Қазақ кітабы
Бөлісу:
Бала күндер еді. Есімде ауылдағы үйіміздің кітаптар тұратын бөлмесі қоңырқай түске шомып тұратын. Үйде арнайы кітап сөресі болған жоқ, бірақ кітап сөресіне пошымы ұқсайтын қуыс-қалтарысы көп, биік бір қоңыр түсті сөре болды.Оның қай қуысында қандай кітаптар тұратынын өте жақсы білетінмін. Кітаптар менің қолым жетпейтін биікте тұрады, бірақ бәрібір оларды қолыма алып көремін, бедерлі мұқабасын сипаймын, ішін ашып, қағазын иіскеймін, ішіндегі қыстырма суреттерін тамашалап,тамсанамын.
Олардың иесі – әкем. Кейде үйде көп кітаптар пайда болады, кейін олар жоғалып кетеді, одан кейін тағы бір бөтен кітаптар келетін, ежелден бері осы бөлмені мекендейтін кітаптарды да анық ажырататынмын.
Қаріп танып, кітаптарды ежіктеп оқи бастаған соң, жолдан қосылған «оқырманның» үйдегі кітаптарға жөнсіз соқтығуы көбейе бастады, солынан бастап ақтарады, оңынан бастап қайта шолады, парақтарының арасына жартас сызбаларын салғысы келеді, кітапты сілкілеп, «берік түптеліп бе» деп тексереді, міне, осыдай жағдайдан кейін кітаптарға сөре биігіне ыршып шығатын «қабылан мінез» пайда болды.
Қыс күндері. Терезенің алды. Ұлы бесінде бөлме іші күн нұрымен жарқырай тоғытылып тұрар еді. Әйнек-шынылардан құйылған аламойнақ сәулелер кітап парақтарында, көз алдымда билеп-толқып ойнап тұратын.
Оқи бастадым. . .
Мұқабасында айырықша ою-өрнегі жоқ, жұқалау ақшыл кітап болды. Ішін ашып оқимын. Әуелгі парақтарында қараөлең туралы жазған екен,«Қараөлең болмаса күніміз не болар, ежелгі, ескі тарихтан жеткен жәдігеріміз – қара өлең еді ғой, айналайын қара өлең...» деп елжіреп көп дүниелер айтыпты, кітаптың соңғы парақтарында қазақ жұртынан тыс,есімдері де айтуға ауыр шетжұрт адамдарын, шетел туралы ойларын да жазып қойған екен. Ішкі мұқабадағы «Атжақты, бет сүйегі шығыңқы кісі» әлі есімде. Жүзі жылы ұшырайды.
Сырты көкшіл бір кітапты ақтардым, ішкі парағында қазақы тақия киген бір атаның бейнесі бар, осы ата көп қиналып жазған болса керек, қабағы жадау, көп ойлар қамаған. Кітапта ел-жердің тарихы, үркін-қорқын көш туралы мол естеліктер қалдырыпты.
Біртіндеп жаңа сөз, ел-жер атауы, батырлардың сойы дегендерді де қазақ кітаптарынан ұғына бастадым.
Бір күні, қазақ жазуының тек ғана парақтардың оң жағынан басталып,сол жағынан аяқталып отыратын үлгісінен басқаша бір кітапқа ұшырастым. О, қүдірет! сол жағынан бастап, оңға қарай оқылатын қазақ кітаптары да бар екен. Есейдік, бір күндері ауылдан жүз шақырым алыс тау қаласына бардық.
Әуелі ағартушы ағалар негіздеп, кейін елдің тағы қаншама тұлғасы уық шаншысқан ілім шаңырағында қазақ кітаптары самсап тұр екен. Күз айлары болса, тау қаласы маужырап тұрады, бел-белесті жағалай өскен алма ағаштарының түбінде алыстағы тауларға, шүйке бұлттарға қарай отырып ұзақ ойға шомасың. Қазақ кітаптарында жазылған көп жерлердің нобайы анықталып қалғандай. Анау жақта Жұңғар даласы, одан ары Еренқабырға,мына іргеде толқын атқан Үліңгір, өр жақта Ертістің басы делік, дарияның аяғы қанша өлкені аралап өтер екен, Еділ-Жайық деген бар еді, ол қайда қалды, Маңғыстау деген де жақсы естілетін жер екен.
Бірнеше жылдар өтті, Шүлен тауын асып, қиырға кеттік. Жеттік. Кітап басып шығаратын баспа дегенді де бажайладық, кітап жазатын қаламгерлерден әңгіме де тыңдадық. Университет іргесіндегі алып кітапхананың қақ төрінде қазақ кітаптары да жайғасыпты. Қырық жыл бұрын шыққан көне әдеби журналдың ішкі мұқабасынан «Ақан серінің Құлагерді мініп асқа келуі» деген қағаз ойма суретті көрдім, тұла бойымды дір еткізіп бір ыстық ағын кернеді, бала кездегі кітаптардан көрген сызбаларды қайта көргендей болдым.
Тағы біраз жылдар. Ертісті жағалап, Есілге жеттік.
Қара орман қазақ жұрты. Бұл кезде байырғы қазақ кітаптарының жазылуы, оның баспадан шыққанға дейінгі мың сан жапа-машақаты туралы жазбаларға ден қоя бастадым. Ұлы мағынасымен жинақтай айтқанда, қазақ кітабының, қазақ сөзінің тағдыры – қазақ жұртының тағдыры іспетті еді. Ойратпен қидаласып, Бұхар-хиуамен жағаласып, орыспен арбасқан ұзақ тауарихты күндерде мың сан қазақ кітабы Сыр мен Жайықтың суында ағып,сарғайған парақтары Қызылқұм мен Бетпақтың шөлінде шашылып қалыпты. Қазақ кітабы Сығанақпен бірге көміліп, Түркістаннан босып, Бөкей ордасына аттаныпты, мыңжылдық дала күмбездерінің іргесі мен Маңғыстаудағы Адай құдықтарына көміліп, Көкілташ пен Ғалияның дөдегесінде шаң басып, тілсіз- үнсіз ұзақ жатқан еді...
Бағзы замандардан бері мыңдаған жыршы-жырау кезіп жүрген Қыпшақ даласында, дәстүрді көшіру үшін мыңдаған «Кітап- адамдар» қиын күндердің тасасынан өсіп шықты. 1800 жылы Қазаннан ашылған баспаханадан қазақ кітабын шығару үшін, қиыр шалғай алыстағы «Кітап-адамдардың» ауызынан шығыс әдебиетінің, қазақ аңыздары мен сөздерінің, қазақ тауарихтарының небір інжу-маржандарын теріп алу үшін араб-парсы һәм ескі қазақ жазба тілін оқитын оқымыстылар атқа қонды. Мәселен Омбыдан шыққан Жантин деген қария қазақ кітабын қалыптау үшін, ас-тойда айтылып, әуеге сіңіп қала беретін қазақ сөзін жинай бастады, оның баласы Білтебай да әке жолын қуды,оның баласы Шорман да ата жолын жалғастырды. Шорманның ұлдары Арон мен Жүсіп те әулеттің қасиетті жосынын одан ары жалғастырды.
Орта ғасырлық қазақ дүниетанымы мен ұғымдарынан ұшық шығаратын мәтіндер Қазаннан, Омбыдан, Уфадан шыға бастады. Ескі қазақ кітаптарын оқып, екі мың жыл бұрын өмір сүрген Писағұрсты шырамыттық,Хауарзаминнен асып, Шаддадттан өтіп, Хабашенің жағасында тыныстадық. Мың жыл бұрын Парсылық Дахайки мен Мысырлық Шайхызда Ахмет Мысыр жырлаған көне сюжеттерді қазақ жыршылары төл шығарма ретінде қайтадан жырлап, шығыс пен батысты тербеткен атақты аңыздарды қазақ кітабы етіп тасқа басып кетіпті.
Қазақ кітабынің қайран қалдыралық болмысы осылармен шектелмейді,қазақтың сиқыршы, бақсы-балшыларын бақылап, қызықтап қайту үшін Ауропадан ғалымдар тобы аттанады, бірі аңыз-әңгімелерді термелеп, бірі қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыпты, өздеріне таңсық болмысты әдіптеп, отыра қалған жерінен байырғы қазақ сөздерін жазып алып отырады.
Орта ғасырлық қазақ романдары – эпос болып Жанақтың қобызында үш күн, үш түн сарнапты. Ескі тауарихтар Жәңгірдің қоржынымен бірге келіп, Қазандағы білім ошағының кітапханасында сапқа тұрады, көне қазақ қолжазбасы Шоқан мен Абайдың қолына келіп қонып, Шәкәріммен жалғасып,Мәшһүрге жетеді. Тұрмағанбет мен Мұрынның санасында сан түндер тербеліп, жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ ғылым академиясына әзер жетіпті. Қадырғали мен Әбілғазыдан бастау алған дәстүр қазақ ортасында өскен Құрбанғалидың қолынан ғұмыр бойы қаламын түсірмепті.
Қазақ кітабының тағдыры өзі сүйсіне жырлаған «Мың бір түн» сынды, бір жазбаның құшағына мүлдем симайды.
Қазақ кітабы – жыра-жықпылдан андағайлап қашқан тарпаң киіктің ен даланың бетінде ойқастап бара жатқанындай оқшау құбылыс. Оның тілі жұлдыздай жарқырап жалт- жұлт құбылады.
Қазақ кітабы – қазақтың арыстандай арпалысып, жолбарыстай жұлқысқан алмағайып заманында, «Ақтабан-шұбырынды» тектес замана талқысында, хан сарайдың сөресінен опырыла құлап, бейшара, диуана кейіпте талай заман қамысты көлдің жағасын мекендеп жүрді. Қазақ кітабы – берідегі «Ақ қашып, қызыл қуған», ашаршылық пен ғасырға жуық шынжырлы бодандықта әбден тозғындады, қара құлып салынған жер асты архивтерінде, қараңғы қапастарда қаңғырығы түтеп, өзегі кеуіп, жеміріліп, шіріп азайды. Тәңірі келер замандарда қазақ кітабының теңізін шүңетіне нәһән балық бойламас телегейдей терең етсе игі!
Буырқанған Хазар теңізінің күшін, Хантәңірдің асқақ бітімін,Сарарқаның сағым даласының кеңдігін – қазақ кітабының табиғатына дарытқай дейміз…
Бөлісу: