Кеңес Ілиясұлы шығармашылығы туралы

Бөлісу:

30.04.2024 2538

Алтайдың күншығыс беті қазақ үшін жат емес. Тауының тасындағы бағзы жазбаларға тілдік қатысымыз барын айтпағанда, соңғы үш ғасыр жүзінде бір шоғыр алаш ұрпағы осы өңірде жасап келеді. Моңғолия қазақтары аталған бұл елдің азаматтары Қазақстан азаттығын алар-алмастан-ақ, сонау 1991 жылдың көктемінде көшті бастап жіберген еді. «Елге ел қосылса – құт». Бір елден бір елге қоныс аудару түгілі, бір ауылдан келесі ауылға көшу оңай емес. Жүздеген мың қазақты Атажұртқа бастап көшіруде, орналастыруда елге тұтқа болған ағалардың, зиялы қауым өкілдерінің ақыл-парасаты, ұйымдастырушылық, мәмілегерлік қабілеттері үлкен рөлге ие болғаны сөзсіз. Тұтас әулет, ауылдың аманатын арқалап әр жылдары Атажұртқа көш түзеген аға буынның көбі бұл күндері өмірден өтті, ортамызда жүргендерінің өзі жас ұлғайып, ақ таяққа сүйенген боз қарияға айналды.

Шетел деп аталғанымен Монғолиядағы қазақтардың тілі мен ділі, әдеби таным-түсінігі Атажұрттағы ағайындарынан соншалықты өзгешелікте болмауы – КСРО мен МХР-дың достық рәуіштегі коммунистік елдер болуы, кирилл әліпбиін қолдануы, қазақстандық басылымдардың үздіксіз жеткізіліп тұруы, қазақ мектептерінің оқу бағдарламасы мен оқулықтардың Қазақстанда әзірленуі, мұғалім мамандардың біразы Алматыдан оқу бітіріп немесе білім жетілдіріп сабақ беруі, мәдениет, оның ішінде театр саласында өзара үндестікте қызмет атқаруы т.б. әсерінен болды деуге толық негіз бар. 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы құрылуы да мұндағы қазақтардың ұлттық дербестігін сақтап дамытуға орасан мүмкіндік берген еді. Осыған орай Баян-Өлгийде қазақ әдебиеті мен мәдениеті гүлденіп, өркендеу жолына түсті. Ұлы көшке дейінгі бұл өлкедегі ұлт руханиятының ахуалы осылай еді. Әрине барлығы да коммунистік идеологияның шектеулі көкжиегі ауқымында болғанын жоққа шығаруға болмайды. Қазақы руханият негізінде заман ағымына ілесіп жазба әдебиет туып қалыптасты. Осы өңірдегі қазақ жазба әдебиетін қалыптастырып дамытушылардың үшінші толқыны Атажұртқа көш бастаушылардың алғы сапында болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, көбі ортамызда жоқ. Жасы сексеннен асып, тоқсанға жуықтаған бірнеше қария әлі де болса қаламын қолынан түсірмей, хал-қадерінше азаттықтың жырын жырлауда. 

Ортамызда болса сексен жастық мерейтойын ел-жұрт, ұрпақтарымен бірге тойлар аға буын қаламгердің бірі – ақын, жазушы Кеңес Ілиясұлы еді. Ұрпақтарын Атажұртына алып келіп, осында мәңгілік тыныс тапқалы да он жылдың жүзі болған екен. Бұл мақаламыздың негізгі арқауы Кеңес Ілиясұлының шығармашылығы жайында болмақ.

Ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Монғолия жазушылар одағының мүшесі Кеңес Ілиясұлы Баян-Өлгий аймағының ең батысында жатқан аппақ мұзарт шыңды Бесбоғда шыңының етегінде өмір есігін ашады. Туған жерін сағынғанда ақын өзі былай деп жырлаған мекен:

Бесбоғда жер биігі – қалған шіркін, 

Түсірген көркіменен көздің құртын. 

Үстіне ақ күмістен сауыт киіп, 

Аспанның сәлде қылған ала бұлтын. 

Басынан бұлт кетпейтін мәңгі қарлы алып тау Бесбоғданың самаладай бес шыңы алыстан көз салған адамға тым әдемі көрінеді. Бесбоғданың етегіндегі Потанин тәрізді алып мұздықтардың етегінен арынды, ақшулан өзендер ағып шығады. Сол өзендердің бірі – Ойғыр суы.

Көгінде қалқып ұшқан кәрі құмай, 

Құр аттың Құлала тау сауырындай. 

Көбігін көкке шашқан Ойғыр өзен,

Өлкеге өмір берген тамырындай. 

Жайлауы жасыл, шөбі асыл, қыстауы құтты Үш Ойғыр дейтін түңкелі өлке, туып-өскен қаситетті мекені – ақынның сағынышты жырының арқауы.

Құт қонған аталарға – қайран мекен, 

Жас ұрпақ жапырағын жайған мекен.

Осындай паң далада мен туғанда, 

Желіде отыз құлын байлаулы екен. 

Кеңес ақынның «мен туғанда желіде отыз құлын байлаулы екен» деуі әсте асыра айтқандық емес еді. Он екі абақтың ішінде өскен-өнген жәнтекей деген елдің Қангелді руынан Құрым, Құмырсқа, Күнбас деген үш ата тарайды. Құмырсқадан Мәнжу одан Терлік, одан Оралбай, Өскенбай, Ыбық, Сәрсен туады. Бұл әулеттерден ақын-жазушылар, әнші-өнерпаздар, он саусағынан өнер тамған шеберлер көкптеп шыққан. Оралбай – өз заманының ірі байы болыпты. “Қыдыр қонған Ояң бай” атанған Оралбай бай - өз заманының қадірлі кісісі болғаны туралы сан түрлі аңыздар айтылады. Оралбай байдың Ілияс, Пұшатай, Болысбай атты ұлдары да әке дәулетін тасқындатқан еңбекқор жандар болыпты. Бірақ ол кісілердің заманы - жеке меншіктің шетқақпай көрген тұсы болғандықтан, атадан қалған ақадал малды мың-мыңдап санап колхозға санап өткізуге мәжбүр болған екен. 

Көп жасап тағдырдың көп көшін көрген, 

Сөз тапқан торыққанда тосын жерден. 

Атанған ділмәр Тоқаң Тоғызақ шал, 

Кеңес деп азан айтып, есім берген. 

Өмірге келген сәбиге Кеңес деген есімнің қойылуы осылай болыпты. Мұзартты Бесбоғданың баурайында туып-өскен көкөрім жас қаршадайынан өлең-сөзге құмар болып өседі. Орта мектептен кейін жоғары білім алып, ұзақ жылдар бойы жастар, партия істері қызметінде, журналистика  саласында еңбек етті. Аймақтық қазақ радиосынан Кеңес Ілиясұлының қоңыр дауысын тыңдарман қауым жазбай танитын еді. Партия қызметкерінің, журналистің күнделікті қым-қуыт жұмысынан уақыт таба жүріп, әдеби шығармашылықпен шұғылданған Кеңес Ілиясұлының өлеңдері, толғау-поэмалары, әңгіме-новеллалары жинақ болып жарық көрді. Моңғолиядағы шығармашыл қауым арасында өзіндік лайықты орнын тауып, оқырманын қалыптастырған қаламгер болды. Аймақтық баспаханадан «Ақтоты», «Жыр шапағы» және «Алғашқы ән» атты әңгімелер жинағы қазақ тілінде «Уулын бүргэд» («Тау қыраны») жинағы монғол тілінде жарық көрген.

Проза жанрында еркін көсіле қалам тартқан Кеңес Ілиясұлының әңгімелері мен новеллаларына өмірдің алуан түрлі сынақ-соқпағынан өткен күйінішті-сүйінішті тағдырлар арқау болған. 

«Батырды қуған Балақаз» атты әңгімеде қазақтың өжет те намысқой қызының күші мығым, өзіне сенімді жортуылшыдан үйірлі жылқысын айырып алған ержүректігі мен тапқырлығы тартымды тарқатады. Жалбас торыға мінген алып денелі бір адам Қалмырза байдың аулына тападай тал түсте жетіп келіп, биебаудағы құлындарды асықпай ағытып алып, үйірлі жылқыны айдай жөнеледі. Аңырып қалып есін жиған ауыл әйелдері ойбайға басады. Үш ұлдың ішінде бұлаңдап өскен Балақаз қыз ағасының отауына жүгіріп барып оятып, мән-жайды жеткізеді. Сегіз өрім қамшысын білеп кіжіне шыққан ағасының бұдан арғы халін жазушы былай деп суреттейді: «Ұрының сырт бейнесіне көзі түскен жігіттің үй ішіндегі қайраты бірте-бірте үгітіліп, болат жігері бордай тозып бірден-ақ ұнжырғасы түсіп кетті. Жігіт енді: «Ойбай шұнақ, мінсеңші анау «Ақойнаққа!». Ата келгенде неңді айтасың, тал түсте бие баудағы жылқыдан айырылып! Неге тұрсың деймін, екі иініңнен су сорғалап? Әлде, есіңнен адасып қалғаннан амансың ба?!» - деп шықыраған әйеліне тепсінді.

- Тұрған жеріңде тіліңді желкеңнен суырып алайын ба!? Бөхбуурал ғой мынау. Құдай дәл төбеден ұрған екен бізді. Қазақ-урианхайы бар дүйім жұрттан бір адам бет келіп көрмеген дүлей күш иесіне қарсы жападан-жалғыз қалай ұмтылмақпын? Мендейдің оны жабылса да бұйым ғұрлы көре ме? Осы жұртта не қалып еді қызығатын? Сол атаңның өзі болатын көкжал бөрінің соқпасына әкеліп қондырған. Отырсын енді: жылқыдан бір, намысыңнан екі айырылып.

Әйелдер жағы Бөхбууралдың дәл кім екеніне толық түсінісе алмаса да, әйтеуір адам баласы пар келмейтін батыр біреу екендігіне көз жеткізгендей болды. Ал аға қайраты осымен аяқталғанын сұңғыла қыз Балақаздың іші сезді». 

Нағыз «ер сасқан, әйел етегін басқан» дейтін сыналғы сәтте Балақаз қыз батыл шешімге бекінеді: «Мұндай өктемдікке төзу – өлексе жанның белгісі. Әлің жетпесе де жаумен жағаласып өлу одан әлдеқайда артығырақ.» Осындай ойға бекінгенімен де іштей арпалысқан үрей-қорқынышты жазушы нанымды бере алған: «Сол сәт «Әйел жолы жіңішке. Жалпақ жұрттан жан беттемеген алыппен жекпе-жек шығам деу – жеңілтектік. Малыңды бермеймін деп, арыңды төгіп алсаң – нағыз сүйекке басылған таңба сол болар», - деп суылдаған бір үрей етегінен кері тартқандай болды. Балақаз сәл кідірістеп қалды.

Ана бір жылы кешкі қой кезінде арлан бөрінің сай ішінде ақ лақты жұлмалап жатқаны көз алдына елестеп кетті. Бабында тұрған балғын дене бір ысып, бір суыды. Дәл қазір темірдің екі басы бірдей ыстық. Арын ойласа жат қолында намысы кетіп барады.» 

Ақыры неде болса ауыл-аймағының намысы үшін атқа қонған өжет Балақаз ару ерттеулі тұрған ақбоз атқа қарғып мініп, қамшыдан өзге қару жоқ, жылқының соңынан құйғыта жөнеледі. Соңынан аттанған ешкім болмады. «Төрт қара көз түгел тұрғанда қорасындағы малын жау айдайды. Ешкім бас көтере алмайды. Жазған-ау бұл елдің ер азаматына не болып барады. Тістегеннің тісінде, ұстағанның қолында кеткен деген осы да. Бейуаз едім дегенге без бүйректер қарата ма?» - деп таңданып, намыс жоқтап сойыл ұстап соңынан қуар жан шықпағанына таң-тамаша болып келе жатқан жортуылшы ауылдан құйғыта шыққан жалғыз қараны көргенде бір серпіліп қалғандай болады. 

Алайда қуалай жеткен ақбоз атты жортуылшының жанынан зулай шапқан қалпы алдағы шатқалға қарай кете барады. Аң-таң болған ұры тар шатқалдың аузында аттан түсіп тас үстінде отырған жас жігітті көреді. «Мынау бұғанасы әлі қата қоймаған бала ғой, тәйірі. Осы бір аңқау балалығына болайын. Әйтпегенде, жауын қуған адам мен мұндамын деп ашықтан-ашық әрекетсіз отыра ма екен?» Осындай ой орала бергенде батыр жанары тағы бір күтпеген көрініске тап болды. Ол – қыздың әлгінде ғана иығынан бері асырып әдейі алдына түсіріп жіберген қос бұрымы еді. Палуанның жүрегі тағы бір рет бүлк етті. «Апыр-ау мынау көз алдында қалай ғана құбылады, ә. Адам ба әлде жын, пері бірдеме ме».

Осылайша батылдықпен жолына кесе-көлденең тұрған қыздың ішкі есебі ұрының намысына тиетін сөз айтып, райынан қайтару еді:

- Сізді сыртыңыздан сан рет естіген палуан аға шығар деп топшылап тұрмын. Қаршадай басымен қарсы дауға көшкені несі деп айыпқа бұйыра көрмеңіз. Ауылымыздың атқа мінер еркегі түз жұмысына кетіп, кілең әйелдер тобы қалған шақта басымшылық көрсеткеніңізге жол болсын!

Мәрт мінезді адамның морт сынатын әдеті бар қашаннан. Мына сөзден де қатты тиген қайың шоқпардың соққысы оңай еді ғой. Палуанның бетін алмас қылыштың жүзі тіліп өткендей болды.» Осыдан кейін тағы бір шарт қоя отырып, палуанды ар сотына тартқан қыз жылқысын айырып алып қайтады. Қаламгердің аңыз бен ақиқат астасқан әңгімелері мен новеллалары оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Кеңес Ілиясұлының поэзиялық туындылары жанрлық және тақырыптық жағынан сан алуан. Әсіресе, ел өміріндегі елеулі оқиғалар мен есті аңыздарға, күй тарихына құрылған жырларының орны ерекше.

Ел аузы аңызында аты қалып, 

Жүз жылдың жүзін көріп «Батыр арық». 

О, адамдар астамшылық жасама деп, 

Бір сырды өмір бойы жатыр айтып. 

Бұл шумақ – Кеңес ақынның ғибратты, мазмұнды «Батыр арық» поэмасының түйіні. Ол заманда социалистік құрылыс майталмандарының жасампаз еңбегін мадақтау – журналист қауымының жоспарлы борышы іспетті болған заманнан Кеңес Ілиясұлының да айналып өтпегені анық. Мұнда да ақынның тиімді жолды таңдағанын көреміз. Ол жол – очерк-дастан. 

Қай маусымда сай менің әзірлігім,

Солай болу керек қой қазіргі ұғым. 

Өтіндің сен, айттым мен өмірімді, 

Өзің білгің ал енді жазуды інім. 

Озат шопан Орынбай ақсақал мен журналистің ортасындағы сұхбат осылай өріс алады. Өз тұсында очерк-дастан жазған бірден-бір ақын деуден аулақпыз, дегенмен бұл тәсіл – газет оқырманы үшін қызықты болғаны сөзсіз.

Кеңес ақын қазақтың қасиетті қара домбырасынан сан түрлі әуен сазымен жүрек қылын тербей төгілген күй атты құдіретке қатысты шыққан аңыздарға цикльді өлең арнайды. Солардың бірі – «Бердібайдың «Зар заманы.» Алтай-Қобданың сан салалы күй аңыздарының бірі – белгілі күйші Матайұлы Бердібайға қатысты болып келеді. Халықты зар жылатып тонауға шыққан жат ұлттың өкілі Бердібайдың маңдайға басқан жалғыз атын зар жылатып алып кетпек болғанда, бебеулей жылаған қалақша қара домбырасының үніне еріксіз елітіп, күйшінің атын өзіне қияды:

Қос ішектің бебеулеген мұңлы үні, 

Қарақшылар құлай тыңдап тұр мұны. 

Қолдарынан қалай сусып түскенін, 

Білмей қалған көк шолақтың шылбыры, - 

деп суреттейді ақын, осы бір халді. Ақынның «Ақсақ киік», «Жалғыз қаз», т.б. күйлердің тарихынан хабардар адам өлеңдерін оқығанда аңызбен астасқан әуенді бұрынғыдан да жан жүрегімен қабылдай, сезіне түседі. 

Аяғымда байлаулы жанарым да, 

Қас қыранның сиқына қара мына. 

Қарлы қыстай қатыгез адамдардың, 

Тұтқыны боп мәңгілік қаламын ба?

Жарақаты себепті жылы жаққа ұша алмай қатарынан ажырап, қатал қыстың құрсауында қалған жалғыз қаздың сұңқылды мұңын ақын осылай береді. Күй тіліндегі мұң мен зарды толғаған ақынға өз әулетінің, ел-жұртының басына түскен өкінішті қазаның жоқтау жырын жазуды да тағдыры жазған екен. Себебі, 

Ояң әулеті аталған Оралбай ұрпақтарынан шыққан аяулы азамат, талантымен, басқарушылық қабілетімен елге танылған қайраткер тұлға, лирик ақын Мұрат Пұшатайұлы қырық бес жасында дүниеден озады. Ізбасар інісінің, қаламдас бауырының қазасы ақынға қатты батады.

Беу ажал-ай, аяусыз, дінің қатты, 

Жүрегімді сұмдығың суылдатты.

Аязындай қаңтардың қақап тұрған,

Денемді де суығың шымырлатты, - 

дейді ақын, мынау баянсыз ғұмырдың жалғандығын сезінткен інісінің қазасына қабырғасы қайысқанда:

Аяулы бауырым Мұратым, 

Еркелеп келіп тұратын. 

Шаршаған шақта дем берген, 

Құрыштан құйған қуатым.

Теңіздей терең ақылды ең, 

Асылы ойдың тұнатын.

Өзіңдей жақсы әулеттен,

Әуелде біреу туатын. 

Мезгілі болған жоқ еді,

Шыңдағы шынар сынатын. 

Ойғырдан аққан бұлақтың, 

Сыңғыры мәңгі тынатын. 

Елінің елеулі ері Мұраттай арысын ағайын-туыс қана емес, ел-жұрты жоқтады. Жоқтады да сабыр айтып тоқтау тіледі. Ақын да бұған шүкіршілік етіп, былай деп толғанып тоқталады:

Жабырқау тартқан көңілді, 

Жақсы бір сөзбен жебедің. 

Мейірім дейтін бесікке, 

Мерейлі сөзбен бөледің. 

Қайырымды халқым сен барда, 

Жетімдік болмас қалғанға, 

Осыған халқым сенемін. 

Шетте жүрген миллиондаған қара көздердің туған жерден Атажұртқа қанат қағардағы қоштасу жырындай болған «Ел көшкенде» атты тағдыр толғаулы жырды жазған – Кеңес ақынның інісі Мұрат Пұшатайұлы еді. Тағы бір талантты тұлға, дарынды композитор Бержан Файзоллаұлы бұл өлеңге ән жазды. 

Керей, уақ, найманым, 

Бұзылмаған қаймағың. 

Кімге тастап барасың,

Баян-Өлгий аймағын…

Осы бір сағыныш пен үміт, қимастық пен сыйластық астасқан жыр жолдары мұң мен сыр тұнған әсерлі әуенмен астасқан әнді Алтайдың күншығыс арғы бетінде мекендеген қалың елдің үдере көшкені де, қара орында қалғаны да отыз жылдан астам уақыт бойы үзілдіре шырқалып келеді. Болашаққа деген үкілі үміттің отын маздатқан өлмес туынды. 

1991 жылы алаш ұрпағы ата-бабасының сан ғасырлық арманы азаттыққа қол жеткізді. Қазақстан атты жас мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарына өтіп, азаттығын әлемге әйгіледі. Тарихтың сан түрлі толқынымен шекара сызығының ар жағында қалған миллиондаған қазақ та түп қазық Отанының азаттығына жүрегі жарыла қуанып, көш бұйдасын созды:

Дін мен тіл, салт-санасы бөлек елге, 

Сіңісіп кете ме деп келе-келе. 

Ұлтына қостым әкеп ұрпағымды, 

Ағайын артта қалған сөге көрме, - 

деп Кеңес ақын жырлағанындай, күншығыс шекараның ар жағындағы мың-мыңдаған қазақ ұрпақ қамымен Атажұртқа қоныс аударып келіп орналасты. 

Айдын көл ағынды өзен тау мен тасым, 

Қалдырып сенде көздің тамған жасын. 

Аман бол, кешір мені, кеттім ұзап,

Тәуелсіз Қазақ елі бар болғасын. 

Туған ел мен жерді қиып тастап кету – естияр жанның қай-қайсысына да оңай болған жоқ. Ата-бабасының сүйегі жатқан қара мекенімен, аппақ самаладай Бес Тәңірімен осылай қош-қош айтысқан Кеңес ақын «Алатауға» деген өлеңінде былай деп жырлайды:

Жарасар тәкәппарлық саған ғана,

Панасың жақсыға да, жаманға да.

«Қалдырсаң Бес Тәңірді көк тіреген,

Мен бармын, - дегендейсің, - алаңдама.»

«Ата қонысты қиып тастап келгенімде, Алатау маңғазым – сен ендігі панам бол, сен мені жатсынба, мен де сені жатырқаман, кірігіп, бірігіп ел болу үшін келіп тұмын ғой», - дейді, ақын көңіл ақтарыла.

Балапанын ерткен атақаздай қиқулатып Алтайдан Алатау-Арқаға, аңсарлы Атажұртына жеткен ақынның жаңа тынысы ашылғандай еді. Ақын қаламынан ел өмірінің күңгейі де, көлеңкесі де тасада қалмақ емес.

Ар-намыс болмас сірә, жануарда, 

Сақтайды сатқындықтан арың ғана.

Ұлтының құндылығын құрметтемес, 

Ұл-қыздың жоғы жақсы барынан да. 

Арғы беттен ұрпағым ана тілінің уызына жарып жүрсін деп Атажұртқа жеткен ақын мұндағы күрмеуі шешілмеген тіл мен ділдің күрделі халіне алаңдайды, азаматтық үнін арнайды:

Бағыт алған басқаша сана-салтым, 

Азайды ұрпақ – ұлтымен санасатын. 

Біреуге жан, біреуге мансап қайғы, 

Осы жолда бәрі де алашапқын. 

Иә, бұл да болса кешегі, бүгінгі өмірдің ащы шындығы. «Көш жүрсе түзелер» деп, ертеңгі таңның сәулесінен үміт күткен халықпыз. Кереге керіп шаңырақ көтеріп, еңсесін жаңа ғана тіктеген, жерінің асты-үсті орасан байлыққа толы жас мемлекет үшін аяққа нық тұрып толысқанша ең бастысы – жау-жардан, қауіп-қатерден аулақ алға баса бергені абзал болмақ. Ақынның түйінді ойы да осы:

Ортаймас байлық, бағы бар Отаным,

Сөнбейтін осы сөзден от аламын. 

Аман бол, көз алартқан қас дұшпаннан, 

Атырау, Арқа, Алтай, Алатауым!

Бұл түйінді ойдың маңызы қазіргі айналадағы қым-қуыт саяси ойындар, қантөгіс-қақтығыстар, арбасу-ырғасулар заманында тіпті де арта түскендей. Алаштың азаттығына қылау түспей, алтын күн астындағы қыран бейнелі көк туының тәуелсіз Қазақстанның көк аспанында мәңгілік желбіреуі – ақын жүрегінің аялаған арманы болғаны анық. Мұны ақынның өлеңдерінен анық аңғарамыз.

Ақын, жазушы, журналист Кеңес Ілиясұлының шығармашылығы туралы аз-кем тоқталғанда осындай болды. «Мол сабаның қорындай» дейтіндей, қазанынан қаспақ, қаламынан сия арылмаған текті әулеттен Кеңес ақын, Мұрат ақындардың жолын жалғар есті ұрпақтар бүгінгі күні баршылық, ертеңгі күні де жалғасын табатынына сеніміміз зор. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар