Мәтін талдаудың филологиялық негізі
Бөлісу:
2024 жылы 20 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультетінде «Педагогикалық шеберлік мектебі» ұйымдастырған АР 19679524 «Қазіргі қазақ прозасындағы қалалық балалар типологиясы және ұлттық ментальдік (ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиеті шығармаларын салыстыру)» ғылыми жоба аясында «ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ: МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІ МЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты мектеп мұғалімдерімен біріккен практикалық семинар нәтижесінде қазақ әдебиеті пәнін мектепте оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынған мақала.
Мәтін талдаудың филологиялық негізі
Қазіргі кезде әдебиет пәнінде мәтін талдау түрлері жан жақты кеңейді. Көркем шығарманы жанрлық, тілдік-стильдік, сюжеттік-композициялық, көркемдік тұрғыдан әдеби талдау жеткіліксіз. Мәтінді талдаған кезде тек қана оқиға желісін немесе кейіпкерлердің тағдыры мен олардың арасындағы қақтығысты әдеби талдау тұрғысынан ғана емес, психологиялық, эстетикалық, мәдени-әлеуметтік, философиялық тұрғыдан гуманитарлық ғылымдар тоғысында зерттеу өзекті болып отыр.
Білім-ғылым кеңістігін ұлғайту гуманитарлық саланың басымдығын айқындайтын ақпараттық жүйе жасауға; адамның қоғамға бейімделу процесіне ықпал жасайтын құралдар дайындауға; пәнаралық интеграцияны, жаңа технологиялық ұстанымдарды, халықаралық, ғаламдық, коммуникациялық желілерді мақсатты пайдалануға; көркем мәтіннің рухани, идеялық-эстетикалық сипатын тереңдетуге; әдебиеттану ғылымының салааралық ықпалын кеңейтуге ықпал етеді.
Мәтін ұғымының мәні, тарихы ғасыр өткен сайын толығып отырады. Мәтін мазмұнының көп қырлы сипаты бар. Оқырман туындыны оқи бастағанда оның алғашқы мәнін түсініп, алғашқы эстетикалық сипатын қабылдайды. Ал, терең түсіне бастағанда бір мәтіннің болмысынан көптеген ой, талдау, көзқарастар туындап жатады. Мәтіннің мәнін анықтағанда оның ішкі мазмұны мен құрылымының басым қасиетке ие екені анықталады. Мәтін аясында айтылған сөздің құрылымдық және интонациялық жағынан сатылай берілуі ойдың да жүйесін көрсетеді. Сонда мәтін дегеніміз - тұтас бір жүйеге бағындырылған, реттелген құрылым.
Мәтін барлық ғылым саласында бар, сондықтан мәтіннің сипаты, құрылымы әр тарапты. Мәтін – тек қарым-қатынас жасаудың қатардағы пішіні ғана емес, мұнда сөздің барлық қырлары – тіке, жасырын, көркем, ишара, ауыстыру, символдау, монолог, диалог тәсілдерінің баршасы ашылады. Сондықтан да мәтінде сөздің тікелей мағынасы ғана емес, астарлы, белгі-сипаттары қоса қамтылады. Мұнда ақпараттың жаңа, тарихи, көркем, бейнелі, жалпы, дербес түрлері жинақталады. Бұл ретте, мәтін - мәдениетті, сөзді сақтаудың, сол арқылы белгілі бір тарихи дәуір бейнесін, әлеуметтік жағдайды, адам сезім-күйі мен психологиясын жеткізудің ерекше құралы. Мәтінге берілген философиялық, лингвистикалық, әдебиеттанушылық анықтамалардың барлығы мынадай сипаттарды айқындайды: 1) мәтін – жазба түрдегі сөздердің жиынтығы, хабарлама; 2) мәтін - мазмұндық және құрылымдық жағынан аяқталған ұғым; 3) мәтінде автордың көзқарасы, ұстанымы беріледі.
Мәтін талдауы – XXI ғасырдағы филологияның әлемдік ғылымдағы жетекші саласына айналды. Мәтінді көпсатылы, деңгейлі талдау арқылы оның белгілі бір семантикалық және эстетикалық мәні ашылады. Мәтін қабылдап, талданатын құрылым болғандықтан оған белгілі бір дәуірдің, ортаның ықпалы мол болады. Әдеби туындының тұтас әрі күрделі эстетикалық құрылым екендігі әр кезде айтылып келді. Мәселен, Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (58 тармақ) өлеңінің мәтіні аңшылық туралы қазақтың дүниетанамын, аң аулау кезіндегі аңшылардың әдіс-тәсілін, түз тағыларының өзара қақтығысу ерекшелігін, аңшылардың қадыр-қасиетін тұтас қамтиды. Атап айтқанда:
1. Халқымыздың ерекше салтын және аңшының киім үлгісін танытады: «жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет, ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға»;
2. Аңшылықты дәріптейді: «бүркітші тау басында, қағушы ойда, томағасын тартқанда бір қырымнан, қыран құс көзі көріп самғағанда»;
3. Түз тағыларының айқасын бейнелейді: «жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасқанда, жеке батыр шыққандай қан майданға»;
4. Аңшылықтың сыйлы өнер екенін айқындайды: «үйірімен үш тоғыз» деп жасы үлкені»;
5. Өнеге екендігі: «көкірегі сезімді, көңілі ойлыға, бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда»;
6. Аңшылық өнерді қадір тұтқан адам ғана тәуекел ететіні «мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, біле алмассың, құс салып дәм татпаса».
Демек, Абай осы өлеңде аңшылық өнердің қыры мен сырын, аңшының ел алдындағы беделін, тұтас бейнелейді. Яғни Абай тек аң аулауды ғана емес, оның өнер, кәсіп, дәстүр түріндегі өнегесін толық ашады. Сол сияқты Абайдың «Аттың сыны» өлеңінде:
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ, - деп басталатын шумақта бір қарағанда аттың сипаты ғана бар сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ осы бір шумақта оқушылар қазақтың дүниетанымындағы көптеген ұғым-түсінікпен танысады. Атап айтқанда
- Құрал немесе қару-жарақтың түрі: шоқпар,
- Шөптің бір түрі: қамыс,
- Жануарлар: қой, қоян, бөкен атаулары кездеседі.
Одан кейінгі шумақтарда да теке, бүркіт, тақтай, шақпақ, шідер, бота сөздері бар. Абай өлеңінде жылқының бейнесін суреттеп, нағыз шапса жүйрік, мінсе жуас, бөкен желісті атты сипаттап, дәріптейді. Осындай ат міну – дала адамының арманы. Сонда ақын аттың сынын халқымыздың күнделікті тұрмысындағы құралдарды, түз хайуанаттары түрлерін тізбектей беріп, айқындай түседі. Сол арқылы мәтіннің идеясын өзге ақпараттар арқылы кеңейтіп, оқушылардың ой-танымын кеңейтуге болады.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (14 тармақ) өлеңінде Абай үш түйінді ойды жеткізеді. Олар:
- Ақынның өкініші: «жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім»;
- Балаларын оқуға беруі: «баламды медресеге біл деп бердім, шен алсын, шекпен кисін деп бермедім»;
- Өзі туралы: «өзім де басқа шауып, төске өрледім, қазақта қара сөзге дес бермедім». Абайдың ойлары оның мақсатын айқындайды: ол – әрекет, іздену, үлгі болу.
«Баяу оқу» терминін өткен дәуірдің басында әдебиет сыншысы М.Гершензон (1869-1925) енгізген. «Баяу оқу» арқылы «сөздің ар жағынан қаламгерді көресіз», оқырман «баяу оқу арқылы дәм, түр-түс, сезімталдық пен елестетудің күрделі динамикасын» сезе алады. «Баяу оқу» қазіргі мағынасында көркем мәтінге енудің бір әдісі. Осы оқу түрі арқылы қайтымды оқу, яғни мәтінді бірнеше мәрте қайталап оқу жүзеге асады. Мұны тағы да Абай өлеңдері арқылы дәлелдеуге болады.
Өз заманының жаңалық жаршысы болған Абай қазақ қоғамына еніп жатқан әрбір өзгерісті бұқараға ыждаһатпен ұғындырды. Әсіресе оқу-білім, ғылым мәселесінде адамның қандай болу керектігін нақты түсіндіріп берді.
Біріншіден арға жүгіне отырып, білім-ғылымға терең ден қойып, барынша шын көңілмен, пейілмен оқуды ескертеді: «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта».
Екіншіден, оқып, білім алғаннан кейінгі кезеңде: «Военный қызмет іздеме, оқалы киім киюге. Қызмет қылма оязға» -деп атақ-даңққа әуес болмауды ескертеді.
Одан кейін үшінші ой – әрі қарай не істеу керектігін ғибраттау: «Алыс та болса іздеп тап, кореннойға кіруге», «Адал тұрып, адал жүр», «Өз бетіңмен тәуекел, занимайся прямотой», «Жеңіл көрме, бек керек». Абай ойларының анық-қанықтығы адамның жақсы-жаманды айырып, естілікпен әрекет етуге шақыруымен ұласады. Мысалы, бес дұшпанды - өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекерге мал шашпақ деп анық тізіп көрсетсе, – ондай болмақ қайда деп, ақсақал айтты, бай айтты, кім болса мейлі сол айтты, көп орында көріне сөйлеу, көптің сөзі пұл, жақынның сөзі тәтті, надан айтқан түпсіз сөзге еру, өзің үшін үйрену, біреу білмей, сен білсең, білгеніңнің бәрі тұл, кісіге қарап сөз алма, тез үйреніп, тез жойма деген адамға ой салатын әрекеттермен тереңдетеді. Бұл ойшылдың «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп, іздемекке керек», - деген отыз екінші сөзіндегі ғибратпен нақтылана түседі. Бұдан Абайдың өнер мен білім, ғылым деген дүниелерді қазақ сахарасы үшін жаңа әрі ұғымды жолдармен түсіндірген хакімдік болмысы танылады. Абай «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай, құр үйінде жататын» әрекетсіздікке жан қас. Сондықтан да ақынның әрекеті - «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілу».
Абай сөз қуаты арқылы бүкіл қоғамға, заманға қатысты ойларын толық жеткізеді. Яғни, ой, толғаныс, қарсылық, ыза, кек, әжуа, күрес, қарама-қайшылық, ақыл, өсиет, қорытынды – осының бәрін Абай сөз құдіреті арқылы ашады. Өзінің негізгі ойын тарата беріп, бір мезгілде жинақтап, қорытындылап та отырады.
Мәтін – автор мен қабылдаушының арасын жалғастырушы ғана емес, сонымен бірге екі жақтың ой-пікірінің, сана-сезімінің тоғысатын, араласатын нысаны. Мәтіннің диалогтік қасиеті қабылдау процесіне ұласқанда, жетіле, кеңейе, дами келе көпүнділікке (полилогқа) айналады. Мысалы, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі қарт ананың бейнесін (сөзін) үш түрлі сипатта ашуға болады.
- Қарт ананың монологі: қарт ананың Ақан мен Қалтайға қарата айтылған сөзі өзінің отбасының қайғысын жеткізеді;
- Қарт ананың диалогі: ауыр езгі мен әділетсіздікке қарсы ананың айтқан айыптау сөзі сол қоғаммен ашық тілдесуі, жауаптасуы;
- Қарт ананың полилогі: ананың сөзі барлық езілген, жәбірленген, қорғансыз адамдардың атынан айтылады.
Абай ең алдымен Сөз құндылығын жоғары деңгейге көтерді. Ал, сөз арқылы адам баласы бір-бірімен түсінісіп, қарым-қатынас жасайтын болғандықтан адамның білімі, ақылы, мінезі – бәрі сөз арқылы танылатындығын жеткізді. Сондықтан да Абай әр сөздің қасиетін, деңгейін үнемі бағамдап, тыңдаушысына мөлшерлеп, сатылап ұсынып отырған. Абайдың ой-өрісі мен интеллектісі тек бір ұлттың айналасында ғана шоғырланбаған. Ақын елінің басындағы әлеуметтік жағдайларды бақылай отырып, тұтас адамзаттың бостандығы, еркіндігі, болашағы туралы толғанады. Абайдың мұрасы – жаһандық деңгейдегі құндылық.
Мәтін – автор үшін ой-сезімді жеткізу формасы да, тыңдаушы үшін танымдық және тәрбиелік, эстетикалық маңызы бар нысан. Көркем мәтін – күрделі жүйе. Көркем әдебиет - адам баласының ойлау, қабылдау, елестету, қиялдау ұғымдары арқылы көрініс табатын өнер. Әдебиет – сөз өнері болса, сөз – өмірді танудың әмбебап құралы. Ендеше көркем шығарма болмысты, ұлттың рухани-мәдени сипатын неғұрлым кең әрі жан-жақты, тұтас танытады.
Қ.М.Байтанасова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры
филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: