Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқас тәсілдері

Бөлісу:

20.05.2024 3127

Шұбыртпалы ұйқас, ерікті ұйқас, кезекті ұйқас, шалыс ұйқас, егіз ұйқас, аралас ұйқас,  ішкі ұйқас, аяққы ұйқас, ендірме ұйқас, пернелі ұйқас, термелі ұйқас, толық ұйқас,  толымсыз ұйқас, желілі ұйқас, қосар ұйқас, қара өлең ұйқас, айқас ұйқас, орама ұйқас, кетік ұйқас, ендірме ұйқас, үзбелі ұйқас, сегіз аяқ ұйқас, қайталау ұйқас, қаусырмалы ұйқас жайында не білесіз? Біз  көлемді бұл мақаламызда қазіргі қазақ поэзиясында аттарын анықтап қалған замандас бес ақынның өлеңдеріне ғана арнайы аялдап өтпекпіз. Бұл жерде басты мәселе өлеңнің көркемдігі мен поэтикалық қуаты  емес, тек тақырыбымызға тұздық ретінде  ғана өлеңдерін  мысалға алып отырмыз.  Қалай десек те қазақ поэзиясындағы өлең өрнегінің негізгі сипаты ұйқас арқылы көрінеді. Қазіргі поэзияда дәстүрден тыс ізденістер жасалып жатқанымен, ешкім де қазақ поэзиясындағы қалыптасқан  бұрнағы ұйқас тәсілдерінен үзілді-кесілді бас тарта алмайды. Біз бұл мақаламызда ұйқасты өлең өлшеміндегі негізгі көрсеткіш ретінде қарастырамыз.  Неге десеңіз, ұйқастың метрикалық, яғни өлшемдік функциясы қай кезде де маңызға ие. Ұйқас өлең тармағының ең соңын айқындайды, сондай-ақ өлеңнің шумақтық құрылымын ұйымдастырушы бірден-бір компонент.

Қазақ әдебиеті теориясында ұйқас табиғаты туралы ой-пікірлерді Қ.Жұмалиев, З. Қабдолов, З. Ахметов, М.Дүйсенов, С.Негимов, т.б. ғалымдар еңбектерінен кездестіреміз. Ғалым Қ. Жұмалиев: «Сөз аяқтарының бірдей, не бірдейге жақын естілушілігін өлең ұйқасы (рифма) деп атайды», –  деп анықтама беріп, ұйқасатын сөздердің бастары түгелге жуық үндессе, толық ұйқас, олай болмаса, толымсыз ұйқас болатынын атап өтеді. Ғалым З. Қабдолов: «ұйқас, яки рифма – клаузуладағы, кейде тіпті цезурадағы дыбыс қайталаулар, дәлірек айтқанда өлең тармақтарындағы сөз аяқтарының үндестігі, өзара ұйқас, дыбыстас естілуі» десе, әдебиеттанушы ғалым С.Негимовтың ұйқасқа берген анықтамасы мынадай: «Ұйқас дегеніміз тармақ соңындағы бір тектес немесе үндес дауысты және дауыссыз дыбыстардың қайталануынан жасалынады. Бұл – қыры мен сыры мол, жаратылысы мен құрлысы қызық поэтикалық тәсіл». Ұйқасушы сөздің тармақ соңында орналасуына қарай ұйқасты төмендегідей жүйелеу қалыптасқан: 1) қара өлең ұйқасы, 2) шұбыртпалы ұйқас, 3) ерікті ұйқас, 4) кезекті ұйқас, 5) шалыс ұйқас, 6) егіз ұйқас, 7) аралас келетін ұйқас , 8) осы күнгі ерікті ұйқастар. Бұлайша жіктеу көбінесе академик Қ. Жұмалиевтің зерттеулеріне негізделген. Ұйқастарды дыбыстық құрамының үндесуіне (толымды, толымсыз), құрылысына (күрделі, жай), буын санына (бір буынды, екі буынды, үш буынды...) қарай жіктеу де орын алған. Сондай-ақ қазақ өлеңінің құрылысын зерттеуші ғалымдар ұйқасты басқы ұйқас, ішкі ұйқас, аяққы ұйқас деп те жүйелейді. 

Қарап отырсақ, ұйқастың түрі көп. Бұл орайда, соңғы уақыттағы зерттеушілер ішінен Ғазиз Райыстың ұйқас туралы тұжырымдарын атай кеткен орынды. Әдебиеттанушы ғалым қазақ өлеңінің ұйқасын даму тарихына қарай байырғы ұйқастар және ендірме ұйқастар деп ажыратады. Байырғы ұйқастарға шешендік ұйқастар (пернелі ұйқас, термелі ұйқас) мен жыраулар ұйқасын (желілі ұйқас, қосар ұйқас, шұбыртпалы ұйқас, қара өлең ұйқасы, егіз ұйқас) жатқызады. Ал қазақ ақын, жырауларының басқа ұлттармен саяси, мәдени, экономикалық бірлігі арқылы ауысқан ұйқастарды ендірме ұйқастар дейді. Бұған Абайдан бастап қазіргі заман ақындары да қолданып жүрген  шалыс ұйқасты, кезекті ұйқасты, ерікті ұйқасты, аралас ұйқасты, үзбелі ұйқасты, сегіз аяқ ұйқасын, қайталау ұйқасын, қаусырмалы ұйқасты, тағы басқасын топтастырады. 

Ұйқас түрлерінің пайда болуы және оларға ат беру – әдеби процестің жемісі. Поэзияда жасалған азды-көпті өзгерістер, ізденістер өз бағасын алып, жаңалық танылуға тиіс. Қазақ өлеңтану ғылымында ұйқасқа ат беру әлі де толастамаған процесс қатарында. Айталық, ғалым Зәки Ахметов кезекті ұйқасты айқас ұйқас, қаусырма ұйқасты орама ұйқас деп атағаны белгілі. Бұл тұрғыда Т.Шапай, С.Елікбаев, Б.Қабош ғылыми зерттеулерін атап өтуге болады. Т.Шапай қазақ өлеңінде кетік ұйқас бар екенін ақындар шығармашылығынан мысалдар келтіре отырып дәлелдесе, Б.Қабош әдебиеттанушының осы пікірін қуаттап, кетік ұйқас деген атауды терминдік атауға айналдыруды ұсынады. Бүгінгі қазақ поэзиясындағы ұйқас өлеңдегі буын санына орай түрленіп, ұйқас арқылы да өлеңде жаңа үлгі жасаудың мүмкіндіктерін көрсетіп берді. «Ұйқас – тілдің табиғатымен, өлеңнің айтылу ерекшеліктерімен және әдеби дәстүрмен байланысты тарихи, өзгермелі, органикалық құбылыс». Сондықтан әдеби үдеріс дамып, өлеңдегі жаңашылдықтың дәстүрге біте қайнасқаны ұйқас табиғатынан да көрініс тауып жатады. Қазіргі ақындар ұйқастарды әр түрлі грамматикалық құрылыммен ұйқастырып, ұйқастың күрделі  түрін жасауға тырысады. Бұл күнгі өлеңдерден тек бірыңғай құрылымнан тұратын ұйқастарды сирек кездестіреміз. Осының бәрі қазіргі қазақ өлеңіндегі ұйқастың жан-жақты жетіліп келе жатқанының дәлелі. Қазіргі қазақ поэзиясында дәстүрлі ұйқастар түрлі сабақтастық тауып дамып келеді. Бұрыннан бар ұйқастар қазір  де жалғасын тауып, поэтикалық мазмұнның жетілуіне орай жетіліп, құрамы күрделене түсті. Ұйқас тек ұйқас қызметін, яғни формалық тұрғыда ғана қызмет атқармауы керек, мазмұнмен үндесіп жатуға тиіс. Соңғы кезде ақындардың өлеңде формалық ізденістерге баруы, өлең ұйқасын барынша  жетілдіруі осы үддеден шыққаны абзал. Ұйқастың мазмұнмен тығыз байланысы жайында әдебиеттанушы  3. Қабдолов былайша пікір айтады: «Ұйқас — өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе. Яғни өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін ғана емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай кажет нәрсе». Осы меңзелдес пікірді әдебиеттанушы Т. Шапай да айтқан екен: «Бүгінгі көзқараспен қарағанда, ұйқасты «көбіне тармақ соңында келетін дыбыстық үйлесім» деп түсіну жеткіліксіз. Ұйқас – дыбыстық қана емес, мағыналық та үйлесім. Дыбыс келісімі, сөз айшығы ғана емес, ой сымбаты да. Сондықтан ұйқасқа өлең жасаудың ғана емес, ең алдымен, поэтикалық мазмұнды жаратудың құралы деп қарасақ керек. Формаға көзқарасты жаңарту дегеннің мәнісі осыдан да көрінеді» дейді.  Қазіргі таңда қазақ өлеңінің құрылысын зерттеп жүрген өлеңтанушы ғалымдарымыздың бірі  А.Үсен қазіргі поэзиядағы өлең ұйқастарының құрылымдық және дыбыстық сапасын қарастырып, дәстүрлі ұйқастар мен жаңа ұйқастарды жүйелеп берді. Ғалымның пікірінше, «Қазақ өлеңі өлең өлшемінің негізгі көрсеткішінің бірі – ұйқасқа әлі де берік байлаулы. Қазіргі поэзияда дәстүрлі ұйқастардың қолданылу ретіне қарай бүгінгі поэзиядағы өзгерістердің бағытын бағамдауға болады. Дәстүрлі ұйқастардың осы күнге дейін басымдық танытуы қазіргі қазақ өлеңің дәстүршілдігінен». Осы пікірді қуаттай отырып, қазіргі поэзиядағы дәстүрлі ұйқастардың қолданылу сипатын саралап көрдік.  Қазіргі поэзияда байырғы ұйқастардың бірі шұбыртпалы ұйқас сирек болса да кездеседі. Бұл ұйқас түрі  бір өлеңнің өн-бойында тұтас көрініс бермей, шумақ арасында кездесуі де мүмкін. Қазіргі поэзияда бұл ұйқас  жыр түріндегі жеті-сегіз буынды өлшемдерде ғана емес,  басқа да өлшемдерде қолданылып жүр. Осы ұйқасқа құрылған өлеңнің сәтті үлгілерін Ерлан Жүніс шығармашылығынан кездестірдік. Ақынның «Пылығырым» өлеңі бұған мысал бола алады.

Барады екем бетке алып құбыланы, 

Мұраттарым бар екен шұғылалы, 

Алуан дүние алдымда құбылады, 

Ал соңымнан ақ сағым шұбырады, 

Барады екем бетке алып құбыланы.

 Өлеңнің әр бес жолы ұйқасып келіп, шұбыртпалы ұйқаспен өрілген. Ұйқастың алғашқы жолы бесінші тармақта қайталанып отырады. Бұл қайталану екпіндеп келген ой ағысын тиянақтап тұрады. Осындай шұбыртпалы ұйқасқа құрылған шумақтарды ақынның бірнеше өлеңінен кездестіруге болады. Мынадай ұйқас қатарларын мысал ете аламыз: бақ ішінен – қағысымен – ағысымен – дауысымен; биік таудан – сүйіп барған – иықтардан – жиып қалған, тағы басқалары.     Шұбыртпалы ұйқаспен өрілген өлең жолдары ой оралымына қарай түйінделіп отырады, сондықтан тармақтардың санында белгілі бір шектеу болмайды. Ақын Ақберен Елгезектің «Мәлімдеме» өлеңінен келтірілген мына бір үзіндіні де шұбыртпалы ұйқас деп тануға болады.

Еш адамға ақтатпаңдар,

Еш адамға даттатпаңдар,

Еш адамға жоқтатпаңдар.

Өлеңімді жаттатпаңдар,

Тірі жанға мақтатпаңдар,

Кетіп барам, тоқтатпаңдар!

Сегіз буынды өлшеммен әрі шұбыртпалы ұйқаспен өрілген өлеңнің интонациясы жеңіл де ширақ. Өлеңнің басқы үш жолын анафораға құрылған тармақ ұйқас ретінде қарастыруға да болады. Қазіргі заман поэзиясында шұбыртпалы ұйқас аз қолданылады. Мұны бүгінгі поэзиядағы сыршыл сезім мен салмақты ойды өзек еткен өлеңдердің мазмұндық әрі интонациялық тұрғыдан шұбыртпалы ұйқас мәнеріне сай келе бермейтіндігімен түсіндіреміз. Қазіргі поэзияда белсенді қолданылып келе жатқан ұйқас түрі – қара өлең ұйқасы. Қазіргі ақындар да осы ұйқас арқылы жаңаша өлең өрнектерін жасап жүр. Сондықтан бүгінгі өлеңдерде де қара өлең ұйқасы басқа ұйқастарға қарағанда басым қолданыс тапқан. Қара өлең ұйқасы бүгінгі поэзияның даму ерекшелігіне орай түрленіп, жаңа заман үнінің эмоцианалдық-экспрессивтік  бояуын айшықтауға белсенді үлес қосып келеді. 

Менің нала-мұңымнан жаратылған 

дала – тұман... 

Түкпірінде тұманның періште жүр,

пейіш нұры тамшылап қанатынан... 

Ақберен Елгезектің «Тұман» өлеңінен алынған үзінді 11 буынды өлшемге 4, 6,7 буынды өлшердерді қара өлең ұйқасы арқылы сабақтастырған. Өзара ұйқасушы негіздер 4 буынды толымды ұйқас болып келеді: тағатымнан – сағатымнан – жаңа туған; қауыздардан – ауыздардан – бауыздалған; ауыр қандай – дауылдардай – ауыл бардай, тағы басқалары. Өлең өлшемдерінің ұзын-қысқалығына қарамастан, өлең мәнері сақталып, интонациясы қалпынан ауытқи қоймайды. Ақын Ерлан Жүністің төмендегі өлең шумағы 10 буынды өлең өлшемімен өріліп, қара өлең ұйқасының жаңа қалыпқа түскен үлгісіне мысал бола алады. 

Кездесуге тез жетпейтініміз,

Кешіктің ғой деп сөкпейтініміз,

Жаңбыр мен жасқа шыланған жүзді

Жұбатпақ болып өппейтініміз

Қандай жақсы!

Өлеңнің төрт жолындағы ұйқасушы сөздер есімше тұлғалы етістіктен жасалып,  ұйқастан тыс бесінші тармаққа, «Қандай жақсы» деген тіркеске бағынып тұр. Сондықтан төртінші жолдың соңында ой тиянақталмай, лирикалық кейіпкердің өкініші мен күрсінісі осы соңғы бесінші тармақта үздіге шығады.  

Көкжиекке қызыл күн құрық сала бергенде,

ескі үмітім оянар басын шұлғып кеудемде.

Қасат-қасат қар кешкен, ауыр-ауыр ой көшкен,

қасиетті қара өлең, мен де өзіңдей шерменде.

Ақын Ұмтыл Зарыққан өлеңдерінен алынған үзінді қара өлең ұйқасының тағы бір мысалы. Ақын он төрт буынды өлшемді осы ұйқаспен келісті кестелеген, сондықтан өлеңнің көпбуындылығы тіпті де сезілмейді, қайта мәнері ширақ. Өлең интонациясының осылай мәнерлі болуына аяққы ұйқастан тыс қалатын үшінші жолдың қос сөздердің дыбыс үндестігіне әрі өзара ішкі ұйқасқа құрылуы септесе түскен. Жазушы-журанист Жүсіпбек Қорғасбек жазғандай «арқа-жарқа болып ақтарылған ақын­ның шын бейнесін үшінші жол­дан табасыз. Үшінші жол ақынның аусар көңілімен де, аңсар еркіндігімен де ұштасып тұр. Әрине, мұндай ойлар мен сезімдер басқа жолдарда да айтыла береді. Бірақ ақынның алыс-жақыннан толғай келіп, тұйғынша түйілетін тұсы үшінші тармаққа тән»  деп осындайда айтылар.  Қара өлең ұйқасы – поэзияның тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік тұрғыда дамып, түрленуіне орай жаңарып, жаңғырып отыратын ұйқас түрі. Біз қазіргі қазақ поэзиясындағы қара өлең ұйқасымен жасалған ырғақтық-ұйқастық сабақтастықтардың бір парасына ғана шолу жасап өттік. Мұның өзі қара өлең ұйқасының бүгінгі өлеңдердегі жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазіргі қазақ поэзиясында  шалыс ұйқастың көп қолданыста екенін байқауға болады. Бұл ұйқас түрінің жаңа өлшемдерді түрлендіруге ыңғайлы екені, сол арқылы жасалған өлеңнің жаңаша ырғақтық-интонациялық құрылымдары Абайдан бері қарай көптеген ақындар шығармашылығы  арқылы бізге белгілі.  Біз шығармашылығын арқау еткен ақындарда шалыс ұйқастың жаңаша сабақтастықтары көп байқалмады. Негізінен қазақ поэзиясында шалыс ұйқастың бұрыннан бар, қалыптасқан үлгілерін молынан кездестірдік. 

Түн де, білем, түн емес-ті. 

Түн – лүпілі тамырдың. 

Өзім де енді шын емеспін – 

Ой көмілген қабірмін .

Ақберен Елгезектің өлеңінен келтірілген шумақ 8 және 7 буынды өлшемдердің шалыс ұйқас арқылы сабақтасуымен жасалған. Шалыс ұйқасқа құрылған өлең жолдарының өзгешелігі сол, сезім күйін емес, ой-қобыздың қылын шертеді. «Түн – лүпілі тамырдың» деген ой түйеді ақын. Тамырдың лүпілі – бұл жүректің соғуы. Өзінің түнгі азапты ойларынан дірдектеп, ақын жүрегінің тым жиі соғуы, бәлкім.  Шынында, өлең жолынан үрей қылаң береді. Сөйтеді де, өзін «Ой көмілген қабірмін» дейді. Осы автометафора ақынның жан әлемін тануда айрықша мән арқалап тұр.

Тереземнің арғы жағы – жетім жаңбыр, тілемсек.

Әйелдердің өкшесі...

Жапыраққа Күз жыр жазып жіберсе,

Жап-жарық боп кетсе есім! 

Ақынның «Күзгі қала. Жаңбырлы кеш» өлеңі 15-7-11-7 буынды өлшемдердің сабақтасуымен шалыс ұйқаспен өрілген. Тармақтардың соңғы ұйқасушы бунақтары үш буынды болып келіп, ұзынды-қысқалы тармақтар еркін үйлесім тапқан.

Қоздатар бәрін, боздайды дүние,

Бозүміт, бозой, бозарман,

Дәл мендей өлең жазбайды дүние,

Мен дүниедей жаза алман! 

Ақын Ерлан Жүністің «Боз» өлеңі шалыс ұйқасқа құрылған. Он және сегіз буынды өлшемдердің сабақтасуынан тұратын өлеңде шалыс ұйқас түрленуге түспеген. Өлеңнің «боздайды дүние – жазбайды дүние, жазықты болғам –нәзіктігі ардан» деген ұйқасушы негіздерінің толымдылығы бес-алты буыннан тұрады. Ақын өлеңдерінен дыбыс әуезділігінің әсері айқын сезіледі. 

Жетпеген бізге сірә, не?

Жылу мен жарық.

Көбелек мүлгіп тұр, әне,

Бүріскен гүлдің шығына сирағын малып…

Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңінен алынған бұл шумақ негізінен 8 және 5 буынды тармақтардың кезектесуі арқылы шалыс ұйқасқа құрылған. Дәстүрлі ырғақтық жүйеден айнымаған. Тек соңғы тармақта 8+5 буынды өлшемдерді сабақтастыра отырып, 13 буынды тармақ түзген. Бұл өзінше жаңаша ырғақтық үлгі боп шыққан. Шалыс ұйқас қазіргі қазақ поэзиясының мүмкіндігін барынша аша алатын жаңа өлшемдер тудыруға ыңғайлы ұйқас түрі. Сондықтан ол қазақ өлеңінің тақырыптық-мазмұндық, көркемдік әрі эмоционалдық-экспрессивтік ерекшелігін кеңінен таныта алады. Бүгінгі ақындардың өлеңдерінен кезектес ұйқасты сирек байқадық. Оның көпшілігі шалыс ұйқасқа құрылған шумақтар арасында оқта-текте кездесіп қалатыны болмаса, тұтас кезектес ұйқаспен өрілген өлеңдер некен-саяқ. Бұл осы ұйқастың қазіргі поэзияның эмоционалдық байлығын ашып көрсете алмауынан болса керек. 

Алақаныма қараймын,
өткен күн қайырылып келердей...
Шыным, түсін, ұғын,
мас болдым өмірге өлердей.

Ақын Бауыржан Қарағызұлының өлеңінен алынған осы шумақ 8-9-6-9 буынды өлшемдердің сабақтастығына құрылған. Өлеңнің ұйқастан тыс тармақтарындағы интонация кілт үзілгендей болады да,  өзара ұйқасатын жолдарда ырғақ үйлесім тауып отырады.  Үш өлшемді кезекті ұйқаспен сабақтастыру өлең ырғағына жеңілдік туғызбағанымен, өлең интонациясына шамалы өзгеріс береді. 

Бошалап кеткен інгендей,

боздауық менің бұлттарым.

Қып-қызыл іңір бейуақта,

ботаңды көрдім жұтқанын .

Ақын Ұмтыл Зарыққанұлы өлеңінің лықсып келіп отыратын қуатты ырғағы, өлең экспрессиясын күшейтіп тұрған дыбыстық қайталаулар, кезектес ұйқаспен өрілуі, әрине, қазіргі поэзияда бұрыннан бар тәсілдер. Десе де бұл өлеңді өлең етіп тұрған оның образдылығы десек болады. «Бошалап кеткен інгендей боздауық бұлт», «зілдей қара түн»  теңеумен, эпитетпен өрілген тіркестерінің мағыналық салмағы ауыр екенін аңғармауға болмайды. Ботасын жұтқан інген мен кеудеге қонған қара түнді пейзаждық аяда қарастырғанымыз болар ма екен. Ақынның айтпақ тұспалын ішің сезеді, сезеді де көкірегің шымырлағандай болады. Қазіргі поэзияда кеңінен пайдаланылып жүрген ұйқастың бірі – егіз ұйқас.  Осы ұйқаспен ақындар көп буынды, күрделі өлшемді өлеңдерді де, қысқа тармақты өлеңдерді де шебер қиюластырып жүр. Бұл ұйқас келісті ырғақтық-интонациялық жүйе жасауға ыңғайлы. 

Тобырларды мендегі толғандырмас құса түк,

Есіне алмас ешкім де қырық шырақ тұтатып.

Көз алдымда мың елес билер қазір – (түнгі би),

Қобызымды қолыма ап тартам сонда мұңлы күй.

Тоқтарәлі Таңжарықтың «Боздақ» өлеңі 14 буынды өлшемді, егіз ұйқасты қос тармақтар арқылы өріліп, әуезді дыбыстық үндестікке ие болған. Тармақтар қос-қостан жұптаса ұйқасып, шумақтарға бөлінбеген. Өлеңдегі ұйқасушы жұптар үш буынды болып келеді: тыңда сен – мұңдас ем, таңды мың – зарлығым, қожырам – аз ұран, қылаулап – кіл аруақ, шекемнен – кетем мен, тағы басқалары.  Егіз ұйқасқа құрылған өлеңнің ырғағы жүйелі, интонациясы бірқалыпты өрбіп, өлеңдегі ойдың салмағын бағамдай аласыз.   Ақынның шумақсыз жазылған (астрофикалық) өлеңдерінің көбіне егіз ұйқас сабақтастығы негіз болған. 

Мен – парасатсыз, 

Бұл әлемде махаббат барына сендім,

Адамдардың арына сендім, 

Әулиелердің жолына сендім, 

Қалалардың жанына сендім,

Таң дұғасын Шығыстан создым,

Түн дұғасын Батыстан создым, 

Киесін қорғағым келді Сөздің,

Нұрын сақтағым келді Көздің, 

Оңтүстіктен ой шұғыласын шаштым,

Солтүстіктен сезім шұғыласын шаштым,

Құрлықтарды аштым,

Теңіздерді бастым... 

Ақын Ерлан Жүністің «Түркі дұғасы» өлеңі астрофикалық жүйеге құрылған. Өлең түрлі өлшемдердің сабақтастығынан тұрады. Өлеңнің дыбыстық әуезділігіне егіз ұйқас қана емес, грамматикалық симметриялар да қызмет атқарып, эмоционалдық-экспрессивтік мазмұнды байыта түскен. Өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік мазмұнын байыту үшін грамматикалық симметрияларды немесе синтаксистік параллелизмдерді, қайталауларды пайдалану Ерлан ақынның көп жүгінетін амалы әрі оның ақындық қолтаңбасына тән ерекшелік.

Түркінің бейуаз тастарын сүйіп тұлданған мен бір жануар,

шымыр да шымыр тұманға сіңген шыңырау жолдан танып ал.

Бейуаққа шомған таулардай үнсіз түксиген түнек ғасыр бұл,

көл бетіндегі кестелі іздей көзімнен ұшқан жасыл нұр.

Қанымдай ыстық, арымдай таза шарабым дайын, шайырым,

жабырқау күзде жағада мұңсыз тербеле тұрсын қайығың.

Ұмтыл Зарыққанның бұл өлеңінде он сегіз буынды өлең өлшемі егіз ұйқаспен өрілген. Тармақтағы буын сандары көп болғандықтан, өлеңнің ырғағы да жүйелі, интонациясы да салмақты, бірқалыпты. Өлеңнің ұзын тармақтары бойындағы сөздердің бірнешеуі біркелкі дыбысталып келеді. Мысалы, «шымыр да шымыр тұманға сіңген шыңырау жолдан танып ал», «көл бетіндегі кестелі іздей көзімнен ұшқан жасыл нұр» жолдары өлеңнің құлаққа жағымды, әуезді болып естілуіне қызмет етіп тұр. Мұндай тармақ ішіңдегі аллитерация өлеңнің оқылуын жеңілдетіп, сөздердің бір-бірімен жымдасуына септеседі, бұл өлеңнің ырғақ құрылымын түзуге ықпал етеді. Осылайша, егіз ұйқас қазіргі поэзияда белсенді қолданыста. Әсіресе, бүгінгі поэзиямыздың даму ерекшелігіне орай күрделенген түрде көрініс беріп жүр. Қазіргі заманғы астрофикалық өлеңдер де көбінесе осы ұйқас арқылы өріліп, жаңа ырғақтық-интонациялық құрылым түзудегі өз мүмкіндігін мейлінше көрсетіп келеді.  Қазіргі ақындар шығармашылығынан қаусырма ұйқасқа құрылған өлеңдерді де кездестіруге болады. Ғалым З.Ахметов бұл ұйқасты орама ұйқас деп атайды. Бұл ұйқас түрін қазақ өлеңіне орыс поэзиясы арқылы, аударма өлеңдер арқылы енген, қазақ поэзиясында сирек кездеседі деп жүрміз

Жүріп келем, сүріп келем өмірді, 

Үмітпенен – таңғы түсім секілді, 

Күдікпенен – қара кісім секілді, 

Жүріп келем, сүріп келем өмірді.

Ерлан Жүністің осы шумағы қаусырма ұйқасқа құрылған. Шумақтың бірінші жолы мен төртінші жолы ортадағы егіз ұйқасты екі жағынан қаусыра, орай ұйқасады. Қазақ поэзиясында соншалықты белсенді қолданыста болмаған бұл ұйқас түрін ақын өз өлеңдерінде  шеберлікпен еркін пайдаланған. Сондай-ақ бүгінгі поэзияда көрініс тауып жүрген ұйқастардың бірі –  аралас келетін ұйқас. Бұл ұйқастың үндесу реті өлеңдегі ой ағынына ілесетіндіктен, үндесу ретіне еркіндік тән. Сондықтан ол ой мен сезімге сыйымды, оңтайлы өлшем. Ой арнасы өзге арнаға ауар тұста дыбыстық үндестік те құбылып, өлең интонациясын түрлендіреді. 

Қу тірлікке күйлейді төзім жылап сөзімнен, 

Өп-өтірік билейді өмір күліп көзімнен. 

Ғұмырымның Обалын ырс-ырс етіп көтеріп, 

Өзімді іздеп өзімнен. 

Мен біреуге ергенмін, 

Ал, артымнан еріп күллі кекілдім. 

Иманымдай сенгенмін, 

Тфу! 

Қарғыс атқыр сақалды сайтан екен, 

Өк-ін-дім!!! 

Бауыржан Қарағызұлының «Соқпақ» өлеңін аралас ұйқастың үлгісі ретінде қарастыруға болады. Өлең қара өлең ұйқасы мен шалыс ұйқастың сабақтасуына құрылған. Өлең өлшемі жүйелі емес, 14, 7, 11, 3 буынды өлшемдер араласып келеді. Он төрт буынды қара өлең ұйқасымен өрілген алғашқы төрт жолдың соңғы тармағы жеті буыннан соң тасымалданып, келесі жеті буынды тармақ шалыс ұйқас негізіне айналып кетеді. Әрі өлең өлшемі өзгеруіне орай шалыс ұйқас интонациясы да басқа арнаға түседі. Қазіргі поэзияда шумақсыз өлеңдердің көпшілігі осы аралас ұйқаспен өріледі. Бұл ұйқастың үндесу реті еркін болып келетіндіктен, өлеңдегі ой ағысына орай қазіргі ақындар шығармашылығында астрофикалық өлеңдерде көп қолданылатыны түсінікті.  Бүгінгі ақындар өлеңдерінде желілі ұйқас та кездеседі. Өлеңтанушы А.Үсен бұл ұйқас түрінің жүйелі түрде кездеспегендіктен нақты атауға ие болмағанын, бұл ұйқасты бірнеше дыбыстық үндестіктерге желі боп тартылуына қарай желілі ұйқас деп атауды ұйғарады. Бұл ұйқас түрін Абай өлеңдерінен кездестіруге болады. Мысалы, Ақын Ерлан Жүністің «Өмірге алғаш келгендігім кінәлі» деп басталатын төрт шумақ өлеңінің барлық шумағы «а-а-а-б» ұйқасымен өрілген. Өлеңнің әр шумағының ең соңғы жолы түгелдей бірыңғай шумақаралық желілі ұйқаспен келеді, яғни барлық шумаққа желі боп тартылған «Сенің ғана жазығың жоқ, сүйіктім» деген бір ғана жол. Қазақ өлеңіне ұйқас түрі ретінде Абайдың алты аяғының ретімен өлең ұйқастыру бүгінде берік еніп кеткен.  Ақын Ерлан Жүністің өлеңдерінен де алты аяқты шумақтың ырғағы түрленген үлгісін мысал ретінде келтіруге болады. 

Қаз қаңқылы, қу сұңқылы қайғылы, 

Аласұрған ақ аспанның айдыны, 

Күрсінеді күзге ұрынып көңілсіз. 

Жалғыз келем көкірегім шайлығып 

Қарауға да дауаламай қайырылып, 

Не өмiрсiз, не өлiмсiз – өзіңсіз... 

Бірақ ақын Абай алты аяғының ұйқас ретін ғана пайдаланып, ырғақ жүйесін он бір буынды өлшемге құрған.  Шумақтағы бірінші мен екінші, төртінші мен бесінші, үшінші мен алтыншы жолдар өзара ұйқасып отырады. Ал тармақтардағы буын сандары бірдей. Әр үш тармақ бір ырғақтық-интонациялық құрылым ретінде көрініс табады. Қазіргі поэзиядағы ұйқастарды саралай отырып, Ерлан Жүністің тавтологиялық ұйқасқа көп баратынын байқадық. Дыбысталуы бірдей, сыртқы формалары ұқсас сөздер мен сөз тіркестерін тармақ соңында немесе тармақта қайталау тавтологиялық ұйқас деп аталатыны белгілі. Оның өзі іштей омонимдік ұйқас және қайталама ұйқас (рефрен, редиф) деп ажыратылып қарастырылады.

Жазам дедім, қалам берді Тәңірім, 

Ашам дедім, ғалам берді Тәңірім, 

Қара өлеңді маған берді Тәңірім, 

Бар әлемді саған берді Тәңірім! 

Ақын өлеңінде ерекше сезімдік мәнге ие сөз, бұл жерде «Тәңірім» сөзі шумақ бойы қайталанады, бір тармақтағы одан бұрын тұрған тіркестер ұйқасып келіп отырады. Бұл шумақта басқы ұйқас та бар. Ерлан ақынның өлеңдерінде өлеңнің ырғақтық-интонациялық, синтаксистік құрылымына мағыналық салмақ беріп, реңк болатын қайталаулар көптеп ұшырасады. Ақынның бір ерекшелігі, өлеңнің басында болсын, ортасында не аяғында болсын ақын қолданған қайталаулар мазмұнмен астасып, эмоционалдық  бояуы арта түседі. Ақынның «Менің жолым» деген өлеңін рефрен мысалы ретінде қарастыруға болады. Қарастыра келе ақын өлеңдерінде қайталаулардың бірнеше түрде көрініс табатынын көреміз. Атап айтқанда, тармақ сайын бір сөзді қайталап, оған үстеме мағына беріп отырады. Тағы бірде тұтас жолдың ұйқасатын алғашқы сөздерін ғана ауыстырады да, қалған жолдарды өзгеріссіз қайталайды. Енді бірі, тұтас тармақты түгелдей қайталап қолданады. «Эвфония қарастыратын дыбыстық қайталаулардың қай-қай түрі де: аллитерация, ассонанс, анафора, эпифора, ұйқас, ырғақ көркем сөзде, әсіресе өлең сөзде белгілі бір әсер туғызатын, яғни эмоциялық бояу үстейтін стильдік тәсіл болса, оларды қай дәуірдің сөзгері болса да қолданбай отырмайды», – деген екен тілші ғалым.  Ақын өлең жолдарында бір сөзді немес сөз тіркесін бірнеше қайталай отырып, өлеңнің әуезділігін, бейнелілігін, экспрессивтік мәнін күшейте түскенін көреміз. Қазіргі заман ақындарының шығармашылығын қарастырғанда дәстүрлі ұйқастардың әлі де басым екені аңғарылады. Бүгінде ұйқас тұрғысында жасалып жүрген ізденістердің көпшілігі осы дәстүрлі ұйқастарды жетілдіру, күрделендіру арқылы қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық мүмкіндігін арттырып  келеді. Қазіргі поэзиядағы дәстүрлі ұйқастар тек грамматикалық құрылымы жағынан ғана түрленіп қойған жоқ, ұйқастың ырғақ тудыру мүмкіндігі грамматикалық-синтаксистік параллельдерді, қайталауларды, дыбыстық қайталауларды да қамтып, тармақ соңында ғана емес,  тармақ басында да, тармақ ішінде де молынан көрініс табады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар