Cұраған Рахметұлы. Журнализм – қалам ұшындағы әлем
Бөлісу:
Авторитарлық режим және журнализм. Авторитарлық тәртіп деген не!? Ол - үстемшіл қоғамның сыпаты, тоталитарлық тәртіптің құрылымдық ең сорақы жағы. Жартылай тоталитарлық тәртіптің элементі ретінде көрініс табады. Осы заманғы авторитарлық әрекет – тіптен өңге! Бір диктатордың уысына қысылған қоғамның тағдыры сәл айығып келеді. Оппозиция атымен жоқ, сын мен бөтен пікір атымен адаланған жерде авторитариат жанданады! Өзіне қарсы қарағанның бәрін жау көретін сыңаржақ ғадет тоталитарлық жүйенің бұтағында ұя салады да авторитарлық қасаң саясат балапандайды.
Бір отбасының үстемдігі – кландық қасаң режимді әкеледі. Қоғамды қатаң жоспарлы ретпен басқару, бас көтертпей басып-жаншудың зардабын қара бұқара көреді. Еуразияда осы тақылеттес түрлі топтардың салған әлегімен мемлекетті басқару әрекеттері орасан қатігездікке барған кездері көп. Көрші Ресейдегі сталиндік табындырғыш көсемшілердің үлгісі де солай. Бұндай «машинаға» қарсы шабуылға шығушылар – тек қана халықтың үні, көнеден жалғасқан журнализм һәм түрлі шеңбердегі БАҚ-тар болды. Қоғам өмірінің өн бойында саяси құрылым, номенклатура биік идеологиялық салада биліктің сүзгілі бақылауы өте күшті және тіптен жағымсыз болатыны заңды құбылыс. Әсіресе жоғарыдан төмен құлай біткен (меритократиялық) биліктің құрылымы үнсіз бақылау мен қатты жұдырықпен үздіксіз жаныштау механизмдеріне сүйенеді. Алайда авторитарлық жүйе де мемлекеттік биліктердің қай-қайсысы да әлеуметтік топтарды тоталитарлық үлгімен тоқпақтай бермей насихаттық тәсіл, ұлттық идеология тетіктерін де мақұлдауы әбден үйреншікті тәсілдеме. Бұндай жағдайда авторитарлық билік тарапы – «саясаттан басқа жеңіл-желең шеруді рұқсаттауды» немесе жайлы «үнсіз» момындықты уағыздайды. Тіпті сөз еркіндігін, ақпаратты цензуралау, сүле сыңай-сылтаумен оқиғалар толқынын бұрмалау, жасырып қалу тәсілдерін қолдану, шектеу, бұғаттау секілді құйтұрқы тәсілдерді де жиі қолданған тауарихаттарда. Азаматтық қоғамның тынысын бітеуге арналған түрлі құйтұрқылықты қолдануы көп уақыттар бойы жалғасты. Сонау өткен ғасыр, алыс қалған жылдардағы үн парақтар немесе әлгі баяғы киелі Римдегі тұңғыш газет хабаршы сыпаттағы «Реляцион», неміс тілінде жарық көрген әлемдегі тұңғыш баспагер Иоганн Каролустің (26 наурыз 1575 ж. 15 тамыз 1634) бастамасымен жарық көрген 1609 жылғы тұңғыш газет, тағы да 1702 жылы желтоқсандағы І Петрдің жарлығымен белгілі болған, соңыра таман 1711 жылы Санкт-Петербургте шыға бастаған шулы «Ведомостилердің» бәрі солай. Ол үшін журнализмді һәм БАҚ-ты өзіне қарай күшті икемдеуі мүмкін. Авторитарлық тәртіптің негізгі сыр-сипаты – тоталитарлық тоқпақ пен демократиялық құрылымаралық «өлара» шебінде өмір сүруі де бек мүмкін-ді... Авторитарлықтың бір көрінісі – қаттылығы басым, тіптен қасаң авторитарлық жүйе, авторитарлықтан демократияға жақындау – демократиялық авторитарлық жүйенің түрі де байқалмақ керек. Ендеше авторитарлық жүйелі тәртіптің авторитарландырылған жаңа түрі жаңа журналистикамен күндес бола береді деген біржақты жаңсақ ұғым болмауы да керек сықылды. Бұндай өлшем болса ол – тек көз жорамал ғана!
Азаматтық журнализм – БАҚ
Бұқаралық деген ұғымға жақын келетін осы үлгінің бүгінгі жаңа Қазақстандағы көрінісі мерзімді басылымда һәм газеттер мен БАҚ. Жалпы сан жағынан да тәуір. БАҚ саны 5186, мерзімдік газеттер 3676 болса, 2180 газет, 1496 журнал, мұқым 191 телеарна бар. Бұқараның күнделікті тұрмыстық ақуалы нарыққа төселе бастаған өлара шақтан жайлап өте бастаған сәттен БАҚ пен азаматтар немесе бұқара халықтың арасындағы байланыс барынша күшейе түскен сықылды. Қалың бұқараның БАҚ-тарға яғни медиақұмарлығы мен медиамәдениеті де арта түсті. Кейбір шешімін таппаған мәселелердің түйінін шешуге бұқара мен БАҚ-тың өзара түсінісуі, аз да болса біріне бірінің етене епшілесуі бұрынғы буалдыр кландық мұнарадан кейінгі белесте жақыннан анық көрінетін деңгейге жетті. Қара өлеңде: «...жүгіріп шықтым белеске, белес жақын емес пе, осы отырған отырыс бір ғанибет емес пе...» деген қисын осыны меңзесе керек. Мысалы, кәсіби журнализм мен бұқаралық журнализмнің ішкі үндестігі мен ілкі әріптестігі бүгінгі белестен үстінде тәуір біліне бастады. Жұрттың таңдауы бойынша ең жақсы БАҚ пен ең өжет журналшыны іздеуі оларды шын ниетімен қолдауынан бұның негіздерін байқауға болады. Әр кезеңдегі көрінетін мұндай қоғамдық сауалды тану қиын емес әрі ұрымтал әмбе әбден оңтайлы. Оның дәлелі өзі бір ірі медиаәлемге айналып үлгерген марқұм Бейсен Құранбектің журнализм жолындағы сом бейнесі. Сонымен қатар «Бармысың бауырым» бағдарламасы телекөрермендер мен арабайланысты күшейтті және журналист Қымбат Досжанның журналистік биік деңгейін көрсетті. Тіптен жуықта ғана «шет елге қазақ баланы сатуға байланысты» деректі әрі өткір мәселелесі жарияланған кезінде бұл қисынның тіптен анық көрінісі байқалды. Ендеше Қазақ елінде азаматтық һәм бұқаралық журнализмнің даңғыл жолы бар дегенді көрсетеді. Бұқараның нақты хаһи ақпаратпен сусындағысы келетінін, шындықтың бетін ашуға ұмтылатынын, ақпаратты алып қана отырмай оған тікелей қатысушы болатынын енді ұқтық.
РАДИО ЖУРНАЛИЗМ
ЮНЕСКО-ның дәйегі бойынша осы ХХІ ғасыр басында әлемде 70 мың радиохабар станциялары хабар таратады. Осы алпауыт санның немесе 84 радиостанциясы Қазақ еліне тиесілі.
Медиатөңкерістер түренінде
ХХ ғасырдағы ең көлемді медиатөңкеріс – радиоға қатысты. Радио – сымсыз хабар таратушы ғажайып БАҚ. Радионың шыққан тегі Гульельмо Маркониге (Guglielmo Giovanni Maria Marconi; 25 апреля 1874, Болонья — 20 июля 1937, Рим) тіке қатысты болса Попов Александр Степанович те (1859-1905) радионың бабасы! Ресейде өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы кең тараған хабар тетігі осы радиохабары һәм радиобайланыс. Радионың өрісі кеңіп БАҚ сыпатына мәлім болғаны – Жалпыдүниежүзілік І қанды қырғын кезеңі. Тұңғыш американ ғалымы Ли Де Форест (Lee De Forest 1873-1961) ақпараттық сахнаға бейімдеген радиохабары 1908 жылы Париждегі Эйфель мұнарасынан бүкіл ғаламға ұсынылған-ды. Әлемнің тыңдармандарының құлағының түбінен сыбырлап, дүниенің жаңалықтарын жеткізетін су жаңа радио тораптары «жарылыс» жасай бастаған. Дәл осы тұста алыстағы АҚШ-та (1927) радио туралы заң қабылданып, оның дүмпуі дүниенің төрт бұрыш, алты құрлық, сегіз бағытын кезіп ендік пен бойлықтағы түмен жұртқа кең тыныс әкелген-ді. Бұл тарихи кезең – «Женерал Электрик», «Вестингауз», «RCA» және «Ұлттық хабар компаниялары» (NBC) аяғынан тұрғызған 1930-1940 жылдардың аралығын қамтиды. АҚШ-тың 32-ші президенті Франклин Рузвельттің «радио-президент» деп аталуының өзі осы тұс. Мұнда әуелгі күшті насихаттың әлқиссасы ретінде «радиоидеологиялық су жаңа саясат жорығы» жолға қойылған еді. Франклин Рузвельттің нысанасы осызаманауи күшті жарнамалы коммерциялық радиостанциялардың көбейгеніне көп жақты әсер етті және радионың өркендеу нысанасына дөп тиді. Кәрі Еуропа құрлығы мен Жапония аралы түгелдей радиоланғаны да осы тұс, һәм осы «радионың алтын ғасыры» деп саналады. Атақты «NHK»-дің өмірге келген кезінде 1941 жылдары аралдағы азалы Жапония 6.5 млн радиоқабылдағышы арқылы ғаламда озық саналған.
ЕУРАЗИЯ РАДИОМЕН ОЯНДЫ
Екі бояуға қақ бөлінген әлемнің жағдайы тым күрделі тұста империализмге қарсы саясаттың «нәтижесі» радиожурнализмнің аяқтануын жеделдете түсті. Мәскеуден шеттегі радиоқабылдағыштар үшін 1930 жылдары 58 тілде радиохабар таратылды. Сол 58 «пропаганда - propaganda» немесе әскери-саяси одақтық мәндегі әсіре сыңаржақ насихаттардың суыт таратушылардың біріне Орталық Азиядағы ұлан байтақ жері бар тарихы тереңде жатқан қазақ елі таңдалса керек. Осы таптық тапта қазақ тіліндегі радиохабары түгенделді деуге болады. Қазақ радиохабары қызу тартыстар мен геосаяси жағдаяттардың ушыққан ұстарадай өткір, аса күрделі тұстарда өз сөзімен өз үнімен «радиотолқынында тулады». Батыспен идеологиялық итырқылжың ырылдасу мен саяси салғыласудың дүрбелеңді лаңынан соң: бүгінге шейін аптасына 1400 сағаттық хабар таратуға қуатты «ВВС» (1946), аптасына 1300 сағат радиохабарды дүниенің 43 еліне таратушы «Америка дауысы» (VOA) (1947) жар сала жөнелген. Ғаламдық қырғи қабақ соғыс (Cold War) сталиндік «толқынды шайқасты» қыздыра түскенде қазақ тіліндегі радио тәй-тәй басқанын айттық. Сондықтан қазақша радиоқабылдағыш ғаламдық ең ауыр геосаяси оқыс оқиғалардың арасында өрбіді, өз үнімен бүтінделе түсті деуге болады. Батыста орақ пен балғалы – «Орыс үні», шығыста тағы сондай «Бейжің радиосы» түрен көтерген тұстарда... Ол кезде үш-ақ радионүкте бар еді. Бірі – «Маяк», бірі – Бірінші бүкілодақтық радио – «Московский».
Қазақ радиосы – қазақ үні болды
Абұйыры, қазақ радиосының тарихы да бұлармен даң құрдас келмесе де осынау дәуірмен қатар аяқтанған, шамалас. Қазақтың көне астанасы Орынбордан тікелей трансляциясы басталса керек. Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29-шы қыркүйегінде республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Отызыншы жылдар шегінде кең байтақ Сарыарқаның сары даласын үнімен кернеп, алыстағы бөгде құрлықтан бастау алған радио кернеуіндегі кереметтердің бірі осы радио. Радиохабары қазақ деген ғажайып қоңыр ұлттың ақеспе үнін әуе толқынына әуелетті. Қазақ радио журнализмінің тарихы әлем тарихымен осылайша өзектеседі. Баяғы қоңыр қазақтың – «Еңбекші қазақ» деп идеологиялық орақ пен балғалы әспетпен атанған қызыл коммунизмшіл дәурендегі өз ана тіліміздегі төл үніміздің басы – осы радиожурнализмнің әліпбиі. Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаевтың (1923-1973) қоңыр дауысы қоңыр қазақтың үнін ауа толқынында қазақтың үнін аңыратты. Алайда ұлт ретінде сансырап, жоғалтқанымыз бірсыпыра! Бірақ, қазақтың «Алтын қоры» осы дауыстар арқылы осы қазақты күні бүгінге шейін сақтап келгені (1948) қазақ өнері мен дәстүрлі мәдениетінің салмағының әжептәуір екеніне көз жеткізеді. Кеңестік қатаң қызыл жүйенің уысында тұрған коммунизмге отар елдің жан-жағы екі өңге боялған социалистік пен капитализм, империализм мен интернационализмнің арасында қайраңдаған тарихи Қазақ радиосы осылайша қалың қауымды ұйқысынан оятқан еді.
«Азаттықтың» ҮНІ
Солардың бірі халықаралық коммерциялық емес (бұлай емес пе жоқ па!?) АҚШ Конгресі тура қаржыландыратын «Азаттық радиосы» Мюнхенде (1950) құрылды да іле-шала (1953) «Түркістан редакциясы» қазақ бастаған бірнеше тілде хабар таратты. Бұл бастаманы заманында арқасына көтерген «Асан қайғы» Мәулікеш Қайболдыға содан кейінгі Жәкен Бапыш, Қасен абыз Өр Алтай (Хасен Оралтай), Смағұл Абатұлы Елубаевқа (1995-2004 жж.) дейінгі баһадүрлерге бүткіл қазақтың бүтін тілінде сайрағаны үшін радио тыңдармандары қарыздар. Сонау алыстағы алпауыт елдерге отар болған Африка өзалдына бір кеңес. Ал, біздің азатшыл еліміз болса бостан дауысы өңгеше радиоқұрылғының түрен үнімен Қиял Сабдалиннің дауысымен оянатын-ды... Түгел қазақтың үнін әуелетіп, ой бұғауын түре ашқан –«Азаттық радиосының» Чехословакия астанасы Прагадағы бұрынғы парламент ғимараты сарайынан хабар таратуы оны сонау шеткері өзге елдердегі қандастардың күнделікті тыңдап, қуат алып отыруының өзі баға жетпес құнды оқиғалардың бірі болған кезінде. Шеттегі этникалық қазақтар коммунистік бұғаудан жолдайтын жартыкеш ақпараттың екінші, үшінші жағын тәуелсіз «Азаттық радиосының» көмегімен бүтіндеп, толықтап тыңдауы керемет еді. Сол кездегі Прагадағы жас тілші радиожетекші Едіге Мағауиннің (1992 жылдан) және басқа жанкештілердің жаңа талпынысты сұхбаттарымен шетін жүрген қазақтар тұщына тыныстайтын-ды. Соңынан Алматыдағы бюросының Саясат Бейісбайлар атсалысқан қазақ тіліндегі хабарлары да өз тұсында жаңалықтың жаршысы болған еді. Осы кезде талантты журналист марқұм Рахат Мамырбектің «Еркін сөз» бағдарламасы ой еркіндігіне түрткі болды (2012). «Азаттық радиосы» бұрынғы өткен «Жаңаөзен», жуырдағы «Қаңтар оқиғасы» туралы ашық ақпараттарды түрлі классикалық бұлақтардан сүзіп алып өзгеше таратқандығымен ерекше. Бұл әрине азаматтық зайырлы қоғамның жаңа ой серпімімін де үзбей қалыптастыруды мақсат тұтқан-ды. Соңынан Орта азиялық қос тілді (орыс, қазақ) радиохабарды да тарата бастады.
Әуе толқынындағы ұшқын
Социалистік лагерьдің сол тұстағы тағы бір орталығы болған Моңғолияның Улаанбаатар қаласында қазақ тілінде құрылған радиохабары (1956) марқұм журналист Қизат Мәлікұлы (1931-2021), диктор Қабылақат Әбілмәжінұлы (1931-1987), редактор, диктор Ауғанбай Қанақияұлы (1933-1994), Жанатұлы Баят (1934-1914), Миқыбайұлы Аятхан (1941-2045), Бәтіш Жұлдызбайқызы, диктор Күлдан Қашқынбайқызы (1938-2006) қатарлы зиялы азаматтар шеттегі этникалық қазақтардың төл үнін түпкі құрлық Орталық Азияда жарты әлемге паш етті әрі тарихқа куәгер болды. Осы қарсаңда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында да бұрынғы Чехословакия елінің көмегімен (1963) ұзын толқынды (радиус шеңбері 360 шақырым) радиостанциясы құрылған-ды. Моңғолияның Баян-Өлгийдегі Қазақ радиохабарының бас редакторы болған шеттегі радио тарихының куәгері, кәсіби журналист, ақын лингвист Бодаухан Тоқанұлы бүгіндері есен-түгел Астанада тұрады.
Соғыстан соңғы сәт
Қанша айтқанмен біздің «ұлы отан соғысы» деп терең әспеттеп тергейтін кезеңнің өзінде құрлықтар әлемінде қысқа толқынды (FM) радиохабарлары да өркенін жайды. Әрине әр елдегі медиасаясатпен радиотораптарының өз-өз ерекшеліктерімен... Осы жаңа технология бойынша сазды стереотипты қысқа тұжырымды ақпарат орныққаны бар анық нәрсе. «Желтоқсан оқиғасы» көтерілген тосын оқиғалы кезеңдері (1986) немесе М.С.Горбачевтің тұсындағы «қайта құру» реформасы тұсында да (1985-1991) қазақ радиосы ертеңіне елеңдеген қалың қауымды су жаңа әрі ең суыт хабарлармен тура қамтамасыз еткені жасырын тағы емес. Еуропада екі ірі держава Германияның іргесінің тіке бірігуімен қоса КСРО-нің бұрнағы империялық тас іргесі сөгіліп, ыдырауы, мұқым бірге туысқан Чехословакияның екі жаққа қақ айырылуына қатысты – «Словакия үні» (1993), «Хорватия дауысы» (2003) өмірге келді.
Сөз өнері майданы
Соңғы кездегі радиохабарлардың мәтіні мен тіл мәдениеті, сөз құлпыртып, сөйлеу мәнері ойландырады әрине. Бүгінгі әлемжелісімен смс тілі пайда болды. Бұл қасіреттің басы! Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақан Мәсіғұтқызының «Сөйлеу техникасы» (2002), «Сөйлеу мәдениеті» (2004) екі тамаша тағылымды тәсілдемесі жарық көрген-ді. Бұл деген үстел үстіндегі «радио-заң» сықылды кейіпті дүние. Радиохабар – уақытпен, радио репортаж – журналистік іс-әрекеттер, түрлі жазбалар, қисынды белгілемелер, хабарды деректеуге қосымшалап пысықтаған сұқбаттар, зерттеулер, дәлел, дәйектеулер, ұсыныстар, түсініктеулер, тең әділдікпен әлі де жүргізіле берері заңды. Көненің бәрі керексіз болмайды, көненің сөзінің көбі көнерген сайын жанданып, бағаланады. Құндылық дегеніміз осы. Ол құндылық – сізбен біздің құлағымыздың астындағы сайрайтын құрылғы – осызаманауи радиоғаламы. Мұндағы керемет һәм өшпес бір тәсіл – радиотізгінші немесе диктор (dictor).Сол керемет құндылық егелері ұлы ақын Мұқағали Мақатаев, ұлы киноактёр Шәкен Айманов, әйгілі опералық әнші баритон Ермек Серкебаев, Ахмет Байтұрсынұлының туған жиені Мина Сейітова, Жаңыл Біржанова, Құнанбай қажының тұқымы Қатира Әзімбаева және ғажайып үнперілері Аманжан Еңсебаев, Нұрлан Өнербаев қазақ радиохабарын жандандырғандар. Тіл мен сөз ұлттық құндылық һәм құбылыс-құбылым. Сол тұрғыда «құлақтың астынан сыбырлаған құдайдың ишаратын» қазақ радиосы сақтап келді, келеді де болашақта.
Радионы сөзі
Сөз – Жан – Поль Сартрға жан-жағынан бір қатысты болса да – алайда қазақтың жаны – сөз өнері өзінікі. Тіл жүйесін жасаушы немістік В.Фон Гумбольдт мен швейцарлық Фердинанд де Соссюрге қатысы болуы мүмкін дейік... Бірақ, қасиетті қазақ тілі өз – төл тіліміз. Дұрыс жазылған сөз сөйлем құдіретті тіл. Тіл – лингвистика, лексика, грамматика (еміле), синтаксистік талдауды қажет ететін бір тұтас жүйе. Демек қазақ тілінің фонетикалық өзгешелігі дыбыстық әуезі тіптен өңге. Бүгінгі журналистердің ақсайтын жері де осы маң. Қысқа, нұсқа қайырым, музыкалық әуез – радио ақпараттың жаны. Сол тұрғыда осы жағдаяттар келісіп тұрғанда радионың тұрақты тыңдарманы (аудиториясы) жоғалмайтыны хак.
Радио техноәлем
Болашақтағы радиохабарды таратудың технологиялық құрылымы баяғы дәстүрлі толқынды радиодан электрондық (сандық) жаңаға негізделген кең ауқымды медиамәдениетті және кәсіби этикалы арлы журналшылары және тұрақты тыңдармандары бар радиохабарға қарай тынбай ойысады. Осы кезде радиоқабылдағыштардың өзіндік сапасына өзгерістер келуі керектігі айтылып жүр. Мысалы, орта толқынды MW (530 кГц -1710 кГц) қабылдағыш түнгі тыныш, тылсым сәттерде 150-2500 шақырымдық хабарды осындай жиіліктегі байырғы мезіретімен (бұйыртуға) тыңдатуға әбден мүмкін. Қандай да ұзаққа ұшқан радио толқыны қалайда бүгінді әне дәл қазіргі сәттік уақыт, заңды сағатты көрсетеді. Радиохабарының уақыты деген мүлдемге жаңылыссыз жаңаның басы саналмақ.
Радио журнализм
Радио журнализм болашақта бола ма, жоқ па, сақтала ма, әлде тарихта қала ма деген түмен сана, қиспасыз пікірлер жүреді. Әрине бұны көзі тірі болғанда сәуегей Гамлеттен сұрау керек шығар!? Дегенмен қоғам өмірі үнемі жаңғырудың үстінде өну, өсу, өркендеу, тіпті сөніп, өлімсіреудің де бәрі-бәрінен айналып өтпейді һәм өзінше өмір кешеді. Қоғам өркендеген сайын қандай тапсырыс, нендей қажеттілік туындаса да: соған орайлас, лайық ақпараттың да әртектілігі байқалуы заңды. Ақылды құлтемірдің заманы келгенге шейін де келгеннен кейін де радиохабары ғаламторға шырмалатын түрі бар. Радионың тек тыңдауға арналған, тыңдау арқылы оны іштей бейнелендіре түсінетін өнер ақыл мен ойдан адаса қоймас. Сөзбен бейнелеп әрлеп, көзіне көрсетіп, қолына ұстатқандай етіп тыңдарманды баурап алу – сөзбен сызған сүгіреттің бір парасы болса керек. Сөзбен сүгіреттеп, музыкамен бүркеп, түрлі дыбыстармен торлап, әрлеп, мәнерлеп бейнелеу – радионың классикалық қалыпты үрдісі, ең ерекше құдіретті һайласы!
Жанр туралы жалғыз ой
Біз шетелде жүргенде радиодан жүрілетін радиохабардан тыңдайтынымыз әрине жанрлық жағынан сәл-сәл бір жақтырақ, сөлсіздеу болса да қазақ тіліндегі бағдарламалары өзіне тарататын еді. «Шалқар» радиосы шеттегі қазақтардың ақ қанатты қарлығашы болды.
Қоғамдық – саяси әбден үйреншікті жанрлар: радиоақпарат, радиорепортаж, радиосұхбат, радиобаяндар: көркемсөз, көсемсөз жанрларынан: радиоочерк, радиофельетон, радиофильм, радиокомпазиция, радиоқойылым,радиодрама, радиоопера һәм спектакль, радиоромандар әлі де өз орынында қала берері сөзсіз.
Радио подкаст
Подкаст – аудиоформаттағы жазба. іРОN плеерлері арқылы іске қосылған іТunes оңтайлы «рodcastаппликейшн». Радиобағдарламадағы тыңдауға ең жеңіл әрі ыңғайлы жасалған қолжетімді электронды демократия мен телекратияның өсім, өріміндегі өте нәзік және ғажайып платформа. Осы тұрғыда радиожанама басқа БАҚ-тарға қарағанда ұрымтал подкаст жасаудың нәтижесінде өзгелерден оқ бойы алға озып келеді. Қазақстанда бұл жағдаят кенжелесе де сәл ертерек басталып та кеткен әубастан.
ТЕЛЕДИДАР
Теледидар және ток-шоу
Дидары бар кескін телекратия, яғни телевизия мен телекоммуникациялық желілердегі, визуалдық құрылғыларының сойы – телевизия. Мемлекеттік медиа корпорациялық және жекеменшік теле арналар. Халықаралық – шетелдік, Ұлттық телеарна – Қазмедиа һәм Астана, Алматы секілді мегаполис алпауыт қалалық телеарналар, өлкелік, облыс пен аудандық деңгейдегі шағын тележәшіктер. Бағдарламалық ерекшеліктері бойынша кабельдік спорттық, танымдық, білімнің, киноның, балаларға арналған (Отау ТВ) т.т. Отау ТВ шеттегі этникалық қазақтардың күнделікті «оқу құралы» болды. Бұл телеарналардың бірер шағымы ғана. АҚШ-тағы телесәуегейлері ХХ ғасырдың 60-70-80- ші жылдар ширегінде инфотэйнмэнт (infotainment) деген көңілді бағдарлама һәм тыңдарманды арбап, алдамалайтын теленыспыны (теле ток-шоу «talk show») ұсынғаны бар. Ток-шоу – ақпараттық жазба, мәтін, сұқбат, бетпе-бет (дебат), еркін сырласудан тұратын тиімді жанр.
Күрделі саяси-әлеуметтік ақпараттарды желбіретіп ең қарапайым уәж, тәлкек, әзілмен жеткізу тәсілін керектенген болса керек. ХХ ғасыр осылайша тыңдалатын кітап – радиохабар, көрілетін кітап – телеарналарды ұсынса керек. Осы кезеңдегі теледидарды өте тәуір зерттеп, болашағын дәл болжаған екі сәуегей ғалым болды. Оның біреуі – американдық журналист Фил Донахью (Phillip John «Phil» Donahue) екіншісі сондағы жазушы теоретик Нил Постмандікі (Neil Postman).
Осыдан кейін посткеңестік кеңістікке қарата ресейліктер «Большая стирка» - «Пять вечеров» (Александр Гордон и Юлия Барановская), «Страна советов», «Принцип домино», «Что хочет женщина», «Короткое замыкание», қазіргі «Пусть говорят» (Андрей Малахов) сияқты ток-шоуларды қаптатып өмірге әкелді.
Елдің үнін ескен күндер күмбірі
Көгілдір экран дикторлары әр отбасы, әр үйдің төрінде тұратын ең қадірлі қонағы. Баяғы Зұлқия Мұқанқызы Жұматованың (1920) қоңыр үні – қазақ даласынан ғарышқа аттанған Юрий Гагаринмен бірге шарлады. Қазақ деген ұлттың төл үні сол оқиға арқылы жаппай Еуразия құрлықтарына таралды. Ардақты Ләзиза Аймашева Қордайдың қоңыр қызы 1959 жылдан дикторлыққа келген. Диктор бола тұра кино туралы цикл бағдарламаларды ұсынған ұлағат иесі. Баянауылдың бағланы, көгілдір эфирдің 1960 жылдан бергі оғланы Ләскер Қалиұлы Сейітов Ләзиза екеуі аққу жұп, құстың қос қанатындай болыпты. Орынбала Оразбаева 1985 жылдан сайраған сандуғашы дейік. Ақтөбенің аруы, Ембінің еркесі Мәриям Айымбетова атағы биік ардагер. Түстіктегі Шыршық пен Киікатаның тумасы Тыныс Шындәулетұлы Өтебаев (1944 ж.т) керемет еді дейді. Қостанайдың кенерлі Темірқазығының тең қадірлісі, «Алтын дән» хабарымен таныс дауысынан « ақ бидайдың, астықтың иісі аңқыған» ғайып Қажы Қорған. Бүткіл «Время» хабарын бір кезеңде меңгерген даяр жүргізуші Рәбиға Аманжолова, Баян Секербаева. Жалпы эфирдегі дикторлар елдің үні болды. Бертіндегі Әбдірәлі Бөлебай «Жеті күн» мен таныс т.с.с.
Қазақ ток-шоуы
Қазақ телеарналары тележурнализмнің ток-шоуы жаңа толқындарын өмірге әкелді. Қазақ сөз өнерінің майталмандары осы «сөйлейтін кітаптың» Орта азиялық үлгісін жасады. Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» атақты тұлғалармен студияда мезгіл мәселесі, тіл тағдырын, рухани өнер мен мәдениеттің түгел түйткілдерін, демократия мен бюрократия мәселелері, қоғамдық ашықтық, жариялылықты талқылауы жаңа заманның бетбұрыстарына түбегейлі жол ашты. Соңынан көп жылдан кейін Жаңылхан Мәмежанқызы Асылбекованың «Сөнбес сәуле», «Келбет» бағдарламалары яки портреттік телеочеркі оның орынын басты. Құдай біздің сәулемізді өшіре көрмесін! Алайда жуықта осы журналист Жаңылханның бір дерегінде: «кейінгі 4.5 жылда 800-ден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып, денсаулықтарына ауыр зиян келтірудің 2086 дерегі тіркелгендігін» жария етілді. Әрине бұл да үлкен дабыл еді!?
2002 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасына Иманбай Құрманбайұлының таңғы «Таңшолпа» бағдарламасы, «интерактивтік «Бар мен жоқ» ток-шоуын жұртшылыққа ұсынды. Берік Уәли «Дода» және «Бетпе-бет» қоғамдық-саяси ток-шоуы және «Алтыбақан» мәдени-танымдық музыкалық шоуы, Сәуле Әбединова (Сәуле Әбілдаханқызы) жүргізетін қазақ тіліндегі ең керемет, бірден-бір теледуман сипатындағы «Ақжүніс» бағдарламасы 2002 жылы жарық көрді. Нұртілеу Иманғалидың «Ой-көкпар», «Екі жұлдыз» шоулары тәуір және Рахат Мамырбектің «Күлтөбе» телехабары сәл оқшау болды.
Қазақстан – жастардың, өспірімдердің елі. Имамбай Құрманбайұлы Жұмабаев «Ұшқын» мен «Менің құрдастарым» радио қойылым, «Ашық алаң» радио ток-шоудың нұсқалары тәуір болды. Жастарға немесе әлеуметтік нәзік топтағы жандарға жіті көңіл бөлінуі жағынан әлі де қырсыздық бар. Қазақ радиосы көбінесе балалар мен жасөспірімдерге, жастарға арналған сағаттарға мән бере бастаған секілді.
Елдің есінде қалғаны
Қасым Аманжолдың «»Шынның жүзі», Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас», сонымен қатар Ғалым Боқаштың апталық ақпарат сараптамалық «Мезгіл» бағдарламасы АНУ-ын «CBS» телехабарындағы апталық «60 минутке» ұқсас құбылыс болғаны есімде.
«Мың бір мақал», «Деген екен», «Солай болған», «Тіл», «Сөзмерген», «Ілік септігі», «Келбет» т.б бағдарламалары мен теле журнализмнің тынысын ашқан Қайнар Қалиәкпарұлы Олжайдың телеэкран тарихында өз орны бар ірі дүниелер есебінде. Сонымен қатар Дана Нұржігіттің бағдарламасы «қысыр әңгіме» емес.
Соңғы кезде...
Соңғы кездері телеэкранды әдемі әлпеті сұлу әнші қыз, келіншектер жаулап алды деген хаки сын, пікірлер де бар. «Бенефис шоу», «Қызық таймс», «Қалаулым» бағдарламаларының дүрліктірмелі «шоуы» туралы көрермендер әртүрлі пікірде. Бұл бағдарламалардан «үркудің» қажеті де жоқ. Олардың эфирдегі «ғұмырлары» тым ұзақ жасай алмайды.
Теле қойылымдарға сериалдарға да көп көрермендердің көңілі орта болады әрине. Белгілі әдебиетші Сәкен Сыбанбайдың пікірі «бізде әлі де оқиға шиеленісі, интрига әлсіз, драматургия солғын, динамика жоқ, актерлік ойында жасандылық, фальш көп... «Телеарнадағы жолбике жүргізушілер қайдан пайда болды?» Ғалымжан Елшібайдың ескертуі де орынды.
Теле ақпараттың сауатты суыттығы
БАҚ-тың ақпарат хабарының өзі хабар дейтін афоризмі бар: 1960 жылдар ширегінде канадалық теле зерттеуші Маршалл Маклюэн Герберт (Herbert Marshall McLuhan 1911-1980) телевизия болашақта «жаһандық деңгейде өзалдына жеке отау құрады», «уақыт тоқтап, кеңістік жоғалады» дегені бар. Осы замандық нағыз кәсіби журнализм өрт шалған құрлықтағы ең күрделі нүктелерде өсіп, жетілетіні белгілі болып келеді. Соңғы хабарлар яғни жаппай лаңкестік, діни радикализм, экстремизм, эксцентризм, алпауыт империялардың қатері, Солтүстік Корея (Корей Халық Демократиялық Республикасы КХДР), Украина мәселесінің «no war» анау, мынаудың түгеліне «Breaking news» қолданбасы қолданылатын болды. Барлық шұғыл жаңалықтарды алумен қатар ұрымтал тақырыптарға қосылуға болатын оңтайлы. Әлемдегі «ВВС» «СNN» суыт хабарларға осы тетік «Breaking news» пайдаланылады.
Бәрін жалмаған – жаңа жаһани ғаламторы
ХХ ғасы түп-түгелдей Майкрософт, Yahoo, Apple-ге бағынышты болды. Олар ескі жүйенің бәрін жалмады. Баяғы АТС күресінге кетіп, ұялы телефон келіп жеткен осы заманда өскен жасөспірімдер IPod, Podcasts-ға үйір болды. Тұтынушыны ақылды ұялытелефон (Blackberry), АрреІ-дің iPhone, Sumsung, интерактивті ТВ, видео, YouTub-дижитал (DVR) әлемінің және өзге контенттердің «тұтқынына» айналды. Тым жаңа технология ғажайыптары ақкөңіл тұтынушы түбегейлі өзгерді. Даңғыл сызықты жалғастырушы тетіктер – коаксиаль кабель, интернет (dial-up), Wireless (hoтspot), (Wi-Fi) тапсырушы (DSL),әйнекті кабель сымына көшті.
Сайттағы салмақтар
Осыған сай қазақ әлеміндегі желілік басылымдар, сайттар да барынша өзгеріп келеді. Alash Media Group медиахолдингінің қарамағындағы «Tengrinews.kz» – қазақстандық интернет-басылым және ақпараттық порталы және «Sputnik.kz», «Nur.kz», «Abai.kz» ақпараттық порталы, «Әдебиет порталы» әдебиет әлемі, «Мәдениет порталы», «Ult.kz.», «Еl.kz.», «Ruh.kz», «Hailyg uni», «Baq.kz» (тек қазақ тіліндегі), «Argymaq.kz», «E-history.kz», «Galamger.kz», «Massaget.kz» (жастарға арналған), «Азаттық рухы »қатарлы ең ауқымды мәдени бағдарламаларды насихаттайды.
Қузауизм мен журнализм
Осызаманауи журнализмнің төлежінді бірегей ірі бағыты – «Investigative journalism (reporting)» «журналистское расследование, расследовательская журналистика». Қазақ журнализміне ендірілген тереңдетілген (қузау, індету) журналистикалық зерттеуге келуі мүмкін ұғым – іnvestigative. Биліктің 48 заңын жазған америкалық Роберт Грин (Robert Greene, 14 мамыр 1959 ж. Лос-Анджелесе) құпияның соңынан қуалай түскен журналисттің құдіретті бейнетті еңбегіне қарата анықтама бергені бар.Тағы да Америкалық Колумбия университетінің (Columbia University) профессоры Мелвин Менчер (Mencher, Melvin) де қуыстағы құпияны ақтаруға аттанған тілшінің тірлігіне негізделген ұғымдарын ұсынған... Алайда көптеген телеарналарда көрермендерінің көзіне кірбің, көңіліне қаяу түсіретін немесе жалықтыратын жаман жарнамаларды жүктеп, қара көңіл (қара энергия) қалдырар ақпараттан аулақ болса деген ниеттер де ескертіледі. Өкініштісі хабарда бұлар ескерілместен түгелдей шырғалаң шырмақ, қылмыс, ұрлық, тонау, өрт, өлім-жітім, ұрыс-керіс, шеру, соғысқа толы қаралы ақпаратты алға салып басталатыны тым ерсілеу секілді. Қузау мен індетудің түбі – журналистік зерттеуге тірелмек. Зерттеу – аналитикалық сараптың өткір тіні. Өткен жылдары Қазақстан бойынша «Әліппені» итеріп тастаған кезде оны құтқарып, сақтап қалу үшін жүрілген журналшылардың майданды жорығы керемет болған-ды. Ең керемет поэзия – әліппен басталса – сол әліппе 1-ші сыныптағы мыңдаған сәби періштелердің арқалаған дәу сөмкесінде кетіп бара жатады! Осы бір пірегей тірі ғажайып сүгіреттер әлі күнге шейін есімізде, әрі бәріміздің басымыздан өтті де. Сол кезде «Әліппені» жоғалтуға әрекет етілген кезде (әстәпірөллә!) құтқаруға атсалысқан әділетшіл ұлтшыл журналшылар шын мәнінде бүткіл қазақтың рухын, тілін құтқарды да ақымақтықтың қасаң қамалын бұзып өтіп, ұлы жеңіске жеткен! Әліппені оны көтерген тірі сүгіретті әлемде ешбір кескінші жасай да алмаған болар. Жуықта ғана бір сауатты журналистің «Ақылы жолда – абай болыңыз» деген сараптамасы шықты. Өте керемет індету, нағыз журнализмнің жорығы осындай болуы керек. Шығыс Қазақстаннан Олжас Керейханның оқтын-оқтын түзілетін аяз жамылып, қарлы бұрқақ бүркенген ақпараттары, омбы қарда қалған қазақтың қалың жылқысының кісінеген үніндей тіптен өңге, өзгеше қузау. Жалпы зайырлы мемлекеттегі мейірлі заңда – ғылыми журнализмнің (Science journalism / Science communication) хош иісі аңқып тұруы жөн секілді.
Қазақ спорт журнализмі
Спорт тақырыбындағы мәселеге арнайы тоқталу керек. Жалпы спорттың осы замандық журнализмі пайда болғалы Афина олимпиада құрылымымен құрдас. Шамамен спорт журнализмінің кәмелеттік жас шамасы 130 жылға жуық болса керек. 1908 жылғы Лондон олимпиадасы кезеңіне келгенде Спорт тақырыбы ғаламдық деңгейге шыққалы Дүниежүзілік, Азия чемпионаттар сыналту және кәсіби лигалардың түрлі бәсеке мен жарыстары «баскетбол, волейбол, ауыр, жеңіл атлетика, бокс, күрестер һәм грек-рим, классикалық, еркін, дзю-до, самбо т.т. шеңберінде спорттық журнализмнің тілі бірге қалыптасып келеді. Қазақ еліндегі спорт журналистикасы 1959 жылдан «Қазақ спорты газеті» арқылы басталса керек. Дендербай Егіз, Ісматбек Төребек, Жүсіп Қасым, Ғалым Сүлеймен, Серік Пірназар, Бақтияр Тайжан, Бейсен Құранбек, Сайын Тұрсын, Амангелді Сейітхан секілді есімдерінің өзі өлең секілді майталмандар спорт журнализмін гүлдендіргендер есебінде. Қазақстандағы алғашқы желаяқ Ғұсман Қосанов, баскетболшы Әлжан Жармұхамет. «Қайрат» командасы тепкен теңбіл допты да ертедегі грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері боксер Серік Қонақбаевтың кезеңіндегі спорттық бәсекелерде комментаторлардың тікелей теле эфирдегі шеберлігі Амангелді Сейітханның еркіндігі тарихта қалды.
Парламент және журнализм
Адамзат тарихындағы қатынастардың жиынтық түрі – парламент. Көпшілік сайлаған қалаулы билер мен келісіп жасалатын заңнамалардың келісі болатын сөз сайысы өтетін орын. Қазақстандағы ең жоғарғы заң шығарушы органы, екі палаталы парламенті. Сенат – жоғарғы палатасы және төменгі палатасы Осы замандық заң қабылдайтын орын немесе заңның өндірісі осы орта. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы қабылдағанға шейін 1926, 1937, 1978, 1993 жылдар аралығындағы Ата заңдар негізі. Парламент биліктің бір тармағы, заңнамалар құқықтың нормаларды, қоғамдық ұстанымдардың аясында ең үлкен бақылау қоятын құрылым. Адамзат тауарихатында тас шақпақтың ұшқынынан тапқаны от, ауыздық, үзеңгі, шалбар, дамбалдың ауы және кейінгі ғасырларда жүре-жүре тапқаны – заң құқықтары немесе жасақ. Моңғолдың Құпия шежіресіндегі (МҚШ) Сол тұрғыда парламенттік журнализмнің міндеті де халық пен заң шығаратын құрлымның арақатынасына «бітімгерлік» жасау болып табылады. Мемлекет, өкімет һәм биліктің қабылдаған заң құқықтық нормативтік актілер мен ережелерін жұрттың пайымына сіңіру, насихаттау үшін жүргізілетін аталы заңның ақиқатшы жаршысы, насихатшысы, әрекетшісі. Парламенттің хак таза мінбері негізінде осы құрлымның жаршылары, бақылаушысы, халықтың сақ құлағы, сөзі осы парламенттік журнализм. Парламент журнализмі биліктен бостан да ұлт алдында жасырынбай, жасқанбай сайрай алатын аса жауапты болуы керек секілді. «Платон менің досым: ақиқат одан қымбатырақ...» деген кеп те соны меңзейді! Заң қарарлардың алғашқы нұсқалары мен қабылданатын шешімдерді саралауға сауатты журналшы қызмет етсе құба-құп дейік. Ең қызу һәм зәру талқыланған отырыстарды тура жеткізу, сараптау, түсіндіру жолында ақиқаттан айналып өтпеу парламенттік журнализмнің мақсат мүддесіне сай келмек. Жалпы – «парламенттік орталық» атты ұғым оның насихаты мән-мағына жағынан сонша көнерген құбылыс емес. Парламенттегі көтерілген мәселелер мен өткір оқиғалардың оң түсініктемесі мен сараптамасы, қорытындысы түгелдей бұқараға ашық жария етілуімен құнды болмақ. Бұқараның ақпаратты тұтыну құқығына сәйкес парламенттік ақпараттардың контенті айпарадай айқын болса ғана елдің рухани өрлеуіне сеп болады. Теле журнализмнің парламенттік бағыты – қоғамға ақпаратты жеткізу, танымдық сараптамаларды ұштау, бақылау жасау, кейде көңілді жақтарды да қыстырма ретінде беру, көпшіліктің пікір алуандығына жол ашу, оларға ықпал етумен бірге тұрақты көрермендерді пайда болғызса ғана «төртінші биліктің» қалыптасуы байқалмақ.
Қазақ Баспасөзі һәм газеттер
Жаңа Қазақстан әлемінде 2180 газеттер, 1496 журнал таралады. Әр газеттер өзінің қасында жанама, жарнама сайттарымен қоса өмір сүреді. Тарихта «Түркістан уәлаяты» (1870), «Дала уәлаяты» (1888) түрен салған. «Қазақ» (1907. 1910-1913) Троицкіде, «Айқап» журналы (1910), «Қазақстан» газеті Оралда (1911), «Ешім даласы» (1913) Петропавлда т.т. газеттер жарық көріп келгені қазақ газеттерінің тұңғыш тарихына қатысты ақпараттарды көрсетеді. Тіпті қазбалай берсе ғаламат тауарихат шығары белгілі. Хош!
Ендеше бүгін шамамен яки ең төменгі мөлшер, көз долбармен әр газетте 8 журналшы бар деп есептесек тек газеттердің өзінде 17440 журналист, журналдарда 6 адам бар болса 10 мыңға жуық журналист қызмет көрсетеді. Бір мемлекетке аз емес әрине. «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас алаш», «Қазақ Әдебиеті» (1934) газеттерінің былайғы рейтингтік деңгейі әзірше қалыпты. Дейтұрғанмен бүгінгі «Егемен Қазақстанның» таралымы мен оқырманы өткен 5-6 жылдардан бері үздіксіз төмендеп келе жатқан сыңайы байқалады. Бұл құлдырау емес шығар!? Өтпелі сәттердегі сәл-пәл кедергіден болуы керек. Ал, «Қазақ әдебиеті» газетіне нақты маркетинг жасалып, ұлттық деңгейде көңіл бөлінсе (1980 жж. 250 мың-ға жуық таралымы болған) тапсырылымы 1 млн-ға жете алады, қалайда. Кезінде тиражы 270 мыңға жеткен әйгілі «Жұлдыз» журналы кем дегенде 800 мың тиражбен көлемді роман журналы болуы керек. Біздегі газеттерді Кореяның 3,9 млн тұрақты оқырманы бар «Чосон ильбо» апталығымен салыстыруға келмейтіні белгілі. Бұйырса жетуге болады оған да.
Қазақ газеттері тіпті сонау алыстағы «La Gazette» француз тіліндегі (1631) газет, Ұлыбританияның «The Times» (1785) газеті, Сульцбергерлер отбасы басқаратын «The New York Times» һәм «The New York Times (1851), Belfast Telegraph (1870) ағылшын тіліндегі апталық сықылды болуға көп уақыт қажет!
Әлеуметтік әлемжелілер әлемі
Соңғы жылдары Интернет (ғаламтор) пен web технологиялардың қарқынды дамуы адамзаттың өмірінде ғана емес, тұтас БАҚ саласына да үлкен төңкеріс әкелді. Аудиторияға жылдам жететін әрі арзан ақпараттық сайттардың, ресурстардың пайда болуы жарнама берушілердің жаппай дәстүрлі медиалардан кетуіне әкелді. Ақпарат тұтынушылары бұрынғыдай телеарнаға телміріп я болмаса газеттің келесі санын күтпейтін болды. Әлеуметтік желі күнделікті өмірдің ең басты байланыс құралы мен ақпарат тұтыну арнасына айналды. Facebook, Twitter, Instagram, Telegram, YouTube пен Tik-Tok әлеуметтік желілері халықтың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, таңдау еркіндігін арттырды. Tik-Tok әлемінде Жамбыл облысы Меркі елді мекенінің бір азаматы Адамның (Фарух Тоқтамұрат) ғаламға лақтырған «Жүрек» әнін дүниежүзінің 3 млрд. жанкүйерлері қазақ тілінде тыңдайды. Дүниежүзіндегі ең бай тіл саналатын араб тілінің 12 миллион 300 мың сөзі бар болса бүгінгі 1 млрд. адам сөйлейтін 750 мың сөзі бар ағылшын тілінің қай-қайсысы да 3 млрд. жанға өз тілдерінде ән, әуенін жеткізе алмай жүргенде: байырғы көшпенді қазақ 92 мың 300 сөз қоры бар қазақ тілі «...бүкіл әлем сен маған ауа...» деп алға шықты!?
WhatsApp, WeChat Messengerлері жылдам хабар алмасуға жол ашты. Мәселен, 2024 жылы әлем бойынша әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жалпы саны шамамен 5,17 миллиардқа жеткен. Адам баласы айына орта есеппен 6-7 түрлі әлеуметтік желіні пайдаланады екен. Шекараға бағынбайтын әрі 24/7 тоқтаусыз жұмыс істейтін әлеуметтік желелер ақпараттық-психологиялық соғыстың жаңа деңгейге көтеріліп, киберқауіптің қарасын ұлғайтты. Жасанды интеллектің жаңа қырқынмен дамуы дипфейктің дәуірлеуі адамзат баласын қым-қиғаш жолға жетеледі. Диджитал дәуіріндегі орасан өзгерістер классикалық БАҚ-тың жаппай аудиториясынан айырылып, әлсіреуіне әкелді. Оның үстіне дәстүрлі БАҚ-ты әсіре пропаганда жасауға пайдаланған мемлекеттер тұрақты көрермен, оқырмандарынан тұтастай айырылды. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық саясат миллиардтаған қаржылардың басын ендігі кезекте диджитал арналарға бұрып, жаңа платформалар жасап, халықтың сенімін жаңаша жаулау керек. Әйтпесе мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келуі ықтимал.
24.04.24
Бөлісу: