Әлихан Мақсұт атындағы робототехника орталығы ашылды

Бөлісу:

22.04.2024 1530

20 сәуір күні «Academia Real» қазақ-испан мектебінің базасында өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми-шығармашылық жобалардың бірне­ше дүркін жеңімпазы Әли­хан Серікзатұлы Мақ­сұт­ атындағы роботехника орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Аталмыш орталықта Астана қаласындағы «Robotek» роботехника мектебінің мамандары бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сынып оқушыларын математика, физика, информатика пәндерінің басын қосқан заманауи технологияларды, жасанды интеллектті меңгертіп, өнертапқыштыққа, инженерлік жобалар жасауға үйретеді. 

Білім ордасының ашылу салтанатына арнайы қонақ ретінде Әлиханның әкесі, ақын Серікзат Дүйсенғазының замандастары, ақын, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, ақын Қабиден Қуанышбайұлы, сонымен қатар   Әлихан Серікзатұлы білім алған №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің директоры Нұрбек Аманов, директордың орынбасары Гүлнәзия Байулова, информатика пәнінің мұғалімі Гүлсара Жұмағатова және Санжжар Шалқарбеков бастаған «Robotek» мектебінің өкілдері, Алтынай Абдыш бастаған Лев Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университетінің «Топжарған» жас ақындар  клубының мүшелері және Әлиханның сыныптас әрі командалас достары  Ерасыл мен Әлихан қатысты. 

Тірі болса еліміздегі физика мен техника саласының дамуына үлкен үлес қосады деп болашағынан үміт күттірген  Әлихан Мақсұттың қысқа ғана ғибратты ғұмыры, қол жеткізген табыстары орталықта тәлім алып жатқан жас жеткіншектерге үлгі ретінде айтылды. 

Тұсаукесер салтанаты барысында «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры» болашақта елімізге қажетті технократ жастарды даяр­лауға қолдау көрсетіп, сон­дай-ақ оқушылар жасаған ин­но­вациялық жобалар мен өнертабыстарды халыққа кеңінен насихаттау мақсатында демеушілік көрсететіні жайлы мағлұм етілді. Іс-шараны «Academia Real» қазақ-испан мектебінің құрылтайшысы Ардақ Қыпшақбаев, директоры Сәбит Рысмағанбетов және директордың орынбасары Самал Жакуповалар жоғары деңгейде ұйымдастырды. 

Әлихан Серікзатұлы Мақсұт – 2006 жылы 20 шілдеде Астана қаласында дүниеге келді. Ұстаз-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы мен ұстаз-ғалым Айнұр Қазтайқызы Тасболаттың зиялы отбасында өсіп, білім-ғылым, ұлттық дәстүр мен мәдениет бағытында жақсы тәлім-тәрбие алды. 

Сәби күнінен ертегі кітаптарды, балаларға арналған энциклопедияларды оқуға, конструкторлық ойындар құрастыруға құмар болып өсті. Оны байқаған ата-анасы бөлмесіне шағын кітапханасын жасақтап, балаларға арналған жаңа кітаптарды сатып әперіп отырды.  Әлихан үш жасында Астана қаласындағы №16 «Шағала» балабақшасына барды. Балабақшада өзін үлгілі бала ретінде көрсетіп, әртүрлі сайыстарға қатысып бірнеше мәрте бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. 2010 жылы 7 мамырда балабақшада өткен «Біз Отанның сарбаздары» сайысына әкесі Серікзат Дүйсенғазымен бірге қатысып, «Патриоттар отбасы» атағын жеңіп алды. 2011 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 15 жылдығына орай университет оқытушыларының 2-5 жас аралығындағы балалары арасында өткен «Менің университетім - менің болашағым» сурет байқауында 1 орынды иеленді.

2012 жылы Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің бірінші сыныпқа барды. Осы мектептің бастауыш сыныбынан бастап үздік оқыған Әлихан  2015 жылы математика пәні бойынша Мәскеу қаласындағы «Шын-Олимп» ЖШС және «Математикалық білім мен ағартуды қолдау қоры» ұйымдастырған халықаралық пән олимпиадасында 2 орын, 2015 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының қалалық кезеңінде 2 орын,  2016 жылы наурыз айында 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» ХІ республикалық конкурсында 1 орын жеңіп алды. 2016 жылы Республикалық ғылыми жоба конкурсындағы жетістігі үшін Бурабай курортында орналасқан «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама берілді. 2018 жылы мектеп-лицейдің үлгілі оқушысы ретінде «Тәртіпті оқушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 

Әлихан 2018-2019 жылдары Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курстарына қатысып, екі жыл қатарынан үздік сертификатқа ие болды. 2018 жылы сауат ашу курсы шәкірттерінің арасында өткен сурет байқауында 1 орын иеленді.

2019 жылы күзде конкурс арқылы Астана қаласы әкімдігінің №9 Зерде» мамандандырылған мектебінің 7-ші сыныбына оқуға қабылданды. Дарынды балаларға арналған мектептегі білікті ұстаздардың қолдауымен Әлихан қалалық республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында жиырмаға жуық мәрте жүлдегер атанды. Физика пәнінің мұғалімі Қайсенова Валя Иман-Мәлікқызы және информатика пәнінің мұғалімі Жұмағатова Гүлсара Ғабдуалиқызының жетекшілігімен физика және робототехника олимпиадаларында жеткен жетістігі үшін бір мәрте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің «Алғыс хатымен», екі мәрте Астана қалысының әкімі Алтай Көлгіновтің «Алғыс хатымен» және қаржылай сертификаттармен, «Ashyq niet» тұңғыш Республикалық балалар форумында «Цифрландыру» секциясы бойынша «Роботталған жылуды өлшейтін есік жүйесі» жобасын қорғағаны үшін алғыс хатпен марапатталды. 

2020-2021 және 2021-2022 оқу жылдарында республикалық деңгейде жеткен жетістіктері үшін «Зерде жұлдызы -2021» және «Зерде жұлдызы – 2022» атанды. 2020-2022 жылдар аралығында дарынды балаларға арналған бірнеше жазғы және қысқы олимпиадалық лагерлерге қатысып, білімін шыңдады. Сабақтан бос уақытында қосымша физика пәні бойынша «Квадрат» мектебінде, ағылшын тілі пәні бойынша «InterPress» орталығында білімін шыңдады.. «Қазақстан» спорт сарайында дзюдо күресінің секциясына және «Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында» жүзу секциясына қатысты. Әлихан әкесімен бірге атқа мініп, балық аулауды, қысты күні отбасымен шаңғы және коньки тебуді ұнататын. Республикалық «Асық ату» федерациясы ұйымдастырған «Asyq Party» сайысында мергендігі үшін бірнеше рет жүлде алды. Әлемдік философияны, көркем әдебиетті, физика мен жоғары математиканы, химия мен биологияны, география мен астрономияны, қазақ және дүниежүзі тарихын сүйіп оқыды. Қазақ класиикалық әдебиетінен Абай мен Мағжанды, балалар әдебиетінен Бердібек Соқпақбаев пен Толымбек Әбдірайымді, әлем әдебиетінен Эрнст Хемингуэй, Федор Достоевский, Джек Лондон, Ремаркті, философиядан Аристотель мен Ницшенің танымал еңбектерін оқыды. Ол көркем мінезді, адамгершілігі мол, достары мен ұстаздарының, туған-туыстары мен көрші-қолаңның арасында сыйлы бала болды. 2023 жылы 2 қаңтар күні таудан шаңғы теуіп жүріп оқыс жағдайда қайтыс болды.

Талантты баланың атын өшірмеу мақсатында 2023 жылы сәуір айында Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры құрылып, белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан «Әлиханның арманы» деректі фильмін түсірді.  12 сәуір күні №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің физика кабинетінде ашылғпн физика пәнінен олимпиадалық даярлық бұрышына Әлихан Серікзатұлының аты берілді. Мамыр айының 13 күні «Астана дарыны» орталығы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі және «»Роботек» робототехника мектебі бірлесіп Әлихан Мақсұт атындағы «РобоЗерде» қалалық робототехника фестивалін өткізді. Маусым айының 23 күні Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Имани жаз -2023»  жазғы сауат ашу курсына қатысқан оқушылардың арасында Әлихан Мақсұт атындағы эссе байқауы өтті.  2024 жылы талантты оқушының атын есте сақтау үшін «Академия Реал» жекеменшік қазақ-испан мектебінің базасында Әлихан Мақсұт атындағы Робототехника орталығы және №9 «Зерде» мамандандырылған мектебнің жаңа ғимаратында физика лабораториясы ашылды. 

Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың жетістіктері

1. 2020 жылы 29 ақпанда «RoboZerde-2020» қалалық фестивалінде  «Инженерлік проект» категориясы бойынша 3 орын; 

2. 2021 жылы 11 наурызда  республикалық жасөспірімдер олимпиадасының қалалық кезеңінде 3 орын;

3. 2021 жылы 19 мамырда республикалық жасөспірімдер олимпиадасында 3 орын;

4. 2021 жылы  17-21 тамызда «Hackathon IT» категориясы, «Ақылды үй», 2 орын

5. 2021 жыл 27-29 сәуірде №9 «Зерде» мектебінде онлайн мектепішілік «RoboZerde-2021» фестивалінде «Инженерлік проект» категориясы бойынша 2 орын;

6. 2021 жылы 27 қарашада Астана қалалық ғылыми жобалар конкурсында информатика секциясы бойынша 2 орын;

7. 2022 жылы 24-30 наурыз аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы ІІІ (қалалық) кезеңінде физика пәні бойынша 2 орын;

8. 2022 жылғы 18-23 сәуір жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың физика пәні бойынша 3 орын;

9. 2022 жылғы 30 сәуір «WRO regional tournament» робототехника сайысының аймақтық кезеңінде 2 орын;

10. 2022 жылы 4 мамыр «Robotek Grand Tournament - 2022» қатысқаны үшін арнайы сертификат;

11. 2022 жылғы 29-30 маусым «WRO» Ұлттық роботехника сайысына қатысқаны үшін сертификат;

12. 2022 жылы қазанда жалпы білім беретін пәндер бойынша  мектепішілік олимпиадада физика пәні бойынша 1 орын;

13. 2022 жылы 15-16 қазанда мамандандырылған білім беру ұйымдарының 10- сыныптар арасында өткен «Қазақстан Білім Олимпиадасында» физика пәні бойынша 2 орын.

14. 2022 жылғы 4-5 қараша «Roboland-2022» халықаралық фестивалінің қатысушысы, сертификат. 

15. 2022 жылы 10 қарашада «KazPoboProject-2022» робототехника саласындағы республикалық ғылыми-техникалық жобалар байқауында 16-21 жас аралығында КОНЦЕПТ санаты бойынша 3 орын.

16.  2022 жылы 10-18 желтоқсанда «Robotek Grand Tournament 2023» роботехника чемпионатының қалалық кезеңіне қатысушы, сертификат

Бөлісу:

Көп оқылғандар