Түбі бір түркілік мекен

Бөлісу:

06.07.2024 629

 

Астана 1997 жылы қазақ мемлекетінің бас қаласы болғанға дейін де қазақ территориясында маңызды қалалардың бірі болған. Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде қазіргі Астана қаласының маңайынан ежелгі Бозоқ қаласының орнының табылуы мұның айқын дәлелдердің бірі. Яғни, қазіргі Астана қаласының тарихы бертіндегі Целиноградтан ғана емес, сонау VIII ғасырдан басталатынын көруге болады. Алғаш рет Патшалық Ресей кезінде Есіл-Нұра өңіріне ат басын бұрған И. Шангин, кейіннен қазақтың маңдайына біткен тарихшы, археологы Ә. Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы ақпараттармен бөліседі. Тек Кеңес Одағы тұсында ғана, дәлірек айтсақ 1927 жылы Астана маңайында Л. Семенов қазба жұмыстарын жүргізе бастайды. Тәуелсіздіктен кейін де, яғни 1998 жылы, астананың Астанаға көшірген жылы К. Ақышевтың басшылығында аталған мекендегі қазба жұмыстары қайта жанданып, сенсациялық жаңалық ортаға шығады: Ол, VIII ғасырдан бастау алатын атақты Бозоқ қаласының табылуы еді. 

Бозоқ қаласының табылуы тек қана қазақ мемлекеті үшін емес, түрік тілдес барлық мемлекеттер үшін аса маңызды оқиға болғанын да айта кеткеніміз жөн. Себебі қазба жұмыстары нәтижесінде оғыз-қыпшақ халықтарының осы өлкеде өмір сүргендеріне байланысты көптеген мәліметтер мен ақпараттарға қанық бола түстік. Заманның аласапыран уағында Алтайдан Анадолыға көшкен бауырлас халықтардың тарихында да Бозоқ қаласының атауымен байланысты көптеген құндылықтардың да ғасырдан ғасырға жалғасып жеткенін айтатын болсақ, артық болмайды деген ойдамыз. Мысалы, түрік ғалымы Әбубәкір Күнкөр «оғыздардың бозоқ тармағының Орта Азия жерінен Анадолыға көшкенін, әрісі бұл көштің қазіргі Йозгат деп аталатын мекенге және соның төңірегіне қоныстанғанын алға тартады. Тіпті жарты әлемге билігін жүргізген Османлы Империясының әкімшілдік жүйесінде осы аймақты, яғни Бозоқтар мекендеген Йозгат территориясын Бозоқ Санжағы деп атағанын да айтады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бозоқ тарихы Османлы империясынан кейін Түркия Республикасында да өз деңгейінде көрініс табады. Яғни, Бозоқ атауы жұртшылық арасында жалғасын тауып, 2006 жылы Йозгатта құрылған университеттің атауы да Бозоқ атауын иеленеді. Міне, көріп отырғанымыздай, қазақ жерінен көшкен халықтар мен қара шаңырақта қалған халықтардың арасында ғасырлар мен ғасырларды жалғап тұрған 

Бозоқ қаласының бүгінгі Қазақстан мемлекетінің астанасының маңайынан табылуы тек қана экономикалық, саяси тұрғыдан емес, сонымен қатар күллі түрік жұртының жоғалғанымен қайта қауышып, ұлттық идентификацияның қайта жаңғыруында үлкен рөл ойнайды. Осылайша, тарыдай болып шашылған түрік халықтарының қара шаңырағы қазақ жерінде Қазақ хандығынан бері он үшінші астанасы болған Астана қаласының маңайынан табылған Бозоқ қаласы тек қана Астананың түпқазығы емес, сонымен қатар пантүрікшілдік идеяда түбі бір түрік халықтарының бас қосатын орталықтарының бірі ретінде де сипатталуға толық құқығы бар дегіміз келеді. 

Десе де,  түбі бір түрік халықтарының ортақ қаласы ретінде бағаланатын Бозоқ қаласын бұл мекендегі ең алғашқы қала деп айтуға болмайды. Себебі  Бозоққа дейін, тарихы б.з.д. үшінші мыңжылдыққа созылатын қалашықтардың болғаны да ақиқат. Бұған бірден бір дәлел,қаладан 15 шақырым жердегі Тайтөбе жотасындағы  ғұн көсемдері тұрғызған қорғандарды алсақ болады. Міне, осы қорғандар пен көне жәдігерлерге бағамдай отырып, зерттеушілер Ақмола атауының да ғұндардан бастау алатынын тілге тиек етеді.  Ақмоланың қазақ тарихындағы алатын орны мен маңызы қазақ хандығы тұсында да ерекше көрініс табады. Солардың бірі Тәуке хан тұсында Ақмола жерінің қараша қазақ жұртының киелі тәу ету орны – үш жүздің басын қосатын орталыққа айналуын тарихи факт ретінде айтуға болады.  Патшалық Ресей және Кеңестік үкімет тұсында да Астана қаласы белгілі бір деңгейде маңызды қалалардың рөлін ойнағанын білеміз. Мысалы, 1862 жылы қала мәртебесін алса, 60-шы жылдары Тың өлкесі құрылып, оның орталығы да осы Ақмола болған-тын. Міне, осы кезеңде қала атауы Целиноград болып өзгереді. Ең қорқынышты, осы кезеңде Тың өлкесінің орталығы Ақмола болады деген желеумен, қазақ жерінің қақ ортасында әлдебір автономиялық құрылым өмірге келуі тиіс болды.  Алайда  Хрущевтің ойы жүзеге аспай, тың өлкесі Қазақ КСР құрамында қалды және кейін тың игеру науқаны аяқталған соң, күні өткен аумақтық құрылым ретінде жойылды. Тек тәуелсіздіктен кейін ғана, дәлірек айтсақ, ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі "Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы" қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтірілді. Әрмен қарай, 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылданды. Бір жылдан кейін, 1997 жылы 20 қазанда Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1997 жылы  20  Қазанда Қазақстан  Республикасының  Президенті Жарлығымен  Ақмола бұрынғы  Целиноград  Қазақстан Республикасының  Астанасына  айналды. Сәл  кейінірек  8 қарашада Мемлекеттік  биліктің  негізгі нышандық  белгілерінің  бірі Республиканың  туы,  елтаңбасы және  байрағы  жаңа астанаға  әкелінеді.  Міне, осындай аумалы-төкпелі кезеңнен өтіп , тек экономикалық-саяси тұрғыдан ғана емес, мәденит және тарихи тұрғыдан да аса маңызды аймақ ретінде бағаланатын Астана қаласы бүгінде түбі бір түрік халықтарының ең ірі орталығы десек еш артық айтқанымыз емес. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар