Мәдениет пен өнер - ұлт жанының өзегі

Бөлісу:

21.05.2024 1967

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. 2013 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан бұл кәсіби мереке еліміздің мәдениеті мен өнері саласында қызмет етіп жүрген әрбір адам үшін ерекше күн.

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп кезінде Шерағаң, Шерхан Мұртаза журналистер қауымының бейнетқорлық еңбегіне арнаса, осы сөзді мәдениет және өнер қызметкерлеріне қарата айтуға да әбден болады. 

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді.

21 мамыр – еліміздегі осы салада қызмет істеп жүрген барша адамдарға құрмет көрсетіп, елеулі еңбектерін лайықты бағалайтын күн. 

Жалпы еліміздегі мәдениет ұйымдарының құрамына қандай мекемелер мен ұжымдар, бірлестіктер кіреді? Бұл сұраққа жауапты «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңынан табамыз: «Мәдениет ұйымдарына мыналар жатады: театрлар; концерттік ұйымдар (филармониялар); цирктер; кинематографиялық ұйымдар; кітапханалар; музейлер; мәдени-демалыс ұйымдары; көркемөнер галереялары (салондар); студиялар; шеберханалар; мәдени-тарихи орталықтар; мәдениет саласындағы зерттеу орталықтары (зерттеу институттары); реставрациялау орталықтары; музей-қорықтар; Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы; мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да мәдениет ұйымдары.» Осы тізімге көз жіберген адам мемлекетіміздегі мәдениет саласының қаншалықты ауқымды екенін анық сезінері сөзсіз.

Ел ауқымында жыл бойы, аптаның жеті күнінде түрлі аудиторияларда, кітапханалар мен музейлерде, мәдениет сарайларында, алып стадиондар мен қала алаңдарында үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, көрмелер шығармашылық кештерді, кездесулерді, отандық, шетелдік қонақтардың қатысуымен жүрілетін ауқымды мегафестивальдар мен галаконцерттерді, т.б. белгіленген уақытында, асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызметінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр. 

Шетелдік ресми мәртебелі қонақтар мен шекара аттаған туристердің ең алдымен көз тоқтатып, мән беретіні – елдің визит картасы іспетті мәдениеті мен өнері. Әсем қала, ғажап табиғат, елдің тұрмыс-тіршілігінен өзге, дара мәдениеті, өзіндік өрісті өнері, музей жәдігерліктері туралы қызықтаушы адамдарға қанағаттанарлықтай толық мәлімет беріп, жағымды түсінік қалыптастыру – мәдениет қызметкерлерінің отан алдындағы жауапты міндеті. ҚР Мәдениет туралы Заңының бірінші бабы, 5-тармағында мәдениет қызметкеріне мынадай анықтама берілген: «Мәдениет қызметкері – кәсіби қызметі мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын жеке адам». Осы анықтаманың өзі-ақ мәдениет қызметкерінің сан-салалы жұмыс ауқымын анықтап тұр.

Жеке адамның, ұжымның, өңір-өлкенің, мемлекеттің мәдениеті жоғары болса, еңсесі биік, рухы асқақ, еңсесі биік болмақ. Осы жауапты да қастерлі миссияны лайықты орындап келе жатқан қалалар мен ауылдардағы мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше.

Бюджеттік мекемеден жалақы алатын қызметкер үшін қай заманда да ай сайын қолға тиетін тиын-тебеннің жетімділігі маңызды болып келген. Сонау ертеректе қазақтың әйгілі композиторы Әбілахат Еспаевтың қаламақыға қатысты «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналына қарата «Мәдениетің жақсы, тұрмысың нашар екен» деген екен. Осы бір астарлы қағытпаны бүгінгі мәдениет қызметкерлерінің айлық-жалақысы тұрғысында қолдансақ, ақиқаттан алыс кетпеген болар едік. 

Осыған орай мәліметтерді іздестіргенімізде өткен жылдары ҚР Үкіметтің жауапты лауазым иелерінің ресми ақпарат көздеріне берген: «Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылы 300 мың теңгеге жуықтайды», - деген жауабын оқыдық. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, 2025 жыл да алты айдан соң келіп жетеді. Әрине, айлық жалақы кезең-кезеңімен біртіндеп қосылып келе жатқаны сөзсіз. Әттең, «Айлықтарың өсіп алсын, мен орнымда кідіре тұрайын», - деп инфляция шіркін тоқтасын ба? Мардымсыз жалақыны тауар бағасының өсімі жалмап қоятыны да бүгінгі күннің ықтимал шындығы.

«Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, еліміздің мәдениет саласын өрге сүйреп жүрген қызметкерлер өз еңбегінің жемісін жеп, алаңсыз өмір сүріп, отбасының тірлігін өрге сүйреуі маңызды. Осы тұрғыда алыс, жақын шетелдер билігінің мәдениет және өнер саласындағы мәселелерге, ұжым-мекемелер мен өнер иелеріне көрсетер қолдауындағы игі дәстүрлері мен тәжірибелерін зерттей отырып, өз елімізге қолданыс табуына ықпал жасалса дейміз. Алыс шетелді айтпағанда, ең көп араластықтағы көршіміз Ресейдің музей саласындағы табыскерлік үрдістерінен қаншама үлгі алуымызға болар еді. Бұл – бізде жұмыс жүрілмей жатыр дегендік емес, болған үстіне бола түссін деген ойдың ұшқыны.

Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Атаулы күн құтты болсын! Еліміздің мәдени, рухани өмірін гүлдендіріп, өнерін асқақтату жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар