Бүгінгі прозадағы классикалық әуен
Бөлісу:
Өткен шақ емес, дәл осы уақыттың ішінде отырып, бүгінгінің адамының уайымы не, мұраты қандай, соны ашатыны, айтуға талпынатыны үшін де қазіргі заман прозасын оқыған ұнайды бізге. Бұл тұрғыдан келгенде бүгінгі прозаның көркем әлемі қызыл не жасыл ма, анық әлде бұлдыр ма, құрылымдық қағидаттары не нәрсеге сүйенеді, соны түсінгің келеді. Жақында ғана Қуандық Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» атты кітабын оқып шықтық. Жазушының қалам тартқан жанрының формасына қатысты теориялық мәселелерге, жекелік модификациясы дегендерге тоқталуға шамасы жететін ғалым емеспіз, қарапайым оқырман ретінде жазушының осы тірліктің, өмірдің, мәңгіліктің сарқылмау метафорасы жайындағы, бір сөзбен айтқанда туу мен өлудің арасындағы ойлары мен өмірден алған нақты әсеріне тоқталғымыз келді.
«Тілі ащы әйел»
Автордың бұл дүниесі кейін біршама өзгеріске ұшырап, ұлғайтылып, «Шешемнің құрбысы» деген атпен «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын алғаны белгілі. Ерте есейген балалар, ерте қартайған әйелдер, бір ауыз айта салған сөзі үшін үкім кесіліп, қара қызметке алынып рәсуа болған ғұмырлар... Соғыстан кейінгі жылдар, сол еңкіш там үйлер, сол жыртық күртелер біздің ендігі шығармаларда болмайтын да шығар. Осылай дәуір аяқталады. Бұл жайында фильм түсірсе де әсері басқа болар еді. Өз буынының сана жарақаты болғандықтан ба, автордың өзі де жеңістен кейін он жыл өткенде дүниеге келген адам болғасын ба, жалпы көп әңгімесінде әңгімелеушінің жадының естелік қабаттарындағы соғыс жылдарындағы уақыт пен кеңістік беріледі.
Шығармада тартып әкететін сюжет бар, автордың эмоциясы ашық. Мұндағы кейіпкердің рухы шығарманы көтеріп кеткен. «Қызың да өзіңе тартқан сұлу ғой» деп кекеткен құрдас еркекке: «Сұлу болсын, сызық болсын, байға тиіп, бала туса болды да. Менің қызым сендейлердің баласына пысқырмайды. Соғыс кезінде көрдік қой кім екеніңді, мекиеннен қашқан қыт-қыттаған қоразсың, соғыс сен сияқтылардың к... ашты» дегенде анау сөзге келмей тұра айдапты» деп суреттейтін тілі ащы, айналаға түсініксіздігінен, адуын, қыңыр мінезінен тапса да ешкімге кеудесін бастырмаған, алдағыны болжай алатын көріпкел әйелдің ішкі қуаты таңғалдырады. Кейде біз өмірді болмайтын нәрселермен қиындатып немесе жылтырақ нәрселермен әлеміштеп, осы дүниеге мазмұнды өзіміз беріп жатқандай болғанымызбен, өмірдің өз ағысы бар. Қаласаң үстінен қара, қаласаң қасында отырып бақылай бер, жазушы сөйтеді, асықпай назар салады, әр сәттен мән іздеудің орнына тұрмысты драмаға оп-оңай айналдыруға қалай жеткенімізді, өмірдің ұлы сандалысы адамды қалай жеп қоятынын ішке түйе отырып, шығармаға айналдырады. Бұл жерде жазушыны адам бойындағы жамандық пен әлсіздікке бейтарап қарай отырып шығармаға айналдыратын салқынқанды бақылаушы дегелі отырған жоқпыз, Қуандық Түменбай прозасы адамгершілік мәселелерін «жұмсартуға», адамдар арасындағы қарым-қатынасқа өзінше ықпал етуге қызмет етеді.
Маңдайы тасқа тисе де жасымайтын, тағдырын сол күйі қабылдайтын адамдар әр кезде болған. Олардан жүйе де, үлкенді-кішілі билігі бардың бәрі іш жияды, сескенеді. Өйткені ондай адамдар тіпті жеңіске жетпесе де шындық ұғымын теңгерімге келтіруші ролінде болғандықтан биік тұрады. Ал шынында кейде өмірдің философиясын, қадір-қасиетін түсіну үшін көп ақылдың, білімнің қажеті жоқ, мейірім ғана керек. Әлі «жетіліп болмаған» адамзат тек соның күшімен қиын жағдайды жеңіп шығуға жетеді, соны Өмір деп атайды.
«Әйел дәрігерінің әңгімесі»
Қ. Түменбай деген кісіні өмірде көрмедік, жалпы мінезі қандай адам екенін де білмейміз, бірақ, жазуда тақырыптық, көркемдік ізденіске мән беретін әңгімеші адам. Автордың қаузайтыны – адамның жалғыздығы, ішкі мұң, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуінен туындаған сана дағдарысы сияқты мәселелер. Автордың «адам өз кәсібіне тартып кетеді» деген пайымы шынымен қызық екен, автормен бірге бажайласақ, әйел дәрігері болған еркектің көп мінезі, өзіне мән беруі де әйелге тән екені бізге де байқала түседі. Өзінің келісті киінгенінен, жанының тыныш, тамағының дұрыс болғанынан ләззат алатын ер адам бір қарағанда аса бақытты адам, бірақ, бұл бергі жағы. Әйелін аузынан тастамайтындығы тек сағынышынан ғана емес. Сырт көзге күмәнсіз риза ғұмыр кешкен адам сияқты көрінетін гинеколог еркектің қайғысы оның әйелі өліп, жалғыз қалғанында да емес, ол бала санын екеуден асырмаймын деп әйеліне өз қолымен бірнеше рет түсік жасап, өз балаларын құрсақта жатқанда пәрше-пәршесін шығарып өлтірген, ақырында әйелінің де ерте кетуіне себепші болған. Бірақ, бұл сырды тек өзі біледі. Астанадағы ұлы мен шетелдегі қызы қомақты ақша салып, шешелерінің жылын өткізуге келуден неге бас тартты? Бұл шешелерін жақсы көрмегеннен емес, әкелерінің кейбір қылықтарынан іш жиып, көңіл суығаннан болуы да мүмкін ғой. Автор басында әп-әжептәуір статусы бар адамды ең соңында жападан-жалғыз бейшара деңгейіне бір-ақ құлдыратады. Жылтырағанның бәрі мінсіз емес, жымиғанның бәрі мұңсыз емес екен...
«Бөтен»
Әлбетте қазақ әңгіме жанрындағы сенімді позицияда қашанғыдай реализм бағыты тұр. Бірақ, ол бұрынғысынан өзгерген. Тармақталған. Бүгінгі әңгімелерде оның сюрреализм, сыншыл реализм, метафоралық реализм, магиялық реализм деген түрлері бой көрсетуінің себебі – жаңа заманға сай пайда болған жаңа адамдардың типiн суреттеу үшін осы ағымдар керек болғаны анық. «Бөтен» – бұл автордың хикаяты болғанымен, дәл осы қоғамның үлкен мәселесін көтереді. Автор мұнда адамгершілік пен қатыгездіктің арасында таңдау жасамайды, бірақ шығармада мұңға да, бақытқа да орын бар. Қазақ қызының қытай жігітін ұнатып, содан балалы болғаны, туған балалары өліп-өліп, өлім сарқытындай бір қызға қарап қалған шешесінің қытайдан туса да жиенін жанолжа, мыңжылдық қуаныш көруі... жатжұрттың қазақ қызына емексіп қарауын кешірмейтін Бекбосын сияқты намысты жігіттерді қанша бағаласаң да, өз қолыңды өзің кесе алмай пұшайман болатының... «Бөтеннің» аты Жалғас болды. Қаны қытай болса да, қазақтың келешегі осылай жалғасады енді! Бұл «қан алмасудың» түбі не болатынын болжаудың өзі көңілсіз... Өткен жылы халық саны жағынан Үндістанның Қытайды басып озғанын, ал қытайлардың өзінің қартайған ұлтқа айналып бара жатқанынан секем алып, үшінші бала тууға рұқсат беріп, тіпті әйелдеріне бүкіл жағдайды жасап жатқаны, олардың үрім-бұтағы әлемнің әр жерінде берекелі дән сияқты шашылып, түскен жерінде өркен жайып жатқаны, бір сөзбен айтқанда миграциялық экспанция мәселесі бізді ойландыруы тиіс.
«Дүрбі»
Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін тарихи әділетті бағасы берілген жоқ десек те, біздің жазушылар екі мыңыншы жылдардан бері бұл тақырыпқа бара алды. Мысалы, біз тоқталып отырған жазушы Қуандық Түменбай «Мұнар күн», «Қазанама оқушы», «Қобыздың мұңы» деп аталатын әңгімелерінде өз елінде екінші сортты ұлт болып күн кешіп, өгейсіген қазақтың жайын айта отырып, желтоқсан тақырыбын көтерді.
«Дүрбі» хикаятында да автор басты кейіпкер арқылы қоғамдық формация процесіндегі қазақтың кеудесінде рухы әлі өлмеген ұлт ретінде өзін сақтап қалудағы жанталасын көрсетеді. Тәуелсіздікті аңсау, ашыну, әділетсіздікке төзбеу, қарсылық білдіру, орыс шовинизмін ашық айыптау бар. Хикаятта бүгінгі қоғамдағы ұлттық проблемаларды беруде автор құр насихатқа, дидактикаға бармайды, кейіпкердің ішкі ызасы, бұрқ-сарқ қайнаған намысы, әрекеті арқылы береді. Бұл жетім жігіт Жолдыбайдың намысы ғана емес. Қазақ та жетім негізі. Қашаннан бері жетім қалған. Шығармада құндылықтар алдындағы жауапкершілік мәселесі бар. Өмірбақи балалар үйінде де, әскерде де қазақты «баран» дейтіндердің ызасы өтіп кеткен жігіттің шиыршық атқан намысы оқырманды көтеріп отырады. Әдебиетте конфликт болу керек, автор оны таза күйінде береді. Адам өмірінің құны, адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі, жан дүниесінің әділетсіз жүйеге қарсылығы мен ішкі қиналыс, кейбір әрекеттерді қайта сараптау, қатынастар, адамның өзіне сенімі, кейде құрбандыққа бару жайында айтатын шығарма.
Автордың кей әңгімелері жайында ұзақ әңгімелеуге болады, ал кейде әлеуметтік жағынан түсіндіруге болады, қалай болса да әр шығармасын оқыған сайын «осындай адам тұрмайтын елде, осындай жағдайда өмір сүрген» қазақты көресің. Әдеби нонсенс деген бар және әдеби абсурд деген бар, екеуі екі бөлек нәрсе, нонсенс абсурд ойларға салынатын шектеуді алып тастау үшін керек болады, ал негізі шынайы шығармаларда дүниеде абсурдтың, жалпы абсолютті заңдардың жоқ екендігі айтылады. Біз келісімдердің, меморандумдардың құрбаны болған ұлтпыз. Біз ұлтаралық, халықаралық, мемлекетаралық келісімдердің алдында намысы, рухы үтіктелген ұлтпыз. Ал бірақ, этностар мен діни сенімге қатысты мәселеде тіпті құрмет болмағанның өзінде аса сақтық, жауапкершілік болуы керектігін түсінуі тиіс шовинистер ешқашан айылын жимайды, ұлттық мәселелерге қатысты өрт тұтатып отырғанды, оны үрлеп ләззат алғанды жаны сүйеді. Бұл жерде әлі күнге сол жалтақтық таз кепешін шешпей отырған билікпен «Қателікті мойындау» деген полемикаға баруға болар еді, бірақ, одан ештеңе өнбей тұрғанын көреміз. Шындап келгенде бүкіл заң шартты, тек келісімдер ғана бар....
Автор осылай көрші жатақханананың терезесінен қарап, қызды бақылайтын жігіт арқылы алысқа, халықтың келешегіне де дүрбі салады. Аяқталуы керемет! «Шәйді мен құям», – дейді қыз. «Сен құймай кім құяды», – дейді жігіт. Жидегүл мен Жолдыбайдың шайынан ішкің келеді.
«Қайтар жол оңай»
Хикаят қатал әкесінен сескенетін, тек шешесіне ашылатын баланың атынан баяндалып, бірте-бірте психологиялық соққы алған баланың ішкі әлемі ашыла береді. «Әкем неге мені жақсы көрмейді? Егер мені жақсы көрмесе, онда мен жақсы бала емес шығармын, шешемнің менен жасырған сыры бар» дегенді ойлаумен өскен бала аса сезімтал. Авторлық тараптан әңгімелеу тәсілінің тартымдылығынан шағын ауылда күнделікті болып жатқан оқиғалар арқылы жас баланың психологиясына еріксіз үңіле береміз. Үлкендердің қабағынан сыр аңдып үйренген бала бұғанасы бекіп үлгермей жатып, ересек адамның міндетін алады. Баланың өзінің асыранды екенін білген кездегі сол шындықты қабылдауы да оңай емес. Өзінің қадірін, керектігін сезінбегеннен жан ауруының қандай болатынын ерте бастан кешкен мұндай балалар көбіне өзі де байқамай сана сүзгісіне осындай ойларды кіргізе бергеннен өскенде жасқаншақ, өзіне сенімсіз болып өсетінін ойлап отырасың. Өйткені адамның өзін бағалауы айналасындағыларының қарым-қатынасы арқылы қалыптасады ғой.
Неліктен он үштегі бала келген жағына кетуге шешім қабылдады? Бұл баланың таңдауына қатысты десек те, баласыз ерлі-зайыптының үйінде есі кіріп, әкесінен еш жылу сезінбесе де, бала, әйтеуір, шешесінен мейірім көрді ғой, бала болса сол маңдайынан сипаған шешесін яғни күйеуі көшенің арғы басында тұратын басқа әйелден бала сүйіп, жалғыздық сезінген байғұс әйелді тастап кете берді, бұл автор тарапынан тым қатал шешім емес пе дегенді ойлағанымыз рас...
«Белдік сатқан»
Әдетте соғыс туралы жазылатын шығармалардың басталуынан-ақ күңіренген бір сарынды байқаймыз ғой. Жоқ, мұнда ондай жоқ, бірден еліктіріп әкетеді. «Қара қағаз келді» деген Сағындық аман-сау келгені өз алдына, құр келмей, алдына қой салып айдап келсе, оқиға тойдан басталса қалай елікпейсің! Жасы он жетіден аса бере соғысқа барған бозбала үш жылдан соң елге келсе әйелін аталас ағайынға қосып, ол жүкті болған екен, бірақ, Сағындық еркек басына осы жайт қанша қиын болса да, әйелін қабылдап, одан туған баланы өзі иемденіп, келе сала үш айда үй салып, ауылдастарына да көмегі тиеді. Автордың ұзақ созып, термелемей-ақ, аз сөзбен хабар беретіні, мысалы, «Дарияның жылына бір сұрайтын құрбандығы бар» дегені қандай! Бұқалайдың биологиялық әкесі Құлжабек дария тасығанда суға кетеді (ол енді артық адам еді). Шаруа жігіт Сағындық болса қойын көбейтіп, елтірі сатып, үй салатын шеберлігі шыңдала береді. Бүгінгі уақытта туса ғой дейсің, бизнесмен болар еді. Баяғы әкесі соғыстан олжа қылған белдіктеріне айырбастап қой айдап келгенде іште үш айлық болған Бұқалай әкесіне тартып там соқты. Аудан орталығына бала бақша салғанда қабырғасына тақтатас орнатып, әкесінің атын жаздырды. Әкесіне деген құрметі. «Тірлігі белдік сатқанның тірлігі ғой!», – дейді әкесінің көзін көрген кемпірлер.
«Еркек»
Осы шағын дүниенің өзінде интрига, драматизмге орын қалдырып, махаббат пен кешірім тақырыбын қозғайды. Еркек мықты екен, бірақ, бұнда бәйбіше анағұрлым биік тұр. Бұндай әйел қазақта ғана болатын шығар, бірақ, ол өзі бақытты әйел ме? Осындағы «қайнаған қазанның буы мен кернейден шыққан көкала түтінге дейін мен мәтіби болам деп қиғылық салды" дегенде тоқалдың мінезі, өресінің қай шамада екені, бәрі айтылып тұр. «Ол сен сияқты әркім бір суын ішкен құдық емес» дегені шебер мезеу. Жазушының анық жетістігі – қарапайым түрде әңгімелеу, осы сырт көрінісі қарапайым көрінетіннің ішіне жан салып, ойды қозғау, қиялды, ескідегі нәрселерді жақындату бар.
Кейде бізге Қуандық Түменбай шығармалары жайында көп айтылмай қалған сияқты көрінгенімен, кейде автордың сол тәуелсіздік тұсындағы алас-күлес шақта прозаға келуі артықшылығы ма деп те ойлайсың, Қуандық Түменбай соцреализм талаптарына сай болу керек деген талапқа ұрынбай, қай дүниесінде де ұлттық мүдде тұрғысынан сөйлеп, ұлттың басты проблемаларын көтерді. Қоғамның ана жүйеден мына жүйеге өтуі кезеңінде кейбір нәрселер анық көрінеді ғой, бұрынғы көңілі тоқ, социалистік жарыстан өзге уайымы жоқ кеңес адамының образын емес, экономикалық дағдарыс кезіндегі қарапайым адамдардың қиналысын, жас мемлекеттің бастан өткерген саяси-әлеуметтік қиындықтары мен оның жаңа қоғаммен өзара сәйкеспейтін қайшылықтары, осы кезге дейінгі сенімінен, идеалынан ажырап қалған адамдардың жұмыссыз қалып, тұрмыстың тауқыметін шеккен кездегі ішкі көңіл-күйі, өтпелі кезеңде күрмеуі шешілмеген көп мәселемен бетпе-бет қалған ұлт тағдыры, осыдан келіп туындаған, белең алған рухани жүдеулікті берді. Шығармада парадоксты көрсете алу – өтпелі уақыттың ойлау нышанының бір түрі. Оның шығармаларында әсіресе, тоқсаныншы жылдардағы уайым-үрейіміз бар. «Тақия», «Жер мен көктің арасы», «Қайыршы», т.б. әңгімелері психологиялық жағынан тартымды. Әрине, тұрмыстық сюжет арқылы көп нәрсе айтуға болады, бірақ, ондағы ойды абсурдтық өлшемге көтеріледі дей алмайсың. Солай бола тұра, автор біз жиі кездесетін, кейде етіміз өліп кеткен қайшылықтарды, кереғарлықтарды ашады.
«Саябақтағы классикалық әуеннің» кейіпкері өткенді аңсайды, мына қоғамды қабылдауы қиын, бүкіл адамзат бастан өткеріп жатқан бұқаралық мәдениеттің дамуына, өзіміз бетпе-бет келіп отырған мораль дағдарысына қатысты уайымы көп. Әрине, әлеміші көп, жасандысы басым, жылтырақтары көз қарықтырар жаңа уақытты қабылдау оңай емес. Ол үшін о бастан кез келген жағдайға бейімделіп кете алатындай өзің де жытқырлау, жылтырлау болуың керек. Осының бәрінен, бітпейтін науқан, ұран, даңғазадан жалыққан Сұраған классикалық әуенді тыңдаған кезде өзінің керегін тапқандай болады, ол тіпті бұл жерге тек осы әуен үшін келетіндей. «Бүгінде бірі де жоқ баяғының» деп күрсінетін шал ақыры өзі ұнататын саябақта классикалық әуен тыңдап отырып құлайды.
Минимализм сыры
Кейде біз жанрлардың трансформацияға түскенін байқаймыз. Әрине, бұл жерде қоғамдық формацияның ауысуы мен мәдени парадигмалар алмасуын бастан кешірген заманда әңгіме жазу дәстүрінің де өзгеруі заңдылық көрінеді, классикалық дәстүр мен жаңашылдық тартысқа түсті деп күшейтпей-ақ қояйық, бірақ, жазушылар жанрлық түрлі ізденіске ден қойғаны анық. Жазушы Қ.Түменбай өзі бір журналиске сұхбат берген кезде гибрид жанрға қатысты көзқарасын білдіргенін оқыдық, ол өз пікірінде қазіргі қазақ әңгімелерінде бірыңғай стиль, бірыңғай әдіс жойылып, көп қабаттылық пайда болғанына қарсы да секілді, өйткені, өзі өмірбақи шағын жанрға қалам тартып, қалыптасқан стилінен ажырамай келе жатқан жазушы соңғы кездері бір ғана әңгіменің ішінде көркем әңгіменің де, деректі әңгіменің де, публицистиканың да қатар ұшырасуын, осы аралықтағы шекаралардың жойылып, кірігіп кеткенін қабылдамайтындай. Әрине, әлемдік әдеби даму үрдісінен қалыс қалмай, эксперименттерге барған жақсы десек те, әр нәрсенің шегі бар. Жазушы өз шығармаларында артық сөзден қашады, асырып суреттеуге құштар емес, бір қарасаң баяғы модернистердің де үлгісі бар, бір қарасаң, баяндауы жаңа. Егер Қ.Түменбай бүгінгі оқырманның яғни тұтынушының қажетіне қарай бұрылса, басқа бірдеңе жазып кетер еді, бірақ, бұл кісі баяғыдан бері өзінің тақырыбынан ауытқымайды. Және оның әңгімелеріндегі адамдар бір-бірімен туыс-шатыс емес, бірақ, бұларды персонаждардың толық жүйесі деуге болады. Аттары да қызық, негізі адамдар атымен эксперимент жасау қызық та.
Оның кейіпкерлері «кішкентай әлемін» айналшықтай беретін кейіпкер болуы мүмкін, бірақ осы арқылы үлкен өмір айтылып, жазушы оқырманмен бір тілде сөйлесе алады. Оған «Қоңсы»,«Көңілдес», «Мылтығы жоқ мерген», «Атуға бұйырылған адам», «Темір аяқ» т.б. әңгімелері дәлел. «Темір аяқ» деген әңгімесінде егіс даласында аяғын комбаин орып кетіп, жас әйел басымен темір аяққа күні қарап, тауқымет көрсе де тағдыры алдында басын төмен салмаған әйелдің қажырын көрсетеді. Әрине, «Жынды Гүлзада» деген сияқты онша иландырмаған, тым сентиментальды көрінген әңгіме де болды.
Жалпы ер жазушылардың әйелге жай бір төмен етекті, ұрғашы деп қана қарайтын көзқарасы олардың жазғандарынан да көрініп отырады. Бұл Сомерсет Моэм сияқты шебер жазушыларда да болды. Егер еркекті қатты жақсы көріп сүйсе, ол әйелді ақымақ әрі жабысқақ деп бағалайды, жеткілікті сүймесе миы есептен басқаны білмейтін, тек күйлі тұрмысты біріншіге қоятын әйел деп есептейді, егер көпшіл, ақжарқын болса, онда аузына тыным жоқ әрі көңілшек біреу болғаны... Байқағанымыз, әйел психологиясына бойлай алатын жазушы деп бағаланатын Қуандық Түменбай шығармаларында да әйелдер көбіне еркектің қажетіне ғана жарайтын, ақылы келте, эмоцияның адамы ретінде көрінеді, бұл да біз – әйел оқырмандар үшін «е-е-е» дейтін тұс екен, егер әйелдер еркектердің көзіне шынымен солай көрінетін болса, онда неге әйел-байғұстар оларға ұнауға тырысып, өліп-өшіп, үздігіп жүр екен дейсің...
Дегенмен, бір нәрсе анық, өмірдің мың қатпарлы кітабын мүжіп оқып әбден есейген, өзі де жанын салып отырып қаншама дүние жазған жазушының шығармаларындағы минимализмнің сыры – пафос, шешендік, уағыз-насихатшылық көрінбей, керісінше еркін шығармашылық көрінуінде. Жазушы өзіне дейінгі Бейімбеттер ізін, дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, қоғамның көңіл-күйін таниды. Осы кезеңді, уақытты ұстап отырып әлеуметтік тақырыптарды игерген. Осылай идеяның классикаға жақындағанын, эстетикалық жағынан үйлесімге маңайлағанын көреміз.
Бөлісу: