Жүсіпбек Аймауытұлының «Нағима» әңгімесі туралы

Бөлісу:

30.05.2024 943

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жазушылары түрлі тақырыпта қалам тербеп, келешек ұрпаққа өшпестей із қалдырды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Алаш үшін аянбай еңбек етіп, халық жолында құрбан болған Жүсіпбк Аймауытұлының мол мұрасы, қисапсыз қазынасы бүгінгі халықтың рухани азығына айналды. 

Жүсіпбек Аймауытұлы прозалық, поэзиялық шығармаларымен танылып, драматургияда да ерен еңбек етті. Сондай-ақ жазушы аударма ісін қолға алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл жөнінде саяси қайраткер С.Сәдуақасұлы: «Ж.Аймауытұлы әрі ақын, әрі проза жазушы. Ол «Интернациональдың» тамаша аудармасын жасады, көптеген төңкеріс әндері сөзінің авторы...», - десе, профессор Серік Қирабаев Жүсіпбек Аймауытұлының педагогтік қыры жөнінде «Жүсіпбек саналы ғұмырын бала оқытуға бағыштаған» деп пікір білдіреді. Жүсіпбек Аймауытұлы өз шығармаларында халықтың тұрмыс-тіршілігі, қоғам жайы, өмір көріністері, әйел теңсіздігі мен тағдыры т.б сипатта саралай жазылды. Жүсіпбек Аймауытұлының қазақ өмірінен сыр шертетін шығармасының бірі – «Нағима». 

 «Нағима» шығармасы Қайыңдыкөл жағасындағы Танабай ауылының сұлуы, ақылды, үйінің кенжесі, ағаларының ерке қарындасы, өмірден ерте қайтқан Бекбосын қарттың қызы Нағиманың өмірін бейнелейді. 

Әңгімедегі Нағима – бір әулеттің еркелеткен кенжесі екендігін жазушы былай бейнелейді: «Нағима 17-де. Бекбосын қарттың қызы. Жасынан əкесі өліп, екі ағасы мен шешесінің қолында өскен. Бір үйдегі жас бала болғандықтан еркелетіп, бетін қайтармайтын. Ағалары малайлыққа жалданса да, өздері кимей-ішпей, осы қарындасын киіндіріп, қатарынан кем қылмайтын. Бұрын бұл ауылда бес қыз, екі келіншек болып, көрші ауылдың бозбалалары қылжақтап осы ауылдан шықпайтын еді. Қатындар бұл ауылды «кіші атам ауылы», «кіші ауыл» дейтін. Бұрын кіші ауылды атағанда, қыз-келіншек, қызойнақ, бозбала жиналып қарта ойнау еске түсетін. Бұл кезде ол қыздардың бəрі кетіп, ауыл бірқатар көңілсіздікке қалған.

Ол кездегі жаулығын нəлдеп жуатын жас келіншектер бұл уақытта бəсеңдеп, шаруашылыққа айналған». 

Нағиманың өзгеден ерек туған, жаны да тәні де сұлу жан екендігін жазушының мына сипаттауынан аңғарамыз: «Нағима сол бес қыздың кішісі еді. Ажары басқаларынан артық болып, өзінің жақсы мінездерінің арқасында соңғы кезде жұрт аузына іліне бастаған еді. Көппен араласып, ойын-сауыққа жасынан қатынасқаннан өзі де ашық-жайдары еді.»

Шығарма кейіпкерлері өзара диалогқа аз түседі. Жазушы кейіпкерлердің бейнесін зерлі сөзбен кестелеп аша білген. Ауыл өмірінің күйбең, қарбалас тіршілігі де назардан тыс қалмайды: «Ауылдың өз адамдары арнайы жұмысқа арнап жаратылғандай қысы-жазы қыстауының маңында болып, жұмыстан босамайтын. Қатын-баласына шейін жұмыс қылып, жаздай Қайыңдыкөлдің құрағын орып, кемпірлері де көшкен ауылының жұртынан тезек теріп, қыстық отындарын жинайтын еді.» 

Жасынан ерке, отбасының мейіріне қанып өскен қызды сол заманның жорасына сай ерте тұрмысқа береді. Бұл да сол замандағы қазақ қоғамының шындығы еді. «Қала киімінше киініп, тықырайған шегір көз, шоқша сақалды сары кісі басқа қонақтардың төменгі жағында, оңашалау салған көрпенің үстінде шарт жүгініп отыр. Бүгінгі қызық, бүгінгі мереке соның үшін болып жатқанын қутыңдап, 

мұртынан күліп, қатындармен күлмеңдеп сыбырласқан қалпынан əркім аңғарарлық еді. Бұл – атақты Ысқақ байдың інісі Есжан еді. Қырық жетіні қырық матап беріп, тоқалдыққа Нағиманы алғалы келіп отырған жолы». 

Жазушы Нағиманың өз сүйгені болса да, бұл ұзатуға қарсылық жасарға дәрмені жоқ екендігін айтады. Сөйтіп Нағиманың өз сүйгеніне емес, бай Ысқақтың аулына ұзатылып кетуі көңіліне кірбің түсіріп, мұңға батырады. Жазушы қазақ қоғамындағы осындай жөнсіз әрекеттерді оқырманның талқысына ұсынады. 

Бұдан кейінгі оқиға былай өрбиді: «Қалың ағаштың ішіндегі қара жолмен екі ат жеккен бір жігіт, бір жас əйел жүріп келеді. Аттары босаңсып, айдағанға жүріңкіремей, азап көрген қалпы бар. Жолдың екі жағындағы қонып тұрған биік ағаштардың суылдаған дауысы жас əйелдің көңіліне бір түрлі қауіп кіргізіп, əлденедей ой түсірді. Алдағы күннің не боларына көзі жетпейді, басын қаңғыртқан тұманды қиял оның жүрегін түйіткілдеді. «Құдай-ай! Бағымыз ашылып, ел-жұртқа қосылатын күн болар ма екен», – деді ішінен жас əйел.» Бұлар – Нағима мен Қасымбек еді. Байлығына сүйеніп, бәйбіше үстіне тоқал алған Есжанның үйіне әйелдікке барған Нағима өзінің сүйген жігіті Қасымбекпен бірге қашып шығып, өз бостандығы жолында алға үмітпен қарап келе жатқан беті еді.

Әрі қарай әңгіме желісі Нағима мен сүйген жігіті Қасымбектің орыс ішінде отырған Мыңбайдың үйіне түсуімен жалғасын табады. Автор  Мыңбай туралы былай деп мәлімет береді: «Бұл жалғыз үй орыстың күтін бағып отырған Мыңбай дегендікі еді. Жасынан қазақ көрмей орыс арасында өсіп, күту бағып, күнелткен. Ер жеткен екі баласы бар.  Әуелгі кезде елден шұбырып келсе де, балаларының еті тірілігі арқасында бай орыстармен араласып, күн көруі жақсы болған.» Мұндағы Мыңбай – өз дәуірінің өзгеше адамы. Орыстың малын бағып күнелтіп қана қоймай, заманына бейімделіп, тұрмысын да түзеп отырғанын көреміз. Өздерін паналап келген екі жасты Мыңбай артық-ауыс мінез шығармай, жақсы қабылдайды. Үй иесінің жылы қабақ танытып, жастарға қол ұшын созуы Нағима мен Қасымбектің бақытты ғұмыр кешуіне себепші болады.

Бұдан кейінгі оқиға ақ пен қызылдың өзара шапқыншылығына ұласады. Қасымбек осы кезде Нағиманы Мыңбай үйіне қалдырып, оның кіші баласы Сүлеймен екеуі өзі мекендейтін қалаға қызылдарды бастап жөнеледі. 

Ақыры өзінің әулетін торғай-тоқ қылып жіберген Есжаннан есесін қайтарып, өз бақытына қол жеткізген Қасымбек пен Нағима ел қатарлы өмір сүреді.

Бұл әңгіме – «большевиктер билігі орнап, байлардың зорлығында жүрген кедейлерге теңдік тиген» дейтін дәуірді дәріптейтін, социалистік реализм сипатындағы шығарма. Бүгінгі күні коммунистердің іс-әрекетіне деген сан түрлі сыни көзқарастар бар дегенімізбен, жас қыздарды малға сату, әйел теңдігі мәселесінің шешілмеуі, т.б. тұрғысында реалистігі басым, өзекті туынды деп пайымдауға хақымыз бар.

Ж.Аймауытұлының «Нағима» әңгімесінің соңы бақыт пен шаттықтың орнауымен аяқтайды. Бұл да жазушының әйел затының қиындықтарды басып өтіп, бақытқа лайық екендігін ту еткен гуманистік қырын танытады. Жалпы Ж.Аймауытұлымен қатар ХХ ғасырда әйел тақырыбында қалам тербегендер аз емес. Ғ.Мүсрепов, М.Әуезов, С.Көбеев, Қ.Кемеңгерұлы және т.б. жазушылардың осы тақырыптағы туындыларымен сарындас екендігін атап өткен жөн.

Заңғар жазушы Ж.Аймауытұлының мол мұрасын зерделеу жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың парызы. Қазақ әдебиетінің қайнар көзіне айналған Жүсіпбек Аймауытұлының шығармалары қазақ халқы барда бағы таймақ емес. Елім деп езілген ердің атын ұлықтау біздің міндет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар