Ешқашан жалған сөйлемес, сал домбыра

Бөлісу:

07.07.2024 883

Ұлттық домбыра күні 2024 жылы жетінші рет ел көлемінде кеңінен атап өтілуде. Бұл мақалаға ұлттық саз аспаптарын ұлықтау тәжірибелері мен қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасындағы әлеуметтік сарын арқау болды.

 

Домбыра – қазақтың бас саз аспабы

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында ҚР Президентінің 2018 жылы 12 маусымдағы №699 Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып айқындалған болатын. Осыған орай жыл сайын қазақтың ең негізгі саз аспабы домбыраны ұлықтауға қатысты іс-шаралар өткізу кеңінен дәстүрге айналды. 

Ұлттық аспапты мәртебелеуге қатысты мұндай дәстүр тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бар. Әлемнің көптеген халықтары өздерінің бас саз аспаптарын ұлықтау, ұрпақтан ұрпаққа мұралап кеңінен насихаттау мақсатында арнайы бір күнді белгілеген немесе заң шығарған. Көршілес, бауырлас халықтардың саз аспаптарынан мысал келтірелік:

Жыл сайын 30 қарашада Саха-Якутия республикасында якут мәдениетінің ұлттық нышаны болған қомустың құрметіне Хомус күні атап өтіледі. Жыл сайын мамыр айында Башқұртстанда Қурай фестивалі өтеді. Монғолия президенті 2024 жылы морийн хуур (ат бас қобыз)ұлттық саз аспабын құрмет тұту, кеңінен насихаттап тарату туралы жарлық шығарған болатын.

Сондай-ақ әлемдік қауымдастық бойынша атап өтілетін саз аспаптары күні де бар. 9 сәуір – Халықаралық флейта күні. 

Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының бас саз аспабын барынша ұлықтайтын, насихаттайтын күн. Бұл күннің маңызын арттыру үшін болашақта тек еліміз аумағында ғана емес, жер жүзі қазақтарын бұл іс-шараға қамти отырып Халықаралық домбыра күні ретінде атап өтуге толық мүмкіндік бар.

Қазақ халқының мекен еткен жері қандай байтақ болса, саз аспаптарының түрлері де соншалықты көп. Солардың ішінде барлық өңірде бірдей көп тарағаны – домбыра. Домбыраның өзі пішініне дайындалу әдісі мен материалдарына қатысты әр өңірде өзіндік ерекшелікке ие. 

Домбыраның жасы мыңжылдықтармен өлшенеді

Домбыра – ішекті аспаптар арасындағы ең көнелерінің бірі. Домбыраны адамдардың тым ерте дәуірде жасап шерте бастағанына тастағы суреттер куә болады. 1986 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Майтөбе жайлауынан табылған таңбалы тастың бетінде үкілі домбыраны айналып билеп жүрген төрт адам бейнеленген. Зерттеушілер бұл суреттің жасы алты мың жылдан асатынын дәлелдегенін ескерсек, домбыраның тарихы тым көнеде жатқаны анық.

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана, - 

деп Қадыр Мырза-Әлі жырлағанындай, домбыра – қазақтың бағзыдан бергі тарихынан сыр шертетін шынайы шежіре. Мифтік аңыздармен астасқан сонау замандардан жеткен ескі әуез шертпелер мен қазіргі заманғы толымды күйлерге дейінгі кезең – домбыраның дамып жетілу тарихымен астасып жатыр. 

Өмірінің бүкіл тынысы екі ішектің әуезімен әдіптеліп жататындықтан да болар, қазақтың қара өлеңдері мен әндерінің бастамасында, қайырмасында домбыра туралы жиі айтылып жатады. «Домбырам, екі ішекті қолға алайын, қолға алып біразырақ толғанайын», «домбырам – екі ішекті, мойыны ырғай, тартқанда бес саусағым кетер зырлай», «домбыра – бойың ағаш, үнің зарлы, зарыңмен тербетесің шыбын жанды», «домбырам басы – балқурай, басына қонар бозторғай»...

Домбырам басы бал қурай,

Басына қонар бозторғай, - 

демекші, жас шамасы үш мың жылдық деп шамаланған қой пішінді тастың бетінде домбыра мен бүйірін таянып билеп тұрған адам бейнеленген. Мұндағы ең қызықтысы – домбыраға қонып отырған бозторғай құстың қашап салынуы. Мұны әсте кездейсоқтық деп қарамаған жөн болар. 

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрауды» – домбыраның барлық бұрау түріне қатысты дейтін болсақ, бұл – ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Музыка туралы үлкен кітап» еңбегіндегі мына анықтамамен үндесіп жатыр: «... ішектерді тең тартып, сосын ол екеуінің бірін бос ішекте ойнап, екіншісін соған есту қабілеті арқылы үйлесімді қылуға мүмкіндік бар. Сол кезде «Музыка өнерінің негізгі элементтері» кітабында айтылған біраз дүниелерді, әсіресе үндестік қатынастарын анықтауға болады». Бұл анықтама нақты домбыра туралы емес. Және де әл-Фараби еңбегінде домбыра туралы нақты жазылмаса да, ұлы ғалымның әлдебір екі ішекті аспапта ойнағаны туралы айтылған. Мүмкін бұл – домбыра болар?

Домбыра – тек ақиқатты сөйлейді

Домбыра – туындыгердің ыстық жүрек, сергек санасының алуан түрлі қалып күйінен туған саз-сарынын,бар бояу, иірімін дәуірден дәуірге жеткізуші, ақиқаттың айнымас жаршысы. Домбыра тек ақиқатты сөйлейді. Сезімді алдау мүмкін емес. Ұғына, сезіне білген жанға құдіретті күй сонысымен, шынайылығымен қымбат. Ал шындықтың жолы қашанда ауыр болған.

...Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын,

Деп бір қаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:

Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде...

Қазақтың ақылман ақыны Қадыр Мырза-Әлінің бұл жерде күйдің тууына негіз болған оқиғамен өрілген сан ғасырлық аңыз-сарынның бірі – «Ақсақ құланды» меңзеп отырғаны белгілі. Хан баласының қазасын жан баласы естіртуге дәті бармағанда, күй тілімен естірткен де осы қара домбыра еді ғой. Ескі заманның есті қазақтары, қазағы түгілі басқа ұлт адамы да күйдің тілін түсінген екен. Соның бір мысалы: Алтайдың Қобда бетінде өмір сүрген Матайұлы Бердібай күйшінің басынан өткен жағдай. Тағдыр айдап Қытай жеріне ауып барған күйшінің қолында күйлі екі ат барын білген жергілікті билік адамдары тартып алмақ болып келеді. Келгендердің бірі – қытай, екіншісі қазақ екен. Аттарды алып кетер кезде, төрде ілулі тұрған домбыраны көрген қытай күйшіге күй шерт деп бұйырады. Бердібай күйші сонда бір зарлы күйді солқылдата тартқанда әлгі қытай: «Өнеріңе бас идім. Бұл күйдің аты қандай?» - деп қазақ арқылы сұрайды. «Бұл – менің елімнен, атымнан айырылып, зар илеп, жапа шеккен халімнің күйі – «Зар заман», - деп жауап береді. Қазақтың күй өнерінен алыс қытай ұлтынан болса да, әлгі адам Бердібайдың өнерін сыйлап, қос атын өзіне қалдырыпты. «Өнерде шекара жоқ» деген осы болса керек, сірә!

«Күйші» поэмасы – сезім арпалысына құрылған ғажап туынды

Қазақ фольклорының ұшан-теңіз саласы аңыздардың бірсыпырасы күймен астасып жатыр. Сонымен қатар қазақ қаламгерлерінің  күй әлемі, күйшілік өнер, қобыз бен домбыра, сыбызғы аспаптарының ғажаптығына қатысты айтулы туындылары қаншама. Осы бағытта әдебиетімізге молынан олжа салған қаламгерлердің бірі – ақын Ілияс Жансүгіров екені даусыз. «Күй» мен «Күйші» поэмалары – шоқтығы биік туындылары. Күйдің тілі, құдіреті туралы қазақ сөзінің бар құнарын, қимыл-әрекетті, сезім бояуларын бейнелеудегі ересен мүмкіндігін көрсеткен ғажап туынды – Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы ғой. 

Поэманың оқиғасы ұлтының азаттығы үшін басын бәйгеге тігіп, сонау Көкшетаудан Жетісуға дейін көш бұйдасын созған Хан Кененің ордасына тап болған дәулескер күйші, сарыүйсін жігітінің сұлтан әулетінде біраз уақыт өнер көрсеткен уақытындағы бастан кешкен сезім қалпы мен оқиғаларға құрылған. Күйші сонау Асанқайғыдан бермен қарайғы тоқсан толғаулы, алпыс екі тараулы күйдің талайын аңырата тартып отыр:

Күй алды Бақанастың қара өзегін,

Дауылдай бұрқыратып ебелегін.

Қара жер қалқып барып қата қалды,

Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».

Үн қылып домбыраның өндіршегін,

Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін,

Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды,

Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін».

Ордада осылай леппен сан қилы сарынды лекіте бебеулеткен күйшіні Хан Кененің қарындасы Қарашаш өзіне күй тартқызу үшін ағасынан басыбайлы сұрап алады. Осы күннен бастап күйшінің міндеті – домбырадан төгілген сан алуан сырлы үнге құмар Қарашаш ханшаның маңында күй тарту болады. 

Найза алып жау алдынан шықпаса да,

Айырып мақұл, тентек дауды тергеп.

Алыпқаш, кесірлі қыз, ашуы өргек,

Дария ақыл, кесте сөзі тастап өрнек.

Жайдары, жайраң қаққан, жаны бала,

Ән-күйді, ойын-сауық еткен ермек.

Қажет болса Хан Кененің өзіне өктем сөйлейтін, айбарлы ханшаның қаһары мен мысы тым қатты. Қаншама қаһарлы болса да, өзі оған еркісіз кіріптар болып жүрсе де әйел затының сұлуы ханшаның көрікті жүзін көрген күйші таң-тамаша қалады:

Айрылды күйші есінен қызды көріп,

Кірпігін қақпай қалды көзі төніп.

«Адамның арғымағы осы шығар,

Пендеге бітеді екен мұнша көрік?»

Кер торы кәмшат киіп, қасын көріп,

Жұқалап екі бетке еңлік беріп.

«Тарт күйшім!» деп ханыша жарлық етті,

Қанғанда сусын ішіп, бойы сергіп.

Күйшінің хан ордасында тартатын ағыл-тегіл күйі адыра қалады. Тап бір «жынын алдырған бақсыдай» дейтіндей пұшайман кепке душар болады. Бұл – өзінің теңсіз халі мен сезім күйінің ортасында сана мен жүректе болып жатқан алапат арпалыс еді. 

Көңілі быж-тыж болған жаңа жылап,

Өзгеріп өзге аранға кеткен құлап.

Ойында тоқсан күйдің бірі де жоқ,

Тантырап домбыраны отыр бұрап.

Соққандай бейне пері талмаусырап,

Түкіріп қайта-қайта, тұрмай құлақ.

He болып, не қойғанын домбыраға,

Ішінен отыр толғап, қыз да сынап.

Төпелете, төгілте күй тартуды бұйырушы Қарашаш ханшаның алдында отырған күйші жігіт бұл ыңғайсыз жағдайдан шықпақ болып қаншама тырысса да, мүлде дәрменсіз. Құр босқа қарманған қалып күй:

Домбыра әлі күнге жөнделмейді,

Күйлер жоқ… Қыздың көркі көлбеңдейді.

Бақсыдай жыны буған буынды күй,

Жынданды… Қыздан өзге күй келмейді.

Жүйрікке тышқан тиді, жүгірмейді,

Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді.

He пұшық, не мысық боп, не күшік боп,

Мыңқылдап, шәуілдейді, мәуілдейді.

Бұл – күй ауанының, көңіл аңсарының жаңа арнаға ауысар алдындағы булыққан сәттік қана кідіріс, уақытша қалып күйі екен. Домбыра ешқашан жалған сөйлемейді. Ақыры екі ішектен жігіттің қызға деген ынтызарлық күйі еркітен тыс безектеп төгіледі. 

Безектеп бір өткір күй құлдырады,

Күйшінің көзінде қыз бұлдырады.

Тамызда таңдай кеуіп талды күйші,

Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады.

Ауырып домбыра да ыңыранды,

Санасыз, саусақ қаңғып қыдырады.

Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып,

Жүректей сандыраған күй жынданды.

Осылайша хан ордасында, ақсүйек әулеттің көңілін көтерер қошеметші ретінде амалсыз жіпсіз байланып, алыста қалған анасының қасына баруға зар болып жүрген қарадан шыққан жалқы жігіттің ендігі тартысы мүлде басқа арнаға түсті. «Жүрекке әмір жүрмейді» дегенді айғақтағандай, домбырадан төгілген күйдің лықсыған толқыны қара мен төреліктің, бағыныштылық пен биліктің шекарасын уақытша болса да шайып өткендей еді. Осылайша өнер құдіреті, күй тілі арқылы арқылы өнерпаз бен тыңдаушы арасындағы арпалысты арбасу күйі біршама уақытқа созыла түсті. Құдіретті күй арындап, шалықтап келген бір сәтте домбыра шанағынан төгілген сырдың ауаны мына еді:

Жүргенім дәулет пе екен құр күйші боп?

Мен-дағы жігітпін ғой, құл иісім жоқ…

Тумаған төре заттан – сорым-дағы,

Туғаным, әттеген-ай, сарыүйсін боп!

Алайда күйші өзінің қайда отырғанын, домбыра тіліндегі сезімге ерік берсе нендей күйге ұшырайтынын анық бағамдай біледі. Сондықтан да тартынуға, салқынқандылықтың сабасына түсуге мәжбүр:

Келгенде осы араға қиял мұқап,

Жүйрік ой тоқырады жарға тақап.

Қаңғыбас қиялға ерген адасқан күй,

Сүмеңдеп балдырғандай қақты шоқақ.

Ханыша қарай құлды шын таңырқап,

Үйткені қалған екен күй байырқап.

Тізгінін қайта жинап, қамшы басып,

Жөнелді жазған жүйрік қайта шырқап.

Дегенмен табаны қызған жүйріктей, екі ішекті күмбірлете соғып, сезімнің пернелерін қуалай маймаңдаған саусақтардың екпіні жуырмаңда басылар емес:

Сабаулап кетті тағы дірілдетіп,

Желдіртіп, маймаңдатып, дүрілдетіп.

Бірде құс, бірде құмай, жігіт болып,

Жетелеп бәрі қызға жүр-жүрлетіп.

Төпелеп тағы шапты дүбірлетіп,

Ақсады тойтырақтап, кібірлетіп.

Түсінген күй тіліне ханышайым,

«Қой, күйшім, жетер!» - деді жымың етіп.

Осылайша күй тілінде терезесі тең қыз бен жігіт болып сырласқан ханшайым мен күйші өз-өздерінің әлеуметтік мәртебесіне қайта оралғандай. Ғасырлар бойы мызғымастан сақталып келе жатқан қоғамда шеңбердің шегінен асуға әрине мүмкіндік жоқ:

Болса да қанша қатты қыз күйігі,

Қара мен хан сүйегі қабыса ма?

Сондықтан бұл екеуі табыса ма?

Қарға мен қаз құшағы қабыса ма?

Көзіне күйік болмай күйші кетсе,

Онымен қыз арманын тауыса ма?

Сондықган тоқсан толғау ойға қалды,

Толғатып ішінен қыз ыңыранды.

Бұл тұңғиық жағдайдан көңіл суытып қана шығу қажет еді. Анасына деген сағыныш, әлдінің алдында кіріптарлыққа көнгісі келмеген азаткерлік рухқа көңіл қалауын жеңгізген күйшінің қолындағы домбыра ханшаның алдында енді басқаша сарынмен сөйлей бастады:

Алдымда жігіт емес, жылан отыр,

Саусағы жез тырнақтың тұяғы ма?

Күй емес, домбырасы ысқырады,

Шағуға әлде кімді ышқынады.

Жеркеніш міне біреу неткен күй ед?

Айнытты жүрегімді, құстырады…

Күйшінің таңдауы – басының азаттығы, анасының жанындағы алаңсыз өмір болды. Қарлығаш ханшаның аулындағы қара домбыраның шанағынан күмбір сауып, екі желі үш қазық, тоғыз ноқтадан күй бебеулеткен күндер артта қалды.

Сонымен хан аулынан күйші кетті,

Тартатын тоқсан күйді Үйсін кетті.

Аулынан Кене ханның ұзағанда

Сапақ сұр cap даланы дүрсілдетті.

Күйшімен тоқсан тарау күй де кетті.

Сары Үйсін Сапақ сұрмен үйге жетті.

Келген соң аман-есен ауылына

Арманды «Азат» дейтін бір күй шертті.

Ақынның өз туындысын азаттыққа деген аңсармен түйіндеуі де бекер емес. Домбыраның шанағынан ескен кешегі азаттықты аңсау күйі бүгінгі тәуелсіздікті сақтап, болашаққа аманаттау сарынына ұласып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлт ділінің жадылық өзегін сақтап қалу үшін күресте домбыра мен одан ескен күй құдіреті аса қуатты қорғаныс, зор әлеует күш екені сөзсіз. Арғы замандарда қазақ түгілі жат жұрттың баласы түсініп, құдіретіне бас иген домбыраның тілін бүгінгі күні қапысыз ұғынар қазақтың баласы көп болғай!

Бөлісу:

Көп оқылғандар