптарының тұсаукесеріне куә болуларыңызға болады.

Жәрмеңкенің төртінші күні өтетін негізгі іс-шаралардың бірі, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» атты тарихи романы. Роман Жошы хан және оның заманы төңірегінде жазылған тұңғыш роман. Сонымен бірге, бүгінгі заман прозасының шебері Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы», «Самарқанға бағыт алған эшелон» кітаптарымен танысып, автормен еркін сыр-сұхбат алаңын құра аласыз. Ал бүгінгі қазақ прозасының жас перілері Ұларбек Дәлейұлының «Хат бармайтын қыстақ», Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн», Ерболат Әбікеннің «Министр» сынды әңгімелер жинағының тұсаукесер салтанаты да осы күнге жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда елімізге танымал қаламгерлер Б.Сәрмекованың «Кейіпкер», марқұм Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы», М.Шүйішәлиеваның «Ардың азабы» сынды тамаша туындылардың таныстырылымын да осы күні көре аласыздар. Авторлардың өзінен қолтаңба алып жақсы естелік қалдыруларыңызға болады. Кітап жәрмеңкесінің соңғы күні де сіздерді күтіп тұрған тамаша шығармашылық кештер мен кездесулер жетерлік. Бес күнге ұласар кітап тойынан құралақан қалмаңыз қадырлы оқырман. 

Astana Eurasian Book Fair-2024 кітап жәрмеңкесі бес күн бойы Астана төрінде жалғаса береді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар