Ырысхан Мұсаұлының «Тауан» драмасындағы Құнанбай бейнесі
Бөлісу:
Ы. Мұсаұлының «Тауан» драмасы тарихи тақырыпқа жазылған туынды. Бұл драмалық туындыда ағасұлтан Құнанбай бейнесі сомдалған. Пьеса авторы Құнанбай және оның айналасындағылардың шынайы қырларының ашылуына назар аударады. М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай бейнесін талдағанда оның көп қырлы екенін айта келе қатыгез, безбүйрек, аяушылығы жоқ озбыр ретінде талдау да орын алғаны белгілі. Бірақ М. Әуезов шығармасындағы Құнанбайдың мінезіндегі қаталдық пен озбырлығына қазіргі уақытта басқаша баға берудеміз. Ол өз алдына жеке әңгіме. Дегенмен, «Тауан» пьесасында Құнанбай басты кейіпкер ретінде алынғандықтан, «Абай жолындағы» Құнанбай бейнесін де назарда ұстаймыз. «Тауан» пьесасында оқиғаға араласатын он төрт кейіпкер бар. Олар: Құнанбай, Алшынбай, Құсбек, Тәттімбет, Мұса, Майыр, Жебірейіл, Ақмырза, Ғаділ, Жамбы, Құдияр, Үйсінбай, Жаңғабыл, Қужақ, Сымық және тағы басқа қарттар, әйелдер, жауынгерлер, қала тұрғындары. Драмалық шығарма шартына сәйкес, автор пьесада Құнанбайдың ағасұлтандыққа сайланған кезін ғана алған. Қазақ жеріне орыс переселендерінің келе бастауы, патшалық Ресейдің миссионерлік саясатының бел алуы халық болашағын ойлайтын Құнанбайды бұрынғы ағасұлтан Құсбекке қарсы шығуға итермелейді. Құнанбай өз пікірін ашық айтады, турашыл да өткір мінезді болып бейнеленеді. Пьеса басталғаннан-ақ автор Құнанбай позициясын айқындап береді. Құсбек көшіп келген переселендерді Ералы жазығынан аластаттың, қазіргі уақытта құлан таза тұрған Шыңғыстау ғана, мен сенің соныңа бөгет болдым ба дегеннен кейін Құнанбай да өз ойын ашық айтып, аға сұлтан ретінде мәселені шешуді талап етеді. Және де Құнанбай мәселе тек жерде емес, сол миссионерлердің мақсаты халықты басқа дінге тартуында екенін айтады. Бұл да оның алысты болжағыш ақылының арқасы:
«Құнанбай. Жер қорып әуреміз. Мұның сұмдығы жер ғана емес, әсіресе әлгі пәлесінде ме деймін. Біреу айтса нанбас едім. Өзім үстінен түсіп, жағамды ұстадым. Ауыл-ауылды адақтап, шоқындыратын бала жинаған дін иелері екен. Мұнысына қысылып, біреу-міреу көреді деп именсе не дейсің. Бәрінен де осы ар ұялар істі ашықтан-ашық жасап жүргендері-ақ батты... «Неге таусылып сөйлейсің?» деп кінә тағып отырсың ғой, ағасұлтан, осы кесел етек алып кетпесіне кепілдік бере аламысың, мен сөзімді қояйын?».
Міне, осы көрініс Құнанбайдың мәселені төтесінен қойғыш, өжет мінезін танытады. Ол Құсбекті ағасұлтан екен деп именбейді, өктем сөйлейді. Бұл оның турашыл мінезімен байланысты. Құнанбайдың тарихи тұлғасы.
«Құнанбай. /Құсбекке шұқшиып/. Осы жолы жандаралға кіріп, осы жайын сөйлесіп шығу ләзім. Берісі дуанның, арысы мұқым қазақ жұртының тілегі деп айт. Қара шапандарына тыйым салсын!».
«Қарадан шығып хан болған» Құнанбай сөзі, Құнанбай мінезі. Ы. Мұсаұлы Құнанбай характерін ашуда басқа кейіпкерлерді сөйлету әдісін ұтымды пайдаланған. Мәселен, Құсбек пен Жебірейіл диалогі Құнанбай айналасындағы адамдардың осал еместігін көрсетеді. Ал Алшынбайдың:
«Мұны кім айтты деп жатарым жоқ. Тау өзеніндей сарынынан-ақ Құнанбай сөзі екені танылып тұр», – деуі Құнанбайға берілген жақсы баға екені даусыз. Осылайша, автор Құнанбай характерін ашу үстінде оны қоршаған адамдардың пікірлерін пайдаланады. Майырдың өзі де Құнанбай бойындағы жақсы қасиеттерді бірден танып:
«Құнанбай деймісің? Оның қандай кісі екенін білесің бе? Жоқ, білмейсің (қолын төбесінен асыра көтеріп), О кісі көп ойлайды, көп, көп ойлайды. Одан өзге кім аулында медресе ашты, білсең, айтшы? Сөйте тұра өзінің баласын Мәскеуге оқуға жіберді. Түсінесің бе осыны?» – деп мойындайды. Құнанбай мінезінің жан-жақты ашылуы «Төрелер төскейі» дауына қатысты эпизодтарда жақсы көрінген. Оның бойындағы тура жол тапқыш мінезі халық тілегімен ұштасып жатыр. Қазақ жеріне келіп әбден байып алған Жебірейіл мен Майырлар шұрайлы жерлерді бауырына басып қалмақ ниетте. Ал бұрынғы ағасұлтан Құсбек те өз үлесін оңай берер адам емес. Майыр төрелер төскейіне корпус саламын деп сылтау айтса, Құсбек төрелер төскейі өзі сияқты төре тұқымының еншілес жері дегенді алдыға тартады. Тәттімбет пен Мұсадан төрелер төскейіне қатысты оқиғаны естігенде Құнанбай:
«Төрелер төскейі деймісің? Осының арты қайда апарып соғар екен? Төре де оңай жау емес, өліспей жерін бере ме? Дуан аузына қарап Құсбек пен Майыр қаржасып, қырғын салмаса жарар еді? Онда бар ма, көр де тұр, мына сайлау тартысы астар болмай қалады оның қасында», – деп ойын айтады. Алайда, Құнанбай ағасұлтандық тізгінін қолға алысымен, төрелер төскейіне байланысты жер дауын шешуге кіріседі. Ол қазақты бұрыннан билеп келген төрелердің де, кейіннен келіп төр менікі дейтін орыстың да жері емес, қарапайым қазақ халқының ата қоныс мекені екенін айтып, төрелер төскейіне мешіт салдыруды ұйғарады. Бұл шешімін халық қолдап кетеді. Кейіннен дінге беріліп қажы атанған Құнанбай бейнесінің нақтылана түсуіне пьесада алынған осы тартыстың үлесі көп. Автор Құнанбай мінезіндегі қайраткерлік сипатты бірден жоғары көтермейді, оның жанындағы жақтастары мен қарсыластары арасындағы ұсақ конфликттерден өрбітіп әкеліп, шығарма арқауындағы негізгі тартысты бірте-бірте ашады.
Пьеса жалпы драматургия талаптарын орындағанымен, ұсақ конфликтілердің арасы байланыспайтын жерлері де кездеседі. Мәселен, Ғаділ мен Жамбы арасындағы оқиға мен Жамбы мен Құдияр арасындағы тартыстар түсініксіздеу, әлі де болса нақтылауды қажет етеді. Ал Майыр мен Құсбектің жерге таласуы кезіндегі әрекеттері шынайы шыққан. Тартысқа Самықтың араласуы, Мүшәрәп қарттың өлімі Майырдың да жай адам емес, қылмыскер екенін ашып, оның жағымсыз кейіпкер ретіндегі бейнесін нақтылай түседі.
«Тауан» тарихи драмасының басты мақсаты – оқушы көрермендеріне Құнанбайдың қайраткерлік бейнесін таныту десек, ол мақсатты орындаған. Ғалым Р. Нұрғалиев тарихи-ғұмырнамалық драманың ерекшеліктеріне тоқтала келіп: «Драманың бұл түрінде қан төгіс шайқастар, үлкен құрбандықтар жоқ. Келісімге келмес қарама-қарсы кейіпкерлер арасында айтысты талас жүреді… Тарихи-ғұмырнамалық драмаға белгілі тұлғаның өмірі арқау болмақ. Эстетикалық шындықпен бейнеленген көрнекті адамның іс-әрекеті, күрес жолы, идеялық нысанасы, әсіресе жас ұрпақ, кейінгі толқынға үлгі-өнеге» [1], – дейді. Ы. Мұсаұлының «Тауан» пьесасында басты кейіпкер ретінде алынған Құнанбай мен бұрынғы аға сұлтан, төре тұқымы Құсбек арасындағы тартыс тарихи-ғұмырнамалық драма талаптарын толық орындайды.
Ы. Мұсаұлы өзінің «Тауан» драмасында кейіпкерлер характерін ашу, олардың ішкі жан дүниесін көрсету мақсатында диалог, монолог, көрерменге қарап сөйлеу сияқты құралдарды мақал-мәтелдер, драмалық оралымдар, эмоционалды-экспрессивті сөздер арқылы көркемдеп бере алған. Пьесада қолданылған көркемдеу тәсілдері шығарманың тарихилығын ашып, кейіпкер тілі арқылы бейненің нақтылануына әкелген деуге болады.
Құнанбайдың Құсбекке елдегі жағдайды түзетуді талап ете сөйлеген кезін алайық. Құнанбай батыл әрі дәлелді сөйлейді:
«Құнанбай: (Құсбекке шұқшиып). Осы жолы жандаралға кіріп, осы жайды сөйлесіп шығу ләзім. Берісі дуанның, арысы мұқым қазақ жұртының тілегі деп айт. Қара шапандарына тыйым салсын!». Оның мінезіндегі туралығы, өктемдігі бұйыра сөйлегінен білінеді.
Пьесадағы тағы бір өткір кейіпкер – Тәттімбет. Тәттімбет характеріне орай, автор оның тілінде кекесін мағынасындағы, мұқату, орып түсердей өткір, кесек сөздер қолданған. Тәттімбет сөзінде оның мінезіндегі бірбеткей, турашылдығы үнемі көрініп отырды:
«Олай болғанда қара қылды қақ жарған туралық орыс ұлығының өзінен шығу ләзім емес пе? (Құсбекке қадалып) Бұлардың не істеп, не қойып жүргенін көрпес біле ме? Әлде апам үйінде оны да айта алмай жаңа түскен келіндей бетімізден басып отырмыз ба?» деген сөзі. Немесе:
«Иә, біз орыстың қол астына кіргенде бұндай қиянатқа жол береді деп кірген жоқпыз. Құдай тілеуіңді берсін, бет моншағың төгілмей, басын ашып сөйлес. Пір тұтқан патшамыздың нақ пиғылын таниық», – дегені бір жағынан патша өкіметінің әділдігіне күмән келтіре сөйлегені, бір жағынан Құсбекті әділін шешуге итермелеуі еді. Оның сөзіндегі «жаңа түскен келіндей», «бет моншағың төгілмей» деген тіркестер өткір мінезіне сай шыққан сөздер. Себебі, ондай сөзді ағасұлтанға екінің бірі айта бере алмасы анық.
Құнанбайдың Керей мен Төлеңгіт дауына билік айтқан тұсы да кейіпкер мінезін ашуда оның мақсатының айқын екенін байқатады:
«Құнанбай (билік сөзі екенін аңдатып, мақамдай сөйлеп): Ала көңілде аман жоқ, аңдысқаннан жаман жоқ. Ауыл-үйге іріткі енсе, от басының шырқын бұзады, отау ішінің сұрқын алады. Ағайынға іріткі енсе, әулетінен бақ көшеді, дәулетінен құт қашады. Ел ішіне іріткі енсе, ең қиыны, міне, осы. Біле білсең, бұл ақылың мен нәріңе сын, біріңе емес бәріңе сын.
... Қабырғаңмен кеңес те, қалауыңды ал, ағайын: Дау тілесең дап-дайын, қара дауыл қаптаған, ұйытқып кете барасың. Дауа іздесең, оның жөні бір бөлек – алды жарқын жарасым, мамыражай күніңді қайта айналып табасың. (Дағанды даугерлеріне жағалай қарап өтіп, Құдиярға шұқшияды). Жақсы күніңді көзіне ілмей, аяқасты санаған, жарастықтың қадірін білмей, жанжалға әкеп қамаған, төлеңгіт баласы, айып сенде! Қолыңмен жасағаныңды мойыныңмен көтересің. Алдымен, Құдияр биліктен босайды. Ал азалы елді күңірентіп, аруақ аттағаны үшін бір емес екі ердің құнын кестім, айыпқа төлейді». Міне, бұл сөздерден таудан аққан бұлақтай арынды Құнанбай мінезін танимыз. «Абай жолы» романындағы Құнанбай мен драмадағы Құнанбай бейнесі бір арнаға тоғысқандай болады. М. Әуезов танытқан Құнанбай мінезі, өткірлігі, шешендігі «Тауан» драмасында қазақ ұғымына сай сөздердің қолданылуы, мақал-мәтел, эмоционалды сөздердің болуымен және билік мақамымен астаса келе ашыла түседі. Осы билік сөзден кейін Құнанбайдың халық алдындағы абройы артып, оның биіктей түскенін байқаймыз. Белгілі ғалым Р. Нұрғалиевтің: «Зады, тарихи белгілі есімнің өзгеше сипаты, даралық қасиеті үлкен бір ісімен, аршында қимылымен көрінсе керек. Әйтпесе, жіпке тізгендей етіп, аты машһүр адамның өмір фактілерін сыдырта баяндай беру көркемдік аулына, әсемдік әлеміне апармай, соқыр тұман құшағына сүңгітіп жіберуі оңай» [1] деген байлам сөзі тарихи-ғұмырнамалық драмаға қойылатын талап-тілектің бірі. Олай болса, «Тауан» драмасындағы Құнанбайдың ағасұлтандыққа келу кезіндегі өмірі мен қызметінің ғана алынып, бейнеленуі заңды құбылыс.
Қазақ драматургиясында түс көру, аян беру сияқты тәсілдер кейіпкердің ішкі дүниесін ашу үстінде жиі қолданылады. «Тауан» пьесасында да Құнанбай мен Алшынбайдың түсіне атақты Қаз дауысты Қазыбек би енеді. Екі кейіпкер түсіне қатар кіруі арқылы олардың мақсат-мүдделерінің ортақ екенін меңзегендей болады да, осыдан кейін Алшынбай бірден Құнанбай жағына шығады.
«Тауан» драмасы арқылы Құнанбай заманына сапар шегіп, тарихта болған бірқатар адамдар туралы (Алшынбай, Құнанбай, Тәттімбет, т.б.) тарихи ақпарат алуға болады. Тарихи драмаларда тарихи оқиғалар мен тарихта болған белгілі адамдар өмірі сөз болса, әлеуметтік драмада белгілі бір қоғамда өмір сүретін адамдар арасындағы, қоғам мен адам байланысынан шығатын тартысқа құрылады.
А. Ақтан
Филология ғылымдарының кандидаты
Әдебиеттер тізімі:
1. Нұрғалиев Р. Арқау. Т.1. – Алматы: Жазушы, 1991. – 517 б.
2. Мұсаұлы Ы. Шығармалар жинағы. 2-том. – Семей, 2003. – 352 б.
3. Мұсаұлы Ы. Аға сұлтан: роман. – Астана: Фолиант баспасы, 2023. – 366 б.
Бөлісу: