Әбділдабек Салықбай. Әбдікерім Мұратовтың "Шегемдік қызы" хақында

Бөлісу:

29.04.2024 1166

Қазақ-қырғыз ақын-жазушыларының шығармашылық байланыстарының тарихы өте арыдан басталып, тереңге тамыр тартады. Оның бәрін термелемей-ақ осы үдеріске жеке өзіміздің араласқан кезімізді аз ғана шолып өтсек, Ә.Мұратовтың «Шегемдік қыз» атты қазақша жинағы туралы аз-кем пікір білдіруге хақымыз бар екенін байқарсыздар. Тағдырдың тартуымен қырғыз қызы Нұргүл Осмоновамен бас құрауымызға байланысты қырғыз шығармаларын 1989 жылдан бастап түпнұсқадан оқуға кірістік. Өйткені көне жырауларымыздың шығармаларындағы сөз қолданыстың кейбірі (мысалы, қабырға – қабыртқа), Кетбұғаның «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйінің мәтіні осы қырғыз тілінде сол күйі сақталыпты. Соның арқасында жеке кітапханамыздың қорын Шыңғыс Айтматовтың ертеректегі қырғызша жазылған барлық шығармалары, әйгілі «Манас» эпосының төрт томдығы, А.Матисақов, Б.Усубалиев, Т.Шайдуллаева, Б.Чотурова бастаған қырғыз ақын-жазушыларының кітаптары толықтырды. Ал бәрінен жақынырақ араласқан, бізге жеңгей болып келетін қазіргі Қырғызстанның Халық жазушысы Қален Сыдықованың барлық дерлік шығармалары кітап сөремізден берік орын алған. Сонау 1990 жылы «Абай» энциклопедиясына кіріскенде Хакім Абайды аударған қырғыз ақындарын іздестіре барғанымызда Қырғыз Совет энциклопедиясы Бас редакторының орынбасары З.Бейшеев деген ағамыз К.Юдахин құрастырған, 40 мың сөзді қамтитын, екі томдық «Қырғызша-орысша сөздікті» сыйлап еді. Содан бері қырғызша бір сөздің мағынасын білмей жатсақ, осы сөздікке жүгінеміз. 

2008 жылы «Әлем әдебиеті» журналының 2-саны (А4-пен 224 бет) тұтастай қырғыз әдебиетіне арналған еді. Осы басылымның сол кездегі бас редакторы Кеңес Юсуповтың өтінішімен аталған нөмірді құрастыру бақыты бізге бұйырды. Сондай-ақ осы санға жарияланған, А.Рысқұловтан басқа қырғыз ақындарының өлеңдерін жолма-жол аударма жасап, ақындарға өңдеттік. Бұған қоса А.Жақшылықов, Ә.Матисақов, Қ.Сыдықова, Т.Шайдул-лаеваның бір-бір әңгімесін аударған едік. 

Содан бірнеше жыл осы байланыс солғындап қалып еді, 2022 жылы «Таң-Шолпан» журналының тапсырысымен С.Мақсұтованың “Қаңғыбас”, Н.Қадырбековтің «Қалпақ сыры», Қ.Байбосыновтың «Ғайыпбұлақ” сынды әңгімелерін аударып, олар аталған басылымда кезек-кезегімен жарияға шықты. Биыл “Атамұра” баспасынан ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы, қырғыздың белгілі жазушысы Сұлтан Раевтың “Көкжал” атты әңгімелер мен хикаяты қамтылған жинағы жарық көрді. ТҮРІКСОЙ құрған Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтың ұйымдастыруымен шыққан кітапқа біз де автордың “Профессор, Шукшин, Манас” және “Оскар Уайлд” атты екі әңгімесін қырғызшадан қазақшаға аударып берген едік. 

Әбдікерім Мұратовтың аталған жинағын осыдан екі жыл бұрын толық оқып шықтық. Содан түйгеніміз, Ә.Мұратов – текіректемей, шоқырақтамай еркін көсіліп жазатын жазушы. Оқырманға қызықты, тартымды етіп баяндай алады. Осы әңгімелердің ішінде өзімізді көбірек баурағаны – «Шегемдік қыз» бен «Ақ қардағы ақ бекет». Екі әңгіме де махаббат тақырыбына арналған. Жазушы да бар шеберлігін салып жазған. Алғашқысына Қап тауынан жер аударылып келген балқар қызы Фатима мен қырғыз жігіті Сәміштің сүйіспеншілігі арқау болған. Сәміш – жуас, бұйығылау жігіт, оның үстіне Фатиманың басқан ізін аңдыған екі ағасы бар. Екеуінің баянсыз махаббаты Сәміш қаладан жырақтағы мектепте сабақ беріп жүргенде балқар қызының отбасымен отанына аттанып кетіп, қосыла алмауымен аяқталады.  

«Ақ қардағы ақ бекет» әңгімесінің бас кейіпкері – Фрунзе ауылшаруашылық институтының студенті Сыдықәлі. Жаңа жылда ата-анасына бара жатыр. Пойызда ол мәнтіқұлақ балуан Сайфулла және оның анасы Қасиетпен, қазақ шал Құдайбердімен жолаушылап келе жатады. Шалдың кемпірі, кемпірдің шалы өлген. Әдеттегі әжің-күжің әңгіме ғана емес, өте жарасымды әзіл өрбиді. Сайфулла шалдың кемпірі өлгенін, төсек жаңғыртпағанын, бай екенін біле сала «қырғыз кемпір алмайсыз ба?» деп қалжыңдайды. Сөйтіп жарасымды әзіл басталып, былайша жалғасады: 

«– Сонда қанша қалың мал бересіз? 

– Малдың бәрін берем! 

– Міне, байлық... Апа ұстау керек! 

– Сонда апаң тұрмыста емес пе?

– Тұрмысы бұзылған!

– Бәлекет-бейнетіңді алайын! – Кемпір шошына сөйледі.

– Әкем бұзған ғой, анамды тастап кетіп қалған!

– Қайда?

– О дүниеге де...»

Қазақ «айналайын» десе, қырғыз «қағылайын» дейді. Ал Қасиет кейуана ұлына «бәлекет-бейнетіңді алайын» деп, одан да асып түседі. Қазақ шал Жамбылдан түсерде Сыдықәлі мен Сайфулла оны шығарып салуға бірге түседі. Балуан бала шешесіне бұрын айтқан екен: «Чемпион болмай ауылға бармаймын», - деп. Жамбылдың вокзалында қыздың соңынан қуғыншы болып барып, келе жатқан нағашысы мен жеңгесін көріп: «Анам сендерге аманат» деп, тайып отырады. Сыдықәлі оны көптің арасынан таппай қалады. Балуанның нағашысы мен жеңгесі келіп, кемпірді өз купесіне алып кетеді. Қазақ шалдың орнына періштедей қазақ қызы, Жамбыл ауылшаруашылық техникумының студенті Ботагөз мінеді. Оны жазушы «қыздың аппақ тонына құп жарасқан құндыз бөркі, аяғындағы ақ етігі сұлу шырайын одан сайын көркем етіп тұр, даусы соншалық нәзік әрі жағымды екен», - деп таныстырады.

Тағы да жарасымды әзіл, қызу әңгіме. Екеуден екеу ғана. Сыдықәлі өлең жазып, ән салады екен. Қырғыздың шебер сазгері Рыспай мен Жолан ақыны, қазақ Шәмші мен Мұқағали еске алынып, көркем өлеңдері оқылады, әсем ән салынады... Екеуі ақыры мамандығы бір болғандықтан, бір-бірінікіне қонаққа бармаққа, қыз техникумды бітірген соң Фрунзе ауылшаруашылық институтына оқуға түсуге, жігіт оны күтіп алмаққа уәделеседі. Екеуі қоштасарды бір-бірін қимайды.

«– Мен түсетін бекетке аз қалды,– деп қыз мұңая сөйлейді.

- Қааап, әттең! – деді жігіт сапарлас болған сәттің тым тез өткеніне өкініп. – Қашан кері қайтпақсың?

- Қаңтардың 14-інде кері шығамын. Әкемді құттықтап, малдарына дәрі егіп беруім керек.

- Онда мен осы пойызбен келіп, сені бекетіңнен салып алып кетемін!»

Екеуі осылай уағдаласады. Шығармада қасқыр екі-үш жерде еске алынады. Біріншісінде қыз әкесіне сыйлыққа қазақ қасқырларының терісінен тігілген тон сатып алған еді. Сосын қыз «қасқырлар қорамызға дейін кіріп кетеді» деп әңгімелейді. Тонды жараса ма екен деп, жігітке кигізіп көрсетеді. Сол кезде қыздан «бір керемет, кереметтен де керемет, ләззатты, адамды балқытып жіберетін бір жұпар иіс аңқып қоя берді». Осындай жұпар иісті, «аппақ тонына құп жарасқан құндыз бөркі, аяғындағы ақ етігі» бар, әрі «даусы соншалық нәзік әрі жағымды» қызға сіз де ынтығасыз, ғашық боласыз. Қос ғашық арманына жетсе екен дейсіз. Екеуінің айырылған сәтін автор былайша суреттейді: «Бекеттегі бірен-саран адам кетіп, жалғыз сұлба қалыпты. Ақ қар басқан ақ бекет. Аппақ тон, құндыз бөрік, ақ етікті, ақ дидарлы, аппақ қыз қаққан қазықтай қалшиып тұр. Сыдықәлі өмір бойы іздеп жүрген адамын жоғалтқандай, пойыздың артқы терезелерін тырналап, аймалап, ішіндегі мұңын шығарып, толқып-тасып кете берді».

Алайда ақ қардағы ақ бекетке түсіп қалған Ботакөзді қасқыр жеп кетеді. Оны қайтарында артынып-тартынып бекетке келген жігіт білмейді. Қыз жоқ. Содан, бәлкім, басқа вагонға мінген шығар, кешігіп қалып, әкесі уазигімен келесі бекеттен салып жіберер деп үміттенеді. Бір аптадан соң боранда арнайы іздеп келеді, таппай кетеді. Жамбылға барып, сол жердегі оқытушысынан бәрін естіп, қақ маңдайынан біреу қамшымен тартып қалғандай есеңгіреп, ессіз күйге түседі. 

Жазушының «Арша астындағы айлы түн» туындысында ажал сағаты жақындаған жарын қимаған отағасының көңіл-күйі сәтті баяндалыпты. Ерлі-зайыптылар жас кезінде есік алдына қос арша отырғызады. Әйелінің еккені көп ұзамай солып қалады да, күйеуінікі биік аршаға айналады. Ал «Жесір жеңгейдің жоқтауы» бірінші жақтан баяндалыпты. Оған алқаш, тентек, жеңгесін көгала қойдай, көк торғайдай етіп сабайтын ағасы мен Ош музфагының ІІІ курсын бітірген соң өз ықтиярынсыз, ата-анасының ұйғаруымен қосылған жеңгесінің тағдыры арқау болған. Ағасы әйелін екіқабат кезінде тепкілеп, туғанда үлкен баласы қояншық болып қалған.  Қазір жесір әйел соны бағып-қағып отыр. Өлгенде жеңгесі сол тентек ағасын «Жер-көкте жоқ асылым» деп жоқтайды. Сирек болса да кезігіп қалатын өмірдің тотияйындай ащы шындығы. 

«Сел» әңгімесінің жазылу формасы ерекше. Әндікі сияқты мынадай қайырмасы бар: «Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды... Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де...» Әңгіменің жұлдызшадан кейінгі әрбір бөлімі осы қайырмамен басталып, шығарманың соңғы нүктесі де осы тіркестен кейін қойылады. Сел болып, бірнеше жанның құрбан болуына үкімет бөлген ақшаны құрту үшін салынған "Қара теңіз" су қоймасы кінәлі.

Селдің құрбандары: 1) Мектеп түлегі – Сәлима. Жаңа ғана шығарма жазып: «Алтын медаль алып кел, тағдырым саған тәуелді» деп тапсырады. Жігіті Самат екеуі Ошқа оқуға түспек. 2) Алым шахтер – залым директор. Іскер, әбжіл. Сайға 4 қабатты, 36 бөлмелі үй салған. 3) Бағы жанбаған, 14-інде зорланған, екі кемтар баласы бар Тотия кемпір. 4) Толқын қыз. Бала сатқыш, босандырғыш. Өзінің пұшпағы қанамаған. 5) Наркокурьер Бұрхан. Жындыханада жатқанда селге ағып кетеді. Осылардың ішінде бір-екеуінен басқасы қоғамға пайдасыз. Анда-санда Алланың дауыл соқтырып, қураған ағашты құлататыны және ықтасындағы мүңкіген иісті қуалап, табиғатты тазартатыны сияқты сел де қоғамға қажетсіз, көзге шыққан сүйелдей пенделерді тазалайды деген жасырын идея жатқандай. 

Енді Гүлнұр Қыранбайдың аудармашылығы жөнінде бірер сөз. Қазақта «Жолы болар жігіттің алғашқы ұрлығы ашылсын» деген сөз бар. Алғашқы ұрлығы ашылса, пенде енді ешқашан ұрлық жасамайды. Ал алғашқы ұрлығы ашылмаса, ол дәндей келе көзге түспеудің неше түрлі айла-шарғысын істеп, түйені түгімен жұтатын айдаһарға айналады. Гүлнұр – қазақтың сөйлеу, баяндау тілін меңгерген, емін-еркін аударатын аудармашы. Алайда, шамалауымызша, «Шегемдік қыз» оның тұңғыш тәржімасы, бұрыннан тәжірибесі жоқ. Сондықтан аудармашының еңбегінде азды-көпті кемшіліктің болуы заңды да. Мәселен, кейде еркін аударамын деп, қазақ пен қырғыздың сөйлеу тілі мен сөйлем құрау ерекшелігін жиі ауыстырып алатын секілді. Оны аударманың барлық жерінен кездестіресіз. Біз айғақты кітаптың өн бойынан термелеп жатпай, «Ақ қардағы ақ бекет» әңгімесінің үш қана бетіндегі мысалмен дәлелдеп көрейік. 

Кітаптың 37-бетінде Сайфулла мен  Құдайберді ақсақалдың арасында жарасымды әзіл өрби келе, тапқыр сөзге «Кемпірден басқасы күле қалды» деп аударыпты. Соңғы екі сөз қазақ тілінің сөйлем құрау ерекшелігіне кереғар әрі сондай ерсі естіледі. Оның орнына «... күліп жіберді», «... жамырай күлісті» не «қосыла күлді» деген сияқты тіркестердің бірін қолдануы керек еді. «Е-е, бәйбіше, қай самал ұшырып бізбен бірге сапарлас боп қалдыңыз?» деп сұрайды қария кейуанадан (Сонда. 38-бет). Қазақтың ұғымында самал деген – баяу ғана жел. Ол «ұшырмайды», тек желпиді, үп етеді, лекілдейді, т.б. Ал қырғыздар қатты желді самал дейді. Оның орнына «қай Құдай айдап» деуші еді қазақ. Баласының ауылға келмегеніне налыған кемпір «Бауырым езіліп бітті» (Сонда. 38-бет) дейді. Мұны да осы кезге дейін еш қазақтың аузынан естімеппіз, таза қырғызша тіркес. «Оқисың ба» деген сауалға «Иәнің» орнына «Ии» (Сонда. 38-бет) деп жауап береді. 

Ал 38-бетте: «Меркіге жеткенде үстел үсті босай түсті» деп аударылыпты. «Босай түсті» де – қырғызшадан аударылмай қалған не шала аударылған сөз тіркесі. 39-беттің соңғы абзацында қария купенің үстіңгі қабатында ұйықтап жатып, «басын оқыс көтерді де», шайын «түбіне дейін сылқ еткізіп алып... қайтадан қор ете» түседі. Үстіңгі қабаттан үстелдегі шайды сылқ еткізетіндей, қария акробат па, шайтан ба, осынысы қисынсыздау. Автордың кемшілігі ме, аудармашыныкі ме – түпнұсқа болмаған соң айта алмайсыз. Егер автордыкі болса, ондай кемшілікті тәжірибелі тәржімашылар жылмағайлап жіберер еді. 

40-бетте екі жігіт «дурактың қызығына кірді» депті. Жалғыз емес, екеу болған соң ортақ етісті қолданып, «...қызығына кірісті» деген қисындырақ. Сол беттің соңына таман «Кемпір қарияның созған қолына қолын бермеді» депті. Қып-қызыл тофтология. Одан да: «...созған қолын алмады» десе, әрі ықшам әрі сөз қайталанбайды ғой. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дейді қазақ. 232 беттің бәрін термелеп, малтаны езіп отырмай, осы үш беттегі (37-40) мысалдан-ақ біраз нәрсе байқалса керек. Біздің бұл аудармашымен «ұзында өшіміз, қысқада кегіміз» жоқ. Тәржімәшылық тәжірибесін жаңа бастаған маман мұның ойыншық емес, зор еңбекті, көп терді төгетін шаруа екенін білсін дедік. Келесі шығармаларды аударғанда осыны еске тұтса, ұтпаса, ұтылмас еді. Өйткені басқа тілден өз тіліне аударма жасаған адам барлық ынта-ықыласымен кірісіп, мұқият еңбектенсе, ана тілінің бай әлеуетін, мүмкіндігін көрсетіп, мәртебесін арттыра түсетіні анық. Ал жүрдім-бардым қараса, қазақ тілінің беделіне нұқсан келтіріп, мүмкіндігін шектеп, шөкелетіп, шөмейте түседі деп қабылдаймыз. 

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,

жазушы, аудармашы.

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар