Әділет Қабылов. Қазақ әдебиетінің досы (жазушы, аудармашы Анатолий Ким 85 жаста)

Бөлісу:

16.06.2024 1397

Көрнекті орыс жазушысы, суретші, аудармашы Анатолий Андреевич Ким 85 жасқа толып отыр. Ол ХХ ғасырдағы орыс әдебиеті таңдаулы өкілдерінің бүгінгі күнге жеткен ақсақалы іспетті. 

Оның 100-ге тарта кітабы жарық көрген, көптеген шығармалары бірнеше тілге аударылып, әлемнің 30 шақты елінде басылған. А.Кимнің фольклорлық, христиандық бастаулардан нәр алып, жалпыадамзаттық маңызды идеяларға суарылған шығармашылығы өзінің бірегейлік сипатымен ерекшеленеді.

Анатолий Андреевичтің ата-анасы, өзге де кеңестік корейлер секілді, 1937 жылы күзде саяси репрессияға ұшырап, Қиыр Шығыстан Қазақ даласына күштеп көшіріледі. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы Сергиевка аулында 1939 жылы 15 маусымда педагогтер отбасында болашақ жазушы Анатолий Ким дүниеге келген. Соғыстан кейін, 1947 жылы Анатолийдің ата-анасы – орыс және корей тілдерінің мұғалімдері Камчаткаға, одан Сахалинге қоныс аударады. Орта мектепті бітіргеннен кейін жас жігіт Мәскеуге келіп, көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Ол жерде үш жыл оқығаннан кейін өз еркімен әскер қатарына аттанып, Кеңес армиясы қатарында қызмет етеді. Әскерден оралған соң мұнаралық кран жүргізушісі, киномеханик, жиһаз фабрикасында шебер, суретші-безендіруші, сурет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Одан кейін М.Горький атындағы Әдебиет институтында сырттай оқып, білім алады. Жазушылықпен айналыса бастады. Кейін тарихи отанына барып, Сеулде (Оңтүстік Корея) жоғары оқу орнында орыс әдебиетінен дәріс оқыды. Қазақстанға келіп, қазақ жазушыларын орыс тіліне аударумен шұғылданды. Қазір Мәскеу қаласында тұрады.

Көп жылғы ізденістен кейін 1977 жылы А.Кимнің «Голубой остров» атты алғашқы кітабы жарық көріп, әдебиетке дүниебейнесін өзіндік ерекше әдіспен бейнелейтін, тілі айшықты, талантты жазушы келгенін паш етеді. Жазушының алғашқы әңгіме, повестерінен-ақ тың образдар, тосын да соны шарттылық сипаттар, фольклорлық, халықтық фантастика элементтері өмір шындығын бейнелеудегі жаңаша өрнектілігін көрсетті. «Собиратели трав», «Соловьиное эхо», «Логос» повестері, «Отец-лес», «Сбор грибов под музыку Баха», «Белка», «Онлирия» романдары арқылы көп қырлы өмір құбылыстарын ерекше шеберлікпен суреттеді. Оның шығармашылығында көркемдік шындық «социалистік реализмнің» тар шеңберінде қамалып қалмай, еркін жазушы қиялының ұшқырлығын паш етіп, суреткерлік фантазиясымен шырқап, авторлық идеясының метафорасы деңгейінде танылып отырады.

А.Кимнің шығармалары жеңіл оқи салуға келмейді, яғни ол оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Мағынасы көп қабатты, көркемдік сипаты сан қырлы, шын шебердің қаламынан шыққан туындыларды түсініп оқу үшін оқырманның қажетті интеллектуалдық дайындығы керек. «Мен кітапты «жақсы адамдар» үшін жазамын, оқырман мені түсіне ме әлде түсінбей ме деп бас қатырып жатпаймын», – дегеніндей, көркем мәтіндегі астарлы ойлар, философиялық, діни, символдық, мифтік қабаттар ойшылдық әлемнің тереңіне тартып, ақылмен терең түйсінуді қажет етеді. 

Жазушы таланты – сирек талант. Оның орыс тілін терең меңгеріп, ерекше жасанта білетін суреткерлік шеберлігі талайларды тамсандырып келеді. Жазушы шеберлігінің бір сыры оның суретшілік өнерінде жатуы мүмкін, өйткені көркемсурет училищесінде оқып аяқтамаса да, ол өнерін тастап кетпеген, арагідік қыл қамалын қолға алып, сурет салып тұрады. Соңғы жылдардың өзінде жазушының бірнеше рет сурет көрмесі ұйымдастырылды. Өзі тұратын Переделкинодағы үйінде шағын шеберханасы мен галереясы бар.

А.А. Ким – қазақ әдебиетінің досы, қазақ жазушыларымен жақын араласқан, шығармашылық байланыста болған, М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Т.Әбдік сияқты қазақтың көрнекті жазушыларының шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған белгілі аудармашы.

Ол жаңа ғасырымыздың басында М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының орыс тіліне жаңа аудармасын жасаған, бұл аудармаға Әбіш Кекілбаев ағамыз жоғары баға беріп, аудармашылық шеберлігін ерекше атап өтеді: «Анатолий Ким табиғатынан қансонарда түлкі қаққан қанды ауыз тазыдай алғыр жазушы болғандықтан, Әуезовтің басындағы әрнәрсені тура айтатын жерінде төтелеп баса көктемей, қыбын тауып қиялап айтатын астаршылдығын бірден түсінген. Кейде, мысалы, глоссарий болатын түсініктемені кеңейткен метафора қылып, ал метафора болатын жерлерді ауызға шайнап салатын глоссарийге айналдырып, үлкен мәтіндік-поэтикалық маневрлар жасап отырады. Бұл Әуезовтің өзіне тән тәсіл болатын. Сондықтан да орысша мәтінге зақым келтіріп тұрған жоқ. Қайта түпнұсқаның кейбір қитұрқылық шеберліктерін, кез-келген кісіде кездесе бермейтін шеберліктерін, дәл жеткізуге тырысқан. ...Бүгінгі таңда жасалған Әуезов шығармаларының ең сәттісі Анатолий Кимнің аудармасы деп есептеймін (Кекілбаев Ә. Шоқтығы биік аударма. «Нұр Астана» газеті, 02.04.2009).

А.Ким заңғар жазушы Ә.Кекілбаевпен достық және шығармашалық қатынаста болған, жазушының «Аңыздың ақыры» романы мен көптеген повесть-әңгімелерін орыс тіліне тәржімалап, өзге тілдерге аударылуына жол ашқан жазушы. «Ұлттық әдебиетті жақсы аудару үшін сол халықтың жанын түсінуің, рухын сезінуің керек. Мен қазақ жерінде туып-өсіп, бұл халықтың жақсылығын көп көрдім. Қазақтың өмір салты, таным-дәстүрінен жақсы хабардармын. Кейін қазақ прозаиктерін оқығаннан кейін менің қазақ тұрмысы, өмірлік философиясы туралы түсінігім кеңейе түсті. Сондықтан мен қазақтың мықты прозаиктерін аударуды қолға алдым. Мұным сәтті шығып, елдің алғысына бөлендім. Мен мұны мақтаныш етемін», – дейді ол.

Жақында гранттық қаржыландыру жобасы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымызбен Мәскеу қаласына барған сапарымызда жазушымен кездесудің, оның мерейтойлық шығармашылық кешіне қатысудың сәті түсті. Біздің зерттеу тобымыздың мүшелері, докторанттар Бақтыбай Жайлау мен Мұстафа Шоқай үшеуіміз Ресей халықтары үйінің Федерация залында болған А.А.Кимнің 85 жылдығына арналған шығармашылық кешке қатысып, мерейтой иесін қазақ халқының атынан құттықтадық. Облыс әкімі Н.Қилыбайдың құттықтау адресатын тапсырып, иығына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Байпақов әдейі арнап беріп жіберген шапанды жаптық. Мерейтой иесінің мерейі өсіп, жазушының жерлестеріне алғысын білдірді.

А.А.Ким біздің зерттеу тобымызды Переделкинодағы жазушылардың саяжай үйіндегі шаңырағында қабылдап, сұхбат берді. Әңгімеміз бес сағатқа созылып, жан-жақты тақырыпты қамтыды, әдебиет пен өнер жайлы, қазіргі әдеби процесс, өзінің шығармашылық жолы, қазақ жазушыларымен достығы, Ә.Кекілбаевпен достық және шығармашылық байланысы т.б. жайлы келелі сұхбат болды. Шығармашылық лабораториясы жайлы сыр шертіп, кітаптарын сыйлады. Жазушының әңгімесі мен зайыбы Лилия екеуінің қонақжайлығына риза боп қайттық. Қаламгермен кездесулер көңілімізде ұмытылмас әсер қалдырды.

Көрнекті орыс жазушысы, суретші, аудармашы, Ресей сөз өнерінің академигі Анатолий Андреевич Кимді мерейлі 85 жасымен құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық, шығармашылық табыс пен баянды бақыт тілейміз!

Әділет ҚАБЫЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, 

Yessenov University профессоры

Бөлісу:

Көп оқылғандар