Ербол Алшынбайдың эстетикасы

Бөлісу:

28.05.2024 1623

Әрбір қаламгер – жазушы, бірақ барлығы бірдей суреткер емес. Дегенмен, «Суреткер» дәрежесінің белгілі бір заңдылығы жоқ. Ол табиғаттың өзі сияқты әу баста автормен бірге жаралады. Қандай да бір құбылысты көзбен көру арқылы оның толық сырына қанығу мүмкін емес. Сондықтан көз – сезінудің алғашқы жолы ғана. Сұлулықты қабылдау үшін көрумен қатар, сол нәрсенің мұңын да, қуанышын да бірге кешкендей әсер қажет болады. 

Бальзак «Суреткерлер туралы» мақаласында: «Суреткердің жаны өзіне ұқсас жанды іздейді», десе, Серік Қирабаев «Суреткер» мақаласында: «Шынайы көркемдік дегеніміз өмірдің өзіндей қарапайым қалпын сақтайды» деген. Жан тазалығы жоғалмаған адам, әлбетте, күйеге емес, киеге ұмтылатыны анық. 

Жуырда «Қаламгер» порталында ақын Ербол Алшынбайдың «Жылқы ғана жалғандағы серігім» атты топтама өлеңі жарияланды. Цикльді түрде жазылған өлеңдерде, жалпылама айтқанда, табиғат пен адам жанының үйлесімі, жылқының көркем бейнесі, мифтік сарыны ерекше көрініс тапқан.

Ақын «Топырақ астындағы жылқылар» өлеңінде Берелде көмілген жылқыларды бояуы қоңыр, өзегі алтын, поэтикалық кеңістігі шалқар сөзбен сипаттап, тарихқа үңілген. Жалпы, Ғұн, Сақ, Түркі кезеңдеріне ден қою, өткеннің үкілі шындығын жаңғырту – ұмытылмас еңбек, ұлтқа азық. Көне заманда ең биік дәреже Қағанда болса, сол Қағанның алаулы серігі, жамаулы жарасы да – жылқы еді. Сондықтан болар, ол бақиға аттанғанда тұлпары бірге көміліп, екі тағдырға бір топырақ бұйыратын-ды. 

Кеудесін жел сүйіп аңқылдақ,

Езуде ақ алмас ауыздық қаршылдап.

Қай қаған астында жүрді олар,

Қылқұйрық семсердей жарқылдап?!

Топырақ танымы, топырақтың демін сезіну арқылы тарихты қордалау, тарихи фактілерді көз алдына елестету деген дүние бар. Суреткер осы үрдіспен сол заманға қиялмен сапар шекті. Сонау бағзы заманды сезінді, көрді, Қаған жүрген жолдармен жүріп, Қаған аялдаған тасқа барып, бір уақ жантайды. Бәлкім, өзі де жер-жаһанды уысында ұстап тұрғандай әсер алуы мүмкін. Патшалық деген – неткен алып күш, асаулы ағын. Қара басқа құрық салдырмас қарагер айғырға жүрегі тең, жанары ұқсас. Сол себепті де Ербол Алшынбайдың жылқылары тыныштықты қаламай, тыпыршып, «езуде ақ алмас ауыздығы қаршылдап» тұрады. Тірескен тағдыр, тістескен ғұмырда ол да керек шығар. Ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында мүжіліп кетпеу үшін де мызғымас мінез керек. Алшаңдап басқан арғымақтың кеудесін жел сүйеді. Дүние дидары жарқын қырынан көрініп, есіл дәуір еркелетеді. Қағанды да, оның астындағы атты да алақанына салып, аялайды. Ақын сол бір жылт еткен сәтке өзінің тұтас болмысын сыйдырып жіберген.

Шумақтағы маңызды көркем детальдің бірі – ауыздық. Сол ауыздықтық пен үзеңгіні алғаш рет адамзат өркениетіне Алтай тауын мекендеген біздің бабаларымыз ойлап тапқаны белгілі. 

Осы өлеңде «Астында тарихым иесіз құлындай шырқырар» деген тармақ бар. Мәтіннің символикалық астарында XІX-ХХ ғасырлардағы қазақтың қилы тағдыры, «құлагер» ғұмыры сипатталғандай. Ашаршылық пен репрессияның қызыл таңбасы – ақын меңзеген «иесіз құлынның» символы. Бүгінгі заманның айнасына келсек, ол таңбаның әлі өшпегенін байқаймыз. Шынында да, сүріну мен сүйінудің арасы – екі тұтам. Тұнжыраған тұманда құлын өзінің «жаратушысын» іздеп жүр. Бергіні емес, мыңжылдықтар тоғысын, Түркілер дәуірін.

***

Келесі «Жылқының қу басы туралы жыр» өлеңінде ақын ырымшыл халықтың ұлттық болмысына үңіліп, теңіз астындағы маржандарды тереді. Дегенмен, бұл салт – жанарды жәудіретіп, көңілді елжірететін иірімдерге толы ишара. 

Алғашқы қасірет көңілде бүр жарған,

Моланы бетке алып жүргенде көп адам.

Әкемнің қарагер атына тұлданған,

Мен сонда бұрылып қарағам.

Балалық бал дәуренді аяқ асты ұмыттырып, тез арада есейтіп жіберетін мезет бұл. Алғашқы мұң, алғашқы жабырқау, алғаш рет жалғыздықпен тілдесу. Шайыр жанына себілген бұл оқиға бара-бара бүршігін жарып, кеудесінің сол жағын жиі соқтырғаны анық. Жазықсыз жылқының өз үні, өз дүбірі бар еді. Әттең, барымта-күн оны да олжалап, барсакелмеске алып кетті. Ендігі кезекте әкесінің асына сойылған, қара ағаш басында ілулі тұрған жылқының қу басы ғана менмұндалайды. 

Бала ақын басында ештеңені білген жоқ, мынау өмірде қатігездік барын аңғармады. Мұқағали айтпақшы, «Сонау бір бала кезімнен, Жауыздық барын сезінгем...» деген ішкі ашу, адам түсінбес нала, күнәсіз кек көкіректе ұялап қалады. Соңында, Е.Алшынбай өлеңнің түйінін «жазықсыз жылқым бейіште жүр ме екен» деген өмірлік философиямен аяқтайды. Басқаша айтқанда, құрбандыққа шалынған сол арғымақ – ақынның балалық шағының да құрбандығы. 

***

Автор ежелгі дүниетаным, миф, аңыздарды поэтикалық мәтінге көптеп қосқан. Әрине, мұның негізі – ұмыт болып бара жатқан сакральді құндылықтарды аршып, қайтадан қоғамға ұсыну. Даңғазасы көп тірліктен, дүбірлі дауысқа құлақ тоссын дейді ақын. Бірақ ес пен жады «көпте» емес, кемелінде. Басқасын айтпағанда, Ұмай ана секілді айшықты, бедерлі танымды ұмыт қылғысы келетін «зиялылар» да бар. Жер мен көк, жұлдыз бен галактика, сұлу айдын мен әсем жылқылар бір мәтінде тоғысқан «Аспан жылқылары» өлеңі – эстетикалық элементтерден, ілкі танымның бұлағынан нәр алған мифтік шығарма.

Көкленнің кербез бұлттай тұтасқан,

Көп жылқысы жайлайды сол өзенді.

Бұл – «Аспан жылқылары» өлеңінің алғашқы тармақтары. Көркем мәтіннің мифтік қабатына зер салсақ, «Көклен» деген детальдің маңыздылығы айқындалады. Өлеңде «Көкленнің жылқылары» делінген. Ендеше, Көклен деген кім? Түркітанушы, мифтанушы ғалымдар Көкленді жемістілік құдайы, көктің анасы, яғни, босанушы әйелдерге қамқор болатын тылсым күш иесі екенін айтады. Әлихан Бөкейхан бұл кейіпкердің архаикалық табиғатына назар аударып: «Пұтқа табынушылықтың өкілі Құртқаның анасы Көктен (Көклен) Кемпір – әлдебір мифтік тіршілік иесі», - деп жазған. 

З.Наурызбаеваның айтуынша, бұл мифтік кейіпкер аспанда мекендейді, сонда биелері мен қойларын сауады, нөсер – төгілген сүт, ал бұлттың күркіреуі – көк жылқысының кісінеуі, кемпірқосақ – аспандағы қойларды байлап қоятын тәңірдің арқаны. Тағы бір бір деректерде Көклен Қобыланды батырға қиындықта қалмасын деген ниетпен бұлттарды сыйға тартады. Сенім бойынша, бұл бұлт – тарыққанда тағамға, қорыққанда қорғанға, көл кешкенде көпірге, шөл кешкенде сусынға, жау келгенде әскерге айнала алады. Е.Алшынбай Көклен секілді ізгіліктің символына айналған аңыз кейіпкерді жырға қосу арқылы түркілік танымды қайтадан жаңғыртып отыр. 

Сауырынан күннің нұры тайғанап,

Көкілдідей жөңкиді олар аспанда.

Біріншіден, Көкіл – көк аспанның иесі, аспандағы мифтік өзен, мәтін тұрғысынан поэтикалық бейне. «Жөңкиді», яғни аспанда ағады, тасиды, толқиды. Басқаша айтқанда, көкжиекте аспан мен көлдің қосылғанын тұсы суреттелген. Көл көкке, көк көлге айналып кеткен айна-ғұмыр сәт. Дүние тұтасқан мезет. 

Екіншіден, «Көкіл» сөзі біздің төл мәдениетімізде аз-кем кездеседі. Мәселен, Қазанғаптың «Көкіл» күйін тыңдаған боларсыздар. Зерттеуші С.Балмағамбетов күй тарихы туралы былай дейді: «Қазанғап жасында сал-серілік ғұмыр кешіп, жүріңкіреп қалып кештеу үйленеді. Сол себепті баланы да зарығып көреді. Тұла бойы тұңғышы Ақшыбық деген қыз бала екен. Осы баласын еркелетіп, «Көкілім менің, кекілім менің», – деп атаса керек. Бірақ өкінішке орай, Ақшыбық көкірек дертінен жас кезінде бақилық болады. Періштедей пәк қызын жоқтап, өмірге базынасын айтып, Қазанғап «Көкіл» күйін шығарады.

Осы өлеңде тағы бір назар аударатын нәрсе – мына бір көркем бейне:

Толған кезде көк аспанның көнегі,

Сүт жауынын қара жерге төгеді. 

Ғажап суреттеу! Көнек – мал саууға арналған ыдыстың жалпы атауы. Ол (бұлт) толған кезде мол сүтін (тамшы) жерге төгіп, іші босайды. Көнек метафорасы мен сүт метафорасы бір-бірімен мінсіз үйлесіп, жаңа бір бейнені құрап тұр. Көркем детальдер арасындағы жіпсіз байланыс осындай болса керек. Сол бір бұлтты, тамшыны, көнекті қолмен ұстағандай, көзбен көргендей әсер қалдырады. Бейне бір уыз-тамшы жерге емес, жаз дидар жанарға тамғандай, дәмін татқандай сағыныш маздайды.

***

Бұл жыр топтамасында «Суын» туралы да өлең бар. Ел арасында «суын – көктің үйірі» деген тәмсіл сақталған. Тамыр басып айтқанда, бұл да – мифтік кейіпкерлер. Ал С.Қондыбай суындарды «су жылқысы» деген пікір қосады. Дегенмен, поэтикалық мәтінде көбінесе екінші пікірге иек артылғаны сезіледі.

Көк теңізге жібек жалын сипатып,

Суын жылқы судан шығар ақсаңға.

«Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» ақсаңға бату – кеш бату, күн бату мағынасын білдіреді. Әдеби мәтіндерде «Ақсаң батып, ымырт жабылды» деген сөз тіркесі кездеседі. Осыдан, жырда «суын жылқысы сыртқа шықты» дейтін бейне әспеттелгенін байқаймыз. Бірақ ол жай шықпай, көркем түрде, жібек жалын теңізге сипатып шығады, тіршілікті өзіне қаратып шығады. Негізі, жылқының суға шомылуы, судан шыққан сәті де ерекше болады. Тұяғымен суды ойнатып, кішігірім толқын туғызып, ойнақтап тұрған тұрпаты да өзгеше келеді.

Қаз мойынын әсем бұрған сәтінде,

Сылқым қыздан сұлу болар жануар!

Жалпы, өнер атаулының өзегі – бір, ол –  адамға эстетикалық күй сыйлау. Эстетика – бір жағынан сұлулық болса, екінші жағынан жүректі катарсиске апаратын тылсым құбылыс. «Суын» өлеңін оқығанда ойға түрлі бейнелер келеді. Оның ішінде суретші салған картиналар да бар. Мысалы, әйгілі суретші Жеңіс Кәкенұлының «Сәйгүліктер семантикасы» атты суреттер топтамасы ақын жырымен тақылеттес, тамырлас. 

«Жылқы текті жануар ғой. Тілі жоқ демесең, бәрін түсінеді. Менің басқа суретшілерден ерекшелігім – жылқыны адам деңгейіне көтеріп, бейнелеуге талпынып келемін» дейді Жеңіс Кәкенұлы бір сұхбатында. Шынында да, адам мен жануардың сұлулығын әспеттеу, қыздай мүсінін құлпыртып көрсету үшін сол эпизодты тұла-боймен, жан жүрекпен сезіну қажет. Жылқымен бір өмір сүріп, жылқымен жаны дос болуы тиіс. Бұл шумақта ақын тұлпар мүсінін әсем қыздан да жоғары қою арқылы, екі параллель тіршілікті қатар суреттеп тұр. Көз алдына: су-су болған қоңыр жалдың иіріліп келіп, аспанға атқуы, сол жалдың ар жағынан көзі мөлдіреп, құлағы тікірейіп, «шоқпардай кекілді», «бөкен қабақ», «теке мұрын», «салпы ерінді» (Абай) сұлу жануар елестейді. Абайдың қолтаңбасы секілді Е.Алшынбай да «қаз мойын» эпитетін қолданады. Аттың көрінісін неғұрлым қанық қылып таңбалау үшін бұл эпитет, шынында да, дәл қолданылған. 

Адамға психологиялық тұрғыдан да, эмоционалды тұрғыдан да ең жақыны – жылқы. Ең аяулы бір дүние – жылқы адам сияқты жылай алады. Мына бір контрастты қараңыздар, ақын Расұл Ғамзатұлы сәйгүлік туралы өлеңінде оның адам секілді күле алатынын да сипаттайды. 

Вначале мне подумалось: вот диво,

Как человек, смеётся этот конь.

Бір байқайтынымыз, біз талқылап отырған поэтикалық мәтіндерде динамика мен драматургиялық тартыс бар. Мәтін ішінде Көк пен Жердің, адам мен жануардың, күлкі мен күрсіністің, бақ пен сордың, сұлулық пен сұрқиялылықтың, таным мен талғамның «астарлы» майданы жүріп жатыр. Мұны авторды мәтіннен «ысырып» тастау арқылы ғана байқай аламыз. 

***

Жылқы – жанашыр келеді. Бірде Қытайдың Гунси қаласында тұрғындар шамдар күнін атап өтеді. Қытайлықтардың сүйікті ойын-сауықтарының бірі ат төбелесі өтіп жатқан кез. Көрермендер қоршалып тұр. Кенет бір көрермен ашулы тұлпардың тұяғының астына түсіп кетеді. Сәл болғанда жарақат алатын еді. Бірақ сол сәтте тағы бір жылқы жүйіткіп келіп көмек береді. Сонда адамның амандығы үшін жеңісін де құрбан еткен әлгі жылқыға жұртшылық таңданады. 

Мұндай мысалдарды қордалай берсек, өте көп. 

***

Ат жалын тартып мінгеннен кейін жылқы туралы көптеген тәмсілдерді естіп жүрміз. Соның бірегейі – мына сөз. Оны жазушы Екатерина Шейкина айтты:

«Жылқы – қозғалыстағы тірі поэзия...» 

Бөлісу:

Көп оқылғандар