«Ай мен Айшаның» ақ таңы
Бөлісу:
Жақында ғана ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ай мен Айша» қойылымы қабырғасы қайысқан қазақтың қайғылы кезеңін суреттеген жауһар дүние. Айға мұңын шаққан Айшаның алыстан қол бұлғаған үкілі үміті бар - саналы ұрпақ құстай еркін самғаса елдің еңсесі тіктелер, жоғалтқанын қайтарар, құндылығын қастерлеп, асыл мұратты бабалардың ізін басар деген.
2015 жылы тұсауы кесілген, әлі де Ұлттық театр сахнасынан түспеген қойылым режиссері Тұңғышбай әл-Тарази, сахналық үлгісін жасаған Еркін Жуасбектер күллі қазақ әйелдерінің аяулы образына айналған Айшаның батыл болмысын күрескерлік рухы арқылы ашуға бел байлаған. «Ай мен Айша» романы бала Барысханның көзімен жазылса, қойылымда да оқиғалар арасын жалғаған Барысхан-Шерханның естеліктері оқылуы жүрек тебірентерлік тапқыр шешім. Классик жазушы Шерхан Мұртазаның тұтас шығармашылығын алсаңыз, бұғаудағы басын арашалай алмай ақырған арыстардың, солақай саясаттың құрбаны болған құндылықтарды жоқтау секілді, ішіңіз қасқырша ұлиды. Сондықтан да «Ай мен Айшаның» сахналануынан көрермен қашан да қасіретке толы картинаны күтері сөзсіз. Алайда, «Ай мен Айшаның» сахналық үлгісі бөлек, қайғыра отырып көңіл кеңістігін ашар көріністерге елеңдейсіз, қападар бола отырып алғаусыз таза қазақ қалпына, аңғал болмысына сүйсінесіз. Айшаның болмысын тереңірек қозғап, қойылымның драматургиялық дамуын ширықтыра түсу үшін жазушының «Мылтықсыз майдан» атты шығармасынан да оқиға мен кейіпкерлерді біріктіргенін байқаймыз.
Шымылдық ашыла салысымен қазақтың жазира даласында жайбарақат ән мен күйіне еліткен, жайыла жазылған ақ дастарханға шоғырланған ауыл адамдарының абыр-сабырын көреміз. Артқы фонда совет үкіметінің саяси салтанатының белгісіндей шеру жүріп тұрады. Кенет сахнаны күргірт түнек қаптап, қара киінгендер Барысханды тұтқындап әкетеді. Күйеуінің Айшаға «балаларға бас-көз бол, отымды өшірме» дегені жаңғырықтай жадымызда сақталып, көрерменге де тапсырылғандай болады. Осыдан кейінгі сахналар өзекті жанның кеудесін қозғап, көздің жасын көл етеді, еріксіз егілтеді. Айшаның аштықтан арпалысқан балаларын жұбатуы, Соқыр кемпір Қамқаның зары, Орақтан айырылған бесіктегі баласын тастауға қимай екіұдай болған Тотияның күйі, ақсақал Мамайдың алаңы, жеңгесіне қарауға дәті жоқ, Айдай қызға ғашық Нұрперзент аңсары, Барысхан арманы - көрерменнің жігерін құм етіп, жанын жаншиды. Құдаймен тілдесіп араша сұрайтын ауыр сахналарда жер құша құлап, тырмалап жылап, өксігін баса алмаған аналар көз жасы, Мамайдың зары сүйектен өтеді. Бүкіл зал бір тыныспен дем алып, ішіне түскен өксікті жұта алмай тұрғандай тыныштық орнайды. Дегенмен, Айшаның арман-аңсары алыста, Айына жан сырын ашқанда ол жарқын болашақты елестетеді. Ол заманның қайғысына, тағдыры салған сынағына сынбайды. Арманы үлкен, болашағы жарық. Барысхан мен Нұрперзент білім алып оқиды, алысқа қанат сермиді деп үміттенеді. Қарынның аман-саулығын ғана тілемейді, жаңа заманның шыңына шығуына талпындырады қос жасты. Айналасы Айшаның арманына, үмітіне жұбанады. Сахнадағы толысқан аппақ Ай мен Айшаның сұхбаты самаладай жаырқ кештің өзіндей әдемі түспен көмкерілген. Айшаның оңашадағы ойларымен Айға сыр ашқан сахналарының түсі, жарығы эстетикалық әсемдіккке толы. Әр әйелдің жан дүниесіндегі сырлы дүние осындай сұлулыққа бөленіп жатса керек.
Айшаның салмақты да сабырлы, кесек келбетін сомдаған Дария Жүсіптің актерлік шеберлігі мен шынайылығын атап өтпеске болмас. Кие мен қасиетті қадір тұтатын, отауының шырағын сөндірмеймін деген мұраты тек ұрпақты аман алып қалу емес. Асыл мұратты ұрпақты жетілдіру. Барысхан аязды күн боранда арып-ашып тігін машинасын сүйрей алмай талыққан кезде Айшаға «сені жауға бергенше жаудың қолынан өлмеймін бе?» дейді. «Мұртазаның орны бар екен, оты өшпеген екен» деп Айша Құдайына шүкірлік айтып, Айға алғыс жаудырғаны бар. Осы көріністе Айшаның мұраты, ішкі мотиві анық көрінеді. Оған ұлттың аман қалуынан саналы ұрпақтың аман қалуы маңызды. Өйткені, Тасбет секілді тасжүректер аман қалған ұрпақтың ішінен де туа береді.
Келешек үшін, өмір үшін арпалыс әр кейіпкердің биік мұратындай болып кетеді қойылымда. Алайда, оны әркім өзінше түсінеді. Мұртаза тапсырған «отымды өшірме!» аманаты - бүгінгі таңға жеткен асыл аманат. Мұртазадан айырылған Айшаның зарынан басталған қойылым соңына дейін жоқтау нотасын ұстап отырады. Сценографиялық ұтымды шешімнің бірі - сахнаны биік қара қақпамен бөліп қою. Бұл қақпадан ысылдап жау да кіреді, қаһарын шашып аяз да кіреді. Аяз бен аштық қысқан адамның қырау қабағын Айшаның әдемі ертегілері ашады, жұбатады. Терісі сыпырылған қасқыр туралы аңыздың оқиғаға кіріктірілуі әрі сахнаның артқы фонындағы кеңістікте массовканың еркін қозғалысы қиялдың өзіндей болып көз қуантады, оқиғаның өрбуін сөзсіз түсіндіреді. Әдемі еліктердің биі еліктіріп, қасқырдың ызғарлы бейнесі қазақтың қаһарындай елестейді. Қасқырдың терісін тірілей сыпырып алуын - советтің қазаққа істеген қысастығындай, қорғанынан айырылған қазақтың күйіндей қойылымға сәтті кіріккен. Сахнаның залға қарай төмекшіктей төселгені, қақпаның биіктете орналасуы - зұлымдықтың биіктеуі секілді көрінеді. Сол қақпадан шығып кеткісі келетіндер - еркіндікке ұмтылған Нұрперзент, Барысхан, Тотия - заманның қыспағынан шыққысы келіп жанталасқан қазақтың кейпі. Алайда, ол қақпадан шықса да зұлымдық қыспағынан қаша алмайтыны тағы бар. Айша соңғы сахналық көріністе Нұрперзент пен Барысханға «есікті ашыңдаршы, ауа қалмады іште» дейді. Еркіндік есігін ашыңдаршы, батыл болыңдар дегісі келгендей. Қалыпқа салған ғұрыптан, ноқтаға байлаған идеологиядан биік бола біліңдер, азат болыңдар дегендей.
Ал, Айша ол қақпадан шығып кетуге тырыспайды, ол осы қыспақтан шығудың өзге жолдарын қарастырады. Тасбеттің «сиырың ауру, соямыз» деп шешім шығарғанда ызаға булыққан Айша табан астында халыққа сойып таратуға бекінеді. Буырқанған боранда тігін машинасын алып келеміз деп тәуекел етеді. Сырқат шалған Барысханды Алласына қол жайып арашалап алады. Айша қашан да зардан гөрі келісімге, мәмілеге жақын ашықтығын көрсетіп отырады. Ол жас буынды ашық көкжиектің нұрына қарай ұмтылдырады, үміт береді. Соңғы сахнадағы көрініс тұтас қойылымның бұлтын сейілткендей, аспанға, заңғар биікке қол жайған үшеу, еркіндік символындай биік қақпадан ішке лап еткен құстар - Тотия, Нұрперзент, Барысхан бүгінгі сапалы да саналы ұрпақтың белгісіндей ішкі бостандыққа жеткен тұлғалар екенін сипаттайды. Тотия мен Нұрперзенттің бас қосып, бір отау болуын тілеген Матай ақсақалға Айшаның айтқан бір ауыз сөзі бар. Қазақ әйелдерінің ішіне бүккен шерді табан астында лақ еткізіп ақтарып тастайды: «бір сорлыға екінші сорлы қосылса бақытты боп кетеріне уәде алып па едіңіз құдайдан?» дейді Матай ақсақалға. «Жауабы өзіндегі сұрақтай» (А.Сүлейменов) ауыр сұрақ. Жалпы, Айшаның әр сөзі уытты, әр сөзі мығым, озбырдың өтін жарады, жігерліні қанаттандырады. Актриса Дария Жүсіптің де әр сөзін нықтап сөйлеуі, дауыс мәнеріне баса мән беруі де осыдан болар.
Сол кезеңнің қарапайым Айшасы - бүгінгі қайраткер Айшаның болмысын жасап шыққандай көрінеді бізге, қоғамдық құбылыстарға үн қоса білетін, әділеттілік пен теңдікке қол қозған, жаңа өзгерістерге қадам басқан бүгінгі қазақ әйелдерінің болмысын жасаған қойылым деуге болады. «Ай мен Айша» романы қуғын-сүргін мен соғыс кезеңі, соғыс кезеңінің аяқталуын қамтитын көлемді туынды. Қойылым да осы үш кезеңді қамтуға тырысқан, яғни, өне-бойы қайғы-қасіретке көміліп, үмітсіздікке бой алдырған кейіпкерлерден гөрі, сынуға шақ тұрса да «отым өшпесін!» деп жанталасып, ұлтты, ұрпақты аман алып қалуға құлшынатын рухы биік бейнелерді көресіз. Олардың жаққан оты сөнген жоқ, шырадай жанып әрбір отбасының ошағынан шарпиды. Бүгінгі азат таң, жайдары күніміз соның айғағы. Бүгінгі таң - Барысханның ынтызар таңы, Айшаның армандаған, дұға еткен таңы!
Сағадат Ордашева
Бөлісу: