Әкбар Мәжит. Экоәдебиет табиғатты аялауға үйретеді...

Бөлісу:

23.05.2024 1310

Қытайдағы қандасымыз, жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит биыл 70 жастың желкенін керіп отыр. Телевизия, кино, баспа салаларында жауапты қызметтер атқарып келе жатқан оның табиғат тақырыбында жазған «Тау хикаялары» кітабы оқырманға кеңінен таныс. Қытай экологиялық орта газетінің тілшісі Уаң Линлиннің қаламгерден алған сұхбаты қазақша аударылған екен. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Отбасыңыз бен өскен ортаңыз, Іле аймағында өткен балалық шағыңыз туралы білгіміз келеді, бұған не дейсіз?

 – Бұрын қазақта атасы мен әжесі үлкен немересін өздеріне меншіктейтін дәстүр болды. Мен де атам мен әжемнің қолында өстім. Қорғас ауданы Лусаугу қалашығында тұрдық. Жазда үлкен кісілермен бірге Ұластай жайлауына шығатынмын. Сонадайдан Ақбайтал тауларының ақбас шыңдары қол бұлғап тұрғандай көрінуші еді. Ол жердің ойы-қыры түгелдей көкірегімде сайрап тұрады. Жайлауға не жетсін?! Әсем табиғат адам баласын әдемі әсерге бөлейді. Бәлкім жазушылық қуатты, шығармашылық шабытты осынау кең өлкеден алған шығармын деп есептеймін

Атам мен әжемнің айтқандары жадыма жатталды. Олар жаман болады, ұят болады, обал болады дейтін қазақы ғибраттарды құлағыма сіңірді. Тәкаппарлықтан, мақтан қуғаннан, өтірік айтқаннан, өсектен сақтандыратын. Мұның барлығы менің өмірлік ұстанымыма айналды. 

Ол кісілер Табиғат-ананы қадірлеуге баулыды. Суды былғама, көк шөпті жұлма, қоқысты беталды тастама деп отыратын. Көшкенде ошақтың күлін шұңқыр қазып, соған көміп, айналаны тап-тұйнақтай етіп тазалап кетуші еді. Мен осының барлығын «Тау хикаялары» дейтін жинағымда жан-жақты суреттедім деп ойлаймын.

– Сіздің әдебиетке деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Алғаш рет қалам тартқан шағыңызға және одан кейінгі шығармашылық кезеңдеріңізге аз-кем тоқталып өтсеңіз? 

– Әдебиетке деген қызығушылығым кітап оқудан басталған шығар деймін. Төртінші сыныпта жүргенде әдебиет пәні мұғалімі апта сайын тапсырма беріп, бір романды оқытатын. Содан көңілге түйгендеріңді жазып әкеліңдер дейтін. Сөйтіп жүріп кітаппен достасуға ден қойдық. Ол келе-келе қаламгерлік жолға түсуіме себеп болды. 

Кейін ауылдарға барып, мемлекеттің саясатын тиянақтандыру жөніндегі қызмет тобының аудармашысы қатарында жұмыс істедім. Бір жолы көктемгі егіс науқанына жұмылдыру жиынында күтпеген жерден коммунаның сол кездегі хатшысы У Юаншыңның сөзін ауызба-ауыз аударуыма тура келді. Бұдан кейін олар менің жазу-сызуға бейімім бар екенін байқап, аудандық үгіт-насихат департаменті ұйымдастырған журналистерді тәрбиелеу курсына жіберді. Сөйтіп коммуна парткомының кадры болып шыға келдім. Журналистика саласына қадам бастым. 1973 жылы сәуірде біздің қасымызға «Ұшты біріктіру» дейтін шығармашылық ұжым келді. Олардың құрамында Уаң Мың ұстаз бар екен. Қасымда осындай білікті жандар, айтулы жазушы тұрғанда неге қаламгерлік жолды қумасқа деген ой туды. Әдебиеттің табалдырығын осылай аттадым.

– «Тау хикаялары» дейтін шығармалар жинағыңыздың жарық көру мәнісі қандай? Туындыларыңызды жинақ етіп шығаруыңызға не түрткі болды? 

– Елімізде жасыл орман, асқар таудан асқан байлық жоқ дейтін керемет тұжырым бар. Бір жолы мен Қытай экологиялық орта баспасы тобы парткомының хатшысы, груптөрағасы У Дікәй мырзамен кездескенімде экологиялық әдебиет тақырыбында жазған туындыларымды жинақтап шығарсам деген ниетім бар екенін айттым. Ол кісі бұл ойымды қуана құптады. Осылайша жаңа кітап өмірге келді.

– Көп туындыларыңыздың арасынан «Тау хикаялары» дейтін әңгімеңізді кітаптың атауы етіп неге таңдап алдыңыз? Бұл әңгімеңіздің басқалардан орны бөлек пе? 

– «Тау хикаялары» – менің ең сүйікті туындыларымның бірі. Жарық көрісімен көпшілік таласа-тармаса оқыды. Тіпті әдеби марапатты иеленді. Қазіргі таңда бұл әңгімем орта мектеп бағдарламасы негізінде бірыңғай ұлттық тест тапсыратын оқушылардың әдебиет деңгейін тексеру материалдарының қатарына енгізілді. Мен бұл шығармамда адам мен табиғаттың арасындағы қарым-қатынасты, тіршіліктің түпкілікті мағынасын ашуға тырыстым. Әңгімем өмірмен үндестік тауып отыр. Экоәдебиет стиліндегі осы жинағыма «Тау хикаялары» деген әңгімемнің атын қоюды редакторым қалады. Мен оның ұсынысына қуана келістім. 

– «Тау хикаялары» атты жинағыңызға енген туындылардан сіздің экоәдебиет жанрындағы шығармашылықпен 80-жылдардан бастап айналысқаныңызды аңғардық. Бірақ ол кезде бұл жанр әлі толық қалыптаспаған еді. Осыған қарағанда, сіздің сол кезде-ақ жазушылыққа деген ынтаңыз бөлек болған сияқты. Осы әрекетіңізге қазір қалай баға бересіз? 

– Табиғатты құрметтеу, экологиялық ортаны қорғау – сахара мәдениетінің атамзаманнан келе жатқан дәстүрі. Көшпенді халықтардың рухы да осында жатыр. Мен ат құлағында ойнап өскен ұлыстың ұрпағы ретінде экоәдебиет жанрына жақынмын. Ол – менің қаныммен бітеқайнасқан дүние. Шығармашылықтың осы бағытын одан әрі де жалғастыра бермекпін. 

– Сіз экологиялық концепция мен қоршаған ортаның өзгеруі туралы арғы-бергі дәуірден, өркениеттерден бастап ой толғаған екенсіз. Ендеше, осы ой-толғамдарыңыз шығармашылығыңызға қандай ықпал еткені туралы нақтырақ айтып бере аласыз ба? 

– Мені қоршаған ортаның өзгерісі әрқашан ойландырып жүретін. Өзімнің «Жер шегі мен атыз» деп аталатын эссемде Шие Иоушұн профессормен сұрақ-жауап алмасу формасында сахара мәдениеті мен ауылшаруашылық мәдениетінің парқын көрсетуге тырыстым. Ал «Топырақ» дейтін эссемде әлемдегі ауылшаруашылық жерлерінің 99 пайызы химиялық тыңайтқышты бейберекет қолданудың зардабын тартып жатқанына алаңдаушылық білдірдім. Әлгі америкалық қарттың жанайқайына тілеулестік таныттым. Өйткені ол 1953 жылы ауылшаруашылық мамандығын иеленгеннен, күні бүгінге дейін органикалық ауылшаруашылықпен айналысып келеді екен. Бір қызығы, оның әкесі ауылшаруашылық жерлерін химиялық тыңайтқышпен тыңайтуды жанын сала дәріптепті. Бір химиялық тыңайтқыш зауытының бастығы болыпты. Қазір ғалым әкесінің ұстанған жолына кереғар бағытта. Оның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін химиялық тыңайтқыш пен ауылшаруашылық дәрілерін шектен тыс қолданғандықтан, әлемдегі ауылшаруашылық жерлерінің 90 пайызы соның зиянын тартып отыр. Адамзат баласы жермен күн көреді. Астықсыз қалай өмір сүрмек? Жер құнарының жойылуының түбі ашаршылыққа, соғысқа ұрындырады. Сондықтан біз органикалық тыңайтқыштарды қолданып, жердің сапасын сақтап қалуымыз керек. «Менің әкем – капиталист. Оның бар ойлағаны пайда табу болды. Жердің не болып жатқанымен де, адамзаттың келешегімен де санасқан жоқ. Өз басын күйттеді. Әкем 1953 жылы қайтыс болды. Бірақ сол дәуірдегі адамдар бүкіл әлемдегі ауылшаруашылық саласына орасан зор зиян тигізіп кетті» деп қынжылған. Өзіңіз ойлаңызшы, әкесі химиялық тыңайтқыш зауытының қожасы, бүкіл әлемге химиялық тыңайтқыш қолданыңдар деп жар салған. Ал ұлы химиялық тыңайтқышқа қарсы шығып, ауылшаруашылық жерлеріне органикалық тыңайтқыш қолдануды қуаттады. Ол зейнеткерлер үйінің бір бұрышындағы көкөніс егетін жерге өзі дайындаған органикалық тыңайтқышты қолданады екен. Оның мұндай табандылығына қалай сүйінбейсіз? 

– Сіз экоәдебиеттің құндылығы мен мағынасы несімен ерекше деп санайсыз? Оны өз туындыңызда қалай көрсеттіңіз? 

– Меніңше, экологиялық әдебиеттің құндылығы бүкіл елдің экологиялық ортаны аялауға деген таным-түсінігін тереңдетуінде жатыр. Экологиялық ортаны қорғау – өзімізді қорғаумен бірдей. Экологиялық орта мен адамзат тепе-тең өмір сүреді, олардың арасында билеуші, бағынушы деген қарым-қатынас болмайды. Мен «Ашық аспан, қайта оралшы» дейтін эссемде былай деген едім: «Табиғаттың қалпына келу қуаты орасан зор болады, біз адамзат тек ашкөздікке салынбай, табиғаттың азырақ тыныстауына мүмкіндік берсек болғаны, ол ұзамай қалпына келеді». «Балам, ең құдіретті күш – күн сәулесі мен ауа, ол көзге көрінбейтін қол. Қарашы, ана жолдарға, құрылыстарға. Егер белгілі уақыт сайын оларға күтім жасап тұрмаса ол жарылады, тозады. Ешкім қол тигізбесе де уақыт өте келе өздігінен көнерер еді. Күн сәулесі мен ауа көзге көрінбейтін болғандықтан, күн мен түн тоқтаусыз алмасып, ыстықтан кеңею, суықтан тарылу салдарынан жоғарыда айтқандағыдай өзгеріс болады. Іс жүзінде бұлар – физикалық құбылыстардың бір түрі. Ол туралы кітаптан оқып біле аласың. Мен сенің достарыңмен бірге Табиғат-ананың қасиетін танып, соны сыйлап, табиғат әлемін аялағаныңды, бізден де ақылды ұрпақ болғаныңды қалар едім». Міне, бұл – менің тілегім!

 – Туындыларыңызда дарқан даланы, әсіресе туған жеріңіз Тяншан тауының асқақ келбетін, кеңбайтақ сахараны, Сайрам көлінің әсем көркін көп суреттейсіз. Сіз осындай көз қарықтыратын сұлу табиғатты суреттегенде қандай сезім мен ойды жеткізгіңіз келеді?

– Менің туған жерім Тян-Шань тауының баурайы. Ондағы жайлау, Сайрам көлі шынымен көздің жауын алады. Өмірімнің біраз шақтары сол жерде өткендіктен, туған жеріме деген махаббатым ерекше. Сондықтан туған жерімнің сұлулығы еске түскенде еріксіз қолыма қалам аламын. Әдебиеттің бір мақсаты сұлулықты паш ету болса керек. Соны суреттей отырып, жан тебіренісі мен көкейіңе түйген ойдың жауһарын оқырманыңа ұсынасың. Менің жазушылыққа ден қоюымның басты себебі осында. 

– Әңгімеңізде адам мен табиғаттың жарасымды қарымқатынасын көбірек көрсетесіз. Ал біз нақты өмірде табиғатпен жарасымды қарым-қатынасты қалай қалыпқа түсіре аламыз? 

– Нақты өмірде табиғатпен жарасымды қарым-қатынас орнатуды жетілдіру керек деп ойлаймын. Мұндағы жан-жақтылы деп отырғаным – ауыл, мал шаруашылық өңірлері, орман, тау, өзен-көл, шөл дала, барлық жерде адам мен табиғат арасында үндестік берік сақталғаны жөн. Өйткені дарқан табиғат – тұтас бір тұлға. Оны бөліп-жаруға келмейді, ол дегеніміз – көп салалы, бір тұлғалы үндестікке құрылған дүние. Адамзат өндіріспен шұғылданғанда экономикалық мүддені ғана көздейтін пайдакүнемдікке салынбауы тиіс.

– Әдеби туындылар экологиялық ортаны қорғауда қандай рөл атқара алады? Мысалмен түсіндіре аласыз ба? 

– Ол адамдарды қоршаған ортаны қорғауға жетелеп, бүкіл қоғамда мәдениет қалыптастыруға түрткі болады. Әрине, деректі әдебиет, әдеби хабар сияқты жанрлар нақты мысалмен көрсетіліп, жарасымды қарым-қатынас орнатудың жолдарын ұсынып, адамдардың жанамалай болса да танысуына мүмкіндік береді. 

– Қазіргі таңда экоәдебиеттің даму барысы мен келешегіне қалай қарайсыз? Қандай мәселелер немесе тақырыптарға ерекше назар аудару керек? 

– Меніңше, «екі тау» ұғымын жетекші еткен жөн шығар. Қазіргі таңда экоәдебиеттің даму беталысы тамаша мүмкіндіктермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан экоәдебиет экологиялық ортаны қалпына келтіру, су қайнарын, саздықтарды, жан-жануарларды қорғауға, экологиялық орта мен елдің жайкүйі, экологиялық орта және адамзат, жан-жануарлардың саулығы сияқты мәселелерге көбірек көңіл аударып, сол арқылы әдеби шығармашылыққа арқау болатын тамаша тақырыптар туралы қалам тербеп, оны ерекше әдеби тәсілмен оқырмандарға ұсынып, оқырмандар мен қоғам жұртшылығының үндестігін қозғау белсенділігіне талпынғаны жөн.

– Келешекте осы жанр бойынша жүзеге асыратын қандай жоспарларыңыз бар? Ойыңызда жүрген тың туындылар немесе тақырыптар туралы бөлісе аласыз ба? 

– Жазушылық дегеніңіз диқанның жер жыртып, егін салғанына ұқсайды. Қаламгер ешқашан тыным таппайды. Мен әр күні жазушылықпен, аударма жұмысымен айналысамын. Жақында экологиялық орта тақырыбында біраз дүниелер жаздым. Бұдан кейін де қолымнан қаламым түспейді деп ойлаймын. 

– Оқырмандарыңыз сіздің шығармаларыңызды оқығанда қандай күйге бөленіп немесе қандай ой түйгенін қалар едіңіз? Сіздіңше экоәдебиет бұдан да көп оқырмандардың көңіл пернесін дөп басып, қоғам назарын өзіне аудара ала ма?

– Адам деген етжүректі пенде ғой. Әдеби туынды адам баласының көңілін толқытып, жан сезімін тебіренте білуі керек. Экологиялық әдебиет те мұнан қалыс қалмауға міндетті. Тек адам баласының көңіл пернесін дөп басып, жүрек қылын шерте алсаңыз ғана пікірлеріңіз оқырмандармен бір арнада тоғысып, бүкіл қоғамның назарын аудара алады деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

СұхбаттасқанУаң ЛИНЛИН.

Аударған – Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар